Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2893 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 07:17

Ұлттық орталықтар атын жамылған кейбір күмәнді ұйымдар қызметін бақылауға не кедергі?

 

Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:

 

Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:

- Ең алдымен, этномәдени орталықтар туралы заң керек. Заң арқылы олардың жұмысын реттеуге болады. Қазір шағын ұлттар «бізге этномәдени орталық керек» деп, орталық ашып, бюджеттен біраз қаржы алады. Сол ұлттық орталықты бүркемелеп, пайда тауып жүрген азаматтар болуы мүмкін. Аталған заң, біріншіден, ұлттық орталық құрамын деп жүргендер кім, соны анықтауға мүмкіндік береді. Айталық, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кеткен шағын халықтарға ұлттық орталық керек пе? Екіншіден, ұлттық-мәдени мәселемен ғана емес, саясатпен айналысып жүрген ірі диаспоралар бар. Олар шетелдермен, өздерінің тарихи атамекендерімен байланыс жасайды. Ұлттық орталықтар тек ұлттық мәселемен ғана айналысуы қажет, олардың саяси мәселемен айналысуға құқы жоқ. Және бірқатар ұлттық орталықтар шетелден қаржы алып тұрады. Ол қаржы қандай мақсатқа жұмсалып жатыр? Мемлекет мұны да бақылап отыруы қажет. Осыдан-ақ этномәдени орталықтар туралы заң керек екені көрініп тұр. Мен осы пікірді кезінде айтқанмын, маған «бізде «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң бар, сонымен реттеуге болады» деген жауап айтылды. Бірақ, менің ойымша, ұлттық орталықтардың қарапайым қоғамдық бірлестіктерден айырмашылығы, олар шетелдермен, олардағы түрлі саяси топтармен байланыс жасайды. Сол себепті бұларды бақылап тұру мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін маңызды. Бұл мәселені кейінге қалдырмаған дұрыс.

0251

Асылы Осман, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

- Ассамблея 1995 жылдан бастап құрылды. 14 жыл бойы орталықтардың әрқайсысы өзіне қызмет етті, оларға еркіндік берілді. Енді бүгінгі таңда олар соның қайтарымын беріп, қоғамға қызмет етуі керек. Бұл - бір. Екіншіден, ұлттық-мәдени орталықтар әр халықтан бір-біреуден болғаны дұрыс: бір қалалық, бір облыстық. Оларды қазақ тілін жетік білетін, сауатты, білімді басшы басқаруы қажет. Ал қазір - Абай айтқандай, «бас-басына би болған өңкей қиқым». Бұған ассамблея хатшылығы кінәлі деген болар едім. Кейде ашуым келгенде, айтарым - Ассамблея бизнеске айналып кетті. Мәселен, бір Алматыда екі әзірбайжан орталығы бар. Оны қойып, қазір әр ауылда бір ұлттық-мәдени орталықтан ашылып жатыр. Мен бұл мәселені көтергендеріңізді құп көремін. Кейбір ұлттық орталықтар қызметіне бақылау енгізу сөзсіз қажет. Бәрі заңға сай болуы тиіс. Әйтпесе бір ұлттың бірнеше орталығының болуы сол халықтың өз ішінде наразылық туғызып жүр.

0340

Мұхтар Шаханов, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Мәселені өте дұрыс көтеріп отыр екенсіздер. Мен еліміздегі барлық ұлттардың тіліне, салт-санасына құрметпен қараймын. Бірақ, рас, ұлттық орталықтар қаптап кетті. Мәселен, бір Алматының өзінде ұйғырдың 12 орталығы бар екен. Оның барлығы мемлекет есебінен қаржыландырылады. Біз мынаны ескеруіміз қажет: ұлтаралық татулықты насихаттаған жөн, бірақ оны әсірелеп жібермеуіміз керек. Соның ішінде мемлекеттік тілді дамытуға көңіл бөлмей тұрып, өзге ұлттар мәдениетін дәріптеп жіберуге болмайды. Өйткені бұл - жай ғана қазақтың тілі емес, мемлекеттің тілі ғой. Мемлекеттік тілді ұйғыр да, неміс те, орыс та, ұлттық орталық ашып жатқан басқа ұлт өкілдері де білуі тиіс. Ал бізде аты бар да, заты жоқ. Бұл өз космополиттеріміздің себебінен болып отыр. Мемлекеттік тілге жасалмаған құрметтің ұлттық орталықтарға жасалғанын өз басым түсіне алмаймын. Ал олардың барлығы бірдей не мақсатты көздеп жатқанын Құдай білсін.

 

 

Сауалнаманы жүргізген Болатбек Мұхтаров

«Алаш айнасы» газеті 26 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394