Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3645 7 пікір 24 Тамыз, 2020 сағат 15:03

Бүгін Қазақ жерінің шекаралық аумағы бекітілгеніне – 100 жыл!

Бүгін тамыздың 24-і күні, Қазақ жерінің шекаралық аумағы бекітілгеніне – 100 жыл!

Қазақ Автономиялы республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Соның алдында, қазақ жерінің шет-шегін белгілеу үшін Ахмет Байтұрсынұлы пмен Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков (баяндамашы) Ленинге, бірде Сталинге кіріп жүріп, 1920 жылы 24 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірді, оған Ленин мен Сталин қол қойды. (Біз сол бекітілген территорияның қазір 15 пайызынан айрылып қалдық. Қарақалпақстан, Шыршық – Өзбекстанға, Елек, Алтайдың арғы беті, Жазатыр жотасы Ресейге берілді). Бүкіл әлем мемлекеттері 1991 жылы сол территорияны Қазақстан мемлекетінің жері ретінде таныды. Сондай тарихи оқиғаның 90 жыл толуы атаусыз қалды (бір жылдан кейін жүз жыл толады). Қазіргі геосаясат тұрғысынан алғанда аса маңызды дата. Үнсіз қалдық. Үнсіз ғана қалып қоймай, барлық тарихи-саяси, жағырапиялық ресми басылымдарға қазақ мемлекетінің территориясы 1991 жылдан кейін бекіді деп жазды. Сонда, бұл Қырымның кебін құшуға ұрындыратын тарихи долбар екендігі әлгі «оқымыстысымақтардың» ойына келмегені ме?

1920 жылдың 26 тамыз күні Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, қазақ жұртының қылышынан қан тамған қызыл империяны мойындатып, өз алдына ірге көтеруі оңай болған жоқ. Жан берді, жан алысты. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Негізгі тартыс «қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады. Ол баяндамада Астархань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Фергана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді. 12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді. Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша Алаш арыстары тұғыш рет алаш жұртының шекарасын ресми түрде бектіп алды.

Территория мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау, Әлихан Бөкейханның кеңесі мен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар сенімді ақтады. Мәжілісте Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті.Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмысы ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын.Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті». Сонымен жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Соның бекітілгеніне тоқсан үш жыл болып отыр. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Осыны ақпарат құралдары неге айтпайды? Біздің ұлттық мерекеміз ғой. Ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі ғой. Неге үндемейміз? Біз тарихымызды, тарихтағы оқиғаларды ұлықтай білуіміз керек.Мен үшін 1920 жылдың 26 тамызы – Алла жазса, мәңгілік азат Қазақстан территориясының мәңгілікке бекіген күні, мәңгілік салтанаты».

Тұрсын Жұртбайдың жазбасы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407