Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7270 1 пікір 6 Тамыз, 2020 сағат 12:40

Алакөл жылайды (әңгіме)

Күн мұнар. Салқын жел баяу еседі. 

Азанмен таңғы асын асыға ішкен Есет үй-жәй, бала-шағасын бір Аллаға тапсырып: «Иа, Алла менің біреуге зиян тигізуімнен, біреудің маған зиян тигізіуінен Өзің сақта»-деп қақпадан жеңіл басып шықты. 

Алматыдан автбус ақырын қозғалды. Жол жақсы болса да Талдықорғанға дейін өгіз аяңнан аспады. Жолаушылардың таңғы шала ұйқысын бұзғысы келмеді ме, әлде жүргізуші өзі ұйқтады ма? Әйтеуір, түс ауа қалашетіне ілініп, тамаққа тоқтады. Елдерде қалғып-шұлғып ұйқтап отырды.

Түстеніп алған соң жолаушыларға жан бітіп, сөйлей бастады. Көлік ары бір, бері бір теңселе шаңды аспанға көтеріп, құйындап келеді. Кейде аунап кетердей бір қапталына қатты жантайып, әрең оңшалады. Аттың үстіндегі мас қалмақтай адамдар екі жаққа кезек-кезек бас шұлғиды.

Жоңғар алатауы көсіліп жатыр. Есет өзімен-өзі күбірлей бастады... осы таудың әр жотасы мен сайы 123 жылдық қазақ-жоңғар соғысына куә, қойын қонышы тұнған хикаия. Ат тергеудің өзі осы кезде шыққан-ғой. Жотаның астынан салаң етіп шыға келген жоңғар тыңшысы «Алып қара құс», «Отын жарғыш», «Шабақ су» ауылы деген жауаптардан кімнің ауылы екенін біле алмайды. Қойшының білетіні де сол. Кейін олар бұл даланың бәріне «Шамалған», «Қаскелең», «Нарынқол», «Кеген» деген сияқты өз аттарын қойып тастапты...Біздер олар қайтып келіп өз жерін даулайтындай Жоңғарлардың атын айтып әлі жүрміз. 

Үлкен екінті. Күн сол қапталдан қиғаш түсе бастады. Терезені ашса бұрқылдаған шаң көліктің ішіне толады. Ашпаса ыстық. Қиқаңдаған көлік жыртық жолды елеместен тынбай зымырайды. Үшаралдың тұсында қызарып тағы бір күн батты. Шам қояр шақ. Автобус ақсақ қасқырдай шоңқаңдай жортты. Жол дөңгелекті толығымен жұтады, елдің ішек қарны солқ етеді, жүргізуші байқұс мықшыңдап аяқ-қолын қалыпсыз қозғап ордан қайта шығарады. Кешкі салқынмен терезені айқара ашты, шаң-тозаң бір терезеден кіріп, бір терзеден шығады. 

Есет мына ішті солқылдатқан қорлықтан құтылғысы келіп басқа нәрсе ойлауға зорланды. Алакөл, Алакөл деп қайталады, көз алдына көлмен бірге Қазақтың қас батыры Қабанбай келді. Жарықтық атамыз осы өңірде қол жинап, жауға шапқан-ғой. Қандай ерлік...  «Айлап сауыттарын шешпеген сарбаздар қасиеті Алакөлге Аллаға сиынып түскенде, анадан туғандай тазарып, жарақаттары жазылып бастапқы күшіне бірден келген»-дейді. 

Қабанбай 77-ге келіп сырқаттанып жатқанда әкесі Әтеке жырықтың кегін алуға ұлы Қарабек 500 адамдық қолмен келеді. Қан майдан ортада Қырғыздың жас бөрісі Қарабек: Қабанбай, Қабанбай!-деп ақыра жекпе-жекке шақырады. Қазақтың басқа батырына бұндай да кезек жоқ. Қарт батыр дәретін жаңалап, екі бас намаз оқып, «өлсем шаһит»-деп Аллаға жалына дұға жасады. Сырқатынан айығып, қарттық меңдеп қайтқан күші қалпына келеді. Мойнын бір жағына жантая өмірлік серігі болған Қубас аттың құлағына бірдеңе сыбырлап келеді. Тұрыстық берген Қарабек тұра шапты, қос батырдың ат тұяғынан ошақтай ойлып жер жатты, түйдек-түйдек шаң аспанға ұшты, көлбеңдеген бейнелер қою шаңда қараңдады, шарқ-шұрқ тиген найзадан найзағай жарқылындай от шашырайды. Қылыштың шаң-шүң дыбысы құлақ тұндырды, бір кезде Қарабектің аты иесіз ойнап шетке шыға берді. Қазақ батыры Қабанбай қасқайып, ортада тұрды. Есеттің кеудесін мақтаныш сезімі кернеді. 

