Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2737 0 пікір 9 Қараша, 2011 сағат 06:45

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». «Дала қашқыны»

Халел Ғаббасовқа ату жазасына кесу туралы үкім шығарыларда Әлихан Бөкейхановтың інісі Смахан Бөкейханов:

«Нұрғали Құлжанұлы наһақ: «Қызылдарға «Алашорданы» жамандайды» - деп Халел Ғаббасұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы атқызып тастады. «Нұрғалиды атқыз!»,- деп Әлекең айтқан жоқ. Осындай оқиғалар болды өткен заманда» ,- деп жазған оқиға да қаперге алынуы ықтимал.

Семейдегі құрылтайды қызыл әскердің күшімен таратпақ болған Нұрғалидың оқыс мінезі туралы Х.Ғаббасов өзінің жоғарыдағы көрсетіндісінде атап өткен.

Үшінші, мүмкін ең бастысы, тура осы кезде «Кене», «темір нарком» деп Жамбыл мақтаған Ежов НКВД-ның тізгінін қолға ала бастаған. Ал Халел Ғаббасов «қазақ қызметкерлерінің облыстық төрағасы болып жүрген кезінде» облыстық конференцияда «қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттеп», С.Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен Семейдің губкомын таратуға және Қазақстанға қаратуға қаулы қабылдауға ықпал еткен адамның бірі болатын. Ұрымтал сәтті пайдаланып, Ежовтың «ежелгі кекті» қайыруы да ықтимал. Соңғы жорамал барынша шындыққа жақын.

Әрине, мұның барлығы ебепке себеп қана жайлар. Оны бұдан әрі біз де қазбалап жатпаймыз. Қазақ ССР Жоғары сотының:

Халел Ғаббасовқа ату жазасына кесу туралы үкім шығарыларда Әлихан Бөкейхановтың інісі Смахан Бөкейханов:

«Нұрғали Құлжанұлы наһақ: «Қызылдарға «Алашорданы» жамандайды» - деп Халел Ғаббасұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы атқызып тастады. «Нұрғалиды атқыз!»,- деп Әлекең айтқан жоқ. Осындай оқиғалар болды өткен заманда» ,- деп жазған оқиға да қаперге алынуы ықтимал.

Семейдегі құрылтайды қызыл әскердің күшімен таратпақ болған Нұрғалидың оқыс мінезі туралы Х.Ғаббасов өзінің жоғарыдағы көрсетіндісінде атап өткен.

Үшінші, мүмкін ең бастысы, тура осы кезде «Кене», «темір нарком» деп Жамбыл мақтаған Ежов НКВД-ның тізгінін қолға ала бастаған. Ал Халел Ғаббасов «қазақ қызметкерлерінің облыстық төрағасы болып жүрген кезінде» облыстық конференцияда «қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттеп», С.Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен Семейдің губкомын таратуға және Қазақстанға қаратуға қаулы қабылдауға ықпал еткен адамның бірі болатын. Ұрымтал сәтті пайдаланып, Ежовтың «ежелгі кекті» қайыруы да ықтимал. Соңғы жорамал барынша шындыққа жақын.

Әрине, мұның барлығы ебепке себеп қана жайлар. Оны бұдан әрі біз де қазбалап жатпаймыз. Қазақ ССР Жоғары сотының:

«Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек  табылмады», - деген анықтамасына біздің де алып-қосар-пікіріміз жоқ.

Үшінші тарау:   «ДАЛА ҚАШҚЫНЫ...»

(Дінмұхамед Әділев)

 

1.

 

1927 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға ауысып жатты. Мемлекеттік басқару аппаратының жартысы Сыр бойында, жартысы Алатаудың етегінде еді. Голощекин әкімшіліктің орын ауыстырғанын еппен пайдаланып, жаңа қонысқа бұрынғы «жайсыз» кадрлардан арылып баруды көздеді. Ол ойын жүзеге асырды да.

Ол үшін бүкіл республиканы дүрліктіретіндей және барлық алашордашыларды бір іске көгендеп, әшкерелейтіндей дабыралы «қылмыс» қажет болды. Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың үстінен жүргізілген тергеу күткен нәтижесін бермегеннен кейін күдігі көп, қолға ілінетін «қылымысының ізі» елге әшкере, «оңтайлы нысана» керек болды. Осындай аумалы-төкпелi тұста ебепке себеп дәл келiп, Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлевке:

«Ағасы екеуi бiрiгiп аса ауыр қылмыстар жасады, милиция бастығын өлтiрдi», - деген айып тағылып, Бетпақдаланың Сарысумен шектесетін тұсындағы Дінмұхамед Әділевтің ауылына арнайы жасақ шығарылды.

