Ақылбек Шаяхмет. Тарихи атаулар қайта оралуы керек
«Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы» - деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі заманға дәнекер болатын бүгінгі күн біздің алдымызға ауыр да абыройлы міндет қойып отыр. Өткен заманнан қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны рас болса, кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланысты «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр.
Қостанай аумағындағы көптеген жер атаулары орысшаға «жетік» біреулердің жер аттарын қазақшалауынан қате айтылып келгені рас. Әулиекөл деген жер аты орыс босқындарының қоңыстануынан кейін сол арада жеті көлдің болуына байланысты Семиозер болып аталған болатын. Оны сол жердің кейбір тұрғындары қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып алып, біраз уақыт Жетікөл деп те атап жүрді. Сол секілді Жітіқара қаласының аты біраз уақыт Жетіқара деп жазылып келді. Жітіқара орыс тілінен қазақшаға көшкен атау емес, керісіңше, алдына «Д» әрпін қойып, бұрмаланып жазылған атау болды. Содан орысша Джетыгара болып айтылған сөз қайтадан «шала қазақшаланып», Жетіқара болып бұрмаланған болатын. Қазіргі уақытта тарихи әділет қалпына келтірілді.
«Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы» - деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі заманға дәнекер болатын бүгінгі күн біздің алдымызға ауыр да абыройлы міндет қойып отыр. Өткен заманнан қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны рас болса, кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланысты «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр.
Қостанай аумағындағы көптеген жер атаулары орысшаға «жетік» біреулердің жер аттарын қазақшалауынан қате айтылып келгені рас. Әулиекөл деген жер аты орыс босқындарының қоңыстануынан кейін сол арада жеті көлдің болуына байланысты Семиозер болып аталған болатын. Оны сол жердің кейбір тұрғындары қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып алып, біраз уақыт Жетікөл деп те атап жүрді. Сол секілді Жітіқара қаласының аты біраз уақыт Жетіқара деп жазылып келді. Жітіқара орыс тілінен қазақшаға көшкен атау емес, керісіңше, алдына «Д» әрпін қойып, бұрмаланып жазылған атау болды. Содан орысша Джетыгара болып айтылған сөз қайтадан «шала қазақшаланып», Жетіқара болып бұрмаланған болатын. Қазіргі уақытта тарихи әділет қалпына келтірілді.
Алпайда, сол әділет қанатын кеңге жая алмай жатыр.Мысалы, Қостанай облысында әртүрлі дәуірде өзгертілген елді мекен, жер-су аттары мынадай:
Құтты алап - Затобол
Әйет - Аят
Шыбынды - Чебиндовка
Қасқа ат - Ломоносов
Малдыбай - Ново-Николаевка
Қызылқожа - Молодежный
Соналы - Целинный
Майбалық- Восточный
Өтеп - Қазақстан
Алдияр - Веселый Кут
Шолан - Елшанка
Еңбек - Котлованный
Мыңбай - Белоглиновка
Еркіншілік - Святославка
Сүлікті - Дальный
Шаған - Ново-Троицк
Сомжүрек - Подгородка
Ақтасты - Борисовка
Иманбай - Огнеупорный
Бірлік - Победа
Шақар батыр ауылы - Саманы
Қызылшырпы - Лесной
Сырдақ - Светлый
Қарағайлы - Славянка
Тоғызбай - Октябрьский
Қорпылдақ - Ленинский
Барақбай - Песчаное
Қарабас - Смирновский
Жадыра - Рыбкино
Керей - Приозерный
Сүйіндік - Таран(Викторовка)
Қараоба - Красносельский
Қайыңдыкөл - Щербиновка
Жабағы - Журавлевка
Қызылтал - Николаевский
Бекібай - Асенкритовка
Көрпелі - Варваринка
Мақпал - Екатериновка
Дос ауылы - Аятское
Майшолақ - Павловка
Қадақ - Наталовка
Қарақожа - Стретинка
Борсықбай - Барсуковка
Көшқұл - Нелюбинка
Обалкөл - Мариновка
Күшікбай - Луговой
Бір ғана Таран ауданында (бұрынғы Әйет болысы) жер бетінен тып-типыл жоқ болған қазақ ауылдары: Қаратомар, Қарбасқан, Қарақоға, Қарымсақ, Қожай, Кіндіксай, Сарыала ат, Сұпылы, Сабынкөл, Мыңатыз, Жалтыр, Шиелі, Шегебай, Елтай, т.б. Бәрін тізіп айтсақ, оның ұшы-қиыры жок. Ұзынкөл ауданындағы «Ұзынкөл» дегеннен басқа елді мекендердің атауы түп-түгел орыс тілінде. Өзге аудандардағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ.
