Жұма, 29 Наурыз 2024
Біртуар 23957 9 пікір 26 Қыркүйек, 2020 сағат 12:33

Мұхтар Әуезовтің «қоңыр анасы» – Бөріліге келуі...

Бөрілі – Семей қаласынан сексен шақырымда орналасқан елді мекен. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов туған жер. Ондағы М. Әуезов музейінің алдындағы төбеде «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген жазу үлкен тасқа қашалған. 1943 жылы Мұхаң қатты қамығып отырып айтқан осы сөздерді жанынан бір елі қалмай ерген адал шәкірті Қайым Мұхаметханов қойын дәптеріне түсірген екен.

Мұңлы қоңыр... Неге? Әуез ата немерелері арасынан бала Мұхтар қара түсті, қоңыр болуымен ерекшеленген, ауылдастары оны «Қоңыр» деп атаған. Туған жері де қоңыр еді. Бөрілі аумағын қоңыр бояуға бояған – қалың өскен қараған. Сол қоңыр жыңғылды қасқыр тасалап, өріп жүрген, сонан жер «Бөрілі» аталған. «Мұңлы» сөзінің мәнісі төмендегі әңгімеде баяндалмақшы.

Мұхаң туған жері Шыңғыстауға 1926 жылдан соң жиі қатынай алмаған. Дәлдісін айтсақ, үш-ақ рет қана (1943, 1945 және 1957 жылдары) ат басын тіреген. Аға ұрпақтың есінде сақталғаны, хабардар болғаны – осы сапарлар. Кейінгі екі сапардың ерекшелігі – олар шығармашылық емес, Мұхаңның республика көлемінде аталып өткен Абайдың 100 жылдық және өзінің 60 жылдық мерейтойына байланысты келгендігі еді. Ол күндер, әрине, үнемі көпшілік қауым ортасында өткен болатын.

Төменде жазушының Шыңғыстауға 1943 жылғы сапарын сөз етпекпіз. Сенсеңіз, 1927-1943 жылдар аралығы – ұзақ үзіліс. Ұлы суреткердің туған жері Шыңғыстау өңіріне 17 жыл бойы табаны тимеген!

Неге? Не себепті? Алдымен жалпы тарихи ахуалға тоқталайық.

«1930 жылы жаз айында, – деп есіне алады Мұхаңның жерлесі Нығмет Мағауияұлы деген азамат, – Семейге оқуға кеткенімде халық қолында мал дегенің баршылық еді. Бір жылдан кейін ауылға қайта оралсам, қолда мал түгіл, үрерге ит те қалмапты. ...Халық елден безіп, әр тарапқа жаяу кетсе, кейбіреуі тау ішін пана етті, мұны «банда» деп атады. Босқындар ішінде мені де ұстап әкеп, ГПУ-ге тапсырды. Осынау лаңды басқарып, ұйымдастырушы – Абзал Қарасартов болатын-ды. Ол – осы кезде ГПУ бастығы» (Н. Мағауияұлы. Шәкәрім қажыны көрдім // Жұлдыз. -1993. №4).

Кең байтақ қазақ даласын алапат аштықтың құйыны шапшаң орағаны соншалықты, бір-ақ жылдың ішінде айрандай ұйыған елдің ұйпа-тұйпасы шығып, жартысына жуығы жалманған еді. Неткен зұлмат десеңізші! Бұл – қазақ елін билеп-төстеген Голощекин қолдан ұйымдастырған ұлттық геноцид екені дәлелденген жайт. Сөз болып отырған 1931 жылы Тобықтының 70 адамы Семейдің түрмесіне жабылып, көп ұзамай бәрі де атылды. Атылғандар арасында – Абайдың Әйгерімнен туған баласы Мекайыл (Мекеш), Оразбайдың баласы Медеу болыс (Тұрағұлдың құдасы), Медеудің баласы Санияз болды.  Атылудан аман қалған барша Құнанбай нәсілдері, яғни Мұхаңның ең көп араласқан дос-жараны, сондай-ақ, Әуез қожа ауылының тұрғындары 30-шы жылдардың басында бас сауғалап, әр тарапқа тентіреп кеткен болатын. Сөйтіп, Мұхаң ел ішінде «жақыным, туысым» деп іздеп баратын, сондай-ақ, бірге өскен «қимас дос-жаран, ұялас құрбы-құрдас» деп бауырына басатын кісі сиреп, яки тіпті қалмап та еді.

