Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6119 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 08:19

Арман Қани. "Жас Ұлан" - 40 жыл бұрын құрылған ұйым.

 

 

1969 жылдың соңында, Павлодар қаласындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернатының (қазір №3 облыстық гимназия-интернаты) ұлттық мұрат-мүддені көксеген бір топ оқушысы «Жас ұлан» ұйымын құрды.  Ұйым мүшелері өздерімен шамалас жасөспірімдер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, сол жылдың желтоқсан айында, облыс орталығындағы және кейбір ауылдық елдімекендегі көрнекті орындарға жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар жапсырып кетті. Олар Павлодар қаласының Орталық алаңында өтетін І Мамыр мерекесі шеруіне «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген жазулар көтеріп шығуды да жоспарлаған еді. Бірақ ұйымды 1970 жылдың қаңтар айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) облыстық басқармасы қызметкерлері әшкереледі.
Сол «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі ретінде өзім  өте жақсы білетін  кейбір жайларды жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдім. 

Коммунистік жүйе және ұлтшыл жасөспірімдер

МҚК облыстық басқармасындағы тергеу барысында Алматы мен Мәскеуден республикалық, одақтық Қауіпсіздік органдары қызметінің жоғары шенді өкілдері келді. Тергеуді негізінен ұлты қазақ офицерлер жүргізіп, түсініктемені қазақ тілінде жазғызды. Олар  кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге күш қолданды деп айтпаймын, ара-тұра зілді дауыспен сес көрсету ауанын байқатқанымен, негізінен алдап-сулау тәрізді тәсілдермен жауап алды.
МҚК қызметкерлері №3 мектеп-интернаттың мұғалімдері мен жас ұландардың жоғары білімді ағайын-туыстары арасындағы біреу ұйымды құруы мүмкін деген күдікпен олардың өмірбаяндық, қызметтік мәліметтерін астыртын тексерді, өздерін сырттай бақылауда ұстады. Бұрынғы «Жас тұлпар» ұйымы мүшелерінің бірі Павлодар қаласына арнайы келіп «Жас ұлан» ұйымын құрып кеткен деген болжам да жасап, ұйым жетекшісі маған: «Алматыдан келген кісі кім, біз оны сенсіз де білеміз. Бірақ ол жөнінде өзің айтсаң, қылмысың жеңілдейді» деген құйтырқы сөздер айтып, тамырымды басып көрді. Мен: «Мұрат Әуезовтың «Жас тұлпар» ұйымын құрғаны жөнінде естідім және сол ұйымды үлгі тұтып «Жас ұланды» құрдым, дегенмен ол кісіні де, оның жолдастарын да көрген емеспін. Үнпарақты жазған менмін» деген сыңайда жауап беріп, шындығын айттым.
Олар  жауабымның шынайылығын тексеру үшін үнпарақ мәтінін маған жатқа оқытты.  Соның өзінде де сенбей: «Мына сөз сенің сөзің емес, үлкен адамдардікі, саған осылай жаз деген кім?»
– деп, әрбір сөзді саусақпен түртіп көрсетіп, төпелете  сұрақтар қойды.
Үнпарақтағы «Сендер қазақ деген ұлы халықсыңдар...» деген  ең алғашқы жолды жазушы Жайсаңбек Молдағалиевтің («Торғай толғауы» болса керек), бір кітабынан алғанмын, «Саяси экономиядан» «Отар елдерде ауруханалар мен ұлттық мектептер аз болады» деген анықтаманы оқыған соң, «Қазақстан – Ресейдің отары» деген қорытынды жасап, отаршылдыққа қарсы бас көтеріңдер деген  сипаттағы сөздерді жазғанмын, осы жайттарды айттым.
