Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4765 0 пікір 29 Желтоқсан, 2011 сағат 06:39

Мұхан Исахан. Жаңаөзен дүмпуінің дақпырты мен ақиқаты

Алалай да бұлалай... Бас жарылды. Қол сынды. Қан төгілді. Айдын күннің аманында азаматтарымыз мырышқа түйрелді. Жаңаөзенде жеті айдан бері ереуілдеткен жұрт, дұрысы кернеуі запыранға толы, кетеуі кеткен мұнайшы қауым қасиетті жұма күні осы күнге дейін жүні жығылмаған жергілікті маңғаз билікті жүндей түтті. Жеті айдан бері нәпақа таппаған аш-жалаңаш жұрт сөз ұқпайтын шенеуніктерді ақыры болмаған соң төзімі таусылып, тезге салмақ болды. Жарты жылдан астам уақыт нәумез күйде наразылық жасаған мұнайшылардың жанайқайы ақыр-аяғында қылша мойны талша кесіліп, жанпида-жәнтәсілім етуімен тыңшыды. Иә, билік қолын қанға малыды. Өз халқын қойша қырып салды. Бұлғақ аяусыз қанды қасап қырғынмен жаншылғанымен, дүйім ел дүрмекке еріп, айқайға сүрең қосты. Жаңаөзен жарылысының жаңғырығы Шетпе мен  Ақтауға ұласып, Алматыға дейін жетті. Көтеріліс рухы асқақтаған үстіне асқақтай түсті. Дегбірі ұшқан дарақы билік өкілдері амалсыздан көптің ығына жығылды. Ханымыздың өзі үлкен басын кішірейтіп, халқының алдынан өтті. Халық талабына көндігуге мәжбүр болды. Сонымен қанды қырғын «Жаңаөзен оқиғасы» бізге қандай сабағын қалдырды?

Оқиға қалай өрбіді?

Алалай да бұлалай... Бас жарылды. Қол сынды. Қан төгілді. Айдын күннің аманында азаматтарымыз мырышқа түйрелді. Жаңаөзенде жеті айдан бері ереуілдеткен жұрт, дұрысы кернеуі запыранға толы, кетеуі кеткен мұнайшы қауым қасиетті жұма күні осы күнге дейін жүні жығылмаған жергілікті маңғаз билікті жүндей түтті. Жеті айдан бері нәпақа таппаған аш-жалаңаш жұрт сөз ұқпайтын шенеуніктерді ақыры болмаған соң төзімі таусылып, тезге салмақ болды. Жарты жылдан астам уақыт нәумез күйде наразылық жасаған мұнайшылардың жанайқайы ақыр-аяғында қылша мойны талша кесіліп, жанпида-жәнтәсілім етуімен тыңшыды. Иә, билік қолын қанға малыды. Өз халқын қойша қырып салды. Бұлғақ аяусыз қанды қасап қырғынмен жаншылғанымен, дүйім ел дүрмекке еріп, айқайға сүрең қосты. Жаңаөзен жарылысының жаңғырығы Шетпе мен  Ақтауға ұласып, Алматыға дейін жетті. Көтеріліс рухы асқақтаған үстіне асқақтай түсті. Дегбірі ұшқан дарақы билік өкілдері амалсыздан көптің ығына жығылды. Ханымыздың өзі үлкен басын кішірейтіп, халқының алдынан өтті. Халық талабына көндігуге мәжбүр болды. Сонымен қанды қырғын «Жаңаөзен оқиғасы» бізге қандай сабағын қалдырды?

Оқиға қалай өрбіді?

Әсілі, тексеру комиссиясының қорытындысы шықпай жатып, қанды оқиғаның қалай өрбігенін дөп басып айту қиын. Десек те, осы күнге дейін ғаламторда жарияланған деректерді талдай отырып, бұлғақ барысын шамалап долбарлауға болатын секілді. Жеті айдан бергі мұң-зары биліктің жетесіне жетпеген соң ереуілшілдер желтоқсанның 16 күні кең масштабта наразылық акциясын өткізбек болғанға ұқсайды. Иә, ереуілшілдер неге дәл осы тәуелсіздік мерекесі күнін таңдап алды деген сауал бәріміздің санамызда қылаң береді. Анау-мынау емес, нақ тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейлі шағын тойлау кезінде топалаң жасаған жөн бе еді? Әлбетте, «жоқ» дейміз бәріміз бірауыздан.

