Сенбі, 23 Қараша 2024
Естелік 3421 2 пікір 11 Маусым, 2020 сағат 11:56

Талғат Теменов. Қара қыз...

Жанат үркек қыз. Дауыс көтерсең көздері бақырайып, ұзын кірпіктері дірілдеп, бидай өңі бір ағарып, бір бозарып кетеді. Есіме бір оқиға түседі... Біздің театрдың 25 жылдық тойына орай әкімнің орынбасарына да, әкімге де кірдім. «Академиялық театр ескі ғимаратта отырмыз, көрермен залы 190-дай ғана. Ал қойылымдарымыз жақсы. Алайда көрерменге жетпей жатады. Тойдың алдында бізге бір автобус сыйласаңыздар жақсы болар еді» дегендей. Маңайдағы облыстарға, аудандарға гастрольге барып тұратын едік. Той өтті. Әкім сахнада сөйледі. Алайда автобус берген жоқ. Бірақ ішімде бір сұрақ қалып қалды. Көп ұзамай шамасы 4-5 ай өткенде Жастар театрына әкімнің орынбасары автобус сыйлады. Жалпы әкімнің орынбасары осы «Жастар театры» десе ылғи бүйрегі бұрып тұрады... Опера және балет театрының ғимаратын да, атақ-абырой, орден-медаль, пәтерді де көбіне соларға беріп жүреді. Қазақша айтқанда бүйрегі бұрып тұрады. Мен соған ашуланам. Білген адамға бұл да моральдық коррупция... Соған күйемін...

Жарайды, мені сыйламасын, «академический» деген статусымызды ұмытып кетсін...Бірақ Қ.Қуанышбаевтың әруағын неге сыйламады?» деп күйіп-пісіп жұмысқа келдім. Лездеме планерка басталды. Бір кезде Жанат Чайкина өткен жетідегі спектакльге талдау жасап келіп... «Талғат, мыналарды өйту керек, бүйту керек»... дегені. Өзім қаным қайнап «таз ашуын тырнадан алады» дегендей Жанатқа бас салдым. «Сен неге мені Талғат дейсің? Мына залда жастар отыр. Бұл сонда сенің үлгің бе? Оны мұны » дегендей дүрсе қоя бердім. «Керек болса мені Талғат Досымгалиевич, болмаса құрметті көркемдік жетекші» деп айт... Жанат сасып қалды. Не деп жауап берерін де, болмаса қарсы бірдеңе деуге лажы қалмағандай көзі шарасынан шығардай екі беті ду ете түскен. ...Астыңғы ерні сәл-пәл дірілдегендей... Аяп кеттім... Байқамай өзімсініп, еркелеп, назданып айтқанына өзі де өкінгендей... Бұл оның әлі күнге аңғалдығы, тазалығы, тұнықтығы...

Жанат Чайкина Керекудің тумасы. Бірақ онда «рушылдық» «жерлестік» деген ұғым жоқ. Ол кез-келген театрда алаңдамай істей беретін жан... Оның бойында фальш, өтірік айту деген болмаған. Мен осы жолғы мақаламды Жанаттың өзін сөйлетуді жөн көрдім.

Жанат, сен театрда директордың әйелі боп жұмыс істедің? Қанша рет күйеуіңнің қамқорлығын көрдің? Ол директор боп істеген жылдары басқа актрисаларға жетпеген қандай май шелпекке кенелдің?

Жанат тәрбиелі, интеллегентті отбасынан шыққан. Кейде «дәл маңдайынан тиген тастай тура келген сөздерге шыр-пыр етіп қалады»

-Жо-жоқ мен ешқашан ондай жақсылық көргем жоқ. Керісінше қайта зияны тиді деуге болады. Өйткені театр қайнап жатқан қазан істпетті. Оның творчествосы да, өнері де, сөзі де көзі де көп болады. Қайта мен көбінде «біреу-міреу сөз қылады қойшы» деп өзімді-өзім шектеген адаммын. Мысалы мен «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағын театр ашылған соң алты жылдан кейін-ақ алдым. Өйткені облыстағы басшылар жаңадан ашылған театрды шашыратпай ұстап қалайық деген ниетпен атақ-абыройын бере бастады. Ал, мен содан кейін бірде-бір нәрсе, не орден, не медаль, не атаққа ұсынылмаппын. Көбінде өзім қораштанып «сөз келер» деген желеумен шегіне бердім.

