Алматы облысы мен басқа да аймақтардан келген көліктер төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты Алматы қаласына кіргізуді талап етті. Жеке көліктерге өзге блокпосттан өтуге ұмтылған жаяу адамдар да күрт көбейді.
Бұған дейін, мамырдың 11-іне Қазақстандағы төтенше жағдай режимі аяқталғанымен карантин жарияланған қалалар мен елдімекендерде шектеу шаралары әрі қарай жалғаса беретіні хабарланған. Алматы қаласындағы төтенше жағдай бойынше жедел штабтың хабарына қарағанда, жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорындар мен мекемелердің көліктері ғана жүріп-тұрады. Алматы әкімдігі қалаға сырттан келетін автокөліктер қашан кіргізілетінін айтпаған.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Алматыға кіре берістегі ахуал мен көлік кептелісі жайлы ақпарат беруден бас тартты.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. 19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған болатын. Кейінірек өзге аймақтарда шектеу шаралары енгізілді. Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі елде эпидемия шарықтау шегіне жетті деп мәлімдеген. Осыдан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин шаралары жұмсарып, бірқатар бизнес нысандарына жұмыс істеуге рұқсат етілген болатын.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 5138 адамға жетті. 1941 адам жазылды. 31 адам қайтыс болды.
Abai.kz