Әйткенмен, ереуілшілдердің жеті айдан бергі жанайқайын билік қаперіне де алған жоқ. Бірнеше рет «Өзенмұнайгаз» компаниясының өкілдерімен бейбіт түрде бір үстелдің басына келгенімен, екі тарап ортақ мәмілеге келе алмады. Келе алмады емес, шынын айтар болсақ, билік салық төлеп, қазынаға пайдасын тигізіп отырған «Өзенмұнайгаз» басшыларын қолдады. Рұқсатсыз ереуілге шықтыңдар деп, мұнайшыларды бірлеп емес, жүздеп жұмыстан қуды. Кесіп алсаң кесіп ал, шауып алсаң шауып ал деген сыңаймен мізбақпады.

Ашынған ереуілшілдер жандауысын зорайтып жеткізу мақсатында амал жоқ төңкеріс жасаудың талматұсы - халық қалың нөпір болып жиналатын межелі күні майданға шықты. Задында, мұнайшылар тәуелсіздік тойын тойлауға құлықсыз болса да, өздерінің шын мәніндегі тәуелсіз ойдың ойыншысы екенін әйгілемек болды. Қазақ қоғамын жиырма жыл бойы жасық, жәутік етіп тәрбиелегісі келген тасқұрсау биліктің әлімжеттік әрекетіне азат елдің оғландары төзбейтінін көрсетпек болды. Яки, бодан елдің емес, бостандық сүйгіш халықтың ұландары екенін паш етпек болған тәрізді. Осы байламға бел буған ереуілші қауым атойлап алаңға шықты...

«Өзенэнергомұнай» мекемесінің  жұмысшысы  Оразбай Тұрсынбаевтың айтуынша, ереуілшілдер халықтың наразы көңіл-күйі жайлы ресми хат жазып, жергілікті билікке алдын-ала ескерткен көрінеді.

- Мен өз қолыммен Жаңаөзен қаласы прокуроры Марат Тойжанға, қала әкімі  Орақ Сарыбөпеевтің кеңсесіне апарып, ескерту хат тапсырдым және тіркеттім. Онда  «16-сы күні тойдың топалаңы шығуы мүмкін, бірақ оны ереуілшілерден көрмеңдер, халықтың наразылығы пісіп келеді» деп баяндаған едік, - дейді Оразбай Тұрсынбаев Азаттық радиосының тілшісіне берген мәлімдемесінде.

Оның айтуынша жергілікті билік ереуілшілер ескертуіне құлақ аспаған. «Біздің наразылығымызға қарамастан алаңның қақ ортасына әкеліп киіз ​үйлер тігіле бастады. Әдетте мұндай үйлердің алаңына шетін ала тігілетін өз орындары бар еді. Дегенмен олар әдейі елдің ашу-ызасын қоздыра түсу мақсатында ереуілшілер тұрған жерге әкеп орнатты» дейді ереуілші отандасымыз.

- Бірақ мұның бәрі халықтың  шыдамын тауысқан тәрізді. Алаңда суықта ереуілдеп тұрғандар шоғыры аз болғанмен олардың туған-туыстары жетерлік. Олардың барлығын аш, ақшасыз өмір сүру жалықтырды. Қалай болған да бір жағына шығу керек болды, - деп түсіндіреді жағдайды Оразбай Тұрсынбаев.

Ал ереуілші Марат Жүсіпбаевтың сөзіне сүйенсек, олардың «алаңды босатыңдар» деген талабынан соң полиция күш қолдана бастаған. Осы кезде «Өзенмұнайгаз» компаниясы жұмысшыларының киімдерін киген жүз қаралы адам тосыннан алаңға келіп, шу көтерген. Қаны қызып тұрған қалың бұқара алаңда тұрған шыршаны, музыка ойнап тұрған дыбыс күшейткіш аспаптарды, автобусты, ағаш үйлерді өртеп жіберген.

Әдепкіде, екпіні желдей ескен қалың нөпірге шамасы келмеген полиция қызметкерлері қаруланып, алаңға қайта оралып келіп, ереуілшілдерге тарс-тұрс автоматтан оқ жаудырған. Қардай бораған ажал оғынан ереуілшілдердің алдыңғы легі қоғадай жапырылып, сұлап түскен. Кейін шегініп, қаны қарайған ереуілшілдердің бір тобы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы кеңсесі, Жаңаөзен қалалық әкімшілігі ғимараты мен қаладағы үлкен қонақ үйлердің бірі «Аруананың» өртеп жіберген.

