Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4668 0 пікір 10 Қараша, 2011 сағат 14:57

Алаш көсемсөзі. Тың зерттеулердің бастауы

Осыдан 90 жылдай бұрын жаз­ған мақаласында Ахаң - Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ жем болудан декрет қуатымен құтылмайды, мә­дениет қуатымен құтылады» деген екен («Қалам қайраткерлерінің жа­йынан», «Еңбекші қазақ», 8 шіл­­де, 1922 ж.). Аталған мәде­ниет­­тің сәу­лелі көріністерінің бірі - баспасөз екені белгілі. Бас­па­сөзді күшті ету арқылы жұрттың өзін де күшті етуге тырысқан тағы да солар. Қа­раңғыда қамалып жат­қан жұртқа түңлік түріп, «Қазақ» деп газет ашты. Сөйткен «Қа­зақ­ты» көзі қарақтылардың оқы­май қалғаны жоқ. «Қазақ» та өз оқыр­манын «күзгі таңның салқын желіндей ширықтырып, өлім ұйқы­сы­нан оятты, етек-жеңін жиғызды».

Осыдан 90 жылдай бұрын жаз­ған мақаласында Ахаң - Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ жем болудан декрет қуатымен құтылмайды, мә­дениет қуатымен құтылады» деген екен («Қалам қайраткерлерінің жа­йынан», «Еңбекші қазақ», 8 шіл­­де, 1922 ж.). Аталған мәде­ниет­­тің сәу­лелі көріністерінің бірі - баспасөз екені белгілі. Бас­па­сөзді күшті ету арқылы жұрттың өзін де күшті етуге тырысқан тағы да солар. Қа­раңғыда қамалып жат­қан жұртқа түңлік түріп, «Қазақ» деп газет ашты. Сөйткен «Қа­зақ­ты» көзі қарақтылардың оқы­май қалғаны жоқ. «Қазақ» та өз оқыр­манын «күзгі таңның салқын желіндей ширықтырып, өлім ұйқы­сы­нан оятты, етек-жеңін жиғызды».

«Қазақ» газетінің осындай өр­негін көріп, Ахаңдар мектебінен тәлім алып, іс майданына «көз, құ­лақ» болуға онан кейін де бір­қыдыру баспасөздер келді. Олар: «Сарыарқа», «Абай», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Шолпан», «Са­­на», кеңестік кезеңнің тонын киіп, алаш рухын жырлаған «Таң», эмиграциядағы үні қатқыл, қаһары күшті «Жас Түркістан» т.б. басылымдар еді. Бұл басы­лым­дар аға газет «Қазақтан» көр­ген үлгісін жаңғыртып, Семей, Қызылжар, Ташкент, Берлин қала­ларында тәуелсіздік рухында сөй­леді. Алайда, бір өкініштісі, «Ай­қап» пен «Қазақ» біршама зерттеліп, ондағы публицистік материалдар талқы мен сынға түссе де, жоғарыдағы басылымдар жайлы бірді-екілі еңбектер болмаса, ба­сым көпшілігінде жалпы түсі­нік, жалаң деректер ғана айты­лады. Түбегейлі кіріскен терең талдаулар, монографиялық еңбек­тер жоқтың қасы дерлік.

Алаш көсемсөзін жаңғырту­дың дәл қазіргі күні ауадай қа­жеттігі бірнеше себептерге байла­нысты. Біріншіден, Алаш қайрат­кер­лері ел тәуелсіздігі мен азат­тығы туралы кемінде 70-80 жыл ілгерірек ойлаған. Бүгінгі күні тә­уелсіздікке тұғыр болатын ойлар­ды, идеяларды Алаш мұралары­нан табамыз. Олар жазған көсем­сөздердің, айтқан ойлардың зор ықыласпен қабылданып, қажет­тілікке айналуының сыры осында.