Ұйқыда емес, ояуда емес ел шаң жұтып келеді. Түнгі он екіден өте Алакөлдің түбіндегі әкпесі тұратын Жарбұлақ ауылына жетті. Қараңғы түн. Меңкиген тастай түнек дала. Тып-тыныш ауыл өзімен өзі мүлгиді, үрген ит жоқ. Түн баласы тынбай шулап жататын бақа, тоқтасыз шырылдайтын шегірткеде үнсіз. Табанына тас батқан Есет жездесінің үйіне келді. Темір іргенекті дыбысын шығармай ақырын шешіп жатқанда «түнде неғып жүрсің» дегендей құйрығын бұлаңдатып қара күшік келді. 

Жаздық үйден шығып тұрған жуан еркектің қорылдаған үні ауланың тыныштығын бұзып тұр. Демі үзіліп барып, әзерге қайта жалғанады. Өлі мен тірі деген дем алып, дем шығарудың арасы екен-ау деп ойлады Есет. Мысық табанмен үйге кіріп жата қалды. 

Тауық шақырды. Есет бір жақ қырына аунап жатты «тұрыңдар, тұрыңдар, Жартушы сендерге бүгінгі күннің риздығын шашады» деп айқайлап тұрғандай. Үй ішіне ала көлеңке түсті. Есет есікті серпе ашып, далаға шықты. Анадайда сиыр айдап жүрген жалғыз әйелден басқа жан жоқ. Күндегі әдетімен жүгіруді бастады. Бір дәу сыртан қақпасынан шыға керіліп созылып, артқы аяғымен жер тарпып: «қайдан келген жансың, бөтен адамсың-ғой» дегендей қарсы алды. Өзіне қарай келе жатқан танадай дәу иттен қорқа бастады. «Қонақты қаппайды, ақылды ит»-деп, қозғалмай тұрды. Жанына келіп жанды жеріне жақындағанда «әйеліме не бетімді айтам»-деп, бойынан жаны кете, бір демен зорға шыдап тұрды. Артына өткен ол май құйрықтан бір искеп «Жоңғар болмасаң болды»дегендей кері қайтты. «Ұһ, көше сақшысы жүруге ұқсат берді-ау»-деп, бүлкек желісті жалғастырды. Ауыл шеті, қалың алабота, қурай, шулаған өлең шөптер өзімен өзі бастырын тиістре күбірлеседі. Сиырын сауып сүтін үйіне көтеріп бара жатқан әйел «неғылған жан» дегендей таңырқай мойнын соза қарап «өзімен өзі жүгіріп жүрген есі дұрыс емес біреу шығар»-деп, ернін сыл еткізіп үйіне кіріп кетті. Алдынан қабір кездесті. Айналасы көк майса, таңғы жаттығуға таптырмайтын жер екен. Барлық ауыру тамырда қанның дұрыс айлаумауы мен жүйке жүйесінің толық жұмыс істемеуінен деп білетін Есет сол білезігін мыжғылап өз ісіне кірісті. Әр бейіт белгі тасымен кім жатқанын айтып тұр, көбінде адам бейнесі салынған. «Мына өмірге қайта бір келсек шіркін, күнасыз жер басар едік»дегендей қиыла қарайды. Барлық адам өледі... Кешегі Абылай, Қабанбай, Бөгенбайлар... жөңкілген Жоңғарлардың қалың қолы бұл даланы қанша рет таптап өтті деші...Ажал биін билеген адамдар.... Жер бетінде не істесең, өлген соң алдыңан бәрі шығады...Ел мен жері үшін күрескен баһадүрлердің өзі қабірден кейінгі өмірді ойлап, Мамырсуда Абылай бастаған мың адам Қазақ-Жоңғар бас қосып, ымыраласып өткен кеткен хақыларын халал етісіп, бірін-бірі кешіріпті....Тыныш заманда өзі үшін өмір сүрген, барлығына мүмкіндігі бар адам пендесінің ертеңгі жағыдайы қиын-ау... 

Қабірге жақын үйдің сүр күшігі үйшігінің төбесіне шыға шәбеленіп:«неғып тұрсың»-деп, айқай салды. Күн құлан иектеп сығалай қарады. 

