Лидерлік және коммуникация немесе президент Тоқаев мырзаға үшбу хат
Көне Өсиетте мынадай әңгіме бар. Мұса пайғамбар халқын Мысырдан алып шығып, Синай тауының бөктеріне қоныстанады. Шулаған халық Мұсадан «Енді не істейміз?» деп бұйрық күтеді. Былайынша айтқанда, коммуникацияның нақты болғанын қалайды. Мұса Құдайдан аян күтіп, Синай тауының басына барып жатып алады. Халық басшысыз қалып, не істерін білмей, Алтын торпақ жасап алып, соған сыйынып кетеді. Бұл әпсана Құранда да бар. Мұса пайғамбар төмен түссе, халық қолдан құдай жасап алған, оны ешкім тыңдамайды. Биліктен айырылып қалған. Билік деген – сенім. Халық Мұсаға емес, Алтын торпаққа сенеді. «Құдай былай деп өсиет етті: Бауырың ба, жақының ба, досың ба, қарамаңдар. Қылышты алыңдар да, бәрін өлтіріңдер», – дейді Мұса пайғамбар сенімді адамдарына. Сол түні үш мыңға жуық адам өлген екен.
Бұл әпсанадан бізге нені меңзейді?
Біріншіден, қай заманда да халық нақты билікке, нақты көшбасшылыққа мұқтаж. Көшбасшылықсыз халық дағдарып қалады.
Екіншіден, көшбасшының айтары, коммуникациясы нақты болуға тиіс. Себебі биліктің мынадай бірнеше функциясы бар: бағдарлау, қорған болу, тәртіп орнату. Осындай функцияларды атқармаса, жұрт кез келген нәрседен ілік іздейді, көшбасшылық бейресми билігінен айырылады.
Биліктің екі түрі бар: ресми және бейресми. Бейресми билік – лидердің абыройы, ал ресми билік – лауазымы. Демократиялық елдерде лидер әуелі бейресми билікке ие болады, сосын барып ресми билікке жетеді. Бейресми билігі жоқ лидерлер ресми билікке ие болғанымен, айтқанын өткізе алмайды. Бізде жағдай басқаша. Ол енді бөлек әңгіме.
Алайда Бейімделу көшбасшылығы деген лидерлік теориясы бар. Оған салсақ, лидер «сен отыр, сен тұр» деп жағдайға араласа бермегені жөн. Халық барлық нәрсенің нақты болғанын қалайды, әрине. Бірақ ол нақтылық бір адамның ойынан шықпауға тиіс. Қазан біраз қайнап, ел арасында ортақ пікір пайда болады. Қазіргі жағдайды лидерлік теориялары бойынша ақтап та алуға болады, даттап та шығуға болады.
Қалай болғанда да, менің жеке пікірім, лидерлік коммуникацияны жолға қойғаны жөн. Мынадай жақсы кейс бар. 30-жылдары АҚШ-ты дағдарыс жайлаған кезде Франклин Рузвельт радио арқылы тікелей эфир жүргізіп отырған. 1933 жылдан 1944 жылға дейін. Ол «Ошақ басындағы әңгіме» (Fireside chats) деген атпен белгілі. Ол кезде теледидар көп үйде жоқ. Коммуникация құралдарының қазіргідей дамымаған кезі. Миллиондаған адам радиоға құлақ түріп, күтіп отыратын болған. Радиосы жоқтар президенттің не айтқанын сұрап әлек. Тарихшылардың айтуынша, Ұлы дағдарыс кезінде Рузвельттің радио арқылы жағдайды баяндап отыруы ақпараттық вакуумға жол бермей, Американың дағдарыстан жылдам шығуына әсер етіпті.
Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде президент Тоқаев мырзаға қазіргідей кезде апта сайын тікелей эфирге шығып, елдің сұрағына жауап беріп, халықпен тікелей коммуникация орнатуды ұсынамын.
Президент мырза, барлық сұраққа жауабыңыз болмауы мүмкін. Қазір халыққа дайын жауаптан гөрі, айтқанынына құлақ асатын, «қолжетімді» лидер керек. Халық лидердің өзіне сенбесе, жоспарына ермейді. Ел-жұрт өзіңізге сенгісі келетін секілді. Ергісі келетін секілді. Осы мүмкіндікті пайдаланыңыз. Сіздің адами болмысыңызды (очеловечить) ашып, ұлтты ұйыстырудың жалғыз жолы осы – коммуникация шынайы әрі жиі болуға тиіс.
Шыңғыс Мұқанның жазбасы
Abai.kz