Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 3441 4 пікір 17 Маусым, 2020 сағат 12:37

Қостанайда тағы дау басталды. Ақша дауы

Жалпы, ешкім, еш уақытта бақыламайтын, ешкімге есеп бермейтін мол ақша жүрген жер қашанда дау-дамайдан арылмайтындығы баяғыда дәлелденген ақиқат. Еңбексіз келген, тегін дүние болған соң, кім-кімнің де сол батпан құйрықтан бір қарпып қалғысы келетіндігі белгілі жайт емес пе?

Жақында біздің Қостанай облысында да бүкіл елімізді елең еткізген үлкен тайталас басталып кетті. Ол енді облыс әкімі Архимед Мұқанбетов мырзаның жан баласын жанына жақындатпай, үкілеп ұстап отырған атақты «Тобол» командасының (бізде де, өзге жерде де дәл осылай аталады) бір ойыншысына қатысты болып отыр. Осында сонау 2016 жылдан бері ойнайтын, кезінде сонау Орталық Африка Республикасы деген қиырдан аттай қалап, шақырып алған Фернандер Кассай деген футболшы. Ол енді шетелде жатып: «Мен осы командамен 2021 жылдың қазан айына дейінгі мерзімге контрактіге отырғанмын. Алайда былтыр ойын кезінде дене жарақатын алуыма байланысты Францияда емделдім. Енді келдіп, мені қайтадан бұл клубқа алғысы жоқ. Сондықтан да мен өз құқым бұзылды деп бұл клубтан 600 мың доллар айып пұл талап етемін» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Оған осы клубтың еш уақытта өзгермейтін директоры Панин деген мықты: «Жоқ, бұл өтірік. Біз оны сотқа береміз» деп өзінше бұлқан-талқан болып жатыр. Ал африкалық қонағымыз болса: «Сендердікі бос әурешілік. Менің қолымда өздерің қол қойған құжат бар. Менің адвокаттарым да сақадай-сай отыр» деп айбат шегіп жатыр. 

Фернандер Кассай деген мықтың осы

Бұл жерде біз кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деген сауалға жауап іздеп, бас қатырғымыз жоқ. Ол үшін, айналып келгенде, сот органдары бар. Олардың нанына отрақтаспай-ақ қоялық. Алайда барлық мәселенің мәнісі осы кәсіби футбол деген дүнигеге қыруар қаржы кетіп жатқандығы айтыла-айтыла әбден жауыр болған тақырып. Шетелдерден легионер дегендерді шақырып, олдарды шылқымайға батырғаннан гөрі, кезінде өзіміздің мықты спортшыларды дайындаған балалар мен жастар слорт клубтарын жандардыру керектігін «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев үлкен мінбелерден талай айтты да. Оған бірер депуттардың да үн қосқандығын білеміз. Алайда шетелдегі ойындарда ешбір нақты нәтиже көрсетпесе де, осы клубтарға миллиардтаған қаржының ысырап болып жүргендігі қазір ешкімнің де жанын ауыртпайтын секілді. Әлде өздерінше мұндай майлы жілікті баяғыда меншікткеп алған, мұны олар өздерінің беделінің өсіруінің бір көрсеткішіне балайтын облыс әкімдерінен қорқа соға ма екен? Ал олар болса, туған баласындай мәпелейтін, олар үшін ештеңені де аямайтын өздерінң клубтары үшін жан беруге дайын. Мырзалығы шексіз, қамқорлығы адам айтқысыз. 

Мәселен, тек біздің Архимед қана осы «Тоболдың» былтырғы жылғы 2 миллиард теңге құрайтын бюджетіне қолақпандай етіп, биыл тағы да 1 миллиард теңге бере салды. Негізі, біздің әкімнің қолы ашық қой, ана африкалық футболшының сұраған 240 миллион теңгесі деген немене тәйірі?  Сол үшін өз перзентін дауға салып қоймайтын шығар. Биыл оның бюджетіне тағы да 1 миллиард қоса салса, «қасқыр да тыныш, қой да аман» болмай ма? Ал бюджеттің, яғни халықтьың маңдай терімен жинаған ақшасына біздің елде кімнің жаны ашыпты, тәйірі?