Енді М. Әуезовтің 1943 жылғы сапарын баяндауға көшейік. Ол жайында Қайым аға Мұхаметхановтың өзінің «Ұлы ұстаз, қамқор аға» атты естелік мақаласында толымды түрде жазғаны бар (Қ. Мұхаметханов. Ұлы ұстаз, қамқор аға // Абай. -2004. №2).

«1943 жылы февральдің аяғында жазушылардың үшінші пленумына келдім, – дейді Қайым аға. – Пленумнан кейін біраз уақыт Мұхаңның үйінде болдым. «Абай» романының екінші кітабын жазуға кіріскен екен. Көп әңгіме айта келіп, Мұхаң:

– Елге бармағаныма он жеті жыл болды, жаз шыққан соң, аманшылық болса, елге барып қайтам, – деді». Міне, Мұхаң Шыңғыстау өңіріне Шәкеріммен соңғы рет жолығысқан 1926 жылдан соң келе алмаған, оны өз аузынан естіп отырмыз (шыны керек, ұлы жазушы 1939 жылдың жаз айында Абай ауданына келген. Аудандағы мектеп оқушылары мен мұғалімдермен кездесіп, алғаш рет мектептің жанынан «Абай ұрпақтары» атты қолжазба журнал ашуға ұйытқы болыпты. Бұл сапар жайында өзгедей дерек жоқ).

Сөйтіп, Мұхаң 1943 жылдың шілде айының ортасында ұзақ 17 жыл көре алмай, құса болған туған жерге сағынып келіп, бір ай бойы армансыз аралаған. Бұл жолы сапарға таза шығармашылық мақсатпен шыққаны аян. Қасына жазушылардан Есмағамбет Ысмайлов, Сапарғали Бегалинді және Полоцкий деген кинорежиссер мен Бақи Урманче деген суретшіні ерткен екен. Бір айлық сапар мақсатын майдандағы іні-шәкірті Мәлік Ғабдуллинге жазған хаты толықтай ашады: «...Қыс бойы, осы шаққа шейін де көп жұмыс істеп ем. Қаладан шықпай, колхозды да көптен көре алмадым. Сондықтан бір жағы демалыс, бір жағы жүріс Абай ауданына жүрейін деп отырмын. Жолдастарым жақсы – Есмағамбет пен Сапарғали Бегалин. Августың 15-інде қайтып келеміз. Бұл барыста романның екінші кітабына керек пейзаж, көріністер, табиғат ерекшелігі сияқты бояуларды, әсіресе, айырықша жия қайтпақпын. Бұрын роман жазбай жүргенде өз ауданым, жалпы біліп жүргенім жеткілікті сияқты еді. Арнап, қадағалап суреттеуге кірген дегенде қайта қарап, сол Жидебай, Түйеөркештерді қайтадан көріп алу сияқты алмақ мағлұматтарым бар».

Сонымен, Алматыдан шыққан жолаушыларды Қайым аға Аягөз қаласында тосып алған. Бір топ болған жолаушылар Аягөз бен Қарауыл арасындағы бірнеше елді мекен – колхоздарға асықпай аялдап, аудан орталығы Қарауылға жетеді. Осында Мұхаң екі-үш күн дем алып, тынығып алғанды жөн көреді. Онан соң жолаушы топ тағы ел аралауға шығып, бұл жолы Бақанас жайлауына бағыт алады. Осы мезетті Қакең былай деп есіне алады: «Ақбайтал асуынан асып, Шыңғыстың сыртына шыққанымызда Мұхаң көңілденіп:

– Міне, Абайдың нағыз өз қонысына, өз жайлауына жаңа жеттік, – деп Абай ауылының кең жайлауын әңгіме етті». Ұлы жазушының осынау хош көңілінен, Бақанас жеріне сағынышы өзгеше екені сезілсе керек-ті.

Қарауыл селосының тұрғыны, қазір көзі тірі Манатай Толғанбайұлы өзінің «Әкем туралы әңгіме» атты естелігінде былай деп дерек береді: «Елге келген соң, қасына әкем Балтақай мен Қабыш Кәрімқұлұлын ертіп алып, Шыңғыс тауының Бауыр, Сыртын түгел аралап, Абайдың қыстау еткен мекені, жаз жайлауы, күз күзеуі, өріс-қонысын аралаған, сай-саланың бірін қалдырмай сүзіп өткен».

