Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 2121 3 пікір 15 Қыркүйек, 2020 сағат 14:36

ҰБТ қорытындылары туралы...

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу ерекше болды. Бастысы, ашықтық пен әділдікті барынша қамтамасыз етуге тырыстық.

Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсы аяқталды, енді қорытынды жасауға болады.

Өткен жылы академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін ережелерді қатаңдату туралы шешім қабылдадық.

Осылайша, қолданып үлгерсе де, үлгермесе де тыйым салынған заттармен тестілеуге кірген талапкерлердің нәтижелерін жою туралы жаңа нормалар пайда болды. Тіпті, бұл заттарды алып кіруге әрекет еткендер емтиханға жіберілмейтін болды.

Бұрын металл іздегіш құралдар арқылы тексеру кезінде телефон табылса, алып қалатын едік, бірақ талапкер тестілеуге қатыса беретін. Мұндай ереже бұзушылар саны еліміз бойынша 100-150 мыңнан асатын. Егер емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалса, комиссияға оны қолданып үлгергенін дәлелдеуі керек еді.

Бұл жағдай ҰБТ-ны өткізу рәсіміне деген сенімсіздікке әкеп соқтырды. Сондықтан жаңа ережелерді құрастырғанда барлық мәселені ескердік.

Нәтижесінде, тыйым салынған заттарды емтиханға кіргізуге әрекет ететіндер саны 70 есеге азайды, 2019 жылы 128 мыңнан астам телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2500-ге жуық болды.

Алайда емихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді: 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талапкердің ғана ҰБТ нәтижелері жойылса, ал 2020 жылы тыйым салынған заттар табылған барлық 2500 адамға қатаң шара қолданылды.

Иә, ҰБТ-ның орташа ұпайы төмендеді, пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны едәуір азайды.

Бұл – тестілеудің әділ өтуі үшін жасалған қадам.

Биыл ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан астам КОМИССИЯ мүшелері мен басшылары жазаланды.

Күн сайын ҰБТ пунктеріндегі комиссиялардың құрамына өзгертулер енгізуге, міндетіне немқұрайлы қараған әріптестерімізді ауыстыруға немесе бұл жұмыстан шеттетуге тура келді.

Бұған қоса, бірнеше пункте жаппай бұзушылықтардың ашық және өрескел түрде орын алуына байланысты тестілеуді мүлдем тоқтатуға және басқа күндерге ауыстыруға мәжбүр болдық.

Мұндай жағдай Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында кездесті.

Дегенмен Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен Арнайы мониторингтік топтағы әріптестеріміздің белсенділігі мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қажетті тәртіпті қамтамасыз ете алдық.

Мұндай шешімдерді қабылдау оңай емес. Талапкерлердің әлі бала екенін түсінеміз, десе де талапкерлерді ережені сақтауға, өз күшіне ғана сенуге үйрету - маңызды.

Биылғы нәтижелер зор сенім ұялатады, келесі жылы бұл жағдай мүлдем басқаша болатынына сенімдімін.

Әріптестерімізбен тестілеуді өткізу рәсімін жетілдіру керек деген қорытындыға келдік.

Цифрландыру дәуірінде комиссия құрамында бірнеше мың адамның болуын қамтамасыз ету үшін 1,5 миллиард теңге жұмсауға жол берілмеуі керек, оның үстіне бұның нәтижесі – тиімсіз.

Сондықтан бұл рәсім заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді.

Сұрақтардың мазмұны әлі де көңілімізден шықпайды. Соңғы бірнеше жылда тестілеу сұрақтарының базасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілгендігіне қарамастан, сұрақтардың басым бөлігі әлі де қажетсіз фактілерді жаттап, есте сақтауға бағытталған.

Содан кейін бірінші орынға сыни ойлау мен функционалдық сауаттылықты қоймаса, жаттанды ақпаратты автоматты түрде айту арқылы оқу процесінің маңыздылығы жоғалады.

Функционалдық сауаттылыққа мән беру және білімді өмірде қолданатын кез келді. Енді, алдымызда тестің базасын SAT, PISA секілді тестердің үлгісі бойынша толық жаңарту мәселесі тұр.

Бұл мүлдем басқа сипаттағы тапсырмалар, яғни тесте жаттап алуға, көшіруге мүмкіндік бермейтін сұрақтар болуы керек.

ҰБТ-ны мектептегі қорытынды емтиханға және жоғары оқу орнына түсу емтиханына бөлгеннен кейін қажетті құзыреттіліктерді бағалау тәсілдерін өзгерту бойынша да мүмкіндік туды. Себебі ҰБТ мектепте алған білімін бағалау емес, жоғары оқу орнына түсерде өзі таңдаған мамандығы бойынша білім алуға деген дайындығын бағалау.

Сауатты, әрі түсінікті сұрақтар.

Бұл – алдағы уақытта атқаратын өте ауқымды әрі маңызды жұмыс.

Аталған шараның барлығы алдын ала ғылыми деректердің негізінде сарапшылар мен педагогтердің талқылауы арқылы қабылданатыны сөзсіз.

Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады.

Асхат Аймағамбетовтың жазбасы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543