Ал, полиция қызметкерлері қашып құтыла алмай, шала-жансар қолға түскен ереуілшілдерді резеңке сойылмен сабап, біржола шаруасын тындырып жатты (Азаттық радиосы жариялаған бейнетаспада көрсетілді). Алаңда жайрап жатқан жүздеген ереуілшіні жедел жәрдем шама-шарқы келгенше ауруханаға жеткізумен болған. Алғашқы айқаста-ақ, онға тарта ереуілші жантәсілім етіп, жетпіске жуығы ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген. Қаза тапқандардың алтауы полиция қызметері деп ресми мәлімдеме таратылғанымен, ереуілшілдермен тілдескен Азаттық радиосының тілшілері бұл деректі растамай отыр. Бейресми деректерде керісінше ереуілшілерден жетпіске жуық жан шейіт түсіп, бес жүздей адам жараланыпты. Биліктің мәселені уақытында шешпей,  ушыққан кезінде өз халқын оққа байлауы, Черчильдің «Маған мың адамның қанынан бір тамшы мұнай артық» деген  оспадар сөзін есімізге түсіреді...

Шетпе, Ақтау, Алматыдағы толқу...

Қаңқу сөз, қауесет емес, қанды қырғынның нақты орын алғанын естіп-білген жұрт  жер-жерден қамауда отырған бауырларына қолдау білдіріп, ұран тастады. Желтоқсанның 17 күні Шетпе станциясында елуге тарта ереуілші Ақтөбе-Ақтау отарбасын тоқтатып, теплавозға өрт қойды. Сақшылармен болған қақтығыста бір адам қаза тауып, онға тарта ереуілші жараланды. Іле-шала Ақтаудың Ынтымақ орталық алаңында бес жүзге тарта қала тұрғыны Жаңаөзендегі жайсыздыққа наразылық білдіріп, қамауда отырған мұнайшыларды босатуды талап етті. Ақтауға «Қаражанбас» және «Жетібай» мұнайшылары да  ағылып келіп (бейресми дерек бойынша), Жаңаөзендегі қақтыста қолға түскен мұнайшыларды босатуды сұрады. Басынан бақайшығына дейін мұздай қаруланған әскерилер Ынтымақ алаңын жан-жақтан қоршап, шерушілерді бірнеше күн бойы қатаң бақылауда ұстады. Жұртты шеруге үндеген белсенділерді тұс-тұстан ұстап әкеткенімен, Ынтымақ алаңындағы толқу негізінен бейбіт түрде өтті.

Ал, Алматыда желтоқсанның 17-і күні Желтоқсан құрбандарына орнатылған ескерткіш маңына ондаған адам жиналып, (Серікжан Мәмбеталин, Мұхтар Шаханов, Жасарал Қуанышалин, Хасен Қожа-Ахметтер, Серік Сапарғалиев бар) Желтоқсан құрбандары мен  Жаңаөзендегі шейіттердің рухына Құран бағыштады. Аза тұту рәсімінен кейін Жасарал Қуанышәлин, Хасен Қожахмет, Серік Сапарғалиев Жаңаөзендегі адам қазасы үшін Қазақстан билігін айыптады. Хасен Қожахмет жиналғандардарды Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысты наразылық пикетін өткізу үшін "Нұр Отан" саяси партиясының Алматыдағы кеңсесі алдына баруға шақырғанымен, оны және оған ерген бірнеше адамды полиция ұстап әкетті. Сондай-ақ, Азатық тілшілерінің хабарлауына қарағанда оппозиция өкілдері Лариса Бояр, Арман Ожаубаев, Дмитрий Тихоновты да сақшылар қамауға алған.

