Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4016 12 пікір 21 Мамыр, 2020 сағат 14:46

Мәдениет дегенді "шегіртке ұғымымен" өлшеп кетпейікші...

Бүгін Мәдениет және өнер қайраткерлерінің күні екен. Осында бірқатар құттықтауларды көзім шалып, ойланып қалдым. Құдайға шүкір, бізде атаулы күндер көп қой. Соның бірі ретінде үндемей-ақ қоюға болар еді. Бірақ, осы біз мәдениет дегенді тек эстрадамен, өнер қайраткерлері дегенді эстраның әншілерімен шатыстырып жүрген жоқпыз ба?

Осы пандемея кезінің өзінде "Жұлдызды концерт" өткізіп, эстрададан басқа да өнер түрлері бар екенін естен шығарып алмадық па?

Кей әншілеріміз тұмсығын кез-келген жерге тықпалап жүріп, жалпы өнер қайраткерлеріне "шегіртке" деген атау алып берді. Енді бұл үрдіс жаппай тарап кетпеуі үшін Қорқыт, Құрманғазы, Тәттімбет, Ақан сері, Біржан сал, Әміре Қашаубаевтардан бастап, кешегі Шәмшілерге дейін жалғасқан, Шәмшілерден Димаш Құдайбергеновтерге аманатқа қалған өнерді үкілеп жүрген азаматтар ешқашан "шегіртке" болмайтынын (әлгі тұмсығы иісшіл әншілерді әнші деп мойындамаймын) айту- насихаттау қажет секілді.
Я, атаулы күнді пайдаланып, қазақтың Қайрат, Рамазан, Еркін, Нұржан, Тілеулес секілді бүгінгі дүлділ әншілерін, Асанәлі, Тұңғышбай, Бекжан, Дулыға секілді актерлерін, Тынымбай, Мұхтар (Мағауин), Есенғали секілді ақын-жазушыларын құттықтауға да болатын шығар. Бәлкім осы күн анау Түркістанда жерленіп, аты анықталған 103 ханымыз бен сұлтанымызды, би-манаптарымызды еске алып, таза тарихи мұрамызға үңілуге жол ашармыз. Рухани астанамыз Түркістан қазір облыс орталығы болып жатыр.

Назарбаевтің осы қадамға баруының астарында үлкен мән бар екенін бәріміз түсініп отырмыз. Тым құрыса сол мәнмен астастырып, мемлекеттің мәдени һәм тарихи құндылықтарын осы қалаға шоғырландырып, артымызға мың жылдықтарға талғажау болатын мұра қалдыруды ойласақ етті.

Жоқ, біз өнер дегенді Тұрсынбек Қабатов, Қанат Әлжаппаровтардың "көзімен" бағалайтын болдық. Қайрат Нұртас секілді "балаларға" кәмпит үлестіргендей "Құрмет" орденін таратып бердік. Осылай мәдениетпен ойыншық ойнауды қоймасақ, нағыз өнерге жол ашылмасы анық. Нағыз өнерге жол ашылмаса, халқың мәңгүртке айналады. Ол мәңгүрт халық "әншілердің бәрі - шегіртке" деп әуендетіп кетуі әбден мүмкін.

Мәдениет деген - рухани байлық. Ұлттың өзін сол мәдениет қалыптастырады.

Баяғыда Назарбаев дәуірінде "Мәдени мұра" деген кешенді бағдарлама болған еді. Сол бағдарлама қабылдана салып, (2004 жылы) 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалып, ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық мұраға қосымша ғылыми зерттеулер жасалды. Осылай мәдени тарихымыз қопарылды.

Осы бағдарлама аясында Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Армения, Құрама Штаттар және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды, Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба және баспалар алынды, 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды. Айта берсе көп қой. Ол кезде осы кешенді жұмыс мемлекеттік идеологияға айналып, мәдениет қайраткерлері өздерінің мемлекетке қажет екенін сезініп қалған еді.

Содан бері түрлі мәдени бағдарламалар жасалса керек. Бірақ, флешмоб дәрежесінен аса қойған жоқ. Осы флешмоб дәрежесіндегі бағдарламаларды жиып қойып, шынайы мәдениетті ұлықтайтын тағы бір "Мәдени мұра" қажет-ау бізге! Сіз не дейсіз?

А, айтпақшы... шынайы өнер иелерін мерекелерімен шын жүректен құттықтап қоялық, ағайын...

Қанат Әбілқайырдың желідегі жазбасы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458