Олар аталған кітаптарды, сондай-ақ кейбір мәліметі ұйымның үгіт-насихат жұмысына пайдаланылған өзге әдебиеттерді де алдырып, анық-қанығын тексерді, сонсын маған мұқабаның ішкі бетіне «Мен осы кітаптың осындай бетіндегі мынадай сөздерді үнпараққа пайдаландым» деген сыңайдағы  сөздерді жазғызып, қол қойдырды.
Түсініктемеде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев тәрізді Алаш қайраткерлерін білетінімді, олар жайында Сәбит Мұқановтың «Өсу жолдарымыз», «Есею жылдары» кітаптарынан, Мұстафа Шоқай туралы С. Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» романынан оқығанымды жазып бердім, сондай-ақ Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Кенесары хан мен батырлардың, жыраулардың бейнелері жас ұландарды рухтандырғанын айттым. Оған қоса жұртшылықты отаршылыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдерімді де жазып бердім. Тек содан кейін барып, Қауіпсіздік комитеті басқармасы қызметкерлері «Ұйымның басында тұрған өзге біреу емес, осының өзі болуы әбден мүмкін» –  деген  байламға келе бастаған сияқты.
Алайда, ауылдық елдімекендердегі қазақ орта мектептерінің орталау мектептерге айналдырылуы немесе жабылуы, облыс орталығындағы 40 шақты мектептің тек екеуі: Ы. Алтынсарин атындағы №3 мектеп-интернат пен Абай атындағы №10 орта мектеп қана қазақ мектептері екені, қазақ балабақшасының жоқтығы, көше, дүкен, т.б. атаулары негізінен орыс тілінде болуы, ана тілінде сөйлеген қазақтардың кемсітушілікке ұшыратылуы тәрізді жағдайлар ұйымның құрылуына басты себептер екенін өзге жас ұландар да атап көрсетті.
Компартияның ұлттық саясатындағы көзге ұрып тұрған ұлттық кемсітушілікті айтқанда кәдімгідей қыза сөйлеп, «үндеместердің» өзіне: «Осы мәселені сіздер неге қозғамайсыздар, қазақ емессіздер ме?!» деген мағынадағы сөздермен намысына тиісіп, дүрсе қоя бергендей кездеріміз де болды. Алдында бізді басын изеп үнсіз тыңдап отырған олар сол сәтте: «Енді сендер өзгені қойып, біздің өзімізді ұлтшылдыққа үгіттей бастадыңдар ма, әй?!» – деп, қолма-қол түсін суытып, ызғарлы үнмен сөз саптауға көшетін.
Әділдік үшін айтайын, коммунистік режимге қарсы шыққан еркін ойлы демократтарды, ұлтшыл патриоттарды ықтиярлы–ықтиярсыз түрде жазалаушы тетіктерге айналған сол «байғұстардың» арасында бізге сырттай сұс көрсеткенімен, іштей разы болғандар да бар, бұл – шындық. 
МҚК облыстық басқармасындағы тергеу аяқталған соң, мектеп-интернат әкімшілігі облыстық партия комитеті ұсынған сценарий бойынша жалпы мектеп жиналысын, мектептің комсомол ұйымы жиналысын, ата-аналар жиналысын, педагогикалық кеңес өткізіп, жас ұландарға үсті-үстіне морольдық-психологиялық соққы беруді ұйымдастырды. Жиналыстарда сөйлеген мұғалімдер және олар дайындаған белсенді комсомолдар жас ұландардың саяси іс-әрекеттерін ғана емес, жеке бастарын даттап, ата-аналарының да ар-ожданын қорлайтын сөздер айтуға дейін барды. Іле мектеп-интернат әкімшілігі мен комомол ұйымы және Павлодар қалалық комсомол комитеті «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшелеріне түрлі жазалау шараларын қолданды.