Желтоқсанның 21 күні Жазушылар одағы ғимаратының дәлізінде бір топ қоғамдық белсенділердің жиын өткізді. Елуге тарта адам жиналған жиында жұртшылық ресми ақпарат құралдарының шындықты жасырып отырғанын, ереуілшілердің талабы орынды екенін айтты. Алғашқы болып сөз алған желтоқсаншы Халелхан Әділханов: - 1986 жылы сумен атып, таяқпен ұрды, енді тура 25 жылдан кейін өз әскеріміз қарусыз қазақ жігіттерін автоматпен атты. Оған кім бұйрық берді?Ақтауда 500-ге жуық адамды жертөлеге қамап, үстеріне су құйып, азаптап жатыр» деген ақпарат бар. «Қандай діни топта екендеріңді мойындаңдар» дейтін көрінеді. Ақтау Алматыдан алыс жатыр, әйтпесе халық көтерілуге дайын. Ақтау Алматыға елеңдеп, бізден көмек күтіп тұр, - деп, ызаға булыға сөйледі.

«Руханият» партиясының мүшесі Ғалия Ермұқанова Жаңаөзен туралы ресми ақпарат құралдары таратып жатқан ақпараттарға сенбейтінін, «осы оқиға кезінде 70 адам жерленгені туралы естігенін» жеткізді. Бұдан кейін жазушы Сапабек Әсіп,  «Азат» қозғалысының мүшесі Азат Көкен, «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының атынан сөйлеген Дәурен Сатыбалды сөз сөйлеп, биліктің қанды қасап әрекетін қатаң сынға алды.

Ақпарат көздері не деді?

Күн құрғатпай Жаңаөзен оқиғасы туралы БАҚ бір-біріне қарама-қайшы ақпарат тарата бастады. Ресми ақпарат көздері мәселенің байыбына бармай жатып, Жаңаөзендегі бұлқынысты «наркомандар, маскүнемдер, басбұзарлар» жасады деп, «оларға жиырма мың теңгеден ақша ұстатып, алаңға айдап салған арандатушылар болды» деп құбадүмбіл ақпарат таратты. Ал, «Хабар» агенттігінің тілшілері бәрінен асып түсіп, Жаңаөзен ереуілшілерін «құтырған ит», «сілімтік» деп сыбап салды. Ақтаудан шығатын «Лада» газетінде үкіметтік комиссияның жетекшісі Ө.Шөкеев Жаңаөзен оқиғасын шеттен келген оралмандар жасады деп біржақты баға берді.

Десек те, отандық ақпарат көздерінің көпшілігі бейтарап ұстанымды болды. Мысалы, «Айқын» газеті, «abai.kz», «masa.kz» және стан видеопорталы ресми деректер мен расталмаған мәліметтерді де қатар беріп отырды. Ал, «Жас Алаш», «Жас Қазақ», «Жас Қазақ үні», «Свавода Слова», «Времия», басылымдары Жаңаөзен оқиғасына қатысты құқық қорғау органдары шынайы ақпаратты жасырып отырғанын айтып, билікті сын садағына алды. Жариялықтың теңдессіз жоқтаушысы Азаттық тілшілері болса, ресми орындар таратқан ақпараттардан қарағанда, оқиға орынына өздері барып, ереуілшілдермен тілдесіп, фотосурет пен бейнетаспаға түсіріп, ұялы телефонға түсірілген бейне-роликтерді жариялады.

Ши шығып тұрған жерге от қойып, ереуілшілерді жарға итеріп салған арандатушының кім екенін біле алмадық. Бірақ, ұялы телефонға түсірілген Жаңаөзен оқиғасының барысын баяндаған бейне-роликтегі Омон қызметкерлерінің қарусыз халыққа оқ атқанын көргеннен кейін жанымыз түршігіп, аза бойымыз қаза болды. Одан қалса, шынайы ақпарат тарап кетпес үшін Жаңаөзен тұрғындарының ұялы телефондарын сақшылардың күшпен тартып алып жатқанын естігеннен соң, мәселенің осылай ушығуына биліктің оспадар орындаушыларының әрекеті түрткі болғанын ұққандай болдық.

Оқиға қалай бағаланды?

