Испан королі елден қуылды
Испанияның бұрынғы королі Хуан Карлос I елден кетті. Оның үстінен жемқорлыққа қатысты іс қозғалған. Бұл туралы Mundo басылымы жазды.
Экс-монарх елден кетерде өзінің ұлы – король Филипп VI-ға хат жазып қалдырыпты. Хуан Карлос өз жазбасында елден кету арқылы король Филипптің ел басқару ісіне араласқысы келмейтінін, бұл өз кезегінде Филиппке елді емін-еркін басқаруға мүмкіндік беретінін жазған.
«Менің елден қуылуым Испания халқына, оның институттарына, король ретінде Сізге тиімді әрі пайдалырақ болмақ деп сенемін», - депті Хуан Карлос.
Сондай-ақ, Хуан Карлос I мұндай шешімге келуіне елдегі қоғамдық ұйымдардың оның өткен және қазіргі өміріне қатысты пікірлері себеп болғанын жазыпты. Өзінің адвокаты арқылы елден қуылса да, прокуратураның бақылауында болатынын айтқан.
Король Филипп VI өз кезегінде әкесінің бұл шешіміне ризашылығын білдіріп, құптаған. Бірақ, экс-корольдің нақты қай елге қуылғаны айтылмаған.
Хуан Карлос 2014 жылы тағын босатып, оның орнына ұлы Филипп VI таққа отырған. Алайда ол тақтан түскенімен, король титулын сақтап қалған. Кейін Филипп VI өз әкесін король үйінің бюджетінен айыру туралы шешім шығарған.
Ал биыл маусымда Испания жоғарғы соты экс-король Хуан Карлостың үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастаған. Оған Саудияның Меккесі мен Мединесі арасында жоғарғы жылдамдықпен жүретін темір жол құрылысына қатысты пара алуы мүмкін деген күдік тағылған.
Abai.kz