 

 

Атап айтқанда, 1970 жылдың сәуір айында өткен қалалық комсомол комитеті бюросында осы жолдардың авторы, ұйым жетекшісі Қаниев Арман Бақтанұлы, сондай-ақ  ұйымның «комитет» деп аталған жетекші құрамының мүшелері Бейсекеев Рашит Арайұлы, Жүнісова Айгүл Әшімқызы, Әлиева Гүлбаршын Қабдыкәрімқызына «Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін деген айып тағылып, БЛКЖО қатарынан шығарылды. Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзды» деген айып тағылып, қатаң сөгіс берілді, және бұл сөгіс комсомолдық есеп карточкасына жазылды.  Қалған жас ұландарға ескерту жасалды. Сонымен қатар, комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарында жоқ  жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» оқудан шығарылып,   оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылды.
Олар кәмелет жасына толмауы себепті кеңестік Қылмыстық  кодекс бойынша жазалану қатерінен аман қалды. Ал «Жас ұлан» ұйымына жанама қатысы бар жалғыз ересек адам, сол кезде Павлодар қаласындағы Чайковский атындағы музыка училищесінде оқыған және Абай атындағы №10 қазақ орта мектебінде ән-күй пәнінен сабақ берген Рахметхан Нұрбасаров (1945–2006 ж.ж.) болса, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасына өзі барып, аталған ұйымның саяси іс-әрекеттеріне еш қатысы жоқтығын, тек өзі жақсы білетін Арман Қаниев арқылы онымен бір сыныпта оқитын Рашит Бейсекеев, Қайролла Кәженов тәрізді домбырашы әрі әнші балаларды жанына тартып,  көркемөнерпаздар үйірмесін құруды ойлағаны жөнінде түсініктеме берді. 
МҚК қызметкерлері Рахметхан Нұрбасаров сабақ беретін  №10 қазақ орта мектебінде оның қандай да бір астыртын саяси ұйым құрмағанын және оқушылар арасында ұлтшылдыққа шақырған үгіт-насихат түріндегі сөздер айтпағанын анықтаған соң, сондай-ақ оның түсініктемесіндегі дәйектер жас ұландардың жазғандарымен сәйкес келіп негізделген соң, үстінен қылмыстық іс қозғауға заңдық негіз таппады. Сонда да Р. Нұрбасаровқа  №10 мектеп педұжымының жиналысында моральдық-психологиялық соққы берілді және ол 1970 жылдың мамыр айында өткен Павлодар қалалық комсомол комитетінің бюросында  «Ленин комсомолының мүшесі деген жоғары атақпен сай келмейтін әрекеті үшін» деген айыптаумен БЛКЖО қатарынан шығарылды, іле мектептегі мұғалімдік қызметінен кетуге мәжбүр болды. 