Жанат дұрыс айтады. Басқа пысықай біреу болғанда күйеуі бар, сүйеуі бар, баяғыда-ақ «Халық артисі» болатын актриса еді.

Жанат лирик... Ән айтқанда жанымен айтады. Дауысы нәзік... Үнінде адам жанын, жүрегін, бойыңдағы ұйықтап жатқан сезімдерді оятатын әуез бар... Жақсы әнші болу үшін, айқайлайтын зор дауыс емес, жүректен шығып жүрекке жетер жалын керек сияқты. Жанат ән салғанда жаның жай табады. Америкалық аты әлемге әйгілі Ларри Кинг деген журналист бар. Нағыз жұлдыз. Ларри Кингтің интервьюіне қатысу артистің де, спортсменнің де, әншінің де, миллионердің де, тіпті Президенттің де арманы деуге болады. Оның интеллекті, сөз сомдауы, сұрақтары талайға үлгі болған талантты жан. Менің кумирім. Мен де кейде сол Ларри Кингше сөйлеп кетем.

- Шыныңды айтшы, қайтыс болғанда періштелермен «Мүңкір-Нәңкірмен» жолығады деп жатады ғой... Сонда сен Аллаға не дер едің?

Жанат үнсіз қалды... Сәл-пәл отырыстан кейін:

- Ей, Алла, алдымен маған азды-көпті ғұмыр бергеніңе мың алғыс деймін. Және мен осыны көптен күткен едім...Бұл өмірде маған қызық өмір бергеніңе,маған ұрпақ бергеніңе, маған қызық та ғажап тағдыр бергеніңе рахмет айтар едім... деген. Ол үнсіз қалды... Көз алдымда Жанаттың «Арманым Әселім» спектакліндегі Әсел келді. Үстінде қызыл комзол, етегі тізесін жапқан қоңыр көйлек, басында қызыл орамал. Үркек Әсел, балаң Әсел, Талдырмаш Әсел. Қатал Тағдыр, опасыз махаббаттың құрбаны болған Әсел. Қатты Боранға майысқан, бірақ сынбаған сәмбі талдай Әсел... Жанары жасаурап, көзіне еріксіз ерік берсе де ертеңге деген үмітін үзбеген періште Әсел... Жанатта сахналық көрік, сұлулық бар... Сахнадағы Чайкинаға ғашық болмау мүмкін емес. Нағыз Шыңғыстың, нағыз Айтматовтың Әселі... Бір адамның ғана арманы емес, ел ішіндегі кез-келген ер азаматтың көкейіндегі, түйсігіндегі, санасындағы, көңілінің түбіндегі тылсымның түкпір-түкпіріндегі, таңғы төртте ұйықтап жатып аян боп келгендегі арудай-Әсел...

Жалпы актриса мамандығы бұл бақыт һәм сор... Жақсы талантты актриса болу тек бір театрдың ғана абырой, атағы емес, ол өнер аспанындағы жарық жұлдыз, таң атардағы шолпандай, маңайына нұр шашатын, көрермен сол үшін қуанатын, қол соғатын, кеудесін керіп дем алып мақтанатын, масаттанатын құбылыс... Және оған тек дарынды да сұлу, текті де білімді, оқыған тоқығаны жетерлік... ең негізгі осы қасиеттерге қоса жібек мінез керек. Міне - Жанат дәл осындай актриса.

- Шыныңды айтшы егер де тағдыр тағы осы өмірді қайтадан баста десе – осы өмірің дубль болса, актриса болар ма едің?

-Жоқ...

-Сонда?

-Иә,егер ондай болып мына жарық дүниеге қайта келіп, қайтадан мүмкіндік болса – актриса болмас едім...

Сонда кім болар ең?

