Жұма, 22 Қараша 2024
4154 0 пікір 28 Мамыр, 2020 сағат 12:03

Амандық Баталов: Қауіпсіздік алдымен әр азаматтың өзінен басталуы тиіс

Облыс аумағында карантин қатаңдатылды. Қауіпсіздік аймақ басшысы Амандық Баталовтың жіті бақылауында. Осыған орай, облыс әкімі баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдегі ахуалды баяндады.

«Талдықорған, Талғар қалаларында және Кеген ауданында қатаң карантин режимі әлі де сақталады. Қалған аймақтарда карантин режимі біртіндеп жеңілдетілуде. Елді-мекендердің кіре берісінде орналасқан блок-бекеттер алынып тасталды. Ал облыстың кіреберіс және шығыс бөліктерінде санитарлық бекеттер жұмыс істей береді. Халық карантин талаптары мен тиісті ережелерді сақтап өмір сүруге дағдыланып келеді. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы жұмысын тоқтатпайды. Жалпы, облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыпты. Біршама нысандар іске қосылып, кәсіпорындар жұмысы жанданды. Біртіндеп бұрынғы қалыпқа келеміз. Бірақ, бір-біріміздің өміріміз бен денсаулығымыз үшін қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытпауымыз керек» ,- деді Амандық Баталов.
Өңір басшысының айтуынша, өңірде тұрғындардан тегін тест алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Қысқа мерзімде біз 6 зертхана құрдық. Сонымен қатар, 7-ші зертхана маусым айында ашылады. Карантин шараларының сақталуына ерекше назар аударылады. Уақытылы қабылданған шаралар КВИ таралуының алдын алуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Бүгінде, облыс бойынша 31 ауру ошағынан карантин режимі алынған. Коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жаңа жағдайлары байқалған аймақтарды қоспағанда, карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдету жұмыстары басталды. Карантин өңір экономиасына тежеу емес. Қазіргі таңда барлық кәсіпорын нысандарының жұмысы жанданған. 13 маусымнан бастап облыста биылғы туристік маусым ашылады. Осы ретте Айдынды өлке Алакөлге әуе рейстері жүреді. Ұшақтарда барлық санитарлық талаптар сақталыуы қатаң түрде талап етіледі.

«Алматы облысында мейрамханалар мен дәмханалар ашылмағанша, балабақшалар да жұмыс істемейді. Талдықорғанның базарында барлығы бетпердесіз жүр. Бұлай істеуге болмайды. Әр адам ең алдымен жақындары, балалары, әріптестері туралы ойлау керек. Оларды және өзін қорғай білуі қажет. Сіздерден жоғары әлеуметтік жауапкершілік көрсетулеріңізді сұраймын. Жұқтырудың жаңа ошақтарын болдырмау үшін облыс тұрғындарын карантиндік шараларды саналы түрде сақтауға шақырамын. Себебі, қауіпсіздік пен әдетті өмір салтына оралу уақыты әрқайсысымыздың бүгінгі әрекетімізге байланысты», - деп қорытындылады Амандық Баталов.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта облыста 305 коронавирус инфекциясы тіркелген. 110 науқас тиісті ем-шара қабылдауда. Жазылып шыққандар саны 182 адам. Өкінішке орай, өңірде бір өлім тіркелген.

Айман Асыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308