Екіншіден, аяулы тұлғалары­мыз­дың көсемсөзі халық санасы­нан әдейілеп өшірілді. Қысқа уақыт аралығында араб жазуынан латынға, одан кириллицаға көшіру саясаты халықтың бүкіл рухани әлеміне зардабын тигізді. Алаш қайраткерлері ақталған күннің өзінде қазіргі ұрпақ олардың не жазғандарынан бейхабар. Себебі, шағатай, араб жазуларын кез келген адам оқи алмайды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Алаш қайраткерлерінің саяси қызметі, әдеби шығармалары біршама зерттелді. Ал көсемсөздері тұңғыш рет көптомдық ретінде шығарылып отыр. Белгілі бір тарихи оқиғаларды зерттеуде, баға берерде сол кезде жарық көрген баспасөзге, онда жарияланған кө­семсөзге жүгінбеу мүмкін емес. Өйткені, ол сол кезеңнің шын­дығын, уақыттың үнін, тынысын айна-қатесіз жеткізеді.

Белгілі ғалым Үшкілтай Сұб­хан­бердинаның осы саладағы ең­бегі өлшеусіз болды. Ол кісінің жетекшілігімен «Түркістан уалая­ты­ның газеті», «Дала уалаятының газеті», «Қазақ», «Айқап» басы­лымдарының кириллицаға түсі­ріл­ген нұсқасы біраз ғылым сала­лары үшін керемет құнды еңбек болғанын білеміз. Осы игілікті істі жалғастыру мақсатында Журналистика мәселелерін зерттеу инс­титуты осыған дейін ғылыми ай­налымға толық түспеген еліміздің және шетелдердің мұрағат­та­рында жатқан алаштық баспасөз өнімдерін көптомдық етіп көп­шілікке ұсынуды қолға алды.

Алаш көсемсөзшілерінің бар­лық жарияланымдарында негізінен көксейтіні - ел тәуелсіздігі болатын. Сол тәуелсіздіктің 20 жыл­дығына орай бұл құнды ең­бектің жарық көруі оның актуальділігін тіпті арттыра түсті. Ел мерейін өсіретін осындай тарихи шаққа ерекше тартумен келген қуанышымызды біз де жасыра алмаймыз.

1917 жылғы ақпан төңкерісі­нен кейін іле-шала Семей қала­сында жарық көрген «Сарыарқа» газеті осы күнге дейін көпшілікке кең тарап, жеткілікті дәрежеде зерт­теу обьектісіне айналмай келеді.

Алаш қайраткерлері Ресей пат­шасы тақтан алынып, бірінші дүниежүзілік соғыстан ойсырай жеңілген ірі империяда аумалы-төкпелі заман орнаған сәтті пай­да­ланып, Алаш автономиясын жа­риялауды көздегені мәлім. Осы­лайша ұлт көсемдері қазақты өз жеріне, жер асты байлығына ие қылу, өз билігін өзіне беру, өз тұрмыс-тіршілігіне сай заңдармен өмір сүргізу, жаппай оқытып-ағарту үшін күресті. Бұл жолда «Қазақ», «Сарыарқа», «Абай», «Бір­­лік туы», «Жас азамат» сынды басылымдар шын мәніндегі «ха­лықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді.

«Қазақ» газеті патшалық заманнан бері қарай халық санасына азаттықтың рухын сіңіріп келсе, «Сарыарқа» дүниеге келе салысы­мен оны жүзеге асыруға асықты. Оның алдында тәуелсіз ел болу деген ұлы мақсат тұрды. Кімнің дос, кімнің қас екендігін айырып бол­майтын аласапыран заманда «ақ» та емес, «қызыл» да емес, тек ұлт мүддесін көздеген жолда болды. Автономияны бірден жариялауға бір жағынан, Ресейдің қаһарынан сескенсе, екінші жағынан, әр қиыр­дағы қазақтың басын қосып алу үшін қарайлаған.