«Ахмет Байтұрсыновтың...» тергеу ісінің алғашқы бетінен басталатын Дінше Әділевтің көрсетінділері «Алашордашыларға» қатысты барлық томдарда кездеседі және мазмұндары өте ұқсас, әр жазбасында алдыңғы мәліметтеріне толықтырулар мен түзетулер жасаған. Жауаптары тым ұзақ әрі шұбалаңқы. Жазу мәнері де ретсіз, жатық емес. Оқиғалар шашыраңқы, ілгері-кейінді баяндаған. Іске тартылған 71 адамның әр қайсысының ұлтшылдық көзқарасы мен ұйымға қатысы туралы берген мінездемесінің кей тұстарындағы жекелеген сөздер мен ой оралымдары болмаса жиырмадан астам көрсетінділердің барлығы бірін-бірі қайталайды. Мысалы ол өзінің барлық көрсетіндісін:

«Мен осы арада қара басымды ақтау үшін емес, мен өлімнен қорықпаймын, мәселені ашық айту үшін шағын шегініс жасай кеткім келеді», - деген сөзбен бастайды да, өлім мен өмір туралы шағын толғаныс жасап барып негізгі сұраққа көшеді.

Жалпы Дінмұхамед Әділевтің тергеу барысындағы жауаптары негізінде түрмедегі адамның психолгиялық жанталасы мен ашынуы, қасарысуы мен мінезінің сынуы, шындық пен сыр жасырудың арасындағы көрінбейтін қызыл сызықтан қалай аттағаны, бостандықта қасиетті көрінетін құндылықтардың қапаста мәнін жоюы, ұстамдылық пен төзімнің шегі, арбау мен арбалу түйсігі, өмір мен өлімнің арасындағы ант мезгіліндегі сана жанталасы, парасат пен парықтың жігінің ажыратылуы, қысым мен бопсаға шыдауы сияқты құпия құбылыстар туралы жанжүйесіне қатысты зерттеу жүргізуге болады. Әрине, жетіскен тақырып емес. Бірақ та өзін күрес жолына дайындаған, оқ пен оттың арасында өмір сүріп, өлім мен өмірдің шекарасында жанталасқан жандардың жан құпиясы да тылсым бір құбылыс. Д.Әділевтің тергеудегі әр жолғы көрсетінділерінде сондай мінез бар. Тек үш жылдық қысым мен қинаудан, ұстамалы дерттен әбден зықысы шыққан азап иесінің соңғы тергеулердегі жауабынан оның шындық пен қиялдың ара жігін ажырату қабілеті тұмандана бастағаны анық аңғарылады. Және ол өзін ақтайтын қандай да бір дәйекті келтіргеніне қарамастан, оны тек қана ату жазасы күтіп тұрғанын  білген. Ең бірінші тергеу көрсетіндісі мен ең соңғы өсиетті көрсетіндісіне дейін бұл көңіл-күй оның құлақ күйіне айналып, үнемі санасында жаңғырып отырған. Мұндағы басты демеуі:

«Барлық жағдай баяндалып болғаннан соң менің соттаушыларым маған: белгілі бір ортаның арасында орнын таппай қаңғып жүрген қайдағы бір қылмыскер немесе бұзық адам ретінде қарамайды деп түсінемін», - деген әлсіз үміт болатын.

Алайда оның бар ішкі сырын қырындысына дейін қалдырмай қырып алған соң, тергеушілер оған «мағынасы жойылған, берері таусылған қаһарман» ретінде қарап, өзге айыпкерлермен бірге Мәскеуге айдауылмен апарудың қажетсіздігін айтып, оны Алматыдағы түрмеде қалдырып кету туралы шешім шығарған. Бірақ ол пікірмен мәскеулік тергеушілер келіспеген. Бутыркаға «шақыртып алған». Ол өзінің «аса мағыналы әрі құпиясы мен хикаясы көп өмір жолын бұдан әрі былай баяндайды:

«Әрине, менің қылмысым ауыр. Бір кезде коммунистердің сапында қолыма қару алып майданда соғыстым (Ол туралы кейін жеке айтамын). Содан кейін контрреволюциялық әрекеттермен айналыстым. Менімен байланысы бар адамдар жауапқа тартылатыны сөзсіз. Енді, міне, түрмеде отырмын. Егерде партия мен үкімет, жауапты қызметкерлер маған үміт артып, кешірім жасаса, тірі қалдырса, онда менен келешекте жаңа өмірге жақсы лепес әкелетін жақсы азамат шығады деп үміттенемін. Мен өзімнің ойымды жазып қалдыруға мүмкіндік бергендерің үшін де ризамын. Өйткені мен бандит ретінде емес, рухани деңгейі жоғары, социалистік қоғам құрылысына белсене араласқан адамдардың санатында жазаға тартылып отырмын».