Қиғаш терістікте тірілер. Әр үйдің қызыл, жасыл шифыры өз иесінің кім екенін айқайлап тұр... Тоқал тамнан бір қара сирақ бала шықты, тік тұрып күнге қарап шаптырды.

Қақпадан кіріп келе жатқан Есетке қарап шойын қара, төртпақ денелі, дәу бас ксі тұрды, жақындаған сайын ол салпаң құлағын қозғады, сығыр көзін ашып-жұмып уқалады, жалпақ мұрнын тыржыңдатып, ауылды басына көтере қатты түшкірді. Тізесіне жетпейтін сұр ыштаны оқыс қозғалды. Үстінгі жағы тырдай, кеудесіндегі маманың орны болымсыз блұтыңдады,мес қарны өзінен бұрын:« түнде жоқ едің-ғой, кімсің»деп тұрғандай.

-Ассалаумағалайкум аға. 

-Уағалайкумассалам. Қай баласың?

-Қонақпын. Түнде сіздер ұйқыда жатқанда Алматыдан келдім.

-Бізде қонақпыз, келгелі бір жеті болды, бүгін кетеміз.

-Балдыз келіпті-ғой деп, жейдесінің бір жеңін киуге үлгірмей жездесі ескіті жамылып тысқа шықты. 

Амандық есендік сұрасып, жезде мен балдыз қауқылдасты.

- Келе жатқаныңды неге алдын ала айтпадың. Түнде келген соң да оятпапсың. 

-Сіздер ұйқтап жатыр екенсіздер мазаламайын дедім.

-Мазаламайтын кісі Алматыдан келмейді-ғой. 

-Бұл осы қашан болса осылай үндемей түнде келіп жатып алады, азанда тұрсаң ұйқтап жатады.

Жездемен балдыздың әңгімесі жарасып тұр.

Белін ұстап бір жағына жантая мойнын қисайтып, күйеуінен бойы биіктеу қара кемпір шықты. Есет келген екен-ғой. 

-Қалайсың күнім (бетінен шөп еткізіп сүйіп, інісін біраз құшақтап тұрды).

Азғансың-ғой.

-Жұмыс, сол жүрген. Жақсымыз.

-Келін, бала-шаға қалай.

-Жақсы. Өзіңіз қалайсыз.

-Әкпеңнің қолын жылы суға малып бағып жатырмын.

Ал беті қолдарыңды жуыңдар таңғы ас ішіп, көлге барайық. Бұл бізге келді дейсің бе, көлге келді-ғой.

***

Алакөл. Көкпенбек көл, өз арнасында тынымсыз тербеледі. Ақжарма толқындар жағаны тоқтаусыз ұрады. Көз сүріндірер көгілдір жолақтар көзды алдаусыратып, алсқа сүйрейді. Жанарды талдыра судың дәл ортасындағы қарауытқан төбешікке апарып бірақ тірейді. Төбе көлге ерекше сән береді.  Жағаға таман су сарғыштанып сан түрлі түске еніп, жалтылдап көз жауын ала адамды ұялтады. Көл иод, тұз, кірмениге бай, сырттағы құрғақ ауа су бетіндегі дымқылмен астасып, демікпе, түрлі әлергияға ем. 

Ұржар, қатынсу, Емелқұйса, Ырғайлы, Жаманты, Жаманөткел, Тасты, Сасық көл, Ұялы, жалаңаш көл бәр-бәрі Алакөлге жеткенше асығады. Көл аумағы 2696км, су көлемі 58,56, ұзындығы 104км. Ені 52км. Тереңдігі 22-54м. Жағалауының көлемі 348км. Батысы Тоқта тауы, шығысы Барлық жотасы. Екі таудың ортасы Жоңғар қақпасы. Түстік шығысында Жоңғар Алатауы. Терістігінде Тарбағытай жотасы мұнартады. Осылардың хақ ортасындағы Табиғи рельфі сұлу қазаншұңқырда Алакөл балаша еркелейді. Су қаңтарда қатып, сәуірде бірақ ериді. 

Әр жердің өз иесі болады. Адам ата Жәннатан жерге түскенде алғаш жылқының арқасынан сипаған екен. Желден жаратылған жануар Адам атаны Меккедегі Мәруа төбесінде Хау анаға кездестіріпті... Алладан еңбегіне ақы сұрағанда осы Алакөлді оған силапты. Бота көз, бөкен қабақ, сұр айғыр құлағын қайшылап өзіде жүзіп келеді. Әне, кісінеді. Шілдеден қыркүйектің ортасына дейін мазасыздана көп кісінейді. 