Большевиктер үкіметі сөз, қағаз жүзінде езілген ұлттарға теңдік, бостандық жариялағанмен, іс жү­зін­де жүзеге асырған жоқ. Осы шешімдер арқылы автономия алып кетуден үмітті болған Алаш аза­маттарының осы жолдағы есіл ең­бектері ақталмады. Ол ту­ралы «Сарыарқаның» 1918 жыл­ғы 22 наурыздағы № 35 санында бы­лай делінген: совет хүкіметі өткен декабрьдің ішінде бүкіл Россия­дағы жұрттарға «Бас билік тізгінің өзіңде. Мейлің Россия­мен қанаттас автономия бо­лып отыр, мейлің Россиядан бөлі­ніп, өз алдыңа жеке мемлекет бо­лып отыр, ерік өзде­ріңде» деп жария қылған еді. Бұл жоба заңдарға қоса тіркелген еді.

Кіндік совет хүкіметінің босаң ұстағанынан, я болмаса бергі жер­дің советтерінің жоғарғы советке мойынсұнбай бетімен іс қылған­дығынан ба, я басқа себептерден бе, қайсысы болса да жоғары заң бұл күнге дейін іске аспады». Осы­лайша, газет елдік мәселені жал­тақ­тамай ашық жазып, шын­дықты шыжғырып, биліктің бетіне басты.

«Сарыарқа» газетіне алаш қа­лам­герлерінің барлығы бірдей шо­ғырланды. Олар: Әлихан Бөкей­ханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржа­қып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсекұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев т.б.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Әлиханның Семейге келуі» репор­тажындағы жанды сурет, көркем тіл өрнегі тамсантпай қоймайды: «Міні, қайықтағы автомобиль алаш туының астында Әлиханын тосқан халық ішіне кірді. Автомобильден түсіп, аман-сәлем көрсеткен соң доклад оқитын үйдің алыстығына қарамай, халықпен бірге жаяу жүрді. Мұнымен Әлиханның қайда болса жалпы халықпен бірге екендігі көрінеді». Бұл өткен ғасыр басында жазылған репортаждың үлгісі болуымен де қымбат.

Газет алғашқы сандарынан-ақ саяси ұстанған бағытының айқын­дылығымен, өткір мақала, батыл ойларымен ерекшеленді. Жүсіпбек Аймауытовтың «Тұр, бұқара! Жи­ыл кедей! Ұмтыл жастар!», «Мемлекет құрылысы», «Партия» сынды бас мақалалары жарық көрді. «Жас алаш» деген автор «Ұлы орыстың үстемдігі» атты мақаласында тө­мен­дегі пікірді ашық айтады: «Орыс­тың қай партиясы хәкім­шілікке ие болса да, бізге теңдік, еркіндік болмайды, бұл - анық.

Бізден орыстың саяси партия­сына қосылып, қазақты да қо­сыл­ған партиясына қаратып, жақ­татпақ болған қазақ не түк аңдамайтын соқыр, не қазақ ұлтына қызмет қыламын дегені бекер жан деп ұғамын. Орыстың байы кедейін жегені рас-ақ шығар. Бірақ орыс­тың байы да, кедейі де қазақты жейді. Қазақ байы, орыс кедейін жеп көрген жоқ. Жеуге дәрмені де келген жоқ. Бұл талассыз нәрсе... Орыс­тың құлдығынан құтылып шықпай жатып, кедей-бай деп жіктелетін жайымыз жоқ. Тамырсыз нәрсені зорлықпен ексең де қазақ ішінде орнамайды, бұл мисыз біреу болмаса, дау шығармайтын нәрсе». Мұнда жаңа заман алып келген «теңдік» ұғымын Ресейдегі бай мен кедей арасындағыдай емес, ұлт­тардың теңдігі, бір-біріне озбырлық көрсетпеуі мағынасында қарас­тырған. Ал ұлттарды іштен ірітуге қарсы болған.