Жас ұландарды ресми жазалау аяқталған соң Қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасы қызметкерлері:  «Осымен істерің жабылды, енді тыныш жүріңдер, әйтпесе сотталасыңдар! Ұйым жөнінде ешкімге тіс жармаңдар, біреулерге айтқандарыңды біліп қалсақ, оңдырмаймыз!» дегендей ескерту жасады. Бірақ «үндеместер» өз сөздерінде өздері тұрмады, бұл құпия қызмет саласына 1980 жылдардың басында сәл ғана жариялық сәулесі түсе бастағанда, ескі «таныстардың» бірі   көпшілікке: «Біз ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын әшкереледік!» деген сөздерді мақтаныш сезімімен айтты.  Ресми жазалаудың соңы  астыртын саяси қысымшылық жасауға ұласқанын біз  кейін сезіндік.
Болат Какежанов, Алтын Махметова, Айгүл Жүнісова, Қайролла Кәженов сабақты жақсы оқығанымен, жоғары білім ала алмады. Қайрат Қабылбеков жоғары білім алғанымен, жоғары лауазымды қызмет істеуге өмірбаяндық дерегі сәйкес келмеді. Ал Гүлбаршын Әлиева, Рәшит Бейсекеев, Айгүл Жүнісова, Сембай Құсайынов  түрлі жағдайда дүниеден мезгілсіз өтті.
Гүлбаршын Әлиева (1955–1975 ж.ж.) Алматыдағы Шет тілдер институтын бітіретін кезінде алты бірдей зорлықшы, қандықол қарақшының қолынан қаза тапты.
Рәшит Бейсекеев (1954–1990 ж.ж.) Қарағанды кооператив институтын аяқтап, Май ауданындағы Май кеңшары жұмысшылар кооперативінің төрағасы болып істеп жүргенде жоғары қан қысымы дертінен Семей сынақ полигонының орталығы Курчатов қаласындағы ауруханада көз жұмды.
Айгүл Жүнісова (1954–1991 ж.ж.) тұрмысқа шығып, бірнеше перзент көрген шағында жазылмас дертке шалдықты.
Сембай Құсайынов (1954–2005 ж.ж.) Ақсу (Ермак) ферроқорытпа зауытында бірнеше жылдар бойы жұмысшы болып істеді, әрі сырттай оқып жоғары білімге, сосын  лауазымды қызметке де қол жеткізді, сөйтіп абыройлы азамат, білікті кадр санатына қосыла бастаған шағында жол апатына ұшырады. Сембаймен  бір көлікте отырған, интернатта бізден бір сынып жоғары оқыған, бізді комсомол жиналысына салғанда, ұйымның іс-әрекетін жақтайтынын тайсалмай ашық білдіріп, қол көтерген Жұмкен Құдабаев та опат болды.
Ал менің  білім алу құқыма және баспасөз бостандығыма шектеу қойылды, жария емес жазалау мен қудалаудың өзге де түрлерін бастан өткердім. Кәмелетке толмай қара жұмыстар істеп, түрлі әлеуметтік топтардың тұрмыс-тіршілік қазанында қайнадым, солардың өмір салтымен ғұмыр сүруге дағдыландым, орта мектепті әскер қатарынан оралған соң сырттай оқып бітірдім.
Коммунистік жүйе еңсемді қаншалық жаныштағанымен, 1986 жылы Алматыдағы желтоқсаншылардың ұранына Павлодарда бір топ серігімен үн қосуға әрекеттендім,   “Невада-Семей”, “Азат” қозғалыстары, “Қазақ тілі” қоғамы облыстық ұйымдарының  негізін құраушы қоғамдық күштердің бел ортасында жүріп, Ертістің Кереку өңіріндегі ұлттық, жалпыхалықтық мүддеден туындаған саяси-қоғамдық оқиғалардың барлығына дерлік белсене қатыстым.