Алғашқы тергеулерде өзін-өзі өр ұстаған азамат кейін қинау мен ұстамалы дерттің нәтижесінде жасыған. Үш жыл бойы үздіксіз тергеу астында болған Дінше Әділевтің көрсетіндісімен 71 адам тұтқындалып, жауапқа тартылды. Ол, мүмкін, кейін «өз атын тарихта қалдырудың осы жолын таңдағанына» өкінген де шығар. Бірақ ол алғашқы кезеңде өзінің сол көрсетінділерін «тарихи естелік, маңызды құжат» ретінде көрсетіп:

«Осыдан кейін атылып кетсем де өкінбеймін. Өкінетін де ештеңе жоқ. Ана жақ та (алашордашылар - Т.Ж.), мына жақ та (большевиктер - Т.Ж.) бетіме түкіріп отырғанда несіне өкінемін. Екі жақ та мені табалайды. Менің барар жер, басар тауым жоқ. Енді өлімнен қорықпаймын. Өлімнен қорыққан адам мұндай көрсетінді бермес еді. Мен қолымда қару тұрғанда өз еркіммен берілген адаммын. Егер мені  өлім жазасына кессе, өлімді қасқайып тұрып қарсы аламын. Қандай азап күтіп тұрса да, маған бәрібір, мен нағыз азаматтар сияқты қайыспай көтеремін», - деп бағалапты.

«Екі жаққа да сүйкімім кетті» деген сөзінен сол көңіл-күй, өкініш  анық аңғарылады.

Біз Д.Әділевтің тек 1928-жылдың соңғы күндері мен 1929-жылдың алғашқы айларында берген көрсетінділерін ғана негізге алдық. Ал 1930-1931 жылдардағы айғақтарының ішінен 1930-жылы тамыз бен қыркүйек айларында тұтқындалған Мұхамеджан Тынышбаевтың «қылмыстық тобы» туралы көрсетінділерін аса мұқиятты түрде қарап шығып, шындыққа жанасымы бар-ау деген тұстары ғана іріктеліп пайдаланылды. Өйткені Қазақ ССР жоғары сотының 1988 жылғы сәуір айындағы үкімінде айтылғанындай Д.Әділевтің бұл кездегі көрсетінділері «өте ұшқары, сөйлемдердің өзі өзара байланыспайды, пікір қайшылығы көп, өзін-өзі астыртын ұйымның көсемі ретінде көрсеткен ыңғайда жазылған». Зады түрмеде жатқан бұл жылдары Дінмұхамедтің жүйке ұстамасы   асқынып кетсе керек. Тіпті астыртын ұйымның сызбасын да жасаған. Астыртын ұйым жұмысына барынша қанық, патша жандармереясының тұсында «сынақтан» өткен алаш қайраткерлері ондай аңғалдыққа бармағаны анық.

Сондықтан да, қайталап айтамыз, көрсетінділерді сол қалпында пайдалаудың еш мүмкіндігі болмады. Біз Д.Әділевтің түрмедегі көрсетінділерінің бәрін жинақтап, оларды өзара салыстыра отырып бір ыңғайға, бір ізге түсіріп баяндап беруге ұмтылдық. Онсыз айыпталушының қай сөзі шын, қай сөзі жалған, қай оқиғаға нақты кімдер қатысқанын ажырату мүмкін емес. Сонымен қатар әр көрсетіндіде әр түрлі мінездеме берілген, бірде сол оқиғаға тікелей қатысты десе, бірде еш қатысы жоқ деп көрсеткен және жалпы тергеу ісіне қатысы жоқ адамдардың аттарын назардан тыс қалдырдық. Өйткені олардың «не айыпкер, не айыпкер емес» екеніне саралау барысында толық көз жетпеді. Бұл онсыз да шырғалаңға толы істі одан әрі шырма шату етіп жіберуі мүмкін деген күдік келтірді. Алашордашыларға қарсы тергеу ісіндегі басты айыпталушы, басты көрсетуші, «басты куәнің» бірі болғандықтан да оның жазғандарын тұтастай мазмұндап беруге мәжбүр болғанымызды ескерте кетеміз. Біз бұл тарауда тек қана Дінше Әділевтің  өмірбаянын өзгелерден аршып аламыз да, оның тұтқындалуына тікелей қатысы бар, өз басынан кешірген қилы-қилы оқиғаларды істегі көрсетінділер бойынша баяндап шығамыз. Д.Әділевтің "мінездемесі" бойынша кезек- кезек тұтқындалған адамдар туралы мәліметті әр тараудың аяғында келтіріп отырамыз. Сонда "түрме тарихы" мен "түрме талқысы" бір желіге түсетін сияқты көрінді. Сондай-ақ кейбір қысқа қайырылған, тергеуші мен жауап берушінің өздеріне ғана мәлім жайлардың астарын қосымша түсініктеме арқылы жеткізуге тырыстық.