Қазаққа жеке автономия болу керек пе, әлде Түркістан мен Сібірге қосылған тиімді ме деген мәсе­лелер қызу талқыланды. «Автономия - бас билік тізгін өзіңде болып, жұрт өзін-өзі билеу деген сөз. Біздің іздегеніміз - жерге, ұлтқа байланған автономия» дейді алаштықтар.

«Сарыарқаның» № 34 санында «Бірлік туынан» көшіріліп басыл­ған «Мұстафа хатын» бей-жай оқу мүмкін емес. Халқының азаттығы жолында ажалдың өзін қасқайып қарсы алған қаһармандық бейнесі жадыңда мәңгі жатталып қалады.

Семинарист Мұхтар Әуезовтің қанша заман өтсе де құндылығын жоймайтын, бүкіл адамзаттың ор­тақ мәселесі - «Адамдық негізі - әйел» атты мақаласы да осында жарияланды.

1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен жалпы қазақ съезінде қабылданған қаулыдағы: «Бала қалмай жалпы оқу - міндет. Алғашқы екі жылда бала ана тілімен оқысын...» деген талап бүгінгі күні де өзекті деп білеміз. Осындай жағдайда күрмеуі көп тіл, ұлт­жанды, отансүйгіш азаматтар қа­лып­тастыру мәселесі өзінен-өзі шешілген болар еді.

«Сарыарқалықтардың» халық алдындағы жауапкершіліктерін қа­лай сезінгендіктерін «Асқынған ауру дауасы - ащы дәрі» атты ма­қаладағы батыл байламнан да анық көреміз: «Газет айна бола алмаса, сол беті жаман, пұшық, мерездерге айна бола алмай отыр: көрсет­кендігі үшін. Елдің бәрі пұшық, мерез емес қой. Күнде айнаға қарап, «ана­ның бетін» деп күліп, өз бе­тінің саулығына шүкіршілік қы­лып отырғандар да көп шығар. Тегінде «Рас сөз жағымды болмайды, жағымды сөз рас болмайды» деген бар ғой. Жағымды болуға газет растықтан пұшықтар өкпелейді екен деп айырыла алмаса керек».

Қорыта айтқанда, «Сарыарқа» газеті - аумалы-төкпелі заманда ұлтқа қызмет ету үшін дүниеге келіп, сол мақсатына толық жеткен басылым. Онда қазақ журналис­тикасы жанрларын барынша тиімді пайдаланды. Мұнда қысқа ақпа­раттар, репортаждар, мақала, очерк т.б. жарияланды.

«Абай» журналы - 1918 жылы Семейде Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов шығарған басылым. Журнал осыған дейін жарық көрген «Қазақ» газетінің жолын жалғас­тырды. «Сарыарқа» газетімен үн­дес, пікірлес болды. «Бірлік туы», «Жас азамат» газеттеріне рухани қолдау білдіріп отырды.

Онда жарияланған мақалалар азат рухты, елдік мәселелерді көтерді. Жарияланымдарға фило­софия­лық тереңдік, кемелдік, ба­йыптылық тән болды. Күнделікті күйбең тірлік, ұсақ-түйек жаңалық, ақпарлар емес, елдік, дүниежүзілік деңгейдегі ғылым-білім, өркениет мәселелеріне қалам тартты. Қалам­герлер қатары сайдың тасындай іріктелген таланттар шоғыры бол­ды. Олар: Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев, Ғұмар Қарашбаласы, Мәннан Тұрғанбай, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Абайдың ұрпақтары - Ақылбай мен Мағауия, т.б. Олар құрдымға кеткен патшалық өкі­метке де, большевиктерге де көп жалтақтаған жоқ. Қысқа уақыт болса да өздерін тәуелсіз елде өмір сүріп жатқандай еркін сезінді.

Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» бас мақаласында былай дейді: «Тіршіліктің құралы - өнер, ғылым... Өнер, ғылым қаражатпен табылады. Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. Халықтың өнерлі болып жетілуіне байлық керек. Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты. ...Білімді орнына жұмсау керек: жамандыққа салынған білімдіден білімсіз артық. Білімді орнына жұмсататын не? Ол - тәрбие. Тәрбие көрмеген білімді жауыздың надан жауыздан зияны жүз есе көп. Мұны өмір жүзінде көріп жүрміз».

