Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2633 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 06:36

Ауызсу мәселесі Орталық Азияны не қырқыстырады, не кіріктіреді

Кеше Астанада өткен НАТО-ның Парламенттік ассамблеясының «Еуро-атлантикалық қауіпсіздіктің көкейтесті мәселелері жөніндегі парламентаралық сұхбаттастығы форумында» Орталықазиялық елдердің тәуелсіздігінің жиырма жылдығының алғашқы қорытындылары шығарылды. НАТО Парламенттік ассамблеясының қайраткерлері Роуз және Роттың атымен аталған осы арнайы жиын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған көрінеді. Мұндағы негізгі тақырып Еуроатлантикалық кеңістікке қатер төндіретін кесір-кесапаттардың жолын кесіп, жою мәселелері болғанымен, біздің аймақтың да көптеген түйткілдері ортаға салынып, қызу талқылауға тамызық етілді. Көңілге қаяу салар қорытындылар да жасалғандығын жасырғымыз келмейді.
Жиында дағдарыстан дегбірі кеткен Ресейдей алпауыттың кірме келімсектерге қабақ түйіп қарай бастағандығы айтылды. Осында жария етілген дерекке жүгінсек, солтүстік көршіміз қазіргі кезде ендігі Тәжікстанға, Өзбекстанға және Қырғызстанға екі миллионнан астам азаматын кері қуған.