-Білмеймін... Мүмкін психолог...

Жанат дәл қазір шынын да, сырын да айтып отыр. Иә, өнерде жанкешті жандар жетерлік. Тағы өмір берер болса көбі ойланбастан осы тағдырын, осы өмірін қайталауды қалар еді. Мүмкін мен де дәл солардай жандардың бірі шығармын. Ал Жанат енді өмірге қайта келсе, актриса болғысы жоқ...

Жанат Чайкина нағыз Совет Өкіметінің өскіні. Көп балалы отбасынан шыққан. Өз әкесі тым ерте өмірден өткен. Үймелі-сүймелі 6 баланың біреуі. Дұрысы бесіншісі. Жанат өз әкесін білмей өсті. Жетімдікті де, жоқшылықты да, жесірліктің де не екенін көріп бой жетті. Бала болса да шешесінің 6 баланы арқасына салып жүріп асырағанын көрді.Бірақ қағілез, сезімтал, сергек, сыпайы боп өсті. Ән салды, әдемі боп әлемге көзін ашты. Сондықтан да Жанатты бала кезден бәрі тез таныды. Сабақты жақсы оқитын, үсті-басы мұнтаздай, тап-тұйнақтай тақылдаған қара қыз боп өсті. Артекке де барды, ән де салды, әткеншек те тепті. Тек артист болам деп ойламаған. Мектепте ән салу – өмірбойы әдемі боп жүру, киіну, қыдыру, әлемді шарлау деген. Әнші болам деп Алматыға конкурсқа келген қыз Консерваториядан бірақ шықты. Актер деген не мамандық? Ол кім боп шығады? Қайда істейді? Онда кімдер сабақ береді? Білмеген... Әйтеуір бар ұққаны – кейін бітіргенде киноға түсуі мүмкін. Жанатқа ұнағаны осы ғана. Киноға түсу. Өйткені Жанат соғыс киноларды, сосын Үнді киноларын жақсы көреді. «Бродяга», «Господин 420» «Под покровном ночи» «Зита и Гита» т.т толып жатыр. Және оған қатты ұнайтыны Радж Капур, Митхун Чакраборти, әсіресе Наргиз...Қандай сұлу , даусы қандай? Әндерін айтсай... Мың бұралған биі де ғажап... Жанат дәл осындай мүмкіндік актриса болудан бас тарта алмады. Оның үстіне Жанат тәртіпті қыз. Өтірік айтпайды, біреудің ала жібін аттамаған,қызыл светофорға өтпеген, сыра ішпеген, шылым шекпеген –тек жақсы оқитын қыз. Бір сөзбен айтсақ идеал. Бұл бала кезден қанға сіңген тәрбие. Тек үй тәрбиесі емес, бұл қоғамның ережесі. Өйткені Совет өкіметі жастарды осылай тәрбиелеген, Онда үлкендер, мұғалім, бастық қалай айтса солай болуы тиіс. Оның оқудан бас тартпаған да екінші сыры еді. Ең бастысы – түсіп тұрған дайын оқу. Және ең кереметі ару қала – Алматы... Алатау кинотеатры, автовокзал, Көк-төбе, кинотеатр «Арман», «Алматы» қонақ үйі, троллейбус және балмұздақ. Мұндайдан қалай бас тартасың.. Жанат Чайкина ойламаған жерден консерваторияның театр факультетіне КСРО Халық артисі Шолпан Жандарбекованың курсына осылай түскен.

-Жанат сен қыздарыңды өнерге жіберген жоқсың? Әсіресе кенже қызың Ақнұр актриса болайын дегенде қарсы бопсың ғой.

-Иә қарсы болдым... Өйткені өзің білесің ғой... Өнер ауылы қиын... Тіпті қатыгез... Мен көрген қиындықты ол қызым көрмесін дедім...