Сонымен, 1928 жылы 17 желтоқсан күні Дінмұхамед (Мұқыш та, Дінше де осы адам - Т.Ж.) тұтқынға алынды (Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архиві, І том, 1 бет):

«Мәңгілік сақталсын. "Қылмысты іс" №... Әділев Д., Дулатов.М., Бірімжанов Ғ., Болғанбаев Х., Битілеуов Д., Байдуллаев.А., Есполов М., Жәленов К. т.б. айыпқа тартылған №...   іс.

Протокол

1928 жыл, 17 желтоқсан.

Мен, төменде қол қойған ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілі Шумилов дәл осы күні, ОкрУРО- ның агенті Мұстамбаев пен Порояновтың қатысуымен, жеке бастарын растайтын №8 куәлігінің негізінде мына жайды баяндап дәйектеме жасадым:

Бүгін жолға шығардың алдында менің пәрменіммен Әділев Мұқышты ұстау мақсатымен Байділдаев Ағабектің ауылы қоршауға алынды, өз еріктерімен берілуі туралы ескертуге Әділев пен Байділдаев құлақ аспады, сондықтан да тұс-тұсынан оқ боратып, ескерту жасадық. Содан кейін барып, Әділев бізге берілді де, № 18812 "Карабин" мен оның 24 дана оғын және 2 тапаншаның оғын бізге тапсырды да өз еркімен берілді. Әділевті тінткен кезде шыққан дүрбісі тартып алынды, Байділдаевтан ештеңе де шыққан жоқ. Сондай-ақ Әділевтің 2 биесі мен жеке басын растайтын куәлігі алынды.

Протокол бізге оқылды - (қолы қойылған)".

 

Қағаздың келесі бетіне Дінше Әділев өзінің арнайы жасаққа неге қарулы қарсылық көрсеткеніне:

"Шумилов жолдас пен басқа да өкімет өкілдері жіберген адамдар маған ерікті түрде берілу туралы ескерту жасаған жоқ. Мен киініп болып, есімді жиып үлгергенше тұс-тұстан оқ бората жөнелді. Қарсыласудың пайдасы жоқ екенін біліп мен өз еркіммен берілдім.Содан кейін барып олардың жіберген адамдары Байділдаев Ағабекке 10 минуттық ескерту мерзімі туралы айтқанын білдім, ал Байділдаев ол туралы маған айтуды ұмытып кетіпті. 10 минуттық мерзім біткен соң ғана оқ атылған екен.

17/ХІІ - 28 жыл" - "Д. Әділев", - деп түсініктеме беріп, қарындашпен қол қойыпты.

Бұдан кейін барып қарулы қарсылық кезінде Д.Әділевтің қасында болған екінші адамды "ұстау туралы протокол" келтірілген. Онда:

"Мен, ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілі Шумилов, 1928 жылдың 17 желтоқсаны күні азамат Әділев Мұқашты ұстаған кезде онымен қоса Сырдария губерниялық іздеу басқармасының агенті, тергеу мен соттан қашып жүрген Байділдаев Ағабекті Сырдария аймақтық қылмыстыларды іздестіру бөлімі қызметкерлерінің өтініші бойынша: бостандықта жүрсе тергеу ісінің барысына кесірін тигізер - деген оймен және шындықтың ашылмай қалуы мүмкіндігін ескеріп, сондай-ақ соттан қашып кетер деген күдікпен Қылмысты Істер Ережесінің 100 бабына басшылыққа ала отырып:

Шаян ауданының №21 ауылының азаматы Байділдаев Ағабекті қашан оған айып тағылғанша тұтқындау туралы шешім қабылдадым. Байділдаевтің  өзінің көрсетуі бойынша одан: 12 оғы бар №84454 "Наган", 22 оғы мен  1 гильзасы бар №450 "Браунинг" алынды.

ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Шумилов", - деп көрсетілген.

Дала жағдайында қалам мен сияның дайын тұрмағаны анық. Сондықтан да  тұтқындау санкциясы қарындашпен жазылған. Ендi осы санкцияға байланысты мынадай заңды сұрақтар туындайды. Егер Д. Әдiлев шынымен қылмысты болса, дер кезiнде неге ұсталмаған және ол қылмысы айыптау санкциясында неге көрсетілмеген. Д.Әдiлевтың 1921-1922 жылғы Сарысудағы оқиғаға қатысы  бұрыннан анық болса, онда тергеу ісі неге „Алашорда" туралы емес, сол оқиға турасындағы сұрақтан басталмайды?

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485