Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 9356 22 пікір 24 Қыркүйек, 2020 сағат 14:25

Демократияның негізі – Құқықтық мемлекет!

Сурет спикердің желідегі парақшасынан алынды

Құрметті оқырман! «Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференцияның келесі тақырыбын – Қазақ журналистикасының өзекті мәселелеріне арнаған едік.

Интернет-конференция спикері – белгілі журналист, оқытушы, медиа-тренер, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, «Minber.kz» ақпараттық агенттігінің басшысы Есенгүл Кәпқызы болды. Конференция барысында спикерге ұзын-ырғасы 30-ға жуық сұрақ келіп түсті. Спикер Есенгүл Кәпқызы Abai.kz оқырмандары мен редакция сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген еді. Аталған сұхбатты бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ескерту! Интернет-конференцияға сауал жолдау аяқталды. Енді тек спикердің берген жауаптарына қатысты өз ой-пікірлеріңізді білдірулеріңізге болады.

Редакция


Біздің журналистика мемлекеттік тапсырысқа тәуелді!

- Осыдан бір-екі жыл бұрын, журналистер күні қарсаңында Ермұрат Бапи ағамен сұхбат жасадық. Сол сұхбат барысында Ераға: «Қазақстандағы журналистика Ақорданың ауласында байлаулы тұрған ит секілді» деген еді. Бұл сол кезде айтылған, ащы да болса, шын пікір еді. Қазір ше? Бірнәрсе өзгерді ме?

- Қатты өзгере қойған жоқ. Өйткені біздің журналистика бәрібір мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. «Кімнің арбасына отырсаң соның жырын жырлайсың», дейді ғой.  Ал, мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болып тұрған кезде біз біреудің арбасында отырмыз, соның жырын ғана жырлап отырмыз. Ол әлі солай.

Дегенмен, бір талпыныстар бар. Тәуелсіз жаңа сайттар ашылып, жаңадан жобалар пайда болып жатыр. Бірақ, ол сайттардың өмір сүріп кету мүмкіндігі төмен. Қаржы жоқ. Сондықтан да, біраз оқырман жинап алғаннан кейін, бәрібір мемлекеттік тапсырысқа тапсырады. Ал, мемлекеттік тапсырыс өзінің жырын жырлатады. Сондықтан мен қатты бір өзгеріс байқап тұрған жоқпын.

- Жалпы, мемлекеттік тапсырыс керек пе?

- Қалай айтсам екен? Дәл қазіргідей формада керек емес. Өйткені қазір мемлекеттік тапсырыс біздің ішкі контентімізді басқарып отыр. Редакциялық жұмысқа араласады. Ішкі контентті басқарғаннан кейін ол мүлде тәуелді болады. Бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландырмайтын мемлекет өте аз. Тіпті, Ұлыбританияның өзінде ақпарат құралдары мемлекеттен қаржыландырылады екен.

- Сіз шет елде оқып келдіңіз ғой. Ұлыбританияда. Олардың тәжірбиесін көріп келдіңіз...

- Көріп келдім дегенде, мен тілдік курсты оқығаннан кейін сырттай ғана білемін. Бірақ, оларда «біздің редакциялық саясатымызға араласпайсыз» деген келісім шарт бар. Араласпайды. Егер араласатын болса, біз қаржыны алмаймыз, дейді. БАҚ мемлекет тарапынан қаржыландырылса да, билік өкілдері олардың ішкі ісіне араласа алмайды. Контентін басқара алмайды. Бізде де солай болуы керек.

Бізге идеология керек пе?

- Біздегіден айырмашылығы – ол жақта мемтапсырысқа қатысты талапты БАҚ қояды. Бізде билік қояды...

- Иә, бірақ, біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Жалпы, бюджеттің қаржысын мемлекет өзінің қалтасынан шығарып беріп отырғандай боламыз. Бірақ, бюджеттің қаржысы біздің қаржымыз. Бюджеттің өзі сіз бен біздің қалтамыздан төленіп жатқан салықтан құралады. Қазақстанда 8 миллион халық жұмыс істейді десек, сол 8 миллион адамның салығынан бюджет жасақталады. Сондықтан бұл халықтың ақшасы деген түсінік бізге әлі кірген жоқ. Билікте де, қарапайым халық та ол мемлекеттің ақшасы деген түсінікпен отыр.

- Бірақ, мемлекеттік, ақпараттық идеология деген дүние бар ғой? Ақордадан жасалатын, Ақпарат министрлігінің үстінен басқарылатын. Өткен жолы «31 арнада» да шет жағасын айтып қалды ғой…

- Енді сіз қалай ойлайсыз, жалпы, бізге идеология керек пе? Менің ойымша, идеологиядан көп мемлекет, көп қоғам бас тартқан.

Демократияның негізі – Құқықтық мемлекет!

- Бас тартқан күнде оны алмастыратын не?

- Оны алмастыратын?.. Идеология деген әркімнің бір наным сенімі! Саяси нанымы, діни нанымы, идеологияның ішіне кіреді. Сіз мысалы,  саяси тұрғыдан «Нұр Отанды» жақтайсыз ба, «Ақжолды» жақтайсыз ба, әлде басқа оппозицияны ма, ол сіздің өз еркіңіз. Бізде Конституцияда ашық жазылған.  Адамдардың наным-сеніміне еркіндік берілген. Яғни, белгілі бір идеологияның шеңберіне салып қоя алмайсыз. Қандай идеологияда жүргісі келеді, қандай саяси топтың мүшесі болғысы келеді, қандай саяси партияға барғысы келеді, қандай дінді ұстанғысы келеді, адамдар өздері біледі. Бұл демократиялық қоғамның негізгі бір көрінісі. Негізгі көрсеткіші осы.

Ал, идеологияны не алмастырады? Құқықтық мемлекет деген – демократияның негізі. Бізде заңдар бар. Демократиясы дамыған мемлекеттердің бәрінде бүкіл халық заңға бағынады. Ол заң дұрыс заң болса да, бұрыс заң болса да, Заңға бағынады.

Біздің қоғамда азаматтық белсенділік жоқ!

- Ал, бізде соған лайық құқықтық база қалыптасқан ба?

- Біршама қалыптасты деп айтуға болады. Бәрібір бізде заңдар бар. Мүмкін сіз ол заңды ұнатасыз, ұнатпайсыз. Бірақ, заң бар. Біз сол заңның шеңберінде қызмет етуіміз керек. Бірақ, бір нәрсе бар... Біздің ҚР азаматтары заңды талқылауға қатыса ма?

Біріншіден бізде азаматтық белсенділік жоқ. Екіншіден осы заңның талқыланып жатқанын немесе қабылданып жатқанын білмей қаламыз. Бір кезде «қабылданып кетті», деп естиміз. Яғни, ақпаратты мейлінше қамтамасыз ету жағы кенжелеп тұр.

Ал, шет елде заңға бағынатын болғаннан кейін, азаматтар заң талқыланып, қабылданып жатқанда мейлінше белсенділік танытып, заңның бұрмаланбауына немесе басқа жолда қабылданып кетпеуіне көбірек ықпал жасайды. Бізде сол жоқ. Жаңағы құқықтық база деп отырғаныңыз сол.

