Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Анық-қанығы 4827 8 пікір 30 Маусым, 2020 сағат 14:17

Министр Цойдың 3 болжам, 10 жоспары...

Қауіпті вирус қаһарына мініп, індет жұқтырғандар саны күн сайын, тіпті сағат сайын көбейген дәл қазіргідей қиын кезеңде Қазақстан медицинасы министр ауыстырды, өткенде. Бұрынғы министр вирус жұқтырып, жұмысқа жарамай қалғандықтан, оның орнына Алексей Цой дейтін адам келді, білесіздер.

Сөйтіп, коронавирустан ауыр «нокдаун» алған ДСМ енді 4 апталық «локдаунға» көшетінін айтып жатыр екен. Кеше Ақордада өткен жиында жаңа министр Алексей Цой елдегі коронавирустық жағдайға қатысты 3 түрлі болжам, 10 түрлі шара жоспарын ұсыныпты.  

Цойдың үш сценарий

Бірінші сценарий: Карантин енгізілмейді. Есесіне тамыз айының соңына қарай күніне COVID-19 жұқтырған 27 мың науқас тіркеледі. Инфекциялық және провизорлық стационарларда 300 мың орын қажет болады.

Екінші сценарий: Екі апталық локдаун енгізу. Бұл жағдайда ауру жұқтырып, ауруханаларға жатқызылуы тиіс науқастары саны күн сайын 7 мың адамды құрайтын болады. Ол үшін 80 мың орын қажет.

Үшінші сценарий: 4 апталық локдаун. Бұл жағдайда тамыз айының соңына қарай, 2500 адам ауруханаға жатады және қосымша 30 мың адамға орын қажет болады.

 «Осы үшінші болжамды ең тиімді деп есептеймін. Біз халық арасында вирустың таралуына шектеу қойып, инфрақұрылымды дайындап үлгереміз», - деді министр.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрі ҚР Үкіметі қабылдаған осы шаралар коронавирустың жаппай таралуының алдын алды деп есептейді екен. Сондай-ақ, ол өзі де вируспен күресудің халыққа қажетті 10 негізгі шарасын атапты.

Цой ұсынған 10 шара

1. Амбулаторлық деңгейде инфекцияны емдеудің қарапайым және түсінікті нұсқаулықтарын әзірлеу;

2. Дәрі-дәрмектерді жеткізу және сатып алу процедураларын жеделдету, отандық өндірушілерді қолдау;

3. COVID-19 диагностикасында цифрлық рентген аппараттарын компьютерлік томографиямен бірге қолдану арқылы диагностиканың қол жетімділігін арттыру;

4. Сынақ зертханаларының мүмкіндіктерін кеңейту, тесттерді уақытында жеткізу;

5. Шақырту кезінде мобилді топтардың сынақ қоршауларын ұйымдастыруы;

6. Үйдегі науқастарға ең қауіпсіз медициналық көмек көрсету;

7. Амбулаторлық деңгейде қашықтан кеңес беру;

8. Ауруханаларды жасанды тыныс беру аппаратымен жабдықтау;

9. Жерлеу тәртібін өзгерту;

10. Азаматтарға эпидемиологиялық ескертуді арттыру.

Ал, аталған жиында Президент Тоқаев биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін қайта енгізуге тапсырма берген.

- Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Тоқаев.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 21 819-ға жетті. Ал, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова 3 маусымнан бастап науқастарды симптомды және симптомсыз деп екіге бөлгенін айтқан. Бір айта кетерлігі вирустың симптомсыз түрімен ауыратындар ресми статистикаға кірмейді. Бүгінде симптомсыз науқастардың саны 17 642 адам болған.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер «үш симптомсыз науқастан тек бір адамға ғана індет жұғуы мүмкін» екенін айтады.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963