БҚО-да карантин мерзімі ұзарды
Батыс Қазақстан облысында 15 маусымға дейін карантин мерзімі ұзартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Тиісті қаулыға өңірдің бас санитар дәрігері қол қойды.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандар саны 370 болды.
"БҚО-да коронавирус жұқтыру деңгейі төмендеген жоқ және өсім бес пайыз екенін ескере отырып, карантинді 15 маусымға дейін ұзарту туралы қаулы шығарылды.
Өсу қарқыны екі пайыздан аз болса, жеңілдік жасалуы мүмкін. Қазір ол 2,8-ден 4,3 пайыз аралығанда. Үй ошақтарында коронавирус тіркеліп жатыр. Оралда 340 оқиға, қалғандары облыс аудандарында тіркелген", - деді БҚО бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Жаңа жұқтыру жағдайлары Бәйтерек ауданында, Ақжайық, Теректі, Тасқала, Бөрлі және Сырым аудандарында анықталды.
"Сырымда аудандық аурухана қызметкері жұқтырған. Сондай-ақ, оның үш туысынан вирус анықталды. Науқас пен оның жақындары ешқайда шықпағанын айтқанымен, медицина қызметкері Оралда болғаны анықталды. Эпидемиялық тексеру жұмыстары оның жүру бағыты бойынша жалғасып жатыр", - деді Нұрлыбек Мұстаев.
Бүгінде БҚО-да коронавирус жұқтырған 370 адамның ішінде 144 науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды, 226 науқас шығарылды.
БҚО-да карантин 31 наурызда енгізілген болатын. Кейінірек кейбір карантин шаралары әлсіреді.
Қазір Оралда азық-түлік және киім-кешек базарлары, қоғамдық көлік жұмыс істеп тұр, бизнес орталықтардың қызметіне рұқсат берілді. Ірі сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар мен мейрамханалар жабық.
Abai.kz