Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 4048 13 пікір 12 Тамыз, 2020 сағат 14:26

Бірыңғай емле жасалуы керек!

Ағылшын, француз, неміс, тіпті орыс тілі де осы күнге дейін басқа тілден келген сөзді өз тілінің айтылуына бағындырып, жұтып жіберетін «темір» заңдылығын мығым сақтау арқылы әлеуетті алпауыт тілге айналып отыр. Бұл тілдердің орфографиялық сөздігінде «шеттілдік сөздерді жазу ережесі» деген арнайы тарауша да кездестірмейсіз. Өйткені ол тілдер шеттілдік сөздерді жазуда өз сөйлеу тілінің табиғатын ғана пайдаланады, яғни кірген сөздерді тырп еткізбей, өз тілінің дыбысталуына бағындырып айтылуы бойынша ғана жазады. Демек, бұл тілдерде төл сөзі үшін де, кірме сөз үшін де бір ғана емле жасалған. Бізде ше?

Бізде де солай болған бір кезде. Тілімізге жазу ережелері әлі билік құрмаған сонау 20-ғасыр басында біздің тілімізде де сөйлеу тілінің әлеуеті дәл солай кірме сөздерге билік құрып тұрды. Халел Досмұхамедовтің «Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе», - деп сенімді айтуының өзі сол кездегі тіліміздің кірме сөздерді игерудегі әлеуетінің қаншалықты мығым болғандығын көрсетеді.

Міне осы мығым заңдылық тіл ғылымында кірме сөздерді игеретін «тілдік механизм» деп аталады. Осындай «тілдік механизм» барлық тілдерде, соның ішінде біздің тілімізде де бар. Кірген сөздерді өз сөзі етіп жіберу үшін барлық тіл осы механизмді қолданады. 20 ғасырдың басында солай болды да. 1926 жылы 26-ақпан мен 5-наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінде де, 1929 жылы 2-4 маусым аралығында Қызылордадағы емле жазуына қатысты ғылыми орфографиялық конференцияда да айтыс-тартыс болғанына қарамастан, тіліміздің үндесімділік заңдылығы бәрінен жоғары қойылып, сол кездегі сөйлеу тілінің әлеуетін жазуда пайдалану керектігіне басты назар аударылды. Сол 1929 жылы 25 маусымда сол кездегі Қазақстан атқару комитетінің төрағасы болып тұрған М.Әуезовтің қол қоюымен бектілген қаулыда былай делінген екен: «... қазақ емлесін емлелерінің ішінде ең оңай саналған дыбыс жүйелі емле негізіне құру керек; қазақтың төл сөзі үшін де, шеттен кірген сөздер үшін де бірыңғай емле жасау керек». (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 2014 . 3-том:73-б.).

Демек, мұндағы «дыбыс жүйелі емле» деп отырғаны – сөзді айтылуы бойынша, яғни есітілуі бойынша жазу керек деген шешім еді. Әрине, бұл өте дұрыс шешім болды. Сол кездегі газет-журналдардың бетінде де, сол кездегі ғылыми әдебиеттерде де кірме сөздердің таңбалануында қазақылық иісі ұрып тұр еді: обылыс (область), партыйа (партия), кәмійтет (комитет), кәмсәмол (комсомол), калхоз, әртел (артель), бәлшебек (большевик), kektir (гектар), бірійгәдір (бригадир), өктәбір (октябрь), пұрсент (процент), тырактыр (трактор), нойәбір (ноябрь), пәкті (факт), сыйпыр(цифр), пебырал (февраль), әкәдемійе (академия), сесійе (сессия), Ленінгірат (Ленинград), респөблійке (республика), кәмесер (комиссар), әртел (артель), пәсөлке (поселка), кәперетсе (кооперация), үушаске (учаске) т.б. (Мысалдар Күдеринованың «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» еңбегінен алынды (Алматы, 2013).

Яғни бұл кезеңде тіліміздегі «сингормонизм» заңдылығы қазақтың өз сөздерінде де сөз арасында естілетін қысаң дауыстыларды (І,Ы) естілуі бойынша жазу арқылы (тұуралы, тарыйқый, шұу, жатұу, білүу, болұу, отырұу) кірме сөздерді де тіліміздің заңдылығына тастай етіп бағындыратын «тілдік механизмін» жұмыс істетіп отырғандығын көреміз. Бұл «тілдік механизм» әрі қарай да сақтала берер еді, әттең қолдан өзгеріс жасап, жоғалтпағанымызда. Бірқатар әлеуетті тілдердің табиғатында әлі күнге сақталып отырған осы бір кірме сөздерді жұтып қоятын «тілдік механизмнен» біз қалайша айрылып қалдық?..