Азаматтық белсенділік бізде әлі дамымаған. Қазір ашық ресурстар базасы деген бар. Біз 2016 жылы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды қабылдадық. Соның арқасында ашық ақпарат базасы қалыптасты. Онда сіз бен бізді толғантқан біраз ақпарат топтастырылған. Ол жерде азаматтарға арналған бюджет, заңның нормативтік актілері, қабылданғалы жатқан заңдар туралы бар. Қазір мысалы күз айларында бюджет қабылданады. Ол бюджеттің азаматтарға арналған нұсқасы ашық ресурстар базасында жарияланады. Бірақ, осыны біле ме, біздің халық? Сол жерге шығып, «мына бюджетте былтыр Төле би көшесін жөндеген едіңдер, биыл неге қайтадан сол Төле би көшесіне осынша ақша жұмсап жатырсыңдар, неге ана көшеге жұмсалмайды?» деген белсенді топ бар ма?

Бізде мысалы соны көзге шұқып көрсететін белсенді азаматтардан тұратын Қазақстанда Қоғамдық кеңес құрылды. Оған біраз адам мүше. Сол жерде бюджет талқыланады. Сол қоғамдық кеңеске мүше адамдар өздерінің ойларын ашық айтып, халықтың пікірін жинау керек.

- Бірақ, бізде қоғамдық кеңестер негізінен пробилікшіл азаматтардан жасақталады ғой?

- Иә, ондайда түсініктер бар. Бірақ, мен өзім біраз қоғамдық кеңестердің мүшелерін қарап шықтым. Өткір пікір айтып жүрген азаматтар бар. Олар қоғамға керек нәрсені қолмен қойғандай айтып беретін болса, оны айту үшін өзінің бір алаңы болса, қоғамның пікірін жинайтын болса... Қазір бұрынғыдай емес қой, комуникацияның түрлері дамыған уақыт. Сондықтан осы тұрғыдан келгенде қоғамдық кеңестердің атқаратын рөлі мықты. Соларды көбірек насихаттау керек деп ойлаймын.

- Сұрақтарға көшейік...

Назым Дутбаева: Біздің елде ақпарат алу неге қиын деп ойлайсыз? Әрине бір ғана фактор әсер етпейтіні анық, дегенмен ең басты факторды атап өтесіз бе?

- Бізде ақпаратқа қол жеткізу туралы заң, сосын БАҚ туралы Заң бар. Ол жерде журналистерге қанша уақытта жауап беру керектігі туралы нақты жазылған. Мысалы, ол шұғыл ақпарат болмаса, сіз жеті күннің ішінде ақпаратқа жауап алуыңыз керек. Егер, өте шұғыл ақпарат болса, екі күннің ішінде жауап беру керек делінген.

Бірақ, біз өзіміз осы жазда көрдік. 30-40 күнде, оның өзінде шулатып әлеуметтік желілерге жазып жүріп алдық. Алматы облысы, өңіраралық инспекциясы деген бар екен. Соларға біз тамызда  интернеттің жылдамдығына байланысты бір сұрақ жібергенбіз. Жауапты кеше ғана алдық, оның өзінде жазып жүріп, талап етіп жүріп. Бұл жердегі ең басты мәселе – мемлекеттік органдарда отырған баспасөз хатшылардың жауапсыздығы деп ойлаймын. Олар өзі осы заңды біле ме?

БАҚ саласында 30 жылда өзгерген ештеңе жоқ!

- Кейде сол баспасөз хатшыларының қызметін журналистикаға қатысы жоқ адамдар басқарады ғой?

- Баспасөз хатшылары деген – PR мамандары ғой. Олардың журналистикаға ешқандай қатысы болмауы керек. Сосын көбінде журналистер PR мамандары болып жұмыс істейді. Сосын, жақсы бір танылған журналистердің сол мамандыққа кетіп жататындары болады. Бірақ, PR деген жеке мамандық, журналистика жеке мамандық.

- Қайсысы тиімді? PR маман ба, әлде журналистиканы бітірген маман басқарғаны дұрыс па?

- Білмеймін. Денсаулық сақтау министрлігіне сенімді өкіл болып Бағдат Қожахметов барды ғой. Сол кезде біз қатты қуандық. Журналист, ақпаратқа қол жеткізу мәселесін біледі дедік. Журналистердің ақпарат ала алмай қиналатынын жақсы біледі. Бірақ, ол бара қалған кезде біздің сол үмітімізді ақталмады. Біз жауаптарды кешігіп алып жаттық.

Сондықтан ол жерде журналистің немесе PR маманның отырғанында емес, мәселе – сол адамның коммуникация мүмкіндіктерін қалай игергеніне байланысты немесе заңды қаншалықты білетінінде сияқты.

Содан кейін тағы бір мәселе бар. Е-gov-қа жіберілетін электронды сұраным деген бар ғой. Міне, жіберген сауалға уақытында жауап берілді ме, жоқ па, бақыланады. Жауап берілмесе олар автоматты түрде өздері шара қолданады. Сондықтан журналистер осы мүмкіндікті де пайдалана білу керек.

- Хат түрінде жолданған сауалға уақытылы жауап ала алмау биыл ғана туындаған мәселе емес қой...

- Ол 30 жыл бойы (келер жылы Тәуелсіздікке 30 жыл толады ғой) айтылып келе жатқан әңгіме. Өзгерген ештеңе жоқ. 90 жылдарда жауапты қалай ала алмасақ, қазір де солай. Бекітілген Заң бар, тіпті, ұзап бара жатқан кезде 14 күннің ішінде жауап алуың керек. Ал, біз бір ай, екі ай...

Жаңағы e-gov арқылы бақылау шаралары күшейтілді, 2016 жылы ақпаратқа қол жеткізу деген заң қабылданды. Содан бері де мемлекеттік органдардың селт етіп, мынаған жауап бере қояйық, дегені байқалмайды.

Маған ұнаған бір нәрсе – Білім және ғылым министрлігінен жылдам жауап алдым. Сол жердегі баспасөз хатшылары жақсы жұмыс істейді екен. Сосын, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі басқарма басшысымен тікелей эфирге шықтым. Олар да тез арада жауап берді.

Біздегі советтен қалған сарқыншақтың бірі – қорқақтық!

- Бәлкім, бұл екі министрлікте қазіргі әлеуметтік желідегі халықтың симпатиясына ие министрліктер немесе трендтегі, талқылауда жүрген министрліктер болғандықтан шығар?

- Иә, көпшіліктің көз алдында жүргендіктен шығар. Бірақ, тағы бір келеңсіз мәселе бар. Мысалы, көп адам біле бермейді, Қазақстанда шет елден келген қазақтардың мәселесі деген бар. Сол оралмандарға бөлінген 4 пайыздық білім квотасы бар. Сол квотамен шет елден келген қазақтар оқуға түсе алатын мүмкіндіктер жасалған. Осыны мен Ұлттық тестілеу орталығы деген бар екен,  сол орталықтың баспасөзінен сұрап, жауап ала алмадым. Маған соңында берген жауабы: «ақпарат жоқ, мен сізге ақпарат бере алмаймын», дейді. Мен осы мәселені Дидар Смағұловқа жаздым. Бірақ, Дидар Смағұлов оған «игнор» жасады.