Облыстағы 4 қаланың екеуінің атауы орысша. Рудныйдың байырғы атауы - Сарыбай. Лисаков қаласының орнында бұрын Наурызбай деген елді мекен болған. Аудан орталығы Орджоникидзе - Түйемойнақ, Таран - Тобыл (немесе Әйет), Федоров - Жаркөл екеніне қазақ түгілі басқа ұлт өкілдері де дауласпас деп ойлаймын.
Қостанай облысының картасына көз салсаңыз, зорлықпен таңылған атаулар аяқ аттаған сайын жолығады.
Никитинка,Степановка,Михайловка,Суриковка,Костряковка,Рязановка,Давыденовка, Константиновка, Татьяневка, Янушевка, Докучаевка, Малороссийка,Варваровка,Нечаевка,Крыловка,Свердловка,Ливановка,Успеновка, Диевка, Москалевка, Тимофеевка, Анновка, Буденновка, Маковка, Славянка,Каменка,Лютинка,Белояровка,Харьковка,Тимирязевка,Барвиновка,Новониколаевка,Новопокровка,Новонежинка,Новошумновка,Воскресеновка,Ершовка,
Миролюбовка, Святогорка,Милютинка,Валерьяновка,Банновка,Костряковка,Подгородка,Тавриченка,Затоболовка, Мұның кейінгісін кезінде орыстардың өзі Самодуровка деп атаған. Араққа сылқия тойып алған келімсектер мекеніне халық аузымен сондай атау берілген. Бір кездері неміс ағайындар мекен қылған, кейін Торғай өңірінен қоңыс аударғандар жайлап отырған Семеновка деген жердің өзін орыстар бұл күндері Воробьевка деп атайды екен. Күлесіз бе, жылайсыз ба?! Не деуге болады?
Не мағынасы жоқ, не жер тарихына қатысы жоқ осындай атаулар құмырсқадай құжынап жүр. Қазақ ұғымына сай деген кейбір атаулардың өзі Шакировка, Шадыксаевка болып бұрмаланған.
Бұл жалғауы «скаға» біткендердің бір парасы ғана. Ал Александровский, Владимирский, Бауманский, Ленинский, Приуральский секілді жалғауы «скийларға» көшсек, оны айтып тауысудың өзіне едәуір уақыт керек.
Жер-су және ауыл атауларына бір кездегі көзқарасқа кісінің күлкісі келеді. Мәселен, Әулиекөл ауданында әлгінде аталған Шакировка деген ауыл болды. Шәкір деген сол ауылда озат шопан болған, ауыл болса сол кісінің көзі тірісінде-ақ Шакировка аталған. Бұл ол кісінің беделіне байланысты емес, сол тұстағы ұлты орыс басшының бірі: «озат шопан Шәкірдің ауылын Шакировка деп жаза салыңдар» деген бір ауыз сөзден қойылып кеткен.
Қазақ даласында осы күні Затобол, Заречный, Притобольский, Приреченский секілді зорлап жапсырылған жер атаулары көбейіп кетті. Бұл сөздердің мағынасы Тобылдың жағасы, сырты, өзеннің жағасы немесе маңайы деген ұғымды білдіретіні аттарынан-ақ көрініп тұр. Алайда, келімсектердің өктемдігімен осылай деп аталған жерлердің тарихи атаулары ұмыт болып барады.
Қазіргі Қостанай ауданының орталығы болып есептелетін Затоболовка ертеде Құтты алап деп аталған. Бұл туралы өзіміздің классик жазушымыз Бейімбет Майлин «Жалбыр» повесінде жазған.
«Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе, жерің айтсайшы. Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар - Тобыл өзені тасыған кезде теңіздей боп кетеді. Май ішінде тасыған су қайтып, июнь ішінде сол алаптар мың түрлі-түсті жоңышқамен безенеді, июль ішінде қыбырлаған адаммен толып, жарқылдаған орақты көресің. «Үй орнындай жерден бір кебен шөп беретін «Тобылдың құтты алабы» атанған жер осы. Алаптың шөбі байдың малына сұлыдан да жұғымды. Кедейдің малына мұның шөбі бұйырған емес: кедейдің байға қарызданбай жүрген күні бар ма, алаптан алған шөбі сол қарызын өтеуге кетеді...» (Б.Майлин. «Ел сыры».Алматы: Жазушы,1994 ж.)