Сапар бір айға созылған дедік. Оның ең соңында Мұхаң туған жері Бөріліге келеді. Бұл күндері қасында жалғыз серігі – Қайым Мұхаметханов қана қалған екен. Сол кездегі Абай ауданындағы жалғыз көлік – бір жүк мәшинесіне мініп, Мұхаң екеуі Қасқабұлақ ауыл кеңесі ауқымындағы Тазабек деген ауылға түсіп қалады. Басқарма төрағасы Сақалұлы Исатай (Жөкең ішіндегі наз руынан) деген кісілікті кісі қойын сойып, түстік береді.  Түстіктен соң, Мұхаң Бөрілі-Аралтөбе-Тышқанға барғысы келетінін айтып, екеумізге екі ат және бір атшы ертуін сұрады төрағадан дейді Қайым аға.

Төраға қарауылдық Кенжетілеу Доланбекұлы деген азаматты қосады, осымен, үш аттылы Бөріліге бет қояды. Міне, осы сәттен манадан көңілі шалқыған Мұхаңның еңсесін ауыр үнсіздік басқан көрінеді. Қаражырықтағы бейіт, бірер қора орнына біраз айналып, жолаушылар Бөріліге жетеді.

«Бұл орынға менің бірінші келуім еді, – дейді Қакең. – Бөріліде бір жан, бір мал ұшыраспады. Мұхаңның қыстауы аңғай-саңғай. Есік-терезесі ашық, сылағы түскен. Көріксіз-ақ! Мұхтар бұрынғыдан да тұнжырап, түсі қара барқын тартып, еріні көгеріп, аттан түсті». Үш жолаушы үй-жайдың ішіне кіріп, маңайды түгел аралап, марқұмдардың басына құран-дұға оқиды. «Мұхаң екінші төбедегі Арынбек, Ағзам қораларын сыртынан айналып шықты, – деп жазады Қайым. – Бұл қоралар маңы толған қабірлер екен. «Бұл жаманшылық жылы аштан өлгендер қабірі болса керек» – деді Мұхаң».

Көрдіңіз бе, ығы-жығы ел қонған, мыңғырған мал өрген құтты қоныста, әттең дүние, құлай бастаған там-қора мен маңы толған қабірлерден өзге дәнеңе де қалмаған! Мұны көрген Мұхаңның көңілі мұздап, жүрегі сыздамауы мүмкін бе?!... Жаңағы сөзінде «жаманшылық жылы» деп алапат аштыққа меңзегені айтпасақ та түсінікті. Бөріліні мекен еткен Қожа ауылы тұрғындары қуғын-сүргінді Құнанбай ұрпақтарынан кем көрмеген, бірдей бөліскен. Оған 1931 жылғы Шыңғыстау көтерілісі кезінде коммунист Олжабай Шалабаевты Қожаханов Қарабала деген осы ауылдың тумасы өлтіргені де бәле болып жабысқанын айта отырайық. Тоқтай қалыңыз,  «Абай жолы» эпопеясынан Әуез ата сырт қалған. Неге? Абай мен Әуез сыр бөлісіп, қатты араласқан, бір-бірін жақын тұтқан жандар ғой! Мұхаң мұны жақсы біле тұра, Бөрілі ауылын айналып өткен. Мұның да себебі жаңағы жәйттерде сияқты.

Бөрілінің қаңырап, бос қалғаны – Шыңғыстау өңірінде Мұхаңның туысы ғана емес, бірге өскен аяулы достары, өртеңде қалған бірер түп шидей ғана болып, мүлде сиреп-селдіреді деген сөз (аштықтың, саяси репрессияның жазықсыз құрбандары рухына бас иіп, тағзым етейік, ағайын!).

Мінеки, осы айтылғандар жазушының не себептен Шыңғыстауға ұзақ жылдар келмеген хәліне, мәселен, сегіз жыл бұрын, яғни 1935 жылы Семейге келіп тұрып, Абай ауданына соқпай кеткен жайына сәулесін түсіреді.