Билік өкілдері ә дегеннен-ақ оқиға қатысты біржақты пікір ұстанды. Қақтығысты «наркомандар, маскүнемдер, басбұзарлар, оралмандар ұйымдастырды» дегені былай тұрсын, құқық қорғау қызметкерлерінің халыққа оқ атқанын кінәлаудан бас тартып, қайта оларды ақтаумен болды. Мысалы, Бас прокуртураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков желтоқсанның 17 күні берген оқиғаға қатысты түсініктемесінде: «Қақтығыс басталған сәтте алаңда ашу-ызалы 800 адам жиналып үлгірген, ал қоғамдық тәртіпті бар болғаны 120 қару-жарағы жоқ полиция қызметкерлері қорғап тұрған. Олардың командирінде ғана қару болған, - деп, құқық қорғау орган қызметкерлерін ақтай жөнелді. Ал, ішкі істері министрі Қалмұхамбет Қасымов оқу атуға қатысты жұрт естісе, ду етіп күлетін мәлімет берді. Біздің елде Елорданың бұйрығынсыз полиция қызметкерлерінің шөптің басын сындырмайтыны жұрттың бәріне белгілі болғанымен, ол халыққа оқ атуға ешкімнің бұйрық бермегенін, ереуілшілдерден тепкі көрген полиция қызметкерлері қоймадан қару-жарақ алып шығып, өздері оқ жаудырғанын жеткізді. Тіпті, Елбасының өзі алғашқыда «Полиция өзінің міндетті қызметін дәлме-дәл орындады және өз өкілетін заң шеңберінде жүзеге асырды» деп мағлұмдады. Ақтаудағы мен мәслихат депутаттарымен кездесуінде: «полиция өзіне бағынбаған топты жуасыту мақсатында әуелі аспанға, кейін жерге қарата оқ атқан" деп те баяндады.

Әйтседе, "Хьюман Райтс Уотч" халықаралық құқыққорғау ұйымының Орталық Азия бойынша ғылыми қызметкері Михра Риттман Азаттықта жариялаған мәлімдемесінде тәртіпсіздік барысында адам өліміне  әкеп соғатын әрекет жасауға болмайтынын айтып: "Тіпті тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылық уақытында да, полиция тәртіпті қалпына келтіру барысында артық күш қолданбауы керек» деді. Ал, отандық білікті заңгер Абзал Құспанов: «Полиция - төменнен жоғарыға бағынатын, иерархиялық саты үлгісіндегі құрылым болғандықтан, атыс қаруын қатардағы полицияның өздігінен қолдануы мүмкін емес нәрсе. Яғни - бұқара халыққа қарсы атыс қаруын қолдануға міндетті түрде біреу бұйрық берген» дейді.

Расында да, шетелдерде мұндай шиеленіс тәртіпсіздікке ұласқан жағдайда, бірден автоматтан оқ жаудырмайды. Мұздай сумен атқылап немесе көзден жас ағызатын газ қолданып жататынын көріп жүрміз. Мәселен, осы биыл Лондонда он мыңдаған жастар көшеге шығып, жаппай тәртіпсіздік жасады. Сонда ағылшын билігі бірде-бір оқты шығындаған жоқ. Шығындағаны былай тұрсын, мылтықтың ұңғысын да халыққа кеземеді. Ал, біздің құқық қорғаушылар ата жауын жауын көргендей ереуілшілерді салған жерден жусатып салды. Тіпті, ұлтымыздың жазылмас жарасы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде де жастарға қарсы Мәскеу суық қару қолданбаған еді.

Билік оқиғаның шығу төркінін де біржақты бағалайтын сияқты. Президент: «Бейбіт халық мерекеге келді, міне осы бұқараға мас әрі қарулы арандатушы адамдар араласты», деп, қанды оқиғаның өріс алуына арандатушылар себеп болғанын бірнеше рет қадап тұрып айтты. Ал, тәуелсіз сарапшылар жеті айдан бері мұнайшылардың ереуілінің бұлайша қанды қырғынмен аяқталуына биліктің еңбек дауын дер кезінде шешпегенінен туындады деп біледі. Мысалы, журналист Дувановтың ойынша, Жаңаөзендегі оқиға ереуілші мұнайшылармен тең дәрежелі келісім жасаудан бас тартқан биліктің кесірінен болған. «Жаңаөзенде қарулы қақтығыс болмай қоюы неғайбыл еді. Өйткені билік әу бастан өз пікірінен танбай, ереуілшілермен санаспай, оларды жұмыстан шығарып, әртүрлі арандатуға душар еткен. Сондықтан бұл оқиғаға да биліктің арандатуы себеп болуы мүмкін» дейді.