Күн арқан бойы көтерілді. «Ауыр аяқ әйелдің қарнына кіріп кетер»-деп, жағадағы әйнек құмыраның сынығын толқынмен тербелген ұсақ тастар шетін егеп, мыжғылайды. Жаяулардың әдемі жолында карточка мұрын, кеудесі жүн қаптаған мес қарын еркектер мен алдына іркілдете алып шар байлағандай жіңішке сан орыстың қызыл тәнді әйелдері аспандата күліп, темекісін жерге үрлей, паңдана басады. Қонақ үйлер бірімен бірі жарыса көкке бой созады. Ішінде не сұмдық қызмет көрсетеміз деген маңдайшалықтар жылтылдап, жанып-өшеді. Екі қапталдағы кафелер мен шайхана, сырахана, кәуапханалар оларға қарап телміре алақан жайып, өзінде бардың бәрін беруге дайын. Балмұздақ, самсахана, тағы басқа ұсақ-түйек сататын дүңгіршектер мен жаймашылар көлге жақын жерде қыбыр-қыбыр тірлік етеді. 

Көл жағасы ілезде ығы-жығы адамдарға толды, бәрі кісі киік... Табан басар жер қоймай шатыр тігіп, төсенішін төсеп жанталасады. Қаптаған ел, қызыл-жасыл дүние, біреу суға секірсе, біреу судан шығады, біреу балшық жақса, біреу балшық жуады. Біреу шалқалап жатса, біреу екпеттеп жатыр.

Жағалауда қайықтың түр-түрі тұр, олар «маған мін, маған мін»-деп, қолдарын көтере таласады. Су жылқысы кісінеді. Құлағын қайшылап әне жүр.Арқыраған сүңгіру кеменің мамық орындығында жас қызбен, қозы қарын еркек құшақтасып жабысып алыпты. Барқырата ақ жағақ толқын тудырып, құйғып барады. Су жылқысының үнін басып кетті. Қызыл сары жолақты шапан киген шашы дудардай, пістік тұмсық жас жігіт қайығын гүрілдете бастады, қолдарындағы сыраның құмырасын өзара тигізіп, кеңірдегіне төккен боз жігіттер«айда»-деп, айқай салды. Алысқа кетті, шетінен суға төмен қарай шаншыла сүңгіді. 

Жағалаудағы пласмас баклашкіні аулыдың қара сирақ балалары теріп алап, ат шаптырм жердегі қамыстың түбінен қара балшықты тоңқаңдап жүріп алып, сықплап салады. Тереңнен алған ақ сағыз батпақты екінші ыдысына толтыра нығарлап «дәрі сатам, дәрі»-деп, айқайлай жалаңаш елдің арасында жүр... Әйелдің «бар қымбатын» тірідей қарап қызықтайды. Балшығым «құйаң желге, бел ауруға, сар буынға, тері кеселдің түр-түріне таптырмас ем»-деп, сұраған жанға айтады. Қол шатырдың астында жалғыз жатқан ақ тамақ арудың жалтыр санына қызыға қарады. «Батпағыңды қалай істетеді»-деген үні шығысына екпеттеп жатқан арудың иығына, арқасын әдемілеп сылады. Чепси жеп, кола ішіп, ерте жетілген қара сирақ баланың бір жері жыбы ете түсті. Шалқалаған оның аяғының башбайларынан бастап, балшығын жаға бастады. Екі балтырына жақты, қолы өрлеп барады, қыз рахаттанып жатыр... Бір түрлі истен жиркене қолын тез тартты. «Жарты сағаттан соң жуып тастайсыз»-деп, ақшасын алып, тайып тұрды.  

Ғажайып жұдырықтай құс, кеудесімен суды жара ұшады. Ол Ернар Әуезов аралтөбеде жатып зерттеген атақты реликті шағала. Осыдан 2км қашықтағы Алакөл қорығына барып жек дуадақ, бізтұмсық шағала, қарабасты күлегеш, бұйра және қызғылт бір қазан, ақбас үйректермен танысты бірақ ол жер оған тұрақ болмай тез қайтып келді. 