Мен баяғыда Алматыда болған Желтоқсан қозғалысы жайлы кино түсіргем «Қызғыш құс» деген. Ол фильмде Жанат Чайкина Роза деген әйелдің роліне түсті. Роза сол кезеңнің, сол қоғамның кейіпкері. Арманы алыс та биік қыздың күндердің күнінде өмір ағысына қарсы тұра алмай өзін жоғалтқан кейіпкер. Әсіресе осы жолы түнімен ішкені арақ, аузында шылым, ырду-дырду би қысқасы ыржалақ өмір. Таң ертең Роза мен басты кейіпкер Санжардың көрінісін түсіру керек болатын. Түсіріп жатқан жеріміз – Маймақ станциясы. Ұлы Ш.Айтматовтың туған ауылы Шекердің жаны. Октябрь айының соңы. Күн салқын. Әсіресе таңертең, кешке бізде «Режим» деген- ұғым бар. Ол таң атып келе жатқанда, болмаса күн ұясына батардағы көрініс. Себебі осы кезде түсірген көрініс әлдеқайда ерекше әдемі көрінеді. Ол қысқа ғана кез. Бар жоғы 20-25 минут қана. Осы кезде түсіріп үлгеру қажет. Ол үшін түсіру тобы ерте тұрып 3-4 сағат бұрын дайындалады. Бұл жолы да ерте келдік. Грим салып дайындалып жатырмыз... Қайта қайта өтеміз. Операторлар да, жарық түсірушілер де, гримерлер де сақадай сай. Оның үстіне дәл осы кезде алыстан, сонау көз ұшынан пойыз өтуі керек. Айналадағы ағаш біткен сарғайып күз келгенін білдіргендей. Әсіресе тау аңғары октябрь айында өте салқын. Біз түсіру тобы куртка, кофта, аяғымызға етік дегендей жылы киінген. Жанаттың үстінде тек жалғыз ғана көйлек. Өзінікі емес, бастығы, «досы» Әлібаевтың көйлегі. Оның да түймесі шала салынған. Дір-дір етеді... Фильмдегі бас кейіпкер Санжар желтоқсанның ызғарынан нақақ күдікті болып, қаңғырған ұлан, қаңбақтай әр жерді паналап келіп осы үйге, Баба Зинаға паналаған. Фильмнің сюжетін баяндамай-ақ қояйын. Тек осы сахнадағы сюжетті есіме түсірейін.

Роза-Жанат: – Сен мұнда неғып жүрсің? Қазір кеш болмай тұрғанда бұл жерден кет... Үлкен қалаға бар. Оқы-деген нышан білдірген.

- Әйтпесе мендей сорлы боласың...Құры тез бұл жерден. Бұл маңай өсетін жер емес, өшетін жер. Ақылың болса табыныңды жалтырат... Осы кезде алыстағы тау аңғарынан поезд көрінген. Бұл да алдын-ала келісіліп қойылған. Жанат сөзін жалғастырған...

- Әттең, менің пойызым өтіп кетті-ау, өмір бойы тосқан пойыз...

Иә... адам ғұмыры күтуден, сағынудан, аңсаудан, арманнан тұрады. Қайда барарың белгісіз болса да алысқа, тым алысқа, кез-келген пойызға отырып кете бергің келеді... Далаға қарап, зу етіп артта қалған бағаналарға көзіңді талдырасың. Көз ұшындағы маң-маң басқан түйелер туралы ойлайсың. Қайда бара жатырсың? Кімге? Неге? Белгісіз... Бірақ адам бір жерде қалып қалмауы тиіс... Алда қандай станция, нендей бекет тосып тұр? Ол да жұмбақ... Бірақ адам табиғаты осы жылжу, жүре беру... Сосын ойламаған жерден біреумен жолығу, кездесу... Ол кім? Бұл жерге қайдан келген, ол да белгісіз... Бірақ жаның, санаң, ұялып жатқан түйсігің осылай дейді...