«Абай» журналының № 3 са­нында жарияланған жедел ақпа­раттан елдің тәуелсіздік алу мүм­кіндігіне қуанған асып-тасқан көңіл, ұлан-асыр шаттық байқа­лады: «Жиырмасыншы март күні (ескіше) Мәскеудегі Совет үкі­ме­тінің бас­шысы Ленин мен народ­ный комиссар Сталиннен Бөкей­ханов пен Ғаббасов атына телеграмма келді. Онда: «Әр халық­тың өз билігін өзіне береміз деп шешкен закон жарлығымыз әлі сол қалпында - айтқанымыз айтқан. Сіз­дердің өкіл­деріңіз бізге әкеліп тапсырған жал­пы қазақ съезінің қаулысын түге­лімен қабыл аламыз: жалғыз-ақ Совет үкіметін тани­сыздар. Қазақ си­яқты тұрмысы, ғұрпы, елі, жері басқа жұртқа өз билігін өзі алуға ерік. Қазақтың қамқорлары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз. Ондағы бір ниет, бір тілектегі адамдармен ақыл­дасып байлаған сөз­деріңізді бізге білдіріңіз» деп Ленин, Сталин қол қойған.

Ал, Алаш! Қабағың қатып, көңілің жабығып тұр едің, ілгері басқан аяғың кейін кетуге таянып еді. Бостандық көріне түсіп, жоғала жаздап еді... Құдай берді, жарыл­қады! Ақ түйенің қарны жарылды! Өмірі қазақ қазақ болғалы көр­меген қуаныш басыңа келді - көрдің. Кеудесінде жаны бар, денесінде қазақтың қаны бар, жүрегінде Алаштың намысы, ары бар, Алаштың баласы! Көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл Алаш! Сілкін Алаш! Қуан Алаш! Жаса Алаш!». Бірақ бұл қуаныш артынан су сепкендей басылғаны өкінішті-ақ. Билік айтқанын орындамады.

Мұхтар Әуезовтің «Ғылым тілі» атты мақаласында қазақты көр­кейту үшін қай жол тиімді болмақ деген мәселе көтерілді. Түрік жо­лын таңдаймыз ба, жоқ сол тү­ріктердің өзі үлгі етіп отырған Еуропа мәдениетін басшылыққа алу керек пе? Әуезов екінші жолды ұсынды. Бұл пікірге Ілияс Ахмедов деген автор «Ғылым тілі» туралы жауап» атты хат жазып, төмен­дегідей уәжін айтады. «...Европа тіліндегі кітаптарды біліп кете ал­масаң, жалғыз-жарым пән тілін кітаптарымызға араластырғаннан Европа бола аламыз ба?». Ғасыр басында «батысшылдар» мен «пантюркистер» деген екі бағыттағы қазақ зиялылары осы жөнінде біраз пікірталастарға барғандары белгілі. Жоғарыдағы екі мақала соның нақты көрінісі.

Қорыта айтқанда, «Абай» жур­налы сол кездегі баспасөздің ең биігі деп бағалауға болады. Ол «Қазақ» газетінің жолын жалғас­тырып, Абайдың рухани мұрасын жұрт жадына сіңірді.

«Шолпан» журналы - Ташкентте 1922 жылғы қазаннан бастап 1923 жылдың маусымына дейін айына бір рет шығып тұрған «сая­сат-шаруашылық, білім-әдебиет» жай­лы қырғыз-қазақ басылымы болды. Алаш көсемсөзінің 1-2 то­мы осы басылымға арналды. Қазір Өзбекстан мұрағатынан екі томдық материал түгілі, екі беттік қағаз алу қиын. Ал, шекарадан шығару тіпті мүмкін емес. Осындай кедергілерге қарамай «Шолпанды» түгелдей дерлік қолдарыңызға тигізіп отырмыз.