Кезінде Халел Досмұхамедов: «Елдің тілін бұзатын, көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған, мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына, ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді», - деген екен. Бізде де солай болды. Оның үстіне Кеңес үкіметінің саясатымен бірге тілімізге жыл санап енген орыс сөздерінің еселеп артып кетуінің өзі де ол сөздерді табиғи игеруге қиындық әкеле бастағаны да рас. Әрі сол кездерден бастап Кеңестік саясаттың орыс тіліне басымдық бере бастаған саясаты да қазақ жазуының біртіндеп өз заңдылығынан айрылуына әсер ете бастағаны тағы бар.

Осы кезден бастап тіліміздегі кірме сөздерді өзіне толық бағындыруда «кілт» болып отырған, тіліміздің үндесімдік заңына (сингормонизм) деген ғалымдарымыздың көзқарасы да күрт өзгеріп «сингормонизм соншалықты тұрақты құбылыс емес, ол да өзгереді» деген сыңайлы былқылдақ пікірлер белең ала бастады. Мысалы, 1928-1930 жылдарда Ресейде білім алып келген Қ.Жұбановтың осы жылдардағы алған білімі оның кірме сөздерді игеруде кілт болып отырған сингормонизм заңдылығын да қайта қарап, оны түркі тілдері үшін де тұрақты құбылыс емес деген ойға алып келгенін білеміз. Ғалым – кірме сөздерді орыс тіліне барынша жақындатып, өзгертпей жазу керек деген пікірді алғашқы айтқан оқымыстылардың бірі. Ол 1929 жылғы Қызылорда конференциясында қазақ тілінің сингормонизм заңдылығын алға тарта бермей, халықаралық терминдер мен советизмдерді өзгертпей алу керектігін басып айтып еді.

Ғалымның бұл сөзінен біз оның кейінгі жылдарда жиі көтерген «И, У дыбыстарын дара дыбыс ретінде беру керек» деген пікірін қалыптастыруына негіз болуы мүмкін екендігін де байқаймыз. Мысалы, ол 1935 жылы жазылған «Қосар ма, дара ма» деген мақаласында «қосар әріптің алдағы тағдыры осы, оны қанша сүйрете бергенмен дыбыстың қосарлығын сақтап қалмақ емес», - деп түйіндеуінде де осы тілдердің түбінде бірігіп, бір тілге айналуы мүмкін деген кеңестік идеяның жатқандығын байқаймыз. Осы кезден бастап әліпби мен емлені орыс тілінің заңдылығына барынша жақындатып жазуға көшу жайлы, бұл арада тіліміздің сингормонизм заңдылығын алға тарта берудің қажет еместігі жайлы ойларды Сәрсен Аманжолов та, басқа ғалымдар да жиі айта бастады. Мысалы, С. Аманжолов терминдерді орыс тілі арқылы игеру керек екендігін айта келіп: «1929 жылы

емлені жасаған Т. Шонанұлы, Е. Омаровтардың шет сөздерді өз тілімізге бейімдеп қабылдайық деген ниеті олардың алашордашылдық ниеттерінен туындаған», - деп жазғырғанын да білеміз. Ғалым әліпбиде дара и, у таңбаларының жоқтығы салдарынан жазуда үнемдеу принципінің сақталмай отырғандығынан шет сөздердің жазуда тұрқы ұзарып, миссисипи, миссури сияқты сөздердің mijssijsijpij, mijssуvrij деп 6, 7 әріптің орнына, 13-9 әріпке дейін жазылып жүргендігін алға тартып еді. Оның басты себебі ретінде жазудың фонетикалық ұстанымға негізделгені дұрыс еместігін айтқан ғалым: «Соның салдарынан кірме сөздердің әртүрлі орфограммалануы (кило - келі, динамо - динамы, бюро - бюра) деп жазылуы сол сияқты сөз ішінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді деп, зоология, биология, театр сөздерінің орынан зологыйа, быйалогыйа, тыйатыр, аптаномыйа, апсалұут болып таңбаланды», - деп фонетикалық ұстанымды жазғыра айыптай түскен еді.

Міне, осылайша біздің танымал тілші ғалымдарымыз біртіндеп үндіевропа тілдеріндегі «үнемдеп жазу» ұстанымын алға тарта отырып, тіліміздегі сөз арасында дауыссыздармен селбесе естілетін дауыстыларды жазудан бас тарта бастады. Осылайша «үнемдеп жазуға» ұмтылыстың астарында тіліміздегі «ҰУ», «ІИ» «ЫУ», «ЫИ» дыбыстарының ығыстырылуының астарында орыс тілінің «кірігу, фузиялану» заңдылығына жақындай түсу саясаты байқалмай ғана тілімізге билік құра түсті. Біртіндеп «түп нұсқаға жақындық» принципіне сәйкес алынған емле баптары 1938 жылдан бастап жүйелі түрде іске асырыла бастады. Ал, енді 1940 жылдан бастап, қазақ жазуының кирилл жазуына көшірілуі, орыс әріптерінің енгізілуі, 1957жылғы қабылданған емле ережесі бойынша «оңтайландырып жазу» үрдісінің жолға қойылуы, яғни И, У таңбаларының таратылмай жазылуы, сөз басындағы, сөз арасындағы қысаң дауыстыларды қысқартып жазу үрдісі тіліміздің сингормонизм заңдылығының кірме сөздерге жүргізетін билігіне біржолата тосқауыл қойды. Нәтижеде тіліміздің өз табиғатында еркін есітіліп тұратын дауысты дыбыстар қысқартылып жазылу керек деген ережеге ыңғайлап «ыйық емес – иық, мый емес – ми, жый емес – жи, қыйын емес – қиын, Ырысбек емес – Рысбек, ылақ емес – лақ, ұу емес – у» деп үнемдеп жазған дұрыс деп шештік.

