Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4159 3 пікір 12 Тамыз, 2020 сағат 12:17

Қазақша жазылған еңбекке орысша араластырмау керек

Көп жылдан бері ХҮІІІ ғасырдағы Қазақ хандығының тарихымен айналысамын. Тиісінше, Мәскеу, Сакт-Петербург, Омбы, Орынбор, Ташкент, басқа да архивтерде жұмыс істеп, көне орыс әліпбиін танып, орыс тілінің байырғы орамдары мен иірімдерін игеріп, біраз тәжірибе жинақтаған жайымыз бар. Мен ол құжаттарды қазақшаға аударып, жариялаймын. Үзінділерді де қазақша беремін. Ал, біздің көптеген авторлар орыс тіліндегі дерек көздерін пайдаланғанда, сол орыс тіліндегі күйінде үзінді ретінде береді. Неге?

Оның мәнісі әуелден орыстың соңынан еріп келе жатқанымызда. Орыс зерттеушілері ежелден латын, неміс, француз, ағылшын тілінде, тіпті қытай тіліндегі негізгі деректерді дұрыс аударуға шамасы жетпегендіктен, түпнұсқадан ауытқып кетуден сақтанып, сол күйінде беретін болған. Бұл  көбінесе, тарихи тақырыпта жазған орыс авторларының еңбектерінде, немесе шет елдік тарихшылардың ХІХ ғасырдың басында орысшаға аударылған еңбектерде жиі байқалады. Бірақ, келе-келе, 1860-70 жылдардан бастап, бұл үрдіс қысқарып, сол шет тіліндегі мәтіндерден алынатын үзінділер орысшаға аударып беріле бастады. Тек, әдебиеттердің атауын ғана сол түпнұсқа тілінде береді. Бұл – кәдімгі, ілгері басушылық, прогресс еді.

Ал, ХХ ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарындағы қазақ авторларының шығармаларында бастапқы кезде дәл сондай үдеріс байқалды. Қазақ аудармасының теориясы мен практикасы, сол сияқты ғылым тілі қазақша  қалыптасып болмаған кездегі жағдай ретінде бұған кешіріммен қарауға болар. Өкінішке қарай, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында да, яғни осы күнге дейін ғылыми жазбаларда сол бір көріксіз, өнімсіз әдет жойылған жоқ. Тіпті, заңды сипат алып, сәнге айналып кеткендей. Еңбектердің мәтіні қазақша (немесе, қазақша сияқты), бірақ ішінде дерек көздерінен дәйексөз ретінде алынған үзінділер құлаш-құлаш орыс тілінде өріп жүреді. Жастар ғана емес, тіс қаққан оқымыстылардың да жасайтыны осы.

Бұл – үлкен кемшілік екенін мойындайтын уақыт келді. Мысал келтірмей-ақ қояйын, осы сөздерді оқып отырғандардың іштері сезеді. Төрт құбыласы түгел, төгіліп тұрған бай тіліміздің намысы үшін ғана емес, сонымен бірге өз қолымнан келгендіктен, өзім еңбектерімде ондайға жол бермегендіктен көтеріп отырмын.

Ұсыныс қандай? Жұмысты қазақша жаза алмасаңыз, орысша жазыңыз. Цитата, үзінділерді орысша берсеңіз, сізге ешкім ұрыспайды. Ал, жұмыстың мәтіні қазақша болып, орысша түпнұсқадан алмақ болған дәйексөзді  қазақшаға аудара алмасаңыз, (ондай да қиындық кездеседі) ұялмаңыз,  қазақшаға жетік, сізден гөрі аудармаға шебер маманның көмегін алыңыз. Тіпті, мен сіздерге айтайын, қазақшасы бар дереккөздерін пайдаланбай,  үзінді алмай, орысшасын сол күйінде көшіріп алатын әріптестеріме сын айтатын кез келді. Мұндайды, автордың тек қана білімнің таяздығы, тілге шорқақтығы ғана емес, ғылыми әдепсіздік дер едім. 