Ал, қазір сол қандастарымыздың балалары дайындық курстарына түсіп жатыр. Емтихандар жүріп жатыр.  Ал бұл ақпаратты білмейді. Сонда оның маған ренжігені: «сіз мен ақпарат бермей жатыр деп фейсбукке жазып қойыпсыз. Сол үшін мен сізге ақпарат бермеймін», дейді. Ал, бұл қандай Заңға сыйып тұр?

- Мысалы, жаңағы мемтапсырыс деген дүниеге қайта ораламыз. Мемтапсырысты берушілердің өзі ақпарат беруге мүдделі болуы керек қой?..

- Негізінде иә. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда «Ақпартты иеленушілер» деген бап бар. Ақпаратты иеленушілер кімдер? Олар – ресми органдар, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік органдар, одан кейін, бюджеттен қаржы алып отырған кез-келген мекеме ақпараттың иесі.

Олар саған ақпаратты бөлісуі керек. Міндетті. Көбі осыны білмейді. Журналистер де, PR мамандары да, қарапайым халық та білмейді. Бізде адамдарда кеңестер одағынан қалып қойған сарқыншақтың бірі – қорқыныш, үрей. «Қарсы сөйлемеу керек», деп түсінеді. Адам өзінің құқығын білу керек!

БАҚ биліктен де, оппозициядан да тәуелсіз болуы керек!

Секен: Журналистеріміз 2 топ. Билікті мадақтаушы және билікті сынаушы. Республикалық, облыстық гәзет саны, мысалы, 30 десек, оның 28-і биліктің жаршысы. Бас гәзет делінетін «Егемен Қазақстанды» айтсақ, кеше оның 1-бетіне Н.Назарбаевтың 3-4 фотосуреті шықса, бүгін Қ.Тоқаевтың да сонша суреті жүреді. Ара-арасында Н.Назарбаевтың суреті қосымша беріледі. «Басқа 27 гәзетте» де солай. Оларда өткір сын мақала болмайды, жеңіл-желпі ғана.

Ал мадақшыл автор-журналистеріне жол ашық: ат-атақ пен силық-жүлде соларда. Шартты 30 гәзеттің қалған екеуінің бірі – «ДАТ-ОП» және сол сипатты орыс тілінде гәзет бар шығар деп ойлаймын, анық білмеймін. Биліктің басы-қасындағылар тарапынан болып жатқан қателіктерді орынды сынауда «ДАТ-ОП» табанды, нық ұстанымды. Оның демеушісі Әкежан Қажыгелдин болса, оған тек алғыс айтуымыз керек. Тәуелсіздігімізден беріде республикалық БАҚ-тың көкесі - президент, облыстарда - әкім. Оларға әділ-өткір сын керек емес, өздеріне тиіп кетеді. Тигізгендерді дереу тұқыртатын тәсілді тапты да, соттауға дейін шара қолданатын болды. Кеңес кезінде сынның семсері болған фельетон келмеске кетірілді.

Құрметті Есенгүл Кәпқызы, осы айтқандарым бекер ме? Тәуелсіз «ДАТ-ОП» гәзеті жариялап жүрген өткір сын орынды ма, орынсыз ба? Гәзетті шығарушы журналистер билік жақтан қашан, қандай марапат көрді? Бас редакторы Ермұрат Бапидың «бас оқырманға» айналғаны неліктен? Осы сұрақтарыма анық жауап бергейсің!

- Біз бұл жерде кімнің қандай ақпарат құралдарын қаржыландырып отырғанын нақты білмейміз. Бұл газеттің аты қазір «ДАТ» емес, «Общественная позиция» деп өзгеріп кеткен болуы керек. «Дат» болғалы қай заман?.. Өткенде Ермұрат аға бағдарламаға келгенде де айтты ғой... 28 рет шықтық деді ме?

Мен «ана газет андай, мына газет сондай», деп айтпай-ақ қояйын, бір ғана шет елдік ақпарат құралдарының принципін айтайын.

Ақпарат құралдары мемлекеттікі, оппозицияныкі немесе басқанікі деп лагерге бөлінбеуі керек. Ақпарат құралы мемлекеттен де, биліктен де, оппозициядан да тәуелсіз болуы керек! Сол кезде олар бейтарап ақпарат тарата алады. Мысалы, жаңағы Ермұрат ағаның да газеті бір жақты, тек қана сынауды міндет қылып алған. Биліктің газеттері де біржақты, тек қана мақтауды міндет қылып алып алған. Мұндай кезде біз толыққанды ақпаратты беріп отырмыз деп айта алмаймыз.

Бізде  тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ!

Тіпті Ұлыбританияның өзінде, профессорлар: «біздің ақпарат құралдарымыз қатты біржақты» дейді. Біреуді мақтайды, біреуді сынайды, біреуді даттайды. Анадан қаржы алады, мынадан қаржы алады деп қатты сынайды екен. Бірақ, олардағы біржақтылық біздікімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Олар бәрібір бейтарап болуға тырысады. Сосын, ақпарат құралдары ақты ақ, қараны қара деп жазған кезде, біреудің сойылын соқпаған кезде ол ақпарат құралы бола алады. Төртінші билік деген сол.

Ал, бізде қазір әркімнің өзінің мүддесі бар. Біреудің құрылтайшысы бар, біреудің ақша беріп отырғаны бар. Бір әкім мүмкін, біреуге үй берген шығар. Осындай нәрселердің барлығынан біз ада болған жағдайда біздің қазақ журналистикасы дамиды. Өкінішке қарай, бізде ондай адалдық жоқ.

Содан кейін, журналистер өздерінің қолындағы қаруды пайдаланып (қаруымыз - сөз), әкімдерге қоқан-лоқы көрсеткен фактілер бар. Бигелді Ғабдуллиннің жағдайын білесіздер. Бұл журналистік этикаға сай емес. Мұндай жағдайда біз журналист деген атқа лайықпыз ба, жоқ па деген нәрсені ойлануымыз керек.

Негізінде, өткенде Ербол Мәндібек деген бала: «медиа магнат жоқ» деді ғой. Медиа магнат болу үшін бізде жарнама нарығы тәуелсіз болу керек! Бизнес тәуелсіз болу керек! Содан кейін ақпарат құралдары тәуелсіз болу керек! Бізде  ол жоқ! Тәуелсіз бизнес те жоқ, тәуелсіз жарнама нарығы да жоқ, тәуелсіз ақпарат құралдары да жоқ! Мұндай жағдайда біз ақпараттан тәуелсіздікті талап ете алмаймыз. Тіпті 2000 жылдардың басында кейбір ақпарат құралдарын олигархтар қаржыландырған. Қазір қаржыландырмайды. Өйткені оған түсіп жатқан пайда жоқ.

Қазақ журналистикасы Қырғызстан мен Моңғолияның деңгейіне жеткен жоқ!

- Қазақстанда журналистика тәуелсіз болу үшін БАҚ-ты олигархтар басқаруы керек деген де пікірлер айтылады...

- Олигархтар басқарса, олар да өздерінің сөзін сөйлетеді ғой. Бір кездері «ҚазМұнайгаз» деген болды, қазақ газеттерін қаржыландырған.