Бір камера тура алдынан, екіншісі жанынан түсіріп жатыр. Бірінші дубль... Бір қарасам бәрі дұрыс секілді. Бірақ, сонда да бірдеңе жетіспей тұр. Осы сәт дауысымды көтеріп, айқайлап жібердім. «Что за халтура, надо готовиться Чайкина!» дедім. Жанат селк ете қалды. Әншейінде «Жанна, Жанночка, Жанат» деп үйренген ол қаншама ел-жұрттың көзінше айқайға шыдай алмады... Мотор! Жанаттың көнтек еріндері сәл-пәл ашылған. Дәл қазір мен білетін, танитын, қалжыңдасатын танысым емес... Алыстағы бөтен, басқа жан... Кеудесі толған өкініш, запырандай ащы өмірдің қызығын, таңғы алтыда атып тұрар – жұмысқа асығатын әйелдің орнына – мына Әлемде адасқан, жоғалған, Бақыт жолына бара жатқандағы бағдаршамы істен шыққан, лимонадтың бөтелкесіне байқаусызда кіріп қалып шыға алмаған шыбындай... Ызыңына ешкім құлақ аспаған шыбын-шіркей:

Жанат – міне осы... Ерніндегі ермегі сигареттің көк түтіні ғана тіршіліктен хабар бергендей. Бұндай күй, күйік, шер-шемен, өкініш, ыза, азап арқалаған жалғыз Роза-Жанат қана емес... Бұл Ұлы Империяның, Кеңес Үкіметінің іріп-шіріген тұсындағы бейкүнә жас қыздың көз жасындағы, талайындағы тағдыр... Бұл кейіпкер жиіркенішті классикалық жаман образ емес. Керісінше оның жаралы жүрегіне жаның ашиды. Аяйсың... Аяйсың да артынан келіп құшақтап: «Айналайын, мұңайма, мұқалма. Адасу кімде болмайды» деп құшақтағың келеді... Ол да осы сәт өксіп жылап, бауырыңа еңкілдеп келіп жығылып құшағыңнан пана іздейтіндей... Жаралы еліктің жаутаңдап қарап аңшының мылтығынан қашпай, қайта келіп аяшы деп аяғыңа кеп жығылғандай жанды сурет... Түсіріп жатырмыз... Түсіріп жатырмыз... 3-4 дубль пойыз өткенше түсіріп үлгердік. «Стоп»! «Спасибо за сьемки»! Жанат әлі жылап отыр. Қасымызда қарап тұрған Нонна Мордюкованың да көзінен жас ыршып кетті. Нонна Викторовна екеуміз оңаша кетіп қалдық. Келесі сахна басқа жерде.

Мордюкова көзін сүртіп келеді. «Жанна какая прелесть! Талантливая, красивая. Ей надо по-больше сниматься...Ты же крутой- предлагай другим режиссерам... Она...она красавица»

Өкінішке орай көп ұзамай Кеңес Үкіметі тарап, әр Республика өз жолымен кетті де, кино мүлде тоқтап қалды. Жанат алдында Серік Жармұхамедовтың «Өтелмеген парыз» фильмінде де түскен. Әнуар Молдабеков, Досхан Жолжақсынов, Меруерт Өтекешова сынды киноның мықты жұлдыздарымен партнер болды... Ол да бөлек әңгіме, бөлек тақырып... Болашақта Жанат Чайкинаның творчествосын зерттейтін жас буынның жүгі болар деп үміттенем.

Меніңше творчестволық портрет жазғанда, өзің жақсы білетін адам жайлы сөз қозғау қиын... Өйткені сен оны көптен-көптен білесің...

-Шыныңды айтшы сен отбасында, семьяда бақыттымын деп айта аласың ба?

Чайкина тағы тосылып қалды.

-Жоқ.-деді.

Әйел ретінде «бақытты болдым» деп айта алмаймын...Ал Ана ретінде шүкір...Үш қызым бар... Немерелерім бар. Алайда, әйел қуанышын, жастықтас жар ретінде бақытты болдым деп айта алмаймын.

Жанат күлгендей болды.

Егер тағы да Алла өмір берсе, осы қатемді түзер едім...