«Жалбыр» повесі осындай жолдардан басталады. Одан әрі жазушы Тобылдың екінші жағы - қанаттасып жатқан қалың поселке тұрғындарына «Құтты алаптан» орын тигенін айта келіп «бірақ, қазақ құсап шөбіне қызықпай, алқапқа олар огород егеді. «Орыс, шіркін, жердің қадірін біле ме?» - деп миығынан күлетін ақсақалдар да жоқ емес. Күз күні сондай ақсақалдардың: «Знаком, картоп бересің бе?» - деп орыс поселкесін қыдырып жүргенің көресің» - дейді. Боямасыз айтылған шындық осы. Құтты алап орысқа қоңыс болғалы қазаққа оның қадірі кеткелі қашан?!
Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев («Жомарт жүрек» Алматы: Өнер, 1990 ж.): «Самодуровка Тобылдың шығыс бетіне орналасқан, уездік қаланың қалқаны секілді, ылғи аннан, мұннан қашқан, не адамның, не құдайдың есебінде жоқ жатақтар мекені болатын. Қыр елінен қалаға келушілер ол мекенді айналып өтіп, Тобыл өзенінің паромына басқа жақтан келіп мінетін. Өйткені мұндағы жатақ бұзақылары көлдеңен көк аттыны өткізбей, не тонап жіберетін, не сабап жіберетін Сол міңезіне лайық ресми Затоболовка аты өзгеріп, Самодуровка болып кеткен» - деген дерек келтіреді.
Жазушы Ыбырай Алтынсаринға арналған «Алғашқы қоңырау» атты кітабында: «Кедей-кепшіктің, жетім-жесірдің қара сирақ жетімектерін тышқан аңдыған қара жапалақтай қағып алып, Тобылдың суына бір батырып алады да, православиеге кіргізе салады. Тіпті, осы Қыпшақ жұртында, Тобылдың Әбілсай аталатын иіріміне және бір форпостың қалана бастаған кезі еді. Өзеннің күншығыс бетіне көшкен бейбастақ әскерлердің мекенін орыстар «Самодуровка», қазақтар «Дорақ қала» деп атай бастаған. Ашытпа араққа тойып алған әскерлер атты қазақ кездессе, анадайдан мылтық атып, тымағын түсіріп, сабап жібереді, әйел жолықса, абыройын төгеді» - деп жазады.
Самодуровка дейтіні - самогон айдаған мұжықтар арағын ішіп, есіргеннен шыққан сөз болуы керек. Сондықтан қасиетті жер атауын қайтарып беруді талап ететін мезгіл жеткен тұста жеткен жерімізді салмақтап, асылдарымызды ардақтап жатсақ - бұл елдіктің белгісі.
Қостанай ауданы кейінгі жылдары қазақы қалыпқа келе бастады. Аудан орталығында Нұржан Наушабайұлы атындағы қазақ мектебі, оның іргесіндегі Заречный елді мекенінде тағы бір қазақ орта мектебі бой көтерді. Бейімбет айтқан екі болысқа қараған көп қазақ ауылының бірі осы Заречный орналасқан жерде де болғаны анық. Оның қазақша атауы қандай екенін көне құлақ қариялар білмесе, мен тап басып айта алмаймын.
Ал Затоболовка атауы қазақ түгілі, басқа ұлтқа да жат. Мағынасы бұлдыр, мәні шамалы сөз. Олай болса, «Құтты алап» деген тамаша жер атауын қайтаратын мезгіл жеткен жоқ па?!
Қазақ қазақ болғалы көрген күні азап болғаны, ал ХХ-шы ғасырда өзгелерге мазақ болғаны өтірік емес. Тәні өртке шарпылған, санасы дертпен уланған, жанары жаспен суланған халықтың тілі әлі күнге тоқалдан туған баланың күйін кешіп келеді.
Атамекенімізді бірлігіміздің айғағы, ана тілімізді тірлігіміздің қайнары деп есептейтін болсақ, жеріміздің төбе құйқасы сыпырылып, жайылымға жаманы ғана қалғанын, суымыздың балығы мен бақасы таусылып, табаны ғана қалғанын, жағалаудың жекені мен борығы таусылып, келімсектердің бос қалбыры мен арағы ғана қалғанын, ал қазақ тілінің бұлтылдаған бұлшық еті бар білегі емес, сүйегінде жілік майы бар, тепсе темір үзетін аяғы да емес, жәудіреген жанары ғана қалғанын мойындауымыз керек.
Ешқашан кемдік көрмеген орыс тіліне теңдік сұрағандар пиғылын түсіну қиын. Тың кеңшарлары қазақ ауылдарының кескін-келбетін айқындай алмайтыны ақиқат.
