Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Қоғам 5202 5 пікір 24 Шілде, 2020 сағат 12:36

Президент Сәтбаев пен Шорнақтағы жағдайға байланысты кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.

- Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді.

Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ. Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Сонымен қатар ол аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді, - деп жазды Берік Уәли.

Айта кетейік, 23 шілде күні Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы Шорнақ ауылында тұрғындар арасында жанжал туындап, үш адам жарақаттанғаны хабарланған еді. Жарақат алған бір адамның жағдайы ауыр екені белгілі болған. Оқиға орнына барған учаскелік полицей де лақтырылған тастан жарақаттанған.

Ал Қарағанды облысы Сәтбаев қаласындағы жағдай 23 шілдеден 24 шілдеге ауған түні болды.

23 шілде кешке қалада бес жасар қыз жоғалып кеткен. Оны қала тұрғындары жиналып іздеген. Тұрғындар оны көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерден тапқан. Полиция қызметкерлері осы пәтерге басып кіріп, баланы алып шыққан. Пәтерде ер адам болған. Оның кішкентай баланы неге үйінде ұстағанын тергеу жұмыстары анықтайды.

Тұрғындар баланы ұрлады деген күдікке ілінген адамды өздері жазалағысы келген. Наразы топ түн ортасында полиция ғимараты маңындағы бірнеше көлікті өртеген көрінеді.

- Бала қазір ауруханада. Күдікті ұсталды. Алайда, бірнеше ондаған адам күдіктіні ұстап беруді талап етіп жатыр. Тәртіпсіздіктердің жолын кесу үшін құқық қорғау органдары тәртіпті күшейткен. Қарағанды облысының полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдады, - деп хабарлады Қарағанды облысының ЖП баспасөз қызметі.

Abai.kz

5 пікір