Қандай кітап оқып жатырсыз?
«Abai.kz» ақпараттық порталында жазушы-журналист Ауыт Мухитбектің маған жолдаған «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челленджін қабыл ала отырып, қолдауымды білдіремін. Қазіргі таңда, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатымен кітаптар да оқудамын.
Қазақ халқының тарихын бейнелейтiн, қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармалар қатарынан табылатын Ілияс Есенберлиннің үш кітаптан тұратын «Көшпенділер» романын қайталап оқып шықтым. Аталған туынды қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуын, жалпы өткені мен тарихын жылнамалық реттілікте сипаттайды. Кітапты оқып шыққанда, соншалықты көркем жазылғаны сондай, ата-бабаларымыздың жүрген жолдарымен жүріп өткендей әсерде боласын. Кітап оқиғалардың өте күрделілігіне қарамастан, түсінікті жазылған. Роман-трилогияны жазу кезінде жазушы тарапынан терең зерттеулер мен өте көп ізденгені көрініп тұр. Яғни, туынды – тарихи шығарма, немесе роман-хроника деуге болады. Тарихи шығарманы қаншама рет қайталап оқыған сайын автордың терең біліміне таң қалумен келемін.
Туындының негізгі ойы, идеясы — қазақ руларының бірігіп, бір хандыққа шоғырлануы, мемлекетіміздің қайнар көзі туралы деректер оқырманға көркем шығарма ретінде жеткізіледі. Жалпы, «Көшпенділер» бүкіл әлем бойынша 3 миллионнан астам тиражда басылып таралған, 30 дан астам шет елдердің тіліне аударылған. Осы фактінің өзі – тарихи романға оған берілген баға деп түсінемін. Осындай тарихи құндылықты өсіп келе жатқан жастар көбірек оқыса екен деймін.
Менің кітап оқығандағы әдетім, бір мезетте бірнеше кітап окыганды жақсы көремін. Оқып жатқан екінші кітабым, ағылшынның танымал мемлекет қайраткері Уинстон Черчилльдің «Екінші Дүнежүзілік соғыс» («Вторая мировая война») мемуары, мен бұл кітапты, өкінішке орай қазақ тілінде таппадым, сондықтан орыс тілінде оқып жатырмын. Бұл кітапты таңдаған себебі Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қызығушылығымды туғызды.
Уинстон Черчилль соғыс жылдарында Ұлыбританияның Премьер-Министрі болған, жалпы ХХ ғасырдағы Еуропа мен әлем саясатындағы ірі фигура. Аталған мемуарда автор Екінші Дүниежүзілік соғыстың оқиғалары мен заңдылықтарын егжей-тегжейлі сипаттайды. Өте көлемді еңбек. Аталған кітап Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы басқа да елдердің бұл соғысға қатысты саясатынан хабардар болу, басқа да бізге беймәлім фактілерін білуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл жерде автордың Ұлыбританияның басшысы болғандығын ескеруміз керек, кітап қызықты тартымды жазылған, әрі әлемдік саясаттың бізге беймәлім, қызықты тұстары көп айтылады.
Жалпы кітап оқу, соның ішінде көркем әдебиет оқу - ол адамның көкірек көзін ашып, қызықты әсерлі оқиғаларға қоса өте көп білім де береді, ағартушылық ролі зор деп есептеймін. Сондықтан әріптестерімді қолдай отырып, қазақстандықтарды кітапты жиі оқуға кеңес беремін. Аталған челленджді жалғастыру үшін, челленджді Қызылорда обылысының әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықоваға және көрнекті қоғам қайреткері, жазушы-журналист Жабал Ерғалиұлы Ерғалиевке жолдаймын. Челленджді жалғастырып, оқырмандарды кітап оқуға тартайық. Рахмет!
Жамбыл Ахметбеков,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
ҚКХП ОК Хатшысы
Abai.kz