- Практикада бар ғой. Мысалы, Украина. Ол жақта олигарх Коломойскийдің телеарнасы - 1+1, екінші олигарх Петр Порошенконың телеарнасы – 5-ші канал. Үшінші олигарх Ринат Ахметовтің де телеарнасы бар. Ал, олардағы ақпараттық бәсекелестік олигархиялық топтарға тиесілі болса да, олардағы журналистика біздікімен салыстыруға келмейді. Саяси интелектуалды ток-шоулар қатты дамып кеткен...

- Біздің Қазақстанның журналистикасы басқаны былай қойғанда, мына тұрған Қырғызстанмен, Моңғолиямен салыстыруға келмейді ғой. Ол жақта өте еркін, дамып кеткен. Біздегімен салыстырғанда сөз бостандығы бар. Соның арқасында қаншама шенеуніктердің жемқорлыққа қатыстылығын журналистер ашып жатыр. Біз соларды «менсінбейміз» ғой, дамымаған мемлекеттер, күн көрісі төмен мемлекеттер дейміз... Бірақ, солардың деңгейіне жете алмай отырмыз ғой...

- «Азаттық» ше? «Азаттықты» солардың деңгейінде деп айта аласыз ба?

- «Азаттықты» біз қаржыландырмаймыз ғой.

- Мен бұл сұрақты неге қойдым, өткенде «31 арнада» Айдос Жұқанұлы: «Азаттық» АҚШ конгресінен ақша алып отыр», деді.  

- Иә, алады. Конгресс «Азаттықты» қаржыландырады. Ол жасырын емес. Конгресс «Азаттыққа» қанша қаржы бөлеміз, дегенді жылда талқыға салады. Тек қана «Азаттық» емес, оларда конгресс қаржыландыратын ақпарат құралдарының тізімі бар. Бірақ, конгресс оның ішкі контентіне араласпайды.

- Менің айтпағым да сол ғой... Ол жерде «Азаттықтың» АҚШ-тан ақша алатыны ғана айтылды да,  редакцияның кәсібилігі туралы әңгіме айтылған жоқ...  

- Оны айтып жатыр. Ұлттық мәселені көтермейді дейді. 20-30 жыл бойы айтып жүрген мәселеміз – ұлттық журналистика деген бір сөз бар.  Бір нәрсе болса болды, бәрін ұлттыққа әкеліп тіреп қоямыз. Ұлттық мәселе көтермейді дейді. Халықтың әл-ауқаты - ұлттық мәселе емес пе? Біздің құқықтық сауаттылығымыз - ұлттық мәселе емес пе? Біздің әлеуметтік проблемаларымыз - ұлттық мәселе емес пе? Оны көтеріп жатқан адамды ұлттық мәселені көтермеді, ұлтқа қырын қарап жатыр деп, қалай айыптауға болады?

Сонда, қазір қараңызшы, кім кедей? Қазақ кедей. Кімнің баспанасы жоқ? Қазақтың баспанасы жоқ. Мысалы мына 42 500 кезінде сіздер көрдіңіздер ғой, қанша адам нансыз, сусыз қалды. Ал, Қазақстанда кедейлер болуы тиіс емес қой. Қаншама ресурсымыз бар. Қазақстанда ең төменгі жалақы 42 500 теңге деген не сұмдық? 42 мың дегеніңіз қазір 100 доллар болды ма?..

- Ербол Мәндібектің әңгімесі де осыдан басталды емес пе? Сол Ерболдың оқиғасына қатысты бір екі сұрақты талқылайықшы... Біріншіден, ол айтқан қосымша еңбек шарты деген...

- Иә, оны естідім. Бірақ, ол біздің тәжірибемізде болмаған нәрсе ғой. Бізде бір еңбек шарты болады. Сосын сол еңбек шартымен өмір сүресің. Мүмкін, Қазақстан телерадиокорпорациясында ішкі өздерінің бір редакциялық саясаты бар шығар. Қазір ең маңызды нәрсе ішкі редакциялық саясат деген болады. Ол базалық принциптер негізінде жасалады. Мысалы, жалған ақпарат таратпау, біреудің ар-ожданына тимеу, біреуді кемсітпеу деген сияқты шарттарды жазады. Ол этикалық норма. Ол редакцияның әрбірінде болуы керек құжат, негізі.

Қоғамдық телеарна да, ол туралы заң да жоқ!

- Сол бағдарламада мемлекеттік арналарды айыптай сөйлеген болды. Бірақ, ол жалғыз Қазақстанның проблемсы емес қой. Ресейде де, Беларусьте де, Қырғызстан мен Өзбекстанда да мемлекеттік арналар бар...

- Ресей мен Қазақстанның ақпарат таратудағы кейбір ұқсастықтары бар. Ол әлі күнге дейін қоғамдық телеарнаның өмірге келмегені.

Ресей 2008 жылы болуы керек. «Қоғамдық телеарна» туралы заң қабылданды. Сосын оларда ОДТ  қоғамдық телеарна ашылады. Ол қоғамдық телеарна ашылғаннан кейін алғашқы кезде мемлекеттен қаржыландырылуы тиіс. Сосын, жарна төлеушілердің негізінде өздерінің шығынын көтеріп алуы керек. Сол бойынша оны мемлекет жақсылап қаржыландырады. Бірақ, ол біржақты бола бастайды. «Мемлекетті сынауға болмайды, ана тақырыпты айтуға болмайды», дей бастаған кезде, бір топ журналист жаңағы арнадан кетеді. Редакция саясатымен келіспейді. Сөйтіп одан журналистер кеткеннен кейін оның қоғамдық телеарна деген статусына нұқсан келген.

Екіншіден, Ресейде қоғамдық телеарна туралы заң бар. Қоғамдық телеарна, тырнақшаның ішінде бар, бірақ ол негізгі міндеттерін орындай алмай отыр.

Ал, бізде әлі қоғамдық телеарна туралы заң қабылданған жоқ. Әлі күнге дейін сол заңды қабылдай алмай отырмыз. Бізде қоғамдық арна аты-затымен жоқ. Бүкіл жерде мемлекеттік арна! Басқасын білмеймін, бүкіл ТМД-да мемлекеттік арналар бар. Мемлекеттен 100 пайыз қаржыландырылады. Сосын Қазақстанда жалғыз «Қазақстан»  мен «Хабар» ғана емес,  ақпарат құралдарының барлығы мемлекеттен тапсырыс алады. Әсіресе телеарналар...

Сол бағдарламада Ербол Мәндібекке: «Қанша миллиард бөлініп жатқаны «e-gov-та» тұр ғой. Көріп алмайсың ба, көзің ашық журналист болсаң», деп айтты. Сол кезде Ербол Мәндібек жауап бере алмады.

2016 жылға дейін ақпарат министрлігінен бөлінген ақшаның ашық болғандығын, оны «Правовой медиа центр» деген ашық ресурсқа салып қойғандығын, одан кейін 2016 жылдан кейін ақпарат министрлігі мен министрлер бұл ақпартты жабық қылып тастағандығын, Диана Окремова мен сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаевтың арасында сот болғандығын айтуы керек еді.

Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда шектеулі ақпараттар бар. Ол ақпаратты біз тек ақпарат иесінің рұқсатымен ғана ала аламыз.  Соның бірі қызмет үшін пайдаланылатын ақпарат. Қазір Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ақпарат құралдарына бөлінетін қаржысы туралы ақпарат осы санатқа жатады.

Енді сіздер ашық ресурстар көздерін ашып қарасаңыздар, министрліктің бөлген қаржысын таба алмайсыздар. Тек қана ішкі саясат басқармаларының бөлген қаржыларын таба аласыздар. Бірақ, оны алған жалпы сома жазылғанымен, оның игерілуі қай жаққа жұмсалғаны туралы нақты есеп жоқ.

- Айдос мырза ондай есеп бар деді ғой?..

- Жоқ, ондай ақпарат жоқ? Ол мемлекеттік сатып алулар порталында белгілі бір ақпараттар ғана ашық. Біздің ақпаратқа қол жеткізу туралы заңды халықаралық сарапшылар аутсайдер мемлекеттің ішіне жатқызады. Соның бірі – Тәжікстан, бірі – Қазақстан.

Бауыржан: Ербол Мәндібектің жасаған әрекеті журналистік этикаға сай ма? Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Президенттің қасында 15 жыл жүрген адам, бір күнде халықшыл болдым дегенге сенуге бола ма?

- Бұл Қазақстанда болып жатқан бірінші жағдай емес қой. Баяғыда білесіздер, Қазақстан телеарнасынан 120 журналист бір күнде кетіп қалған.  Алматы телеарнасынан Серік Әбікен басқарып тұрған кезде, Есімовтың баспасөз хатшысы Куяновқа қарсылық танытып бір топ журналист кетіп қалды. Ол кезде 40 журналист кеткен. Ербол Мәндібек бірінші де, соңғы да адам емес. Әрі мұндай оқиғалар болып тұрады.

Халық қазақ тілінде сөйлейді, билік орыс тілінде...

А. Мауқараұлы: Егер, қазақ тілді БАҚ әлсіз деген пікірге келісер болсақ, оның басты себебі қазақ тілінің Мемлекеттік басқару жүйесінде қолданыстан шығып қалғандығынан деп, мойындауымыз керек. Егер, жоғарғы шенеуніктер қазақша судай сөйлеп тұрса, заңдар қазақша жазылып, үлкен жиындар тек қазақ тілінде өтетін болса, қазақ тілді БАҚ туралы мұндай бос әңгіме өткізіп отырмас едік. Өйткені, ондай жағдайда мемлкеттік және тәуелсіз ақпарат құралдары өзара бәсекеге түседі. Яғни, бүкіл халық өз таңдаған гәзет жұрналдарын тапсырып қандай бір демеушіге жалтаңдамайды. Журалистер де таралым молайған сайын жалақысы артатындықтан шеберлігін арттыруға жанын салады. Ал, порталдық ақпарат шын мәнінде көпшіліктің еркін мінбері. Қазіргі қазақ баспасөзінің жанын сақтап тұрған сол. Оған сын айтқаннан гөрі рахмет айту жөн. Олай болса, қазақ тілін құрдымнан құтқару басты мәселе!

- Қазақ тілін мемлекеттік басқару жүйесінен шығып қалды деп айтуға келіспеймін. Керісінше, мемлекеттік басқару жүйесіне араласуы күшейіп келе жатқан сияқты, қазір. Кейбір жиындар қазақша өтеді. 30 жылда айтылған әңгіме әлі де айтылып келе жатыр...  Қазақ тілінің проблемасын айтудан ұялатын болдық, қазір. Рас, бізге қазір баспасөз мәліметтері екі тілде жасалып, екі тілде берілуге тырысады. Ақпаратты қай тілде сұрасаң сол тілде жауап беруге тырысады.

Содан кейін, қазақ тілді ақпарат құралдарының үні естілмейді дегенге өз басым келіспеймін. Егер сіз естілетіндей бір нәрсе жазсаңыз, ол қай жерде де естіледі. Меніңше, тілдің билік органдарындағы қолданылу аясы кеңейіп келе жатыр. Бірақ, заң әлі солқылдақ танытады. Дұрысы заң жоқ. Егер заң кішкене мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілде сөйлеуін мәжбүрлесе немесе қажетсінетіндей, қадағаланатындай заң қабылданатын болса, одан да жақсы болар ма еді.

Қазір халықтың 99 демей-ақ қояйын, 80 пайызы қазақша сөйлейді. Қазір жан-жаққа қарасаң қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың көп екенін, орысша өз ойын жеткізе алмайтын адамдардың көбейіп келе жатқанын көресің. Мектепте оқып жатқан балалардың 80 пайызы қазақ тілінде оқиды. Жоғары оқу орындарында да сондай.

Қазақ тілін дамытуға бөлінген қаржы бар, есебі жоқ!

Сонда білім беру саласында аясы кеңейіп кеткен тіл, ЖОО-ларда аясы кеңейіп кеткен тіл неге билікке барғанда аясы қусырылып қалатынын түсінбеймін. Пародокс! Халық қазақ тілінде сөйлейді, билік сөйлемейді. Бұл енді үлкен проблема.

Бұрын банктерге барғанда қазақша сөйлейтін адам таппайтынбыз. Қазір сол жерде жұмыс істеп отырған қыздар орысша әрең сөйлейтіндей дәрежеде. Немесе мен кеше бір медицина мекемесінің директорынан сұхбат алдым. Мен ана кісінің қазақшасына қатты қайран қалдым. Бұрын медицина қазақша сөйлемейді деп айтатын еді ғой. Жүрек ауруларын қазақша түсіндіріп бергенде өзімнің аузым ашылып қалды. Соған қарағанда тілдің аясы кеңейіп келе жатыр. Қазір қазақтың тілін білетін және қазақша сөйлейтін адамдар өте көп. Қай саланы алсаңыз да, солай. Бірақ, ертеңгі күні сол билік өзінің қазақ тілді халқымен орысша сөйлесіп отырса, проблема, конфликт сонда болады. Бұл биліктің өте байқамай отырған бір тенденциясы.

Бұрын бізде стратегиялық зерттеулер агенттігі, стратегиялық зерттеулер институты деген болатын. Сосын, социологиялық зерттеулер деген бар еді. Қазір солар қайда? Халықтың көңіл-күйіне кім бақылау жасайды? Мысалы, қазақ тілді қауымның орыс тілді билікке деген бір өкпесі бар шығар. Оны байқап, бақылап отырған кім бар, қандай институт бар? Мұндай зерттеулер өте маңызды.