Осынау кәсіби спортқа кететін мол қаражаттың өте орынсыз жұмсалатындығын, оның қазіргі таңда ешбір қайтарым әкелмейтінін қазір қарапайым жандар түгілі, осы саланың мамандары да ашық айтып жатыр. Мәселен, жақында ғана Алматы қаласы футбол федерациясының бірінші президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Самат Нұржанов «Время» газетіне берген сұхбатында: «Қазір қаржыға жауап беретін жандардың осы мемлекеттің ақшасының қаншалықты дұрыс жұмсалып жатқандығы туралы ойланатын уақыты жетті. Орасан мол қаржы футболды дамытуға жұмсалмайды. Біз тек легионерлерді байытып жатырмыз. Бұл шетелден шақырылған бапкерлерге де қатысты. Бұлар адам айтқысыз мол қаржы алады. Алайда ешбір ойынды ұта алмайды. Шетелден шақырылғандардың ешқайсысы да біздегідерден спорттық кәсіби деңгейі тым жоғары да емес. Егер біздегілерге соларға кететін қаржының жартысын ғана төлесек те, қазіргіден әллдеқайда жоғары жетістіктерге жетеріміз хақ», - деп өз ойын ашық білдірді.

Шындығында да бізді шетелдіктер дегенде ішкен асымызды жерге қойып, олардың сұрағанын сөзге келместен бере саламыз. Мұндай мырзалықтан біздің «Тобыл» да кенде емес, ешкімнен де олқы соқпайды. Мәселен, былтыр біздің клубқа ат басындай алтын бергендей етіп, Сибаи Сенин деген біреуді алды. Мақтауын жетістірді. Клуб басшыларын тыңдап отырсаң, бұл жігіт тіпті атақты Пеледен де асып түсетін көрінеді.Сондықтан да одан аянып қалмапты. Өткенде «Tranfermark» деген порталдың жазуына қарағанда бұған анау-мынау емес, жарты миллион евро жұмсалыпты. Рас, кейін «Тобылдың» директоры Николай Панин «бұл қате жазылған. Оған жарты миллион емес, небәрі 50 мың доллар ғана төленді» деп шыр-пыр болып жатыр. Бейне бір 50 мың доллар айтуға тұрмайтын, ұсақ-түйек бірдеңе секілді. Ал енді мұны өз теңгемізге шақсақ, сол анау-мынау емес тура 20 миллионға жақындап қалады. Әрине, бұл жылына миллиардап ақша жұмасалатын біздің «Тобылға» айтуға да тұрмайтын ұсақ бердеңе шығар, сірә?

Ал шындығында да осы Сибаи дегенің кім? Біздегілердің төбесі көкке жететіндей шаттанатын реті бар ма? Бірден ашығын айтайық, бұл қара баламыздың өзгелерден асып бара жатқан түгі жоқ, қатардағы аяқдопшылардың бірі. Википедияны ашып қараған жан мұны бірден аңғарар еді. Сибаи деген сабазың ең болмаса Еуропаға белгілі мықты клубтардың бірінде ойнап, атағы шыққан футболшы болса бір сәрі. Африкадағы екінің бірі біле біле бермейтін, картадан да бірден таба ламайтын Кот-д-Ивуар деген елінен шыққан бұл сабазыңның ойнамаған клубы жоқ көрінеді. Алдымен доп тебуді өз елінде бастаған ол Молдованың «Саксон», Румынияның «Астра» командасында жақсы ойын көрсетіп, көзге түсе алмай, ақыры 3 матчқа ғана шыдаған, сосын Белоруссияның «Слуцк» командаларында доп теуіп, ақыры Ресейдің «Балтика» мен «Тамбовқа» келіп табан тіреген. Соңғы аздап тұрақтаған мекені осы «Тамбов». Бұл «мықтының» тәртібі де шамалы көрінеді. Ол «Балтикада» жүргенде тәуір өнер көрсеткенімен 5 сары және 3 қызыл карточканы «иеленген». Ал «Тамбовта» тағы да өзінше «мінез» танытып, тек жарты маусымда ғана тағы да 5 сары және бір қызыл карточка алған. Айтпақшы, соңғы «Тамбовтан» кеткені үшін ол сол клубқа 50 мың доллар төлеген. Демек, журналистердің «Тоболдың» қайдағы бір ортаңқол футболшы үшін жарты миллион евро жұмсапды» дегені шын болып шықпасын. Енді мұны бюджет ақшасы ешбір есепсіз, орынсыз жұмсалады дегенде осындай жайтты айтамыз дағы.

Мінекей, біздегі әкім-қаралардың халықтың ақшасына деген өзіндік, айрықша көзқарасы осындай. Әрине, өз қалтасынан шықпағаннан кейін несіне қиналсын?

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522