Жоңғарлар тыныш жатқан елді аяқ асты шапқанда, жан сауғап бас басына бытырай қашқан елге жас қыз: «барлықтарың тоқта, барлықтарың тоқта»-деп, дауыстады. Ел тоқтап, ақыл біріктірді. Тоқта мен Барлық тауы солай аталып, сол даусты әлі күнге қайталап зікір етеді екен. Батыр қызға Жоңғарлар найза түйрегенде оның рухы әдемі шағалаға айналып, Алакөлдің бетінде ұша жөнеліпті...Жұдырықтай шағала осылай көлдің еркесіне айналып Жоңғарды қарғапты, олардың тұқымы құрыса да әлі күнге шаңқылдай қарғайды екен....Әне, шағала шаңқылдады...боз айғыр кісінеді... шағала аттың құлағына қонып өз хикиясын айтып барады. 

Жаздың ұзақ күні, көл беті азан-қазан. Бақыра ойқастаған кеменің гүрілі. Жалаңаш адам шуылы. Бір кезде осы жерге қожа болған қалмақтардың өзі «жалаңыш тәнімізге қарасақ ақылымыздан адасамыз»,-деп тізесінен төмен ақ дамбалмен түсуші еді дейді бар қызықты аралтөбеден тамашалаған жыландар. Осы төбенің иесі осылар. Есте жоқ ескі заманда олар адамдар екен, басында «еркіндік»-деп, етегін ашыпты, кейін «ер-әйел тең»-деп, тыр жалаңаш жүріпті. Хайуандарша қалай реті келеді, солай жабысыпты. Кімнің баласы, кім екенін ешкім білмепті. Оны олар ерлік санапты... Жартушының қаһарына ұшырап, бір түнде жыланға айналып кетіпті... Жыландар түнде және қатты ысығанда суға түседі. Басқа уақытта «өз уы өзінде» күнге қыздырынып, өткендерін еске алып тыныш жатады...

Жалаңаш адамдар...көгілдір күңгірт көлде сансыз адам еріншектене дайрағын дарытты, кіші дәретін сарытты, өйтуге ары жібермеген Есет жағлаудан әжетхана таппай, құйрығын қамысқа сыздырып, үсті боқ сасып келді. Жездесі ащы әтір берді. Су жылқысы тағы кісінеді. Шағала шаңқылдады. Қисық алмұрт тәріздес ағынсыз алып көлдің көңілі күпті, жыламсырады. Желмен бірге қамыс шулап, Алакөл жылады. Су жылқысы «көрсем көзім шықсын»- деп, су астына бірақ сүңгіп жоқ болды. Кеш батып, көз байлана ішінде ақ жыланы ысылдаған жалаңаш еркек пен әйел су ішінде ылпасын сыпра жабысты, бір-бірін жаңа көргендей ұмсына ұстасты, ауыздарындағы жалғыз сағызға жатып кеп таласты...анауда бермейді, еркегі де алмай тынбаймын деп, басын қалай қозғаса, солай бұлтаңдай сағызға әбден таласты. Тамшылап суға мәни ақты. Су жиркенді... Аюмен алысқандай олар суға бір екі тұншыға есін әзер жинап, көздері бозарып құр сүлдері жағаға беттеді. Елден алыстау жаға жайдағы дөкейдің алып қонақ үйіндегі ерке тотай қатыны сасық суды көлге бірақ жіберді. Көл жылады...Шыңғыра жылады... Шағала су бетінде шаңқылдады...Терістік батыстан оңтүстік шығысқа гулеген Ебінің желі көл бетін тазарта бастады. 

Боз айғыр амалсыз су бетіне шықты, қатты шыңғыра кісінеді, су иесінің ащы үінінен Ебінің желі толқындар тудыра:«адамдар өз нәжістеріңді өз ал»-деп, жағаға бірақ лақтырды.

«Қабанбай аталарың сияқты асты дәреттеріңді алып, су ішіне түкірмесеңдер оларға берген күшті сендергеде берер едік-ау»-деп, айқай салды Алакөл. 

Есет су жылқысын жақыннан анық көрді, оған қарап қол бұлғады, ол мұңын шаға кісінеді. Алакөлдің бетінде өркештенген толықындар пайда болды. Толқынды қуа шағала ұшты...Бірдеңе айтқысы келді... Түн...Самсаған жұлдыздар балқыған қорғасындай бадыраия төбеден қарады. 

Қазақ-Жоңғар соғысында бес намазын қаза қылмаған батырлардың ұрпағы дөңгелене даңғаза музикаға, ажалдың биін асыр сала билей бастады...Түн күнәларын жасыра өз құшағына тартты. Түн болмаса қандай жақы еді деп, Есет күбірлеп жездесінің үйіне кетіп бара жатты...

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394