Сосын, тағы бір мәселе – мен былтыр тілдерді дамытуға арналған қаржының жұмсалуын зерттедім.  Билік қазақ тілін дамытуға қыруар қаржы бөлген. Бірақ, сол қаржының есебі жоқ. Қайда кеткенін білмейміз. Сіз қазір қараңыз, бізде біреу тілді өз бетімен үйренейін десе, электронды ресурстар жоқ. Электронды сөздіктер дамытылмаған. Мен сізге айтайын, 2013 жылы www.tilgov.kz деген сайтты жасауға 290 мың доллар бөлген. Сіз екеуміз де сайт жүргізіп отырған адамбыз... Анау қарапайым ғана сайт. Ішінде жеке сервері де жоқ. Оны жасауға ұзап бара жатса, 10 мың доллар кеткен шығар, әйтпесе 2-3 мың доллардың айналасында жасалатын сайт. Сол сайттың өзі қазір істеп тұрған жоқ.  Екіншіден, ол сайтта оқыту ресурстары  жоқ. Сонда оны не үшін жасаған? Кімге жасаған? Бұл қандай көзбояушылық? Бұл жай ғана ақшаны жеу!

Қазақ тілі өзінің деңгейіне жеткен жоқ. Біз әлі күнге дейін латын алфавитін дайындай алмай отырмыз. Әлі күнге дейін бір ізге түскен термин жоқ. Біз осыны дұрыс жасай алмай отырған кезде, нені талап ете аламыз?..

Біз әлі той жасаумен мақтанып жүрміз!

Жұмағали Арғынбаев: Қалада туып-өскен қазақтың ұл-қыздарының арасында қазақ тілін де, орыс тілін де жетік білетіндері өте көп. Бірақ, олар қазақ журналистикасын менсінбейді. Ауыл жастары аудандық, қалалық, облыстық газеттерді түгел «жаулап» алды. Олар көбіне ру-тайпа, батырлар, билер, бақсылар, аңыз әңгімелер, Алдаркөсе, Қожанасыр, той, ас, жырау туралы ғана жазады. Білім беру саласы, медицина, ғылыми-техникалық прогресс (даму), құрылыс, өнеркәсіп, көлік жайлы ештеңе жазбайды. Өйткені, білімдері жетпейді.

Екінші сұрақ: Қазіргі таңда баяғы аудандық, қалалық, облыстық газеттер аудан, қала, облыс әкімдерінің қолжаулығына айналып кетті. Бірінші бетінен бастап соңғы бетіне дейін әкімдердің басшылымен атқарылып жатқан «ұлы істерді» ғана насихаттайды. Өңкей *** біреулер радактор болып отыр. Облыс орталықтарындағы университеттерде ашылған журналистика факультетінің дипломын сатып алған қалақбастардың былшылын оқудан әбден жалықтық. Сын мақала, фельетон жаза білетін журналистердің тұқымы құрып кеткен секілді.

- Жалпы мен байқаған бір тенденция – қазақ ақпарат құралдарында, әсіресе газеттерде танымдық ақпарат көп. «Қазақ батыр болған, қазақ керемет болған», деген бір иллюзиямен өмір сүріп жатырмыз. Өзімізді бір керемет қылып көрсеткіміз келеді. Кереметтігіңді қазір көрсет деймін.

«Кедейленсең, бай болғаныңды айтып мақтанба», дейді. Сол сияқты біз кереметтігімізді қазір көрсетуіміз керек. Қазір біздің экономика мен ғылымдағы, жаңа технологиядағы жетістігімізді айтуымыз керек. Ондай жетістік бізде бар ма? Біз бірдеңе істеп отырмыз ба? Біз компьютер өндіре алдық па? Біз 30 жылда қандай зауыт салдық?

Біз той жасаумен мақтанамыз. Біз батырларымызбен, билерімізбен мақтанамыз. Бүкіл газеттің контенті осы болып бара жатыр. Иә, танымдық тақырып бізді пәлен жыл асырап келді. Бірақ, қазіргі уақытта қазіргі уақыттың мәселелерін айтуымыз керек қой. Осы тұрғыдан келгенде, сұрақ қоюшының пікірімен келісемін.

Екіншіден, журналистикада жүрген адамдарымызда білім аз дегенмен де келісем. Бірінші журналистика факультетіндегі білім беру мәселесі қазір күн тәртібінде тұрған нәрсе. Екіншіден журналистердің өзінің ізденуі өте аз. Өйткені журналистер екі адамнан мақтау естісе, болдым-толдым деп ойлайды. Ары қарай өзімді жетілдіруім керек-ау, мен оқуым керек-ау, демейді. Сондықтан журналистерге айтар едім, әсіресе қазақ журналистеріне жан-жақтарыңа қараңдаршы. Көздеріңді ашыңдаршы. Тіпті ағылшын тілін білмесеңдер де, орыс тілінде де қаншама ақпарат жатыр. Өздеріңді жетілдіріңдерші дер едім.

- Бұған ықпал етуші фактор - бізде салалық журналистиканың оқытылмауы шығар?..

- Салалық журналистика бізде жоқ. Мысалы, бізде журналистикада алғаш бара қалған кезде бір құқық негіздері, мәдениеттану, социология жалпы білім беру сабақтары өтеді.

Менің өзімнің жеке пікірім, журналистерге журналистиканың теорияларын, медиа коммуникацияның теорияларын жақсы үш жыл үйретсін. Үш жыл жетеді. Ал, бір жыл тек қана салалық журналистикаға бағыттау керек. Мысалы, медиктер жалпы практикалық медицина дегенді 5 жыл оқиды. Ары қарай салалық мамандыққа баратындар кардиохирург, невролог, уролог деп ары қарай дамытып оқиды. Мүмкін, сол секілді бір жақсы бағдарлама жасау керек сияқты.

Содан кейін кезінде тағы бір ұсыныс айтқанбыз. Мысалы, экономика факультетінде, IT-да, социологияда оқып жатқан адамдарға журналистиканың арнайы курстарын ұйымдастыруға болады. Сол кезде бұл бір жақсы үрдіс болар еді. Мұндай тәжірибе шет елде бар екен. Үшінші курстан таңдайды екен, студенттерді.

Енді фельетон анау-мынау деп айта береді ғой. Жалпы, журналистиканың жанры деген нәрсе өзгеріп отырады. Фельетон - советтер одағы кезінде сынды өткізу үшін пайда болған жанр ғой. Қазір енді онсыз да сынды былай айтуға болады. Ол кезде енді журналистиканың тілі де, құрылысы да, құрылымы да әдебиетке жақын болды. Қазір коммуникация мүлде өзгерді. Визуализация өзгерді. Ақпаратты берудің форматтары өзгерді.

Арман: Халықаралық ұйымдар Қазақстанды «сөз бостандығы шектелген» елдер тізіміне кіргізіпті. Осы ретте Қазақстандағы БАҚ-тың қазіргі ахуалын қай деңгейге жатқызар едіңіз?

- Иә, Freedom house ұйымының тізімінде 158 орында екенбіз, қателеспесем. Сөз бостандығы жөнінен соңғы орындардың біріндеміз. Ол бәріне белгілі жағдай. Олардың енді өздерінің есептейтін индикаторлары бар. Индекстері бар, соған салып көреді. Әрине қазіргідей жағдайда біз сөз бостандығы шектелген мемлекетке айналғанбыз.

Қайран: Қазір Қазақстанның баспасөзінде екі түрлі көзқарас қалыптасты. Тәуелсіз БАҚ және Мемлекеттік БАҚ. Айтыңызшы Қазақстанда Тәуелсіз БАҚ бар ма? Бар болса, олар қаржыны қайдан алып отыр?