1943 жылғы бір айға созылған сапарда болған тағы бір кездесу мынау. М. Әуезов Абай, Шәкерім жайлауының шеті көрінгенде шат-шадыман болғанын әлгіде айтқанбыз. Кең жайлау төсінде орналасқан «Бақанас» колхозында Мұхаң көненің көзі Бибі Омарқызын (Шәкерім жақын араласқан Ғылымбай деген замандасының әйелі) кездестірген екен. Ұмытылып қалса керек, бұл кездесу Қайымның жазбасында жоқ. Сондықтан кездесу жайын Бибі әжейдің өз аузынан естиік:

«Ғылымбай Топжанұлы мен Шәкерім бір-бірімен сенімді адамдар болды. Күйеуім 1942 жылы соғыстан қайтпады. Бес баламен ауыр хәлде қалған мен Мұқыр ауылында сиыр сауып жүрдім. 1943 жылы Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхаметханов, Қабыш Кәрімқұлов біздің үйге келіп, көңіл айтты да, Шәкерім әндерін айтқызып, қолжазбаларын сұрады. Көп қағазды жастық ішіне буып тігіп қойған едім. Әкеп бердім. Өзім де тінту жүре ме деп қауіптенуші едім. Мұхаң екіге бөліп, бір бумасын алып: «Мынаны маған бер» – деп, екінші буманы өзіме беріп: «Мынадан айырылып қалма, керек болады» – деді. Кетерінде қол сағатын ескерткіш ретінде ұсынып, кейін шай-шақпыт та беріп жіберемін», – деді».

Көрдіңіз бе, ұлы жазушы «айырылып қалма, керек болады» деген, бұл көрегендік емес пе. Демек, Мұхаң Шәкерімнің ерте ме, кеш пе ақталарына кәміл сенген. Бибі әжейдің естелігі осының айғағы болуымен де құнды.

Реті келген соң, Бибі есімді келесі үлкен кісіні де таныстыра кетейін. Мінәш Әрхамқызы «Ұлы адамның ұлылығы» атты мақаласында «Абайдың 100 жылдық тойы кезінде Мұхтар аға, Балтақай аға және әкем Әрхам менің үйіме кіріп келді» дейді. «Олар Павлодар қаласынан келіп жеткен Бибі әжейге (Кәкітайдың кіші бәйбішесі) сәлемдесуге кірген екен. Мұхаңның түсіне де жиі кіретін аяулы досы Дәку – Даниял Кәкітайұлы (1897-1945) осы Бибі әжейдің бауырында өскен-тұғын. Семейге жастай оқуға барғанда әжем қасында айлап, апталап жатып, барлық қажетін әперіп отырыпты. Дәку ағамен қатар жүретін Мұхтар аға да бұл «қамқорлықтан» құр қалмай, әжеме өз анасындай еркелеп өсіпті дейді Мінәш. Бірақ ГУЛАГ-тың тұзағына іліккен Дәкудің өлі-тірісі белгісіз болатын. Сондықтан әжей: «Мұхтар-ау, Дәкуім қайда, Дәкуім!» деп зарлап жылай жөнелген екен. Мен «әже-әже, қойыңыз!» деп құшағын айырайын десем, Мұхтар ағаның да көзінен ыстық жас мөлдіреп, төгіліп тұр екен, тез кейін серпіліп кеттім» дейді естеліктің иесі.

Барлық ежеттес, сырлас дос та, туыс та опат болған, ішкі мұңын сыртқа шығара алмаған Мұхаңдай кісің кәне. Кейіген кезінде қашанда: «Пәлі! Мен түспеген от бар ма?!» дейді екен.

1997 жылы ұлы жазушының 100-жылдық мерейтойы қарсаңында Бөріліде Мұхтардың әкесі мен анасы – Омархан Әуезұлы мен Нұржамал Әбсаматқызына және оларға іргелес жерленген – Қасымбек пен Ғалия Ахметбекқызы (Ғалия – Семей қаласының құрметті азаматы Балтабек Ерсәлімовтің анасы Қапизаның туған әпкесі) басына биіктігі 9,2 метр, ұшар басында айы жарқыраған әдемі кесене бой көтергені белгілі.

