Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
46 - сөз 2924 5 пікір 9 Маусым, 2020 сағат 13:29

Бұл сайлауды бірсыдырғы өткізуге болмайды

Максимум 5-6 айдан кейін сайлау өтеді. "Нұр Отан" дайындықты бастап кетті. Өзге партиялар қай деңгейде жүр? Үлкен сұрақ.

Жаңа партия құрылмайды. 5-6 айда құрылып, Парламентке өте алмайтыны да анық. Тым кеш. Қоғам бұл иллюзиядан кетуі қажет.

Алдағы сайлауды еліміздегі азаматтық қоғам мен халықтың саяси сауатын көтеру мақсатында максимум пайдалану керек. Билік партиясы праймеризді бастамақшы. Ережесін де жариялады. Негізі "Нұр Отанның" бірінші қимылдауы өзге партиялар үшін үлкен мүмкіндік.

"Нұр Отан" партиясы праймеризінің бір кемшілігі бар. Дауысты тек партия мүшелері береді. Халық дауыс бере алмайды. Демек өзге партияларда билік партиясынан бір қадам кеш қимылдай отырып "Нұр Отаннан" асқан жаңашылдық ұсынуы тиіс.

Алдағы уақытта басқа партиялар да праймеризді бастауы қажет. Тек бір ерекшелікпен. Праймериз онлайн өтсін әрі дауысты тікелей эфирде халық берсін. Бұл қоғамда біраз белсенділікті оятады. Ел дауыс беру тікелей эфирде өткен, халықтың өзі даусын берген праймеризді көп жақтайды ма, әлде тек партия мүшелері дауыс беретін праймеризді көп айтады ма? Жауабы қазірден белгілі деп ойлаймын.

Екіншіден, әрбір партия өз студиясында онлайн ашық пікірталас өткізіп, оған билік партиясы өкілдерін шақыруы тиіс. Тікелей эфирде, қоғамның дауыс беруімен кімнің жеңгені анықталуы қажет. Дұрыс ұйымдастыра алса бұл дебат өте қызық форматта өтері сөзсіз.

Жалпы сайлау қызықты өтуі үшін өзге партиялар "Нұр Отанның" қадамын күтіп, олар бір қадам жасағанда, артынша олардан екі есе мықты саяси технология ұсынуы керек.

Дәл қазір "Нұр Отан" жинақы әрі сауатты қимылдауда. Бұлай кете берсе сайлау да қызықсыз өтеді. "Ақ жол" неге үнсіз? "Ауыл" партиясы ше? Олардан неге билік партиясының праймеризіне қарсы саяси технология жоқ? Неге билік партиясының алғашқы жүрісіне жауапсыз жатыр? Халық мұны талап етуі қажет. Бұрынғыдай 30 жылғы сүрлеумен сайлауды бірсыдырғы өткізуге болмайды. Өркениетті елдерде сайлауға 2-3 жыл бұрын дайындықты бастайды. Біздікі ұят тіпті. Егер өзге партиялар алдағы уақытта да үнсіз жата берсе қоғам жан-жақты қамшының астына алуы тиіс. Басқа таңдау жоқ. Қаласаң да, қаламасаң да қолдағы бар партиялар шығады сайлауға. Демек, қолдағы бармен бұл сайлаудың барысын, ойын ережесін азаматтық қоғам өз ыңғайына бұрып, максимум халықтың саяси мәдениеті көтерілетін жолға түсіруі қажет.

Бауыржан Серікбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

5 пікір