...Жанат студенттік кездерін өзінің өміріндегі бақытты кезеңдер деп есептейді. Ол рас. Курстас достары... Алмахан, Ажар, Алма, Шәмшия... Жігіттер де шетінен дарынды, кішіпейіл. Өнер әліппесінің алғашқы қызығы да шыжығы да мол жылдар... Екінші курста жүргенде Ажар құрбысы тұрмысқа шықты. Әйгілі жазушы Берхаир Аманшинның қызы. Ұзын бойлы аққұба... Сәмбі талдай талдырмаш қыз. Ол 4-ші курстағы Тұңғышбайға тиген. Жанат та қарап қалған жоқ. Дон Кихоттың қасындағы Санчо-Пансадай Секербекке тұрмысқа шықты... Шашы ұзын, қалқаң құлақ Секербек суырып салма ақындығы бар, отырыстың гүлі болған. Сонымен үйлену тойы Алматыда дүрілдеп өтті... Алайда Жанаттың ішінде, жанында, жүрегінде бір нәрсе қалған... Ол әлі бүрін шашып үлгермеген, болмаса уақыты жетіп піспеген көк өрік, көк түйін – махаббат болатын. Көк түйін кейін пісті... Бұл өмірде уақыты жеткенде басқа бағбан да болатынын... Бал шырынын өзге адам да жеуге боларын білді... Ол тек кейін... В.Ежовтың «Бұлбұлдар түнін» дипломдық жұмысқа дайындалып жүріп, өнердегі сезімінің-өмірдегі сезімге ұласқанын байқамай қалған... Иә, солай... Сезім үшін соттауға болмайды... Мүмкін Кеңестік Идеология да , адамдық, қоғами мораль да бұлардың бұл қылығын қолдай қоймасы анық.... Алайда, дәл сол кезде |Жанат бәрін-бәрін басқаша сезінген... Таңертеңгі тау суына ұйқылы ояу келіп қойып кеткенде алдымен денең дір ете қалады. Сосын бір жанып бір күйесің... Жағаға шығып, тау бұлағынан алыс анау төбенің астына түскенде тоңғаныңды бүткіл денең құсеттеніп көгеріп салқындай бастайсың.... Сезім де кейде дәл солай... Ол тек жастыққа ғана тән ерлік, сезіммен ғана сабақтас өрлік.

Жаңыласпасам сен екі мәрте облыстық мәслихатта депутат болдың ау деймін...

Иә, екі рет.

Өнер адамдарының саясатта , дұрысы депутат болғандары жетерлік. Кешегі өткен қазақ эстрадасындағы алғашқы қарлығаштары Тұңғышбай Жаманқұлов пен Құдайберген Сұлтанбаевтың «Тамашаға» шығуы ғажап болатын. Екеуі де ол кезде үлкен сахнадан басқа-өзге эстарада жанрын да жандандыра бастады. Екеуін ел жұрт алақанына салды. Сол Құдайберген де депутат болған. Алайда, кей депутаттар ел жұрттан бұрын өз қарабастарының жағдайын ойлап жүреді. Қолдағы мүмкіндігін пайдаланып пәтер шаруасын, мәшине мәселесін шешіп алады. Ал, Жанат Чайкина қарабасына инедей де жақсылық жасаған жоқ. Тіпті ол туралы ойланбаған. Екі мәрте өзі танымайтын мүгедек екі әйелге көмектесті.

Сен орыс театрында да ойнадың емес пе?

Иә, Павлодар облыстық орыс драма театрында режиссер Дмитрий Свидерский қойған «Мария Стюартты» ойнадым.

Мен көргем жоқ... ал рецензиясын Республикалық баслымдарда да байқамадым. Дей тұрғанмен өзіңе қалай? Ойнай алдым дейсің бе?

- Иә, Шамам келгенше ойнадым. Күндіз-түні дайындалдым десем өтірік емес. Басқа орыс актерлары сөздерін ежелеп отырғанда мен рөлімді жаттап алғам. Көрермен тіпті менің Мария Стюардты ойнағанда олар қазақ актрисасы екнімді ұмытып кететін.

Жанат мектепті қазақша бітіргенмен орысша ойлайды. Мұқият тыңдасаң сөйлегенінде қазақша әуезден гөрі орысша мақам басым...