Мақаланың соңы

Еліміз тәуелсіздік алған жылы жоғары оқу орнына сырттай оқуға түсіп, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың филология факультетін 40 жастан асқанда тәмамдадым.
Алайда,   осыдан 40 жыл бұрын өзіміз көтерген ұлттық мәселелер түбегейлі толық шешімін таппағанын да айқын байқаймын. Демек, Ертістің Кереку өңірінің саяси, қоғамдық, мәдени, әдеби өміріндегі  Егеменді елдің шығармашыл азаматы һәм ұлтшыл патриоты ретінде атқаратын  міндетім,  борышым, парызым  әлі де аз емес.
...Сын сағаттарда жас ұландар өздерін ер азаматтарша ұстады, тек кейбірі ғана адалдық антында тұра алмай қалды. Соңғыларды солқылдақ мінезі үшін кіналау тіпті дұрыс емес.  Бір мысал: МҚК-дегі тергеу кезінде жас ұландардан ат-тонын ала қашқан, бертін келе былайғы жұртқа «Жас ұлан» ұйымын құрған адамдардың бірі ретінде көрінгісі келген біреу ақырында ағынан жарылып: «КГБ маған қатты қысым көрсетті, шыдай алмадым, сосын еріксіз «Серік» деген лақап атпен соларға тыңшылық қызмет атқардым» – дегенде, оны айыптауға дәтім жетпеді, керісінше оған  түсіністікпен және кешіріммен қарадым.
Дегенмен,  коммунистік режимнің қысымы 15–16  жасар жасөспірімдердің қайсына оңай соқты дейсіз?..
Жариялық сәулесі
Енді, міне, егемендік кезеңінде, 17 жылдан бері «Жас ұлан» ұйымына мемлекеттік органдар тарапынан ресми саяси баға берілетін шығар деген үміт жетегінде  келемін. Осы орайда жазған «Тұтанбай жатып сөнген еді «Жас ұлан» атты шағын мақалам Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде ( 15 маусым, 1992 жыл) жарияланды.  Әйтседе, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеніне бір жыл тола қоймаған кезде біршама жайтты ашық айтпай, жалпылама сипаттауға тура келді. Бұдан соң керекулік журналист, «Халық кеңесі» газетінің облыстағы тілшісі Ғалымбек Жұматов «1969 жыл. Сол желтоқсан да ызғарлы еді» атты мақаласында («Халық кеңесі», 18 қыркүйек, 1992 жыл) және көрнекті журналист Жанболат Әлиханұлы Аупбаев «SOS» белгісі» атты зерттеу мақаласында  («Егемен Қазақстан» газеті, 30 қазан, 2002 жыл) «Жас ұлан» ұйымы туралы облыстық мұрағаттар қорында сақталған облыстық партия және комсомол ұйымдарының құжаттарына сүйене отырып, егжей-тегжейлі жазды. Тек, Ғалымбек Жұматов екі-үш тұста мүлт кетті. Мысалы, жарияланымда № 3 мектеп-интернатқа қарама-қарсы орыс мектебі салынған, мұндағы орыс оқушылары интернатта жатып оқитын ауыл балаларын ұрып-соғатын, «Жас ұлан» ұйымының құрылу себептерінің бірі осы еді; жас ұландар «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде тек 1969 жылы естіді; олар отаршылдыққа қарсы шығумен қатар мұсылмандықты тануға шақырды деген ойға жетелейтін пайымдаулар орын алған.
Жерлес журналистің жазғанындай қазақ пен орыс оқушыларының жұдырықтасып қалғаны рас, бірақ біз оқыған кезде емес, одан беріректе, өйткені № 3 мектеп-интернатқа қарама-қарсы №35  орыс орта мектебі «Жас ұлан» оқиғасынан кейін салынды және тәуелсіздік кезеңінде алдымен аралас мектепке, сонсын таза қазақ мектебіне айналды. Сондай-ақ «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде біз 1969 жылы емес, одан бұрынырақ естігенбіз және аталған парақшалар мәтінінде мұсылманшылық туралы бір ауыз сөз жоқ еді.  
Кейін облыстық «Қазақ тілі» қоғамының газеті «Ертіс дидары» мен республикалық ұлт газеті «Ана тіліне» жарияланған мақалаларымда, «Қазақ әдебиеті» газетінде (24 ақпан, 2006 жыл) белгілі ақын Ғалым Жайлыбайға берген сұхбатымда «Жас ұлан ұйымына  ҚР Парламенті депутаттары тарапынан саяси баға берілсе екен деген өтініш білдіргенмін,  бұның алдында, 1998 жылдың 26 мамырында Саяси жазалау шараларының құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы С.А. Қасымовқа да осы орайда өтініш жазған едім. Бірақ  бұл іс-әрекеттерімнің ешқайсы нәтиже берген жоқ.