Ұлт зиялыларының да оқиға қатысты көзқарасы бір-біріне қарама-қайшы. Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Ғарифолла Есім, Қуаныш Сұлтанов, Камал Бұрхановтар оқиғаны нағыз бұзақылық, бейбастақтық, қанқұйлы қылмыс деп бағаласа, Мұхтар Мағауин бастаған бір топ қаламгерлер биліктің өз халқына оқ атуын қай жағынан алып қарағанда ақтауға жатпайды деп біледі. Ақын, Мырзан Кенжебай: «ақыл-есі түзу адам 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен қазіргі желтоқсан оқиғасының айырмашылығы жоқ екенін көріп отыр, екеуінің сценарийі - бірдей. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде де қазақтың зиялы қауымы дәл осылай  сөйлеген. Оларды интеллигенция дегеннен гөрі «жантықтар» деп атар едім. Сонау Жаңаөзенде тағдыры итке таланып жатқан адамдарға Алматыда отырып, төрелік айтуға кімнің құқығы бар? Мұрат Жұрынов 8 айдан бері Жаңаөзенге барып па? Фариза Оңғарсынова жағдайларын сұрап па? Әбіш Кекілбаевтың атын да атағым келмейді. Міне, қазақ интеллигенциясының сиқы осы, - дейді арқалы ақын тілшілерге берген сұхбатында. Ал, Темірхан Медетбек дер кезінде шешімін таппаған болмашы еңбек дауы, нәрегей наразылықтың осылайша қанды қырғынмен аяқталуын «Ұлттық трагедияға» балады.

Айтпақшы, базбір таяз ойлы жазғыштар оқиға барысындағы қан төгілудің себебін адайлардың қызбалығымен байланыстырғысы да келді. Жеті ай бойы табан аудармастан бейбіт түрде митингі жасаған көпшілікті қалайша әсіреқызылдыққа салынды дей аламыз? Әрі-беріден соң адай болсын, оралманы болсын, өңгесі болсын бәріміз бір уыздан жарыған Алаш деген арда халықтың баласымыз ғой. Ендеше, осындай қым-қуыт шақта бірімізді телі-тентек санап, өзімізді төзімді санауымыздың қажеті қанша?

Тегінде, билік Жаңаөзендегі жағдайға дер шағында көңіл бөлгенде, бәлкім қанды оқиға орын алмас еді. Енді келіп «сырттан біреулер арандатты» дегеннен басқа ештеңе айта алмай отыр. Арандатушы неге басқаны айдап сала алмайды? Неге дәл Жаңаөзеннің жұмысшыларын қоздырып бағады? Үстірттен бір себеппен ши шықпаса, арандатушы тектен текке оның отын үрлей алмайтын еді ғой! Сондықтан біздіңше «Жаңаөзен оқиғасының басты қозғаушы күші - қарапайым қалың бұқара, ал оқиғаның орын алуының негізгі себебі - осы халықтың әлеуметтік мүддесі еді» деп түйіндеген әлдеқайда дұрыс секілді.

Кім арандатты?

Қанды оқиғаның ақ-қарасы анықталмай жатып-ақ билік жастарды отқа итерген арандатушылардың бар екенін айтып салды. Алайда, арандатушының кім екенін нақты кесіп айтпады. Дегенмен, билік өкілдерінің бірнеше рет қадалып тұрып айтқанына қарағанда, расында да арандатушы мүдделі топ бар секілді. Бүгінде сол арандтушы кім болды деген сауал барша жұрттың санасын сансыратып отыр. Енді, осыған аз-кем бал ашып көрсек...

Біріншіден арандатушы кім болуы мүмкін дегенде солтүстіктегі көршіміз Ресей есімізге оралады. Өйткені, Ресей әлі отаршылдық пиғылынан арылмаған ел. Сүрініп кетсең омақаса құлатып, отар етуге әзір. Кезінде Бәкиев АҚШ пен Ресейдің арасында ойын ойнамақшы болғанында, арыстанның ойыны түлкінің мойынын үзіп, Ресей бір-ақ күнде қырғыз аспанына қара дауыл тұрғызған болатын. Әйтседе, соңғы жиырма жылдықта Қазақстан мен Ресей арасында қарама-қайшылық орын алған емес. Қайта, Қазақстан үнемі Ресейдің қолын ұзартып, өрісін кеңейтетін бастамалар көтеріп келе жатыр. Ресей үшін ұтымды саналатын ТМД, ШЫҰ, ОДБК, Кеден Одағы, ЕЭО секілді  жобалар Қазақстан тарапынан ұсынылды. Әрі-беріден соң әрбір істе Ресеймен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келе жатқан әлемде бір субьекті болса, ол сөзсіз - Қазақстан. Яғни, Ресейдің жер бетіндегі жалғыз досы біздің ел десек қателеспейміз.