Шығарушысы - Иса Тоқтыбаев. 8-ші санынан кейін «Буржуазия­шыл-ұлтшылдық қате тұжырым­дарға жол берілген» деп жабылды.

Журнал маңына алаштың ұлт­жанды азаматтары: Нәзір Төре­құлов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Аққағаз Досжанова, Әбубәкір Диваев, Жа­һан­ша Досмұхамедов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сара Есова, Кәрім Жәленов т.б. жиналды.

Кеңес өкіметінің қысымы кү­шей­геннен кейін «Алаш» партиясы өздерінің әдіс-тәсілдерін өзгертіп, ағартушылық бағытқа ойысып, халықтың сана-сезімін оятуға күш салды.

Түркістан қазақ білім комис­сиясының екі айда бір шығып тұрған тәрбие, білім, әдеби мақа­лалар жина­ғы - «Сана» 1923-1924 жыл­дары Таш­кентте жарық көрді. Бас редак­торы - қазақ-қырғыз білім комис­сиясының төбеағасы Халел Досмұ­хамедұлы. «Сана» шын мә­нінде ұлттық сананы оятты. Азат ойлы, өр рухты ұрпақ тәрбиелеуге бағыттал­ған көсемсөздер жария­лады.

Халел Досмұхамедұлының негізгі мамандығы дәрігер болға­нымен, қаламы жүрдек журналист, қайраткер ретінде көп танылған. Журнал маңына Жүсіпбек Ай­ма­уытов, Әбубәкір Диваев, Мұха­мет­жан Тынышбайұлы, Қошке Ке­меңгерұлы, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров сынды қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтары жи­налды. Халел: «Шын азаттықты білім береді» деп санады. «Сон­дықтан мектеп түзеу - біздің бірінші жұмысымыз».

Осы кезеңдерде Алаш қайрат­кер­лерінің көтерген бір мәселесі - оқыған қазақтардың бойына ұлт­жандылықты сіңіріп, халыққа жа­қындату еді. Ресейде аздап білім алып келгендер халық қамын күйт­теудің орнына оларға төре болғысы келді. Міне, осындай төбеден қа­рауға құмарлар жиі сыналды. «Шолпанда» жариялан­ған Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азаматындағы» басты проблема да осы еді ғой. Мұхтар Әуезовтің «Санада» жариялаған «Жас жү­ректерінде» қағынан жеріген оқыған қазақ бейнесі келемежделеді.

«Сананың» қалам ұстаған­дар­ға, бүгінгі тілмен айтқанда, журналистерге қоятын талабы зор: «Жазушыларға ескертетін нәрсе мынау: әрі болса қара халық үшін, бері болса ауыл мектептеріндегі мұғалімдер түсінетін сөз­дер жа­зуға, жазған сөздерің қойырт­пақ болмай, таза, татымды болсын. Сырты бар, іші жоқ, құр тізілген қаріптің керегі жоқ. Әрбір жа­зылған сөздің журналымызға лайық мағынасы болсын. Кем мағынаға оза жайылып, кең сөй­леудің керегі жоқ». Халел Дос­мұхамедұлының бұл талабы журналист мамандарын дайындау ба­рысында бүгінгі күні де өзек­тілігін жоғалтқан жоқ. Әсіре­се, соңғы сөйлем қалам ұстаған кез  келген азаматтың жадына түюге тиіс қағида.

«Сана» алғашқы санынан-ақ «Тіл - жұрттың жаны», «Тілінен айырылған жұрт - жойылған жұрт» деп батыл мәлімдеген бо­латын. Онда тіл тазалығы, қазақ тілін өзге тілдерден енген бөтен сөздермен былғамау, баламасы жоқ сөздерді үндестік заңына бағындырып, тілді байыту мәсе­лесі өткір қойылды.