Осылайша, жазуда кирилл жүйесіне негізделген емле ережелерін басшылыққа алудың нәтижесі сөйлеу тіліне әсерін тигізді. Бүгінгі қазақтың дыбыстау органдарында шеттілдік сөздерді еркін дыбыстайтын акустикалық-артикуляциялық ерекшеліктеріміз тілімізге әбден сіңісті болып, орыстанған сөйлеу тілін нормаға айландырып үлгерді. Нәтижеде тіліміздің табиғатында сөз арасындағы дауыстылардың есітілуі де әлсіреп, біржолата жоғалуға бет алды. Мұның өзі қазіргі әліпби ауыстырып, тілімізде жоқ кирилл таңбаларын әліпбиден шығарып жатқан заманда кірме сөздерді қалай жазамыз деген мәселені қайта қарауға алып кеп отыр.

Әрине, бұл арада біз қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан аты аталған ғалымдарымыздың еңбегін жоққа шығару қаперімізде жоқ. Ол ғалымдарымыздың жеткен деңгейі, ғылымда көтерілген биігі тым жоғары, қазақ тілі біліміне қосқан үлестері ұшан теңіз. Қ.Жұбанов, С.Аманжолов сияқты ірі тұлғалардың ғылыми әлеуетіне шәк келтіру мүмкін де емес.

Жазудың емле ережесі енді ғана қолға алына бастаған қазақ жазуы теориясының бастапқы балаң кезеңінде өзінің алдында тұрған жазу теориясы мықты қалыптасып үлгерген әлеуетті орыс тілінің шылауында кетпеу мүмкін де емес еді. Міне, сондықтан, бұл кезеңді жазу теориямыз бастан кешірген бір ғылыми даму сатысы ретінде ғана бағалағанымыз жөн шығар.

Дей тұрғанымызбен жазу теориясымен айналысып жүрген ғалымдарымыздың бірқатары орыс тілінің жазу теориясы арқылы келіп қалыптасқан «үнемдеп жазу» ұстанымын әлі де басты қағидаға алу керек деген ойда қалып отыр. Бір қарағанда, ода тұрған не бар деуге де болушы да еді. Алайда, өз тілінің табиғатын жоғалтқан тіл, шеттен келген сөздерді де игере алмай отырғанын қайда қоямыз. Соның салдарынан, бір тілдің табиғатынан екі түрлі (төл сөздерге, кірме сөздерге) жазу ережесін шығарып отырмыз. Төл сөздерге бөлек, кірме сөздерге бөлек ереже жасау әлі сол басқа тілдің шылауында жүргеніміздің басты көрінісі. Оның өзі тіліміздің табиғатына сәйкес біртұтас жазу емле ережесін жасауға орасан қиындық туғызып келеді.

Емле ережелерімізде кірме сөздердің жазылуына арнайы ережелер ойластырып әлек болып келеміз. Термин сөздерді дұрыс жазудың дауы да шешімін табар емес. Демек, жазу емле ережесін жасауда басты билікті әлі де сол қазақтың жалпақ сөйлеу тіліне беруіміз керек. Кірме сөздерді сөйлеу тілі қалай игереді, сол күйінде жазуға ұмтылғанымыз дұрыс. Яғни жазудағы басты ұстаным – фонетикалық ұстаным деген 1929 жылғы ережеге қайта оралуымыз қажет. Кірме сөздерді игеріп жазуды ойдан шығаруға болмайды. Оны игеретін тек қана тілдің ішкі табиғаты ғана. Тілдің сол ішкі табиғатына мүмкіндік берейік. Тілімізде сингормонизм қаншалықты әлсірегенімен де, әлі де мүлде жоғалып кеткен жоқ. Шеттілдік сөздерді жазуда әлемдегі барлық тілдер қолданып отырған осы ұстанымды біз неге шеттетеміз?! Олай болса, төл сөз үшін де, кірме сөз үшін де бір ғана емле ережесін жасауымыз керек. Олай етпеген жағдайда, әліпбидегі кирилл таңбаларын шығару арқылы ғана өзге тілдің шылауынан құтылуымыз мүмкін емес.

Қ.С.Қалыбаева

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, ф.ғ.д. 

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5492