Түлектерге ой түрткі...
Құрметті мектеп бітіруші түлектер, қазір сіздер үшін маңызды кезең. ҰБТ нәтижесі сіздермен бірге ата-аналарыңызды да алаңдатуда. Осы орайда, ғалым-ұстаз және әке ретінде сіздерге бір ауыз ақыл-кеңесімді айтып, психологиялық көмек көрсеткім келеді. Кез-келген түлек мектеп бітірерде мына екі сұраққа ой жүгіртуі керек:
- Бастысы, мен болашақта кім боламын немесе университетке түсудегі мақсатым не? Егер, бұл туралы бұрын ойланбасаңыз қазір ойланыңыз. Себебі, бұл сұрақ болашағыңыздың бағыт-бағдары. Айналаңыздағы ешкімге еліктемей, жауабын жүрегіңіздің қалауымен табыңыз. Кім болғыңыз келгені анықталса, келесі сұраққа көшіңіз.
- Сондай мамандық иесі болуым үшін міндетті түрде жоғары оқу орындарын (ЖОО) оқу керек пе? Мүмкін керек, мүмкін керек емес те шығар. Өйткені қазіргі технологияның дамуы, білім алуды қолжетімді етті. Еңбекқор, ізденгіш болсаңыз университет оқымай-ақ, студенттер алатын білімінен кем емес білім алуыңызға болады. Бұл бүгін қалыптасқан үрдіс емес. Ескі заман ғалымдары мен ойшылдарының бәрі дерлік кітапханадағы жазбалардың негізінде білім алып, адамзат баласына үлкен еңбектерін қалдырды. Біз қазір соларды оқып жүрміз. Қазір кітап дүкендері, кітапхана, интернет, аудио, видео кітаптар мен жазбалардың санында шек жоқ. Сондықтан, білімсіз қаламын деп алаң болмаңыз. Бастысы - білім алуға деген ыстық ынта мен алған білімді тиімді қолдана білу.
Адамзат өркениетінің экономикалық даму кезеңдеріне назар аударғанда, әр кезеңнің өзіне тән білім беру жүйесі мен ерекшеліктері болғанын байқаймыз. Мәселен:
- Ауылшаруашылық кезеңінде, материалдық игілік басты орында тұрды да, білім беру тіршілікті қамтамасыз етуді негіз еткен қарапайым деңгейде болды. Бәсекелестік төмен болды.
- Өнеркәсіптік кезеңінде, энергетикалық қуат маңызды рөл ойнады да, білім беру озық техниканы меңгерген, әр салада дарынды мамандарды тәрбиелеуді негіз етті. Бәсекелестік дамыды.
-Білім экономикасы немесе 4-өнеркәсіптік ревалюция кезеңінде информациялық технология экономиканы құраушы басты факторға айналу үстінде. Бұл кездегі білім берудің бағыты - алған білімді қолдану. Себебі, бұл кезеңде білім алу қол жетімді болды. Сол үшін білім алу басты проблема емес, оны қолдана білу басты проблема. Бұл кезеңде бәсекелес тек адамдар арасында ғана емес, интелектуалды техникаларда да болады. Соған дайын болыңыз. Ол үшін білімді адам емес, адами капитал болуға тырысыңыз.
Адами капиталды айтқанда, адами ресурсты бірге қосып айтудың маңызы бар. Сырттай қарағанда екеуінде айырмашылық жоқ дерлік. Әр екеуі сапалы, өнімділікті көрсететін өлшемдер іспетті. Алайда, адами ресурс пен адами капитал арасында мәндік айырмашылық бар. Адами ресурс - адамның жалпы табиғи қасиеті мен алған білімі және тәжірибесінің жиынтығы. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бойыңыздағы бар барлық мүмкіндіктеріңіз бен әлеуетіңіз. Ал адами капитал сол бойдағы бар байлықты дұрыс қолдана біліп, өнімділікті жарату. Біздің заманымызда жастардың адами ресурс болуының шарт-жағдайы бар. Тек, өзі талпынса, ондай мүмкіндіктер жетеқабыл. Әңгіме сол адами ресурстан адами капиталға айнала білуде жатыр. Оның ең тура жолы білгенге талпыну және білгенді ұтымды қолдану содан құндылық жарату. Себебі, капитал - құндылық жарата алатын құндылық.
Жас достар!
Баллым төмен болды, университет оқи алмай қалатын болдым. Арманым адыра қалды, қоғамда өз орнымды таппай сенделіп қалатын болдым деген сан түрлі сүреңсіз ойлар мен қиялдардан аулақ болыңыз. Адамның адамшылығы, табысқа жетуі, бір кісілік орынға ие болуының басты шарты университет оқу емес. Студент аталып жүргендердің бәрі бірдей білімді емес. Қолында дипломы болса да арба сүйреп, даяшы болып, машина жуып жүргендері қаншама? Бастысы - арманыңыз асқақ болсын. Не істесеңіз де, сол саланың маңдайалдысы болуға тырысыңыз. Тарихқа көз жіберсеңіз оқымай-ақ дәулетті, атақты, білімді болғандар көп. Оқып, тоқып, соңында қаңғыбас болып, ит өліммен өлгендер де көп. Сондықтан торығудың мүлде қажеті жоқ. Адам үшін мүмкіндіктер мен табыстың есігі жер мен ғарышқа дейін кеңдікте ашылып жатыр. Тек, іздене біліңіз.
Менің "Келешекте керек болмайтын мамандықтар" деп аталатын мақалам бар. Оны интернеттен оқи аласыздар. Сонда қандай мамандықтарды оқу керек,ал болашақта құнын жоятындары қайсылары деген өзекті сұрақтарға жауап берген едім. Мен жоғары оқу орындарын оқымаңыздар деп отырған жоқпын. Өзім университет ұстазы ретінде олай деп мүлде айтпаймын. ЖОО оқу керек, егер оқуға, білімге ынтық болсаңыз. Болмаса, біреуге еліктеп немесе ата-ананың қысымымен оқудың қажеті жоқ. "Сүйреп салған тазы түлкі алмас" деген бар. Не оқысаңызда, дәл қазіргі кезде Қазақстан қоғамына керек, сұранысы бар әрі өзіңізге ұнайтын дүниені оқыңыз. Кәсіби маман, кәсіби жұмысшы болыңыз. Ол ЖОО бітіріп жұмыс таппай сенделіп жүрген студент пен магистрден әлденеше есе қайырлы.
Сөз соңында жақында жарық көрген "Ешқашан жоқ деме, табыс - өз әлеміңіз ішінде" атты кітабымнан бір үзінді келтірейін: "Адамның жеке дара өмір философиясы оның тағдырын шешеді. Тағдыр аспаннан түспейді, Ол - адамдардың қалауымен өмір жолында кездесетін күллі жеңіс-жеңілісінің, қуаныш-қайғысының жиынтығы. Жаратушы оны маңдайға зорлап таңбайды, тек, мүмкіндігін береді, талдау өз қолыңда". Қалай болмасын табысты болуға тырысыңыз, баршаңызға сәттілік тілеймін.
Қастер Сарқытқан,
ғалым-ұстаз, жазушы, ҚР журналистер одағы мүшесі.
Abai.kz