Қазақша жазғанда, сөйлегенде пәмилие артынан «ов», «ев», «ин»-дер келмесін, өз аты атал­сын. Кітап сыртына немесе ресми қағаздарда, құжаттарда әкесінің (ұлы, қызы болып), содан соң өзінің аты қойылсын. Осы мысал­дардан-ақ «Сана» журналының қазақ тілінің сөздік қорын байыту мен тазалығы үшін жүйелі түрде күрескенін байқауға болады.

1925 жылы Семейде жарық көрген «Таң» журналы таза кеңес­тік сарыннан, ұрандардан, жалау­латқан қызыл сөздерден аулақ болды. Кеңес өкіметінің мүмкін­діктерін ұлт мүддесіне пайдала­нуды көздеді. Ұлт жоғын кейде астыртын, тұспалдап, кейде ашық көтерді. Осыған дейін «Таң» - әдеби журнал болды» делініп келген. Басқа басылымдардағыдай әдебиет бөлімі мұнда да болғаны рас. Бірақ, сол кездің өзекті тақырыптарын көтерген көсемсөз көбірек көрініс бергенін ашық айтуымыз керек. Басылым ал­ғашқы санында: «Қазақ арасында баспасөзге шөлдегендік күштілі­гін айтпасақ та жұрт түсінгендей. ...өзінің тілі санап осы алдары­ңыздағы журналды ұсынып отыр» деп жазды.

«Таң» журналында жариялан­ған мақалаларды сараптай оты­рып, төмендегідей ерекшеліктерді байқадық:

Біріншіден, журналдың өте сауатты, терең, байыптылығын бай­­­қауға болады. Құрғақ ақыл, жалаң айғайдан гөрі талқылау, түсіндіру мақсатындағы мақала­лар­ға кең орын берген.

Екіншіден, кәсіби журналис­тикаға тән нақтылық, деректілік, цифрлармен жұмыс істеу бай­қалады.

Үшіншіден, «Таң» Семей өңі­ріне ғана емес, жалпыұлттық ба­сылым болды деуге негіз бар. Онда бүкіл Қазақстанға ортақ мә­селелер көтерілді.

«Таң» әлі де тереңдей зерттеуді қажет етеді. Ондағы белгісіз авторлар мен бүркеншік аттардың кімге тиесілі екендігін анықтау, журналистік шеберліктерін талдап, әділ бағасын беру болашақ­тың еншісінде.

«Жас Түркістан» журналы Мұстафа Шоқайдың бас редактор­лығымен 1929-1939 жылдары Берлинде Түркістан халқына ортақ шағатай тілінде жарық көрді. Ол - біртұтас Түркістан тәуелсіздігі идея­сын көтеріп, бүкіл түркі жұр­тының азаттығы үшін күрескен басылым. Оның түпнұсқасы елімізде жоқ. Ол АҚШ-тың Колумбия университетінде, Анкарадағы Аяз-Тахир Түркістан Еділ-Орал қоғамының кітапханасында сақ­тау­лы. Колумбия университетінде сақталған 10 томдық түпнұсқада Мұстафаның қолтаңбалары: түсі­ніктемелері мен түзетулері бар көрінеді.

Бұрын Мұстафаның жеке-дара еңбектері бөлініп қарастырылса, бұл көптомдықта бүкіл басылым жарияланымдарын тұтасқа жуық беруді мақсат еттік. 3-4 томға енген журнал тігіндісін тауып, оны шағатай тілінен кирилицаға түсі­ріп, жарыққа шығару қиындығы өз алдына бөлек әңгіме.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында халық ортасына қайта оралған алаш басылымдары, онда жарияланған алаш арыстарының көсемсөздері көптеген ғылым салалары бойынша тың зертеу­лердің бастауы болады деп сенеміз. Олардың нәтижелері күрмеуі көп күрделі кезеңде ұлттық идеологиямыздың қалыптасуына, елдік сананың өсуіне игі әсерін тигізері сөзсіз.

Намазалы ОМАШЕВ, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511