Екіншіден, Қазақстанның Орталық Азиядағы басты бәсекелесі күнгейдегі алашапанды ағайын екені белгілі. Бетпе-бет келгенде «Қазақтан досың болса, жолда қалмайсың» деп құшағын жайғанымен, жеме-жемге келгенде Ислам әкәнің Нұрағаңның бастамаларын қолдай бермейтіні айдан анық. Елбасының «Орта Азия Одағы» идеясын қолдамағанын былай қойғанда, Ислам әкәнің бөтегесі бүлкілдеп, бөлек кетіп, Түркі интеграциясына да кірмегені осының айғағы? Десек те, өзбектің қазір қазаққа өштік қылатындай қауқары жоқ. Халқының жартысы Қазақстан мен Ресейдің есебінен күнелтіп жүр. Яғни, ашығын айтсақ, Тәшкенттің әзірге Қазақстанға қыр көрсететіндей шамасы жоқ.

Үшіншіден, шығыстағы көршіміз аспан асты елі де қазақтың атының озғанын қалай бермейді. Алдағы жүз, екі жүз жылдықта қазақты жұтып қоюды (Құдай сақтасын) мақсат ететін қытай аждаһасы әзірше тәбетін тартып, жерасты жадығаттарымызға және елімізге адам инвестициясын салумен ақырындап, баяу батысқа жылжи беруді көздеп отыр. Яғни, қытайдың қазір қазаққа бүлік салатындай жөні жоқ.

Төртіншіден, Жаңаөзен оқиғасын мұхиттың арғы жағында АҚШ ұйымдастырған болуы әбден мүмкін. Себебі, Ақ үй Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктестігі ретінде танығанымен, соңғы кезде Ақорда барлық мәселеде Кремльмен ақылдасатын болып алды. Кеден Одағына мүше болғанын айтпағанда, енді Ресеймен экономикалық кеңістік құрмақшы болып отыр. Одан қала берді тақауда Қазақстан бастапқы келісімді бұзып, әупірімдеп жүріп «Қарашығанақ» кенінің  10 пайыз пакетін иеленді. Ақорданың алпауыттардан ықпастан бұлай дербес әрекет етуі АҚШ-қа ұнай қоймасы белгілі. Әлбетте, АҚШ бұл ойынды тікелей өзі емес, Әкежан Қажыгелдин, Мұхтар Әблязов, Рахат Әлиев, Виктор Храпунов секілді диссиденттердің қолымен жасай алады. Әблязовтың ғаламтор арқылы алдын-ала көтерілістің болатынын хабарлағанын қаперге алсақ, осы төртінші болжам шындыққа жанасатын тәрізді. Ал, Әблязовтардың тапсырмасын ел ішінде кімдер орындады деген мәселені Қазақстанның барлау қызметі анықтау керек деп ойлаймыз.

Түйін

«Әр істің бір хикметі болады» деген даналықты негізге алсақ, «Жаңаөзен оқиғасының» да Амангелді Айталы ағамыз айтпақшы бізге берер өз сабағы бар. Яғни, билік «Қазақстан өзін-өзі әлеуметтік мемлекеті ретінде орнықтырады» деген қағиданы тек Атазаңымызға жазып қоймай, енді нақты өмірлік ұстанымға айналдыруы қажет. Дейтұрғанмен, біз хикметті терең сезене алатын үкіметімізді көрмей отырмыз. Мұнайшылардың мәселесінің ушығып кетуіне осы салбурын үкіметтің самарқаулығы әсер еткені көпшілікке аян. Ендеше, Елбасымыз «Жаңаөзен оқиғасына» жол бергені үшін үкіметті отставкаға жіберуі тиіс деп білеміз. Өйткені, Мәсімов үкіметі қазаққа беретінін де беріп болды, қазақтан алатынын да алып болды. Атам қазақ мұндайда «Тілеп алған аурудың емі жоқ» дейді. Яғни, үкімет жазасы тек қана отставка болуы тиіс...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329