Сабыр етсеңіздер,  осы зиратты көтеру Мұхаңа арман болғанын баяндай кетейін.  Ұлы жазушының 1957 жылы 60 жылдық мерейтойына келу  сапары үш күнге ғана созылған еді. Бұл сталиндік қатігездік дәуірі әлі де күшін жоя қоймаған кезтұғын. Содан да болар, билік басында жүрген азаматтарға Мұхаңды лайықты дәрежеде қарсы алуға мүмкіндік бола бермеген сияқты. Ұлы жазушының қарапайым халықтың теңіздей сүйіспеншілігіне бөленсе де, жоғары лауазым иелері егін орағын желеу қылып, сырғақтай берген екен.

«Мұхаң 1957 жылдың 22 қыркүйегінде, кіші бесінде Қарауылға келді, – деп жазады Бөрілідегі музейге 32 жыл басшы болған Бекен Исабаев, – ... халықтық мерекелік жиынмен жүзбе-жүз кездесіп, лебіз білдіріп, мәдениет үйінде аудан өнерпаздарының ойын-сауығын тамашалап, түн түсе Балтақай үйіне келді. Күтімін көрді. Аудан басшылары бар, ... жиыны жетпістей кісі қонақ болды сол үйге. Сонда Балташқа аудан басшылығы қаражат бөлді деп отырсыз ба? Жоқ, ағайын!».

Сол күні және ертеңінде М.Әуезов және оған ерген қонақтардың басы-қасында сол кездерде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Шәкен Сейсембаев жалғыз жүріп, қолынан келген, пәрмені жеткен бар жағдайды жасап бағады. Бірақ ұлы жазушының ең зәру мәселесі – әке-анасының басына зират көтеру бұл жолы да шешілмеген күйде қала береді.

Бұл жөнінде жоғарыда аты аталған Манатай Балтақайұлы сөйлесін. «1956 жылы Мұхаң әкеме хат жазып, әке- шешесі және ағасы Қаскенің басына зират тұрғызуды тапсырды» дейді қария. Хатында олардың қай жерде жатқанын, кімнің қабірі қалай орналасқанын тәптіштеп жазып, осыған жергілікті материалды пайдалану керектігі, соны жасауға ат- көлік, адамдарды жалдауға келісіп, қажетті қаражаттың көлемін жазып жібер деген екен. Балтекең Мұхаңның тапсырысын Әрхам Кәкітайұлымен ақылдасып, екеуі темір шарбақ жасатып, сонымен қоршаған тез әрі арзанға түседі деп шешеді. Бірақ бұған Мұхаң келіспейді, қанша қаражат кетсе де көтеретіндігін, зиратты      қазақ жолымен Ақшоқыдағы Құнекеңнің зиратына ұқсас қып, таудың текше тастарынан қиюластырып, жымын келтіріп, текшелеп өріп сәулетті етіп қалауды қалайды.

Жә, Мұхаң аманаты орындалды ма? Қайдағы?! Мұндай құрылысты салу үшін мықты бастықтың тиісті нұсқауы керектігін жақсы түсінген Балтекең сол кездегі ауданның бірінші басшысы Қази Асановқа кіріп, жағдайды айтады. Ол  Мұхаң айтқанын орындауға уәде еткен екен. Бірақ күзге қарай басшылық ауысып, Қазидің орнына шала сауатты, иісалмас біреу келеді. Балтақай аға жағдайды айтуға оған да кіргенде: «Мен оның жұмысын орындайтындай, Мұхтарың кім, өзі?!» деп шақырайыпты әлгі пақырың.

Тек 1997 жылы ғана Мұхаңның арманы орындалғанын жаңа айттық. Өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырған Тәуелсіздік құдіретіне қалайша бас имеске....

Қорыта айтқанда, Мұхаңның 1943 жылғы Шыңғыстауға келгені – шебер Құдай қолдаған, «Абай жолы» эпопеясы арқылы қазақ әдебиетіне зор олжа салған тамаша сапар болды. Сонымен қатар, ұлы суреткер қазақ халқының жарым-жартысын жалмаған алапат аштықты көзіне елестеткен тірі адамы, тігерге бір тұяғы қалмаған Бөріліні ұмыта алмағаны хақ. Жаны жабығып, көңілі мұздап отырып, күбірлеген хәлде айтқан «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген жүректі жарып шыққан керемет сөздер осының айдай айғағы сияқты.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1565
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541