Солай десем де, көрнекті журналист Жанболат Аупбаевтың «Ашылмаған аралдар» атты таңдамалы жарияланымдар жинағы кітабына әйгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Парламентінің депутаты Алдан Смайылов жазған «Тасада қалған тағдырлар» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті» газеті, 12-18 маусым, 2009 жыл; «Ертіс дидары» газетінің http://ertisdidary.ucoz.kz/ сайты ) жас ұландарға да назар аударылуы біздің сөне бастаған үмітімізге тамызылған май тәрізденді. Оның үстіне тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жанна Қыдыралинаның «КГБ жастар рухын сындыра алған жоқ» атты зерттеу еңбегінде («Нұр Астана» газеті, 4 маусым, 2009 жыл; «Abai.kz» порталы) «Жас ұлан» ұйымы туралы жазылған екі абзацтың өзі бізге үлкен жаңалықтың басы сияқты әсер етті. Өйткені, ондағы деректер бастапқыда МҚК (КГБ), кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті 40 жылға таяу уақыт бойы «жеті құлыптың ар жағында» құпия ұстаған «Жас ұлан» ұйымы ісіндегі деректер екенін бірден байқадым.
Сол іске қол жеткізген тарихшы ғалым Жанна Қыдыралинаға ризашылығымды білдіре отырып, зерттеудегі кейбір мәліметке байланысты өз ойымды білдіре кетуді дұрыс санаймын.
Зерттеу жұмысында «...Қаниев (осы жолдардың авторы. А.Қ.) ұйымға  Павлодар және Ермак қалаларынан 29 оқушыны тартқан» деген сөйлем бар екен. Меніңше, бұл тұста №3 мектеп-интернатта   Арман Қаниев яғни мен құрған ұйымның негізгі бөлігі және Сембай Құсайынов  құрған Ермак (қазіргі Ақсу) қаласындағы ұйым бөлімшесі туралы айтылған секілді. Осы екі құрылымдағы жас ұландар қарқынды іс-әрекеттерімен танылған ең белсенді топтар болып саналды. Сонымен қатар «Жас ұланның» ауылдық елдімекендердегі оқу орындарында да 4–5 жасөспірімнен тұратын шағын топтары құрылған еді, олар негізінен үгіт-насихат жұмыстарымен ғана  айналысты. Мысалы, Май ауданының Ақшиман орталау мектебінде менімен бір сыныпта оқыған Бақыт Бектұрғанов Красноармейка ауылшаруашылығы техникумында және сол мектепте бізден бір сынып жоғары оқыған Асқар Сәрсенбаев Белогорье (қазіргі Көктөбе) орта мектебінде сондай топтарды құрған болатын. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері оларға да барып, жауап алғаны анық,  екеуінің түсініктемесі «Жас ұлан» ұйымының ісінде сақталса керек. 
Ұйымның әрбір беделді мүшесі өзі тұратын елдімекенде шағын топ құруға тиісті еді. Ондағы мүшелердің саны, аты-жөні туралы мәліметтерді сол топты құрған жас ұлан және ұйым жетекшісі мен ғана білдім. Алдын ала сақтық шараларын ойластырғандықтан, осылай істеуге тура келді. МҚК басқармасы қызметкерлері  үзенгілес серіктерімнің алғашқыларын қолға түсіргені жөнінде хабарды естіген сағатта-ақ  ұйым мүшелерінің толық тізімі жазылған құжатты өртеу арқылы жойып жібердім және  ұйымға қатер төнгені жөнінде жан-жаққа ақпарат жіберіп үлгердім. Бұл жөнінде шынымды айтуға тура келді, олар тізімді қай кезде, қай жерде өртегенімді нақтылап сұраған соң, аса құнды құжаттан айрылғанын біліп, сан соғып қалды.    
Осындай алдын ала жасалған қауіпсіздік шаралары және дер кезіндегі жедел іс-әрекеттер ұйымның жекелеген мүшелері мен  кейбір топтарын жасырып қалуға мүмкіндік берді. Мысалы, Ермак (Ақсу) ауданының Ленин жолы кеңшарындағы  шағын топ оны  құрған Рашит Бейсекеев екеуміздің өзара келісуіміздің нәтижесінде МҚК-нің «қара тізіміне» ілінген жоқ.
Менің есебім бойынша, облыстағы жас ұландардың жалпы саны жүзге жуықтап қалған еді, алайда ұйымның қатардағы мүшелері және ауылдардағы топтары өздерін жас ұландар санағанымен, белсенді іс-әрекет жасауға кіріспеген болатын. Ондай оқушыларды МҚК қызметкерлері Басқармаға  шақыртпай-ақ, оларға өздері барып, 1 бет көлемінде ғана түсіндірме жаздырып алумен шектелді. Бұл құжаттар да  архивте сақталса керек.
Және бір айтатын жайт: жас ұландар таратқан үндеухаттардың саны зерттеуде көрсетілгендей үшеу емес, одан көбірек болатын, менің өзім сондай үнпарақтардың үш-төртеуін Павлодар қаласындағы қоғамдық орындарға іліп кеткенмін.  Бұл тұста МҚК қызметкерлерінің қолына түскен үнпарақтар саны ғана көрсетілсе керек.
Енді  ҰҚК Орталық  архивіндегі «Жас ұлан» ұйымының ісі тереңірек зерттеле түссе, бірталай құпия ашылар еді деген ойдамын.

