Мемлекет қайраткері Мырзагелді Кемел өмірден өтті
Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мырзагелді Кемел 72 жасында өмірден өтті.
Мырзагелді Кемел 1949 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында туған.
1971 жылы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының ауыл шаруашылығын электрлендіру мамандығын, 2000 жылы М.Х.Дулати атындағы Жамбыл университетінің құқықтану факультетінің заңгер мамандығын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1971 жылы Мақтарал ауданындағы "Октябрьдің 30 жылдығы" совхозында аға инженер болып бастаған.
1975–1992 жылдары Мақтарал ауданында партия, кеңес қызметінде болды. 1992–1994 жылдары кеңшар директоры, 1994–1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы шетел инвестициясы жөніндегі комитетінің сектор меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1995–2004 жылдары бірінші, екінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты.
Руханият саласында 10 кітап шығарған, олардың ішінде өзі жазған ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік еңбектерге қоса, қытай ақылмандары Лао Цзы мен Конфуцийді, испан пәлсапашысы Бальтасар Грасиан, ежелгі үрім және грек ақылмандарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінгі күннің ең атақты жазушыларының бірі Пауло Коэльолардың таңдаулы еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған.
2004 жылы экономика ғылымдарының докторы атанған. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, 14 монографияның, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.
"Дүние" және "Экология и устойчивое развитие" журналдарын шығарған. "Абзалдық әліппесі", "Өзіме сабақ" сияқты кітаптары бар.
Abai.kz