Алматыда конституциялық өзгерістер жағдайындағы мәслихаттардың рөлі мен даму перспективалары талқыланды
2026 жылғы 27 қарашада Философия, саясаттану және дінтану институты «Жаңа Конституция жағдайындағы жергілікті өкілді органдар: рөлі, функциялары және даму перспективалары» тақырыбында сарапшылық отырыс өткізді.
Отырыс барысында қолданыстағы сайлау жүйесінің ерекшеліктері, қазіргі сайлау науқанының дербес сипаты, республикалық деңгейден бастап аудандық деңгейге дейінгі өкілді билік органдарын жаңарту, сондай-ақ мәслихаттардың өңірлер мүддесін білдірудегі және халықты толғандыратын нақты мәселелерді шешудегі рөлі талқыланды.
Отырысты ФСДИ Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмребаев жүргізді. Ол қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктері мен оның дербес сипатына назар аударып, сайлау үдерістерін өкілді билік жүйесін дамыту және азаматтардың саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан қарастырудың маңыздылығын атап өтті.
ФСДИ бас ғылыми қызметкері Асқар Шомановжергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі мәслихаттардың институционалдық маңызына назар аударды. Оның айтуынша, мәслихаттар өңір тұрғындарының мүддесін білдіретін және жергілікті өкілді әрі атқарушы органдар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін маңызды институт болып табылады.«Мәслихаттар - жергілікті деңгейде халықтың мүддесін білдіретін маңызды институт. Олардың рөлі қоғамдық сұраныстарды жеткізумен ғана шектелмейді, сонымен қатар өкілді және атқарушы билік органдары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуде де көрініс табады».
Осы тұрғыда мәслихаттардың дербестігін дамыту, олардың өкілдік және бақылау функцияларын жетілдіру, сондай-ақ депутаттардың халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешудегі жауапкершілігін арттыру ерекше маңызға ие.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Алматы қаласындағы Өкілдігінің жетекшісі Әсел Назарбетова қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктері мен жергілікті өкілді органдардың кадрлық құрамын жаңарту мәселелерін қарастырды. Ол жергілікті саясатқа жастарды, түрлі кәсіби салалардың өкілдерін және азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда, жаңа тұлғалардың қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюіне назар аударды. Депутаттық құрамның жаңаруы әлеуметтік және кәсіби өкілдікті кеңейтіп, мәслихаттардың жұмысына жаңа құзыреттерді, тәжірибе мен қоғамдық бастамаларды тартуға мүмкіндік береді.
ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы Жеңісбек Төлен ғылым, саясаттану және қоғамдық-саяси тәжірибенің өзара байланысын сөз етіп, саяси өзгерістерді ғылыми тұрғыдан зерделеудің және жас ұрпақтың қоғамдық қызметке қызығушылығын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі Жомарт Симтиков жастар белсенділігінің оң динамикасын және студенттердің қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын оң бағалады. «Бүгінде жастардың белсенділігі артып, олардың қоғамдық-саяси үдерістерге деген қызығушылығы байқалады. Бұл бастамаларды қолдап, студенттердің қоғамдық талқылауларға қатысуына, өз идеяларын ұсынуына және қоғамның дамуы үшін маңызды мәселелерді шешуге атсалысуына мүмкіндік жасау қажет», - деп атап өтті Ж.Симтиков.
Отырыс барысында депутаттардың халықпен өзара байланысының практикалық қырлары да талқыланды. Атап айтқанда, депутаттардың азаматтар үшін қолжетімді болуы, тұрақты түрде жеке қабылдаулар өткізуі, сайлаушылар алдында есеп беруі және шешім қабылдау кезінде қоғамдық сұраныстарды ескеру мәселелеріне назар аударылды. Бұл тетіктер жергілікті деңгейде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені олар халық пен өкілді органдар арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ФСДИ ғылыми қызметкері Шынар Топаева қоғам мен саяси билік арасындағы диалогты дамытудағы ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың маңызын айқындады. Ол сайлау үдерістерін, соның ішінде кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін, олардың бағдарламаларының мазмұнын және қоғамдық сұраныстарға жауап беруге дайындығын тікелей зерделеудің маңыздылығын атап өтті. «Жас ғалымдар ретінде біз қоғам мен саяси билік арасындағы өзара түсіністік пен диалогты қамтамасыз етуге үлес қосуға ұмтыламыз. Сондықтан біз сайлау науқандарын сырттай бақылап қана қоймай, кандидаттардың сайлаушылармен кездесулеріне де қатысып, сұрақтар қоямыз, олардың ұстанымдары мен бағдарламаларына назар аударамыз».
ФСДИ ғылыми қызметкері Марлен Тұрысбексаяси және институционалдық реформалар аясындағы өзекті зерттеу бағыттарын белгілеп, жергілікті өкілдік жүйесіндегі өзгерістерді, саяси қатысудың трансформациясын және мемлекеттік институттардың қоғаммен өзара іс-қимыл тетіктерін ғылыми тұрғыдан зерделеудің маңызын атап өтті. Бұл ретте болып жатқан өзгерістерді және олардың жергілікті басқару тиімділігіне ықпалын жүйелі ғылыми тұрғыдан талдаудың маңызы зор.
Сарапшылық пікірталас барысында қатысушылар өкілді билік органдарын жаңарту олардың қызмет сапасын арттырумен және халықпен байланысын нығайтумен қатар жүруі қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, мәслихаттар өңірлік күн тәртібімен, азаматтардың күнделікті қажеттіліктерімен және аумақтардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерімен тікелей байланысты институттар ретінде ерекше маңызға ие.
Отырыс қорытындысы бойынша конституциялық өзгерістер жағдайында мәслихаттарды одан әрі дамыту жергілікті өкілдікті нығайтуға, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және халық, өкілді әрі атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға байланысты екені атап өтілді. Олардың қызметінің басты өлшемі - тұрғындардың мүддесін білдіру, өзекті сұраныстарына ден қою және өңірлердің нақты мәселелерін шешуге атсалысу қабілеті.
Abai.kz