Ел азаматтарына өтініш
Қазақстанда қанды Желтоқсанға дейін де коммунистік режим құрсауынан егемендікке ұмтылып, маңдайына қара таңба басылған, сонда да  ұлттық мұрат-мүдде бағытынан ауытқымаған рухы күшті алдыңғы буын ағаларда да, соларды үлгі тұтқан кейінгі толқын күрескерлер де менің жан дүниеме жақын адамдар.  «Ел үшін еңіреп туған ер!» деп айтуға әбден лайықты біздің заманымыздың қаһармандарының  біршамасымен танысып, білістім, кейбірімен жүздесіп, тілдестім. Олар: Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатаев, Мақаш Тәтімов, Амангелді Айталы, Бекболат Тілеухан тәрізді қоғам қайраткерлері; қазақ диссиденті: Кәмел Жүністегі;  Желтоқсан қаһармандары: Қасен Қожа-Ахмет, Нұртай Сабильянов, т.б.;  қазіргі ұлтшыл патриоттар: Дос Көшім, Айдос Сарым, т.б. Солармен қатар ғылым, мәдениет, өнер, әдебиет, тіл, журналистика салаларында, қоғамдық ұйымдар мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерде егемен елдің мемлекеттілігін нығайта түсу үшін қайраткерлікпен еңбек етіп жүрген ұлт перзенттерін рухани дос тұттым.
Қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары: «Менің Қазақстаным» әнұранының авторы Жұмекен Нәжімиденовтың және Қуандық Шаңғытбаев пен Мұзафар Әлімбайдың ақ батасын алдым; сондай-ақ «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген!» деп егіле, төгіле жырлаған Жұбан Молдағалиевтің  қолынан Қазақстан шығармашыл жастары «Жігер» фестивалінің дипломын алдым;  өзге де ұлылы-кішілі ақындардың шарапатына бөлендім, республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы, жүлдегері атандым.
Ең бастысы, Еліміз егемендікке қол жеткізіп,  өркендеген елу елдің сапына қосылуға бет түзегенін көрдім, сол көш жолының ұлттың өркениетті ұлы жолына айналуына қадари-халімше үлес қосуды көздедім.
Осылайша, Гүлбаршын Әлиева, Рәшит Бейсекеев, Айгүл Жүнісова, Сембай Құсайынов марқұмдардың көре алмай кеткен, қазіргі көзі тірі жас ұландар да көрмеген жақсылықтарды мен көрдім. Бірақ, қызыл империя саясатының қаны сорғымаған кезеңде менің жетекшілігіммен қатерлі жолға түскен  үзенгілес серіктерімнің  алдындағы жауапкершілікті жан-тәніммен сезінемін. Және мен жүзеге асыра алмайтын іс:  «Жас ұлан» ұйымының іс-әрекетіне саяси баға беру мәселесін халық қалаулылары шешеді, оларға Жанна Қыдыралина тәрізді тарихшы ғалымдар, ұлт зиялылары қолдау көрсетеді  деген үмітімді үзбеймін. 
Кеңестік кезеңде екі жастың біріне жетпей тағдыр-талайы сергелдеңге ұшыраған жас ұландардың іс-әрекетіне егемен елдік ұлықталған кезеңде, адамгершілік пен діни сенім құрметтелген қоғамда  саяси баға беру олардың о дүниелік болып кеткендерінің жандары жаннатта жайлануы үшін, жер басып жүргендерінің көңілдері орнығуы үшін керек, сонымен бірге жастар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мен ұлттық идеологияның іргетасын бекемдеу үшін де қажет.

Үстіндегі суретте: Солдан оңға қарай: Рашит Бейсекеев , Арман Қаниев, Болат Какежанов.
1969 жыл, Павлодар.
Астындағы суретте: Гүлбаршын Әлиева

 

 

Арман ҚАНИ, «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының «Ертіс дидары» газеті редакторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Ертіс дидары» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397