Кеше Астанада өткен НАТО-ның Парламенттік ассамблеясының «Еуро-атлантикалық қауіпсіздіктің көкейтесті мәселелері жөніндегі парламентаралық сұхбаттастығы форумында» Орталықазиялық елдердің тәуелсіздігінің жиырма жылдығының алғашқы қорытындылары шығарылды. НАТО Парламенттік ассамблеясының қайраткерлері Роуз және Роттың атымен аталған осы арнайы жиын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған көрінеді. Мұндағы негізгі тақырып Еуроатлантикалық кеңістікке қатер төндіретін кесір-кесапаттардың жолын кесіп, жою мәселелері болғанымен, біздің аймақтың да көптеген түйткілдері ортаға салынып, қызу талқылауға тамызық етілді. Көңілге қаяу салар қорытындылар да жасалғандығын жасырғымыз келмейді.
Жиында дағдарыстан дегбірі кеткен Ресейдей алпауыттың кірме келімсектерге қабақ түйіп қарай бастағандығы айтылды. Осында жария етілген дерекке жүгінсек, солтүстік көршіміз қазіргі кезде ендігі Тәжікстанға, Өзбекстанға және Қырғызстанға екі миллионнан астам азаматын кері қуған.
Еуроатлантикалық құрылымдар түбегейлі зерттеп, тұжырымдап, құжаттап қойған тағы бір жағаұстатар байлам бар екен. Осы орайда болашақта біздің аймақ елдері үшін екі жолдың бірін таңдау ғана қалатындығын НАТО Парламенттік ассамблеясындағы Франция Ұлттық ассамблеясының делегациясының мүшесі Лёйк Бувард хабарлады. «Ауызсудың жетіспеушілігіне Орталық Азия елдерін жауластырып тынады, не аймақтық кірігудің мейлінше қарқынды жүруіне түрткі болады. Қалай болғанда, ауызсу мәселесі алдағы онжылдықтарда ең өзекті тақырыпқа айналғалы тұр!» деген Л.Бувард Қазақстан басшылығының Орталықазиялық елдердің басын қосу бағытында белсенді қимылдап жатқандығын атап өтті. Қазақ елі үшін басқа амал да жоқ: келешекте ауызсудан тарығып, аузы кеберситін де басқа емес, біздің ел. Әйткенмен Лёйк Бувард аймақ елдері ішінен Қазақстанның мерейі биік тұрғандығын баса айтты. Мәртебелі мейманның пікірінше, «ғажайып мәдениеті, тамыры терең тарихы бар», «менталитеттердің тоғысар тұсында орын тепкен», «қойнауы қазынаға толтырылған» қазақ еліне әу бастан өз аймағындағы «қуатты державаға айналу» жазылған. Ол «Қазақстанның бедел-абыройы тоқтаусыз арта беруге тиіс» деген болжам айтты. «НАТО-мен және оның Парламенттік ассамблеясымен ынтымақтастық бойынша Қазақстан аймақтағы кез келген басқа елдерден озық тұр, - деді Лёйк Бувард. - Біз өзіміздің Орталықазиялық әріптестерімізге сабақ беруге және батыстық демократияны таңуға келген жоқпыз. Біз бұл елдердің даму деңгейлері әртүрлі екендігін ұмытпауға тиіспіз» деді франциялық парламентші.
Ал негізгі баяндамашы, Вашингтондағы Карнегидің Халықаралық бейбітшілік қорының ресейлік-еуразиялық бағдарламасының жетекші ғылыми қызметкері Марта Брил Олькот Орталық Азияның Ресейдің ықпалында қалуына Еуроатлантикалық елдердің өздері айыпты екендігін ашық айтты. Олькот ханымның байламынша, Еуроатлантикалық ұйымдардың өте маңызды осы аймаққа қатысты іс-қимылдарында жүйеліліктің, үйлесімділіктің болмауы Ресейдей алпауыттың осы өңірде күш алуына әкеп соқтырған. Мәселен, Еуроодақ Әндіжандағы қырғыннан кейін Өзбекстанмен сауда-экономикалық, саяси қарым-қатынастарға тоспа қойғаны мәлім. «Егер Орталық Азияның бір еліне Еуроодақ тыйым қойса, онда НАТО-ның да бұл өңірде жұмыс істеуінде қиындық туындайды. Сондықтан бұдан былай Еуроатлантикалық барлық құрылымдардың бір топпен, бірдей қимылдауын қарастыру керек» деді Марта Брил Олькот. Зерттеуші ханым ресейлік ақпарат құралдарының қуатты идеологиялық үгіт-насихаты арқасында орталықазиялық кеңістікте «ресейлік бағдарланған», Ресейге қарап бой түзейтін жас ұрпақ өсіп келе жатқандығын өкінішпен жеткізді.
Осы орайда қазақстандық ресми билік өкілдерінің сөзіне құлақ түру де қызықты болса керек. Еліміздегі №2 тұлға саналатын Парламенттің Жоғарғы палатасының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы ынтымақтастық Қазақстан басшылығының назарынан қалыс қалмайтындығын білдірді. «Әлемде болып жатқан күрделі оқиғалар аясында жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі Орталық Азияның рөлі мен мәні айрықша өзектілікке ие болады, - деді ол. - Аймағымыздың мемлекеттерімен қарым-қатынасты дамыту - біздің еліміздің ең маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Қазір Орталық Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы халықаралық күш-жігерлерді жандандыру қажет. Біз үшін айқын жайт - аймақ мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз әрі қарқынды дамитын болса, олардың халықаралық тұғырлары да соғұрлым биік әрі мығым бола түспек».
Сенат басшысы НАТО-мен қарым-қатынас жасау ниетінен Қазақстанды ешкім де айныта алмайтындығын шегеледі. Бұл жерде Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа ғасырдың жаһанға тыныштық әкелмегендігін алға тартты. «Керісінше, халықаралық терроризм, экстремизм, есірткі саудасы, қару-жарақтар мен ядролық материалдардың заңсыз айналымы созылмалы ұзақ процеске айналуда. Сондықтан Қазақстан ары қарай да барлық, соның ішінде НАТО бойынша да әріптестерімен жаңа қатерлерге қарсы түру бағытында белсенді әрекет ететін болады» деді Қ.Тоқаев.
НАТО қолдауымен өткен Қауіпсіздік форумындағы сынды, бұл жиында да Ауғанстан тақырыбы «мінберге» көтерілді. Онсыз болмайтын да шығар: арнайы шақырумен Астанадағы қалаулылардың жиынына Ауғанстан мен Пәкстанның парламентшілері де келген. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Орталық Азияның қуаты артса, оның шапағаты мен шарапаты ауған еліне де тиетіндігін атап өтті. Жалпы, Кеңестен бері келе жатқан түсінік бойынша Орталық Азия «4 ел+Қазақстан» формуласынан құралатын. Ал атлантикалық саясаттанушылар бұл ұғымға «станы» бар барлық елдерді сыйғызуға тырысады. Соңғы жылдар бойында Америка таңып келген бұл идея бұрынғы қалыптасқан түсінікті ығыстыра бастағанға ұқсайды. Бұл осы жиында анығырақ аңғарылды. Тіпті Сенат төрағасының мәлімдемесі осы арнадан табылды.
- Қазақстан Ауғанстанды аймақтағы интеграциялық процестерге белсенді тартуды, өзара экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуды жақтайды. Осы тұрғыдан алғанда қазақстандық-ауған үкіметаралық комиссияның қызметіне айрықша маңыз беріліп отыр. Біз сондай-ақ Ауғанстандағы мемлекет пен жеке бизнестің қызметін ынталандыруға ниеттіміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Айхан ШӘРІП

«Айқын» газеті 27 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404