Редакция: Сіз жаңа Қазақстанда тәуелсіз БАҚ жоқ дедіңіз. Ермұрат Бапидың гәзеті ше?

- Ол оппозициялық көзқарастарға тәуелді. Мен ДАТ жобасының 20 жылдығында болу  керек, өзінен сұхбат алдым. Сонда: «аға, сіз де біржақтысыз», дедім. «Тәуелсіз болу үшін сіз бейтарап болуыңыз керек. Сіздің артыңызда да мүдде тұр, бір топ оппозиционерлер тұр. Сіздің артыңызда да ондай адамдар тұрмауы керек. Егер сіз тәуелсіз болсаңыз неге биліктің де істеп жатқан жақсы істерін насихаттамайсыз, жазбайсыз», дегенімде, ол кісі мен 5 мың газеттің 4999-ы мақтап жатыр, мен даттаймын деп айтқаны бар.

- Қоғамдық телеарнаны ашуға Мемлекет өзі мүдделі болу керек қой?

- Тәуелсіз ақпарат құралын дамытуға арналған қор бүкіл мемлекетте бар. Бізде ғана жоқ. Біздікі мемлекеттік тапсырыс.

БАҚ-тың міндеті –сыни көзқарасты қалыптастыра білу!

- Мемлекеттік тапсырыс деп қалдыңыз. Қазақстанда ақпарат саласын басқаратын негізгі куратор Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Сол министрліктің жұмысына көңіліңіз тола ма?

- Өткенде бір қызық әңгіме болды. Аида Балаева университеттердің журналистика факультеттеріне ақпараттық сауат пәнін енгізу керек деді. Ол кісі мұндай пәннің баяғыдан оқытылып келе жатқанын білуі керек еді. Бұл пәннің оқытылып келе жатқанына да, бұл мәселені талқылағалы да пәлен жыл болды. Біз тіпті Интерньюспен бірігіп, ақпараттық сауат пәнін үйрету туралы оқытушыларға арналған нұсқаулық дайындап шығардық.

- Бәлкім ол жалғыз бір адамның емес, командалық жұмыстың жауапкершілігі шығар?

- Команданыкі шығар. Мүмкін төменде айтып отырғандардың көзқарасы бар шығар, бұл жерде. Сондықтан, ақпарат министрлігі деген бүкіліне анализ жасап отыру керек. Жақсы, бізден қаржы алмайды екен, бірақ қандай ақпарат құралдары бар. Олар не істеп, не жазып жатыр. Қандай көзқарас қалыптастырып жатыр. Қандай қоғамдық пікір қалыптастырып жатыр, біліп отыруы керек. Жалпы, қоғамдық пікірді ресми ақпарат құралдарынан гөрі тәуелсіз ақпарат құралдары, тәуелсіз сайттар, әлеуметтік желі қалыптастырып жатыр. Оны біз мойындауымыз керек.

- Онда да қазақтілді сегмент қана!

- Иә, біз соны мойындауымыз керек. Және соған көңіл бөлуіміз керек. Бұл жерде біраз проблема бар. Жалпы айтайын дегенім, журналистиканың негізгі міндеті – ағысқа қарсы жүру де емес, көзсіз мақтай беру де емес. Негізгі міндеті – жалпы сыни көзқарасты қалыптастыра білу. Сыни көзқарас жоқ қой біздің қоғамда. Бізде не сыпыра мақтау, не сыпыра жамандау.

Мысалы, қазір қашықтан оқуды жүргізіп жатырмыз. Бәрі сөз жүзінде керемет. Ал, білім беру платформалары құлап жатыр. Интернет жоқ. Әсіресе, ауылдарда. Көп балалы отбасылардың біреуінде ғана телефон. Өткенде мысалы «КТК» барып Қаскелеңде бір отбасын түсіріп жатыр, бес баласы бар екен. Төртеуі оқиды. Бір ғана телефонға таласып отыр. Сосын Қаскелеңнің әкімдігінен барып бір планшет пен бір ноутбук алып берді. Бірақ, мұнымен мәселе шешілмейді ғой.

Ал, біз сол Қаскелеңнің білім беру басқармасы қашықтан оқуға қанша ақша бөлді, соны жаздық. Олар тек қана 710 миллион теңгеге компьютер сатып алған. Оны неге сол қажет болып отырған отбасыларға бермейді? Оны беру үшін неге мәндетті түрде «КТК» баруы керек? Осындай мәселелер бізде көп. Сосын осы мәселелерге жауап жоқ. Реакция жоқ.

Рушылдық бөлмеген қазақты дін бөліп кете ме деген қауіп бар!

Қали: Қазір елімізде дәстүрлі емес діни ағымдардың сойылын соғып жүргендер де көп. Тіпті билік құрылымдарында да, БАҚ басшылары арасында да мұндайлар көп деседі. Бұл да өз кезегінде Қазақстанның ішкі жағдайында әлеуметтің тыныштығын бұзушы фактор болып табылады ғой. Әсіресе ол БАҚ басшысы болса...

- Жалпы, біздің мемлекетте дін саясаттан бөлінген. Дін басқару ісіне араласпауы керек. Бір байқайтыным, бізде дінді таңушылық бар. Егер біреу мұсылман емеспін, Тәңіршілдікті қолдаймын деп жазса, бәріміз отырып сол адамды жерден алып жерге саламыз. Ал, бұл адамның өзінің құқығы. Өзінің жеке көзқарасы және ұстанымы. Біз осыған үйрене алмай жатырмыз. Сен қазақсың ба, сен мұсылман болуың керек дегенді таңып тастағанбыз. Екіншіден егер деструктивті ағымды қолдап немесе оның Қазақстанға кіруіне жол беріп отырса, бұл біздің ҰҚК немесе құқық қорғау органдарының әлсіздігі деп айтар едім. Неге оларға тыйым салмайды? Неге бізде қазір «Жусан» операциясы болып, Сирияға кетіп қалғандарды елге алып келіп олармен жұмыс істеп жатырмыз? Неге оны бас кезінде ұстамадық?

Біздің өзіміздің мәселелер өте тереңге кетіп қалған. Өте қауіпті жағдайдамыз. Ертеңгі күні рушылдық бөлмеген қазақты дін бөліп кете ме деген қауіптің өзінде отырмыз. Өйткені бізде жаңағыдай әсіре радикал топтың өкілдері кәдімгідей белең алып кетті. Ең жаманы – қазақтар солардың сөзіне имандай сенеді. Ең қорқыныштысы сол. Біздің мемлекет негізінде демократиялық жолмен дамып келе жатқан білімді мемлекет болу керек қой. Ал, бізде қазір бір діни көрсоқырлыққа алып бара жатыр. Сол өте қауіпті болып тұр бізге.

Назерке Серікқызы: Адамзат әлеуметтік желінің тұтқынына айналмай санасы азат болып тұрған уақыттарда тілші болуға талпынған жастар көп еді. Ол кезде қоғамда сауатты журналисттер қатары көп болатын. Бірақ соңғы бес жылда мақалаларды газеттерден емес сайттардан көп оқитын болдық. Бұл жаңашылдық төртінші билік саналатын журналистика саласына үлкен кері әсерін тигізіп жатыр деп есептеймін. Себебі сайттарға салынған мәліметтер мен ондағы қателерден көз сүрінеді. Осы жағдай төңірегінде қандай шаралар жүргізіліп жатыр?