Автордан:
Бұл «Қазақ» газетінде 2011 ж. 25 қараша күні (№ 46,47) жарық көрген мақала. Облыстық «Қостанай таңы» газетінде де (№ 139) Жітіқара атауы туралы алып-қашпа пікірлер жазылып жүргендіктен осыған байланысты тағы бір жағдайға назар аударғым келеді. Өйткені, жіті қарасаң ғана сөз төркінін аңғарасың.
Кезінде Жетісуды Семиречье, Көкшетауды Синегорье деп аударып алған орыс тілдестер Жітіқараның екінші бунағындағы «қара» деген сөзді де өздерінше өңдеп, Джетыгора деп те жазғанын білеміз. Сондай жазулар қалааралық автобустардың бүйірінде «мен мұндалап» тұратын.
Қазақ топономиясындағы сын есімдерге келсек, қазақ ұғымында қасиетті болып есептелетін «үш», «жеті», «тоғыз» сандарына байланысты қойылған атаулар да жеткілікті. Мәселен, Тоғызақ. Оны кейбір басылымдар Тоғұзақ деп жазып жүр. Шын мәнісінде, ел аузындағы әңгімеге қарағанда, атаудың түбірі тоғыз. Бір шайқаста тоғыз ұлы бірдей қаза тапқан қыпшақ жұртының ақылман қариясы: «тоғыз-ақ» деп бармағын шайнап жібергеннен кейін туған атауда тарих шындығы жатыр.
«Ғылым» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» деген кітапта берілген тізімде Жітіқара атауы сан есімдік топономиялық атаулар қатарына жаңсақ жатқызылған. Қазақ Совет Энциклопедиясының 4-ші томында қаланың аты Жетіқара деп көрсетілген.
Осы қателердің салдарынан кейін қалпына келтірілген қала атауы көбінесе, әсіресе, орыс тілінде қате айтылады. Кейбір теледидар дикторлары Житикараны ысырып қойып, баяғыша Джетигора деп саңқылдайды.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында Доланқара деп аталатын тау бар. Бұл атаудың алғашқы бунағы Долан моңғол тілінде долоон, яғни жеті деген сөз. Белгілі ғалым Э.Мурзаев өз зерттеуінде осы атаудың екінші бунағындағы «қара» сөзін славян тіліндегі гора (тау), ауған тіліндегі гор (тау), албан тіліндегі гур(тау), армян тіліндегі қар (тас), көне үнді тіліндегі гирис( тау), хинди тіліндегі гар (қамал), грузин тіліндегі гора (тау) сөздерімен салыстырады. Әрине, ана тіліміздегі «қара» сөзі тау деген ұғымды білдіруі мүмкін. Бірақ, біз білетін Жітіқарада жеті тау жоқ, жалғыз-ақ тау бар. Қазақы ұғымға салсақ, Жалғызтөбе. «Қараймын қарайғанға мал ма екен деп» басталатын халық әнінде айтылғандай, бұл сөздің басқа мағынасы да жеткілікті.Осы сөздерге зер салсақ, «жыты», «жіті» деген сөздер бажайлап қара, анықтап қара дегенді, ал екінші бунақтағы сөз кәдімгі көру, қарау дегенді білдіреді емес пе?! Яғни, Жітіқара атауын сан есімнен емес, сын есімнен іздеген абзал.
Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 1-ші томының 152 бетінде «Жыты» сөзіне түсінік берілген. Онда: «Жыты-тез, шапшаң, қолма-қол. Жыты қара - тез хабар алатын қарауыл орны (см. киргизско-русский словарь. Издание второе. Оренбург, 1903, стр 89)» - деп атап жазылған.
«Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырындағы:
«Алыс болып Баян қыз бара алмайды,
Жыты хабар жарына бере алмайды.
Жұртын жиып, Қарабай ойлатса да,
Сан кісіден бір кісі таба алмайды» - деген шумақтағы «жыты» сөзі осы мағынаны білдіреді. Яғни, Жітіқараның алғашқы атауы Жытықара болып айтылуы да ықтимал.
Орыс патшасының өкілі Тевкелевтің 1748 жылы жазылған құжаттарында: «Абулгаир-хан кочует ныне от Орска на вершине Камышлак-реки на двуденную езду, а Джанебек-тархан - по реке Тоболу у называемой горы Джитыкара езды на три дня» («История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков», том 3,152 бет)» - деген деректер бар. Осы орыс тіліндегі тау атының жазылуынан да, оның атауы Жетіқара емес, Жітіқара болғаны көрініп тұр. Қазіргі Жітіқара (орыс тілінде Житикара) атауы үкіметтің қаулысымен тарихи әділет қалпына келтірілген тарихи атау. Ендеше өңбейтін дауды қуып, әуреге түсудің не қажеті бар?!
Ақылбек Шаяхмет,
Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, жазушы
«Абай-ақпарат»