Осы мәселе жөнінде, реті келгенде, грузин және латыш ғалымдарымен тілдесіп, пікір жарыстырғаным бар. Сонда олардың айтқаны: «Мүмкін, сіздің қазақ тіліңіздің қауқары кем, орысша айтылған ойды толық мағнасында, бейнелі, кәсіби түрде бере алмайтын, дамымаған тіл шығар», деді. Менің осы сөздерімді тыңдап отырған кейбір отандастарым да солай деуі мүмкін. Жоқ! Олай емес. Қазақ тілі кемеліне келіп, ғылым тіліне айналып болған.  Қазақшаға аударылмайтын орыс сөзі, сөз тіркесі, сөйлемі жоқ. Идиома түріндегі фразеологияның жөні басқа. Оларды аударудың да әдіс-амалдары бар.

Сондықтан, қазақша жазып отырып, орысша араластырмай-ақ қояйық. Ол біздің білгіштігімізді көрсетпейді. Автордың ойлау, тану, сөз құрау, ой жеткізу тұрғысында әлжуаздығын, бері қойғанда еріншектігін көрсетеді. Зиялы қауым өкілдері «қазақтың тіліне жанымыз ашиды» дегенде қамшы салдырмай, жарыса жөнелеміз. Сол жанашырлықтың бір түрі осы мен айтқан мәселеден көрінсе керек. Жарайды, аудару қиын шығар, қиналыңыз, ізденіңіз, сұраңыз... сонда қазақ тілінің құдіреті қандай екеніне көз жеткіземіз.

Енді, жалпы алғанда, еліміз бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасымен бірнеше жылдан бері жиналған материалдар, дерек көздері  сол күйі орыс тілінде, ағылшын, парсы, қытай тілінде жатқанын да айтайын. Жинақ болып басылып, халық игілігіне орыс тілінде ғана ұсынылғанын байқаймыз. Өзгені былай қойғанда «ХҮІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» деген атпен алпыс жыл бұрын шыққан жинақтар әлі толық қазақшаланған жоқ.  «Қазақ тарихы орыс дереккөздерінде», «Қазақ тарихы араб-парсы дереккөздерінде», «Қазақстан тарихына материалдар» деген сияқты жинақтар қазақшаға аударылмаған. Ал енді сол еңбектің орысша мәтінінің өзін кім, қалай пайдаланып жүр, деп ойланып көрдік пе? Тілші ғалымдар тиіп-қашып, көне орыс тілінің кейбір ерекшеліктерін байқау үшін ғана зерттейді.  Қалған құлаш-құлаш, тұтас бір бетке симайтын, орысша орашолақ құрылған сөйлемдерді орыс лексикасына арнайы жаттыққан адам болмаса, толық түсінбейді де. Себебі оларды жазған хатшылардың да білімі асып-төгіліп жатпаған. Қазіргілер бұл сөйлемдер мен сөз тіркестерін долбарлап, жобалап қана түсінеді. Соның салдарынан, орысша түпнұсқасынан аударылып, пайдаланылған сілтемелердің шикілігі байқалады. Мұндай мысалдар, әсіресе жас авторлардың еңбектерінде жиі ұшырысады.

Осы мәселені көтеріп, ұсыныс айтып отырған өзіміз, көне орыс тілінен қазақшаға аударып машықтанған, біраз тәжірибеміз бар маманбыз десем, мақтанғанды демеңіздер. Мысал керек болса, біздің «Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. 2005» деген 500 беттік жинақты, «Қазақтың ханы – Абылай» деген атпен 2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен «Ел-шежіре» баспасынан шыққан 1300 бет екі томдық ғылыми басылымдарды байқап көріңіздер. Бұл еңбектер ХҮІІІ ғасырдағы қазақ тарихына, оның ішінде Абылай хан тақырыбына байланысты зерттеулер үшін дерек көздері ретінде бірқатар авторларға көмек болғанын көріп отырмыз.

Қорыта келгенде, тарихшы авторлардың жұмысын жеңілдету үшін ғана емес, (әрине ол да керек) түпнұсқасы орысша дерек көздерін ғылыми жинақ түрінде кәсіби деңгейде аударып, басуға мемлекеттік дәрежеде көңіл бөлейік. Қазақша жазып отырып, орысша үзіндіге жүгінуді тоқтатуға бастайтын бір амал осы. Ал, орыс тіліндегі түпнұсқа мәтінді өзі игере алмай, онысын жасыру үшін сол күйінде үзінді етіп көшіріп сілтеме жасау - қазақ тілінің қасиеті мен құдыретін сыйламау болады.  

Зарқын Тайшыбай,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры,
филология ғыл. кандидаты, PhD

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5493