- Қазір фактчекерлер дегенді естуіңіз бар ма? Тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем жалған мәліметпен күресіп жатыр. Біріншіден әлеуметтік желінің келгені бізде ақпаратты талғамай беру, қабылдау деген үрдісті қалыптастырды. Сосын бұл біздің анау сыни ойлау деңгейімізге де бір сынақ болды. Кез-келген нәрсеге сене беретін болдық. Конспирология теориясы дейміз ғой, соған да келісе беретін болдық. Соған қарағанда ең бірінші нәрсе сол MediaNet бастаған www.factcheck.kz деген сайт бар. Солар ақпаратты қалай тексеруге болады, таралып жатқан ақпараттың қайсысы жалған, қайсысы рас дегенді кәдімгідей сарапқа салып отырған Қазақстандағы жалғыз ресурс.

Сонымен қатар, ақпараттық сауат дегенді көп адам түсінбейді. Ол дегеніміз сыни ойлай білу, ақпараттың шынайы екеніне көз жеткізе білу. Ақпаратты қабылдап үйрену. Қабылдаған ақпаратыңды жүзеге асырып үйрену. Осы мәселеде біз оқулықтар жазып жатырмыз. Тренингтер ұйымдастырып жатырмыз.

Оның үстіне бізде кітап оқымайтын жастар пайда болды. Кітап оқымағаннан кейін қазақтың тілінің табиғатын білмейтін, тілді ары қарай пайдалана алмайтын, елден естігенін ақпарат қылып тарататын жастар көбейіп бара жатыр. Бұл рас. Бізде тілдің граматикалық қана емес, тілдің таным-түсінігіне кері әсер етіп жатқан жағдайлар бар.

Екінші жағы – ақпаратты әйтеуір тарату керек екен деп, тарата беру. Этика жағынан проблема өте көп. Мен журналистерді білім алуға шақырар едім. Білімді жетілдіру керек. Өйткені журналистика деген күнде өзгеріп отырады. Күнде жаңа тренд пайда болып отырады. Соған ілесе білу керек.

Мейіржан: Қайырлы күн! Жаңа медианы алғашқы болып оқытқан адам ретінде бүгінгі қазақ интернет кеңістігі Мінберге қарыздар. Істеріңізге сәттілік! Енді сұрақ, жаңа медиа дамыды, бұрын интернетті үйрету мәселе болған, ал қазіргі мәселе қандай? Екінші, тәуелсіз басылымдар қаржыны қалай тапса болады, бұл өзіңіз оқыған Англияда қалай шешілген?

- Жаңа ғана айтып өттім ғой. Жаңа медиа дамыды, бірақ бізде сауаттылық мәселесі проблема болып тұр. Екіншіден бізде бәрібір мультимедианың негізгі элементтері жақсы дамыған жоқ. Визуализация бізде жоқ әлі. Әрине, аудио-видео мәселесі шешіліп келе жатыр. Бірақ, инфографикамен жұмыс, визуалды контент деген бізде өте аз.

Қазақ журналистикасы шынын айтқанда осы технология жағынан, интернет журналистика жағынан батыстан бір ғасыр кейін қалып жүрміз десем, артық айтпаған боламын. Біз дата журналистика дегеннің не екенін білмейміз. Әрісін айтпай-ақ қояйыншы, берісі ашық ресурстар көзін пайдаланып ақпарат беруді білмейміз ғой. Сондықтан ең басты мәселе осы сауат, іздену мәселесі.

Екінші мәселе – сайттардағы сөз бостандығы мәселесі. Айтып отырмын ғой, бір мәселені көтерсек, жан-жақтан көз пайда болады. Алдырып тастайды.

Содан кейін қаржыға байланысты. Бірақ, бір байқағаным – шетелде жарнама нарығы жақсы дамыған. Егер сенің оқырманың көп болса, жарнамаң да көп болады. Бірақ BBC жарнамамен алмайды. Қоғамдық ақпарат құралдары жарнаманы қабылдамайды, білесіздер. Германияның кейбір қоғамдық ақпарат құралдары жарнама қабылдайды екен. Ол өздерінің ішкі заңдық ережелеріне байланысты шығар. Кейбір сайттарға кірсеңіз бізге жылу жина деген мағынадағы жазу тұрады. Кәдімгідей медиаға жаны ашитын, ақпаратты жақсы көретін байлар соған ақша бөледі. Оған есесіне ештеңе сұрамайды. Біздегідей «сен маған, мен саған» деген қағида жоқ. Сосын әртүрлі жобаларға қатысады, конкурстарға қатысады. Грант деген нәрсе бізге көктен түскен нәрсе емес қой, сол батыстан келген нәрсе. Тендерлерге қатысу. Мемлекеттік тапсырыс деген солардан келген. Бірақ, ол жақтың мемлекеттік тапсырысы біздікінен бөлек. Біздегідей диктовка жасалмайды. Сосын біз қайырымдылық дегенді басқаша түсінеміз. Біз бір жылу жинауды – қайыр сұрау деп түсінеміз. Ал, оларда ол қалыпты жағдай.

- Жалпы, сұрақтардың барлығына жауап бердік деп ойлаймын. Көбі стандартты сұрақтар. Сонымен, түйіндесек, не айтылды, не айтылмай қалды?

- Білім алуды айттық, кәсібилікті айттық. Жалпы журналистік білім беруді айттық, мемлекеттік тапсырысты айттық. Қаржыландыруды айттық. Тәуелсіздікті айттық…

- Айтылмай қалған бір дүние – өткенде өзіңіз жазған журналистикадағы гендерлік мәселесі. Өкпелеп жазғандай болдыңыз...

- Жоқ, ол жерде мен өзімді айтып отырған жоқпын. Мысалы, белгілі журналист, заңгер Ғалия Әженова апай журналистердің құқығына қатысты қаншама керемет дүниелерді айта алар еді. Және ол сол саланың адамы.

Бізде қазақ қоғамы дәстүрлі патриархалды қоғам ғой. Біз айтамыз әйелдерге теңдік беріп қойдық, ананы істеп отыр, мынаны істеп отыр деп. Бірақ шын мәнінде сіз маған айтыңызшы билік шешім шығарып, бас редактор қылып тағайындаған кім бар? Мүмкін бір-екі адамды айтарсыз... Бірақ, өзінің еңбегімен... Мен өз басым ондайды көрген жоқпын. Тағайындалып жатқан күннің өзінде оның артында біреу тұрады. Жігіттер қыздардың қазақ журналистикасының бір жүгін көтеріп жүргенін мойындамайтын секілді. Бұл пікірмен келісетіндер, келіспейтіндер бар шығар. Бірақ, мен сондайды байқаймын.

- Уақыт бөліп, Abai.kz оқырмандарының, редакцияның сауалдарына жауап бергеніңіз үшін өкп-көп рахмет! Ісіңізге сәттілік!

- Сіздерге де көп рахмет! Айтылмай қалған әңгіме болған жоқ шығар деп ойлаймын...

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1454
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5258