«Ақ жол» газеті материалдары жинағының тұсаукесері өтті
Ұлттық кітапханада «Ақ жол» газеті материалдарының - «Ақ жол» газетінің 25 томдық жинағының тұсау кесері өтті. Жинақ «Әлеуметтік маңызды әдебиет» республикалық бюджеттік бағдарламасы аясында «Ақ жол» парламенттік фракциясы депутаттарының күш-жігерінің арқасында жарық көрді. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дауешов, «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев, «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаттары, Гумилев атындағы ЕҰУ-нің басшылары мен қызметкерлері, «Алаш» ғылыми-зерттеу институты, «Алашорда» қоғамдық қорының өкілдері, жинақ авторлары, құрастырушылар, аудармашылар және редакторлар қатысты.
Жинақ қоғам қайраткері, ақын, «Ақ жол» партиясының мүшесі Ханбибі Есенқарағызының жеке бастамасы бойынша құрастырылған. Ол Ташкент, Шымкент, Алматы, Мәскеу кітапханалары мен мұрағаттарында газет материалдарын жинау бойынша үлкен жұмыс жасады.
«Ақ жол» - 1920–26 жылдары басылып шыққан және Алаш белсенділері құрған қоғамдық-саяси газет. Бірінші редакторы - Сұлтанбек Қожанов. Газетте Н.Төреқұлов, М.Дулатов, X. Досмұхамедов, И. Жансүгіров, А. Байтұрсынов және басқа да көптеген қазақ зиялыларының Түркістан, Қазақ АССР өмірі мен оқиғалары туралы материалдары жарияланды.
Өздеріңіз білетіндей, «Ақ жол» партиясы Алаш қозғалысының идеялық мұрасын зерттеу және насихаттау бойынша үнемі жұмыстар жүргізеді. Жыл сайын ғылыми жұмыстар конкурстары, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, жарияланымдар жарық көреді.
Құттықтау сөзінде Азат Перуашев жинақтың жарыққа шығуы Мәдениет және спорт министрлігінің және жеке министр Ақтоты Раимқұлованың қолдауы арқасында жүзеге асқанын атап өтті.
«Ұрпақтардың рухани және мәдени тәжірибесінің сабақтастығы - Тәуелсіздікті нығайтудың басты негіздерінің бірі. Мұндай материалдарды басып шығару ұлттық тарихты түсіну үшін, оның ішінде оның бұрмалануына қарсы тұру үшін өте маңызды», - деді Перуашев.
Сонымен қатар іс-шарада: таңдалған мақалалар жинағы және Нәзір Төреқұлұлының мұрағаттық материалдары; британдық инженер Джон Уилфорд Уарделлдің «Қазақ даласында» естеліктері (қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде); жас ғалым-тарихшы Арман Ахметовтың «Әбілмәбет хан әулеті» монографиясы көпшілікке ұсынылды.
Abai.kz