Қазақша айтқанда сен қазір үлкен актрисасың. Жасыңды айтып тұрғам жоқ. Сенің ойнаған рөлдеріңнің көбін айтам...

Жанат орнынан көтеріліп, ашық тұрған терезенің алдына келіп, маған бір қырынан тұрды. «Сырлы аяқтын сыры кетсе де, сыны кетпегені» көрінеді. Әлі күнге әжімсіз. Қоңырқай жүзі көптен күнге тимегендей бозарған сияқты. Кезінде қазақ өнеріне жалт етіп еніп, жасындай жарқ еткен актрисаның ойнаған рөлдері баршылық.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ж.А.Шайкинаның театрдағы репертуары жетерлік. Олар: Баян, Күнікей – «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» Ғ.Мүсірепов, Инга – «Бұлбұлдар түні» В.Ежов (ауд. Ә.Сығай), Айсұлу – «Өзіңді тап» Р.Сейсенбаев, Е.Обаев, Әлия – «Әке мен бала» Т.Ахтанов, Анар – «Жолда қалған жолаушы» Т.Есімжанов, Ботагөз – «Күшік күйеу» Т.Ахтанов, Қарақас – «Алтын бесік» Т. Қалилаханов, Нина – «Старший сын» А.Вампилов, Әсел – «Арманым Әселім» Ш.Айтматов, Қарагөз – «Қарагөз» М.Әуезов, Ақтоқты – «Ақан сері-Ақтоқты» Ғ.Мүсірепов, Мағыш – «Абай» М.Әуезов, Мария – «Мария Стюарт» Ф.Шиллер, Күнімжан – «Кене хан» М.Байсеркенов, Комелькова – «А зори здесь тихие»Б.Васильев, Корделия, Сайқымазақ – «Король Лир» У.Шекспир, Заречная – «Шағала» А.Чехов, Жер-Ана – «Ана - Жер-Ана» Ш.Айтматов, Медея – «Медея» Еврипид (ауд.Қ.Жұмағалиев), Ханума – «Ханума» А.Цагарели т.б. рольдері бас-аяғы 80-ге жуық кейіпкерлер.

Сұрағымды жалғыстыра берейін. Өкінішің бар ма?

Бар, - деді Жанат!

Немерелерімді ана тіліне үйретпегеніме өкінем. Қыздарым тұрмысқа шыққанға дейін қазақ тілін тәп-тәуір-ақ білетін. Ал, бірақ күйеулері қазақи болмады. Соған қынжылам. Немерелеріме қазақша ертек айтпағаныма қиналам.... Ол көзіне келген таңғы шықтай жасын іркіп алды да, күрсінді...

Мен өлімнен қорықпаймын. Бірақ, немерелерімді далада жүргенде, саябақта жүргенде, көшеде жүргенде олармен орысша сөйлескеніме қиналам...

Шыныңды айтшы...Неден қорқасың?

Жалғыздықтан...Актриса ретінде мен Баян, Еңлік, Джульеттаны ойнамасым рас... Алайда... Тағы да репитицияға қатыссам... тағы да ролімді ойлап жатып ұйықтап кетсем... Атып тұрып асығыс-үсігіс жұмысқа жүгірсем деймін... Сосын... сахнадағы әріптестеріме жаман партнер болмасам деп қорқам. Жалпы мен қорқақпын ғой...

Жанат Чайкина тағы да шынын айтады...Дүниеде қорықпаған адамдардан қорқу керек...

Рахмет Жанат... Сұхбатыңа, шыныңа, сырыңа... Сау бол! – Жанат есіктен үнсіз шыға берді. Есікті жабарда сәл кідірген. Бірдеңе айтқысы келген сыңайлы. «Жанат не болды? тағы да бір қосарың бар ма?» деуге болар еді... Тағы да оны-мұны сөз етуге болатын. Бірақ дегенім жоқ. Неге?

Өйткені Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жанат Чайкина жайлы сұхбаттың бұл соңғысы болмаса екен деген ой ғана. Лайым солай болғай...

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық артисі,
кино және театр режиссері

 Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475