Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы жарияланды
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың жаңа қаулысы жарияланды.
Енді Қазақстанға шетелден келгендер 2 тәулікке дейін карантиндік стационарларда оқшауланып, тексеріледі. Ал егер әуе рейсімен шетелден келгендер шекараны қиып өткен күні соңғы 5 күннің ішінде алынған коронавирустың жоқтығы туралы анықтаманы көрсетсе, онда карантинге жатқызылмайды.
Елімізге Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен немесе Өзбекстаннан автомобиль өткелдері, теміржол және басқа жолдармен келгендер анкета толтырады, сондай-ақ ПТР сынақтан өту үшін олардан анализ алынады.
Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және басқа ұйымдар санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, қашықтықты сақтай отырып, жұмысын жалғастырады. Штат саны 30 адамнан асатын болса, қызметкерлердің кем дегенде 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Егер COVID-19 жұқтыру деңгейі апта ішінде 5 пайыздан аспаса, онда қызметкерлердің кем дегенде 50%-ы қашықтан жұмыс істей береді.
Қаулыға сәйкес Қазақстанда кімдер міндетті экспрес-тестілеуден өтуі тиіс?
- теміржол көлігіндегі тасымалдау қызметімен байланысты адамдар, жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер, сондай-ақ транзиттік жүргізушілер;
- COVID 19 таралуының алдын алу бойынша іс-шараларға тартылған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлері (Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық гвардия, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Кеден қызметі, әкімдіктердің қызметкерлері және басқалар);
- карантиндік өңірлердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың (коммуналдық қызметтің, тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектерді сататын сауда объектілерінің, жеткізуді жүзеге асыратын қоғамдық тамақтану объектілерінің, көлік, ПМК, дезинфекция қызметтерін көрсететін объектілердің қызметкерлері және т.б.) қызметкерлері;
- медициналық ұйым басшысының тізімі бойынша ауыр созылмалы ауруына байланысты жедел амбулаториялық консультацияға мұқтаж пациенттер, сондай-ақ шұғыл көрсетілімдер бойынша емдеуге жатқызылған пациенттер.
Қаулының толық нұсқасын мына сілтемеден оқуға болады.
Abai.kz