Сенбі, 23 Қараша 2024
1955 0 пікір 18 Қыркүйек, 2020 сағат 17:36

Лазарь Каплун: Әл-Фарабидің ескерткіш тақтасы мәдениеттер бірлігін көрсетеді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 15-қыркүйек күні Израильдің Хайфа қаласында әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келгеніне 1150 жыл толуына байланысты ғалымның есімімен аталатын көшеде ескерткіш тақта ашылғанын хабарлады. 

Жиында сөз алған Қазақстанның Израильдегі елшісі Сатыбалды Бұршақов ескерткіш тақтаның ашылуы екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты одан әрі бекіте түсетінін айтып өтті. Сонымен қатар ол, жиынға қатысқандарға әл-Фарабидің сан ғасырлық мұрасы жөнінде және ғалымның психология, философия, космология, құқықтану, медицина сондай-ақ ғылымның басқа да салаларының дамуына қосқан үлесі жайында сөз қозғады.

Ал, өз кезегінде сөз алған Хайфа қаласы мэрінің орынбасары Лазарь Каплун ұлы ғалымның атындағы көшеге орнатылған ескерткіш тақта қаладағы еврей және араб кварталдары түйіскен жерде орналасқанын сонымен қатар мәдениеттер бірлігін білдіретінін айтты.

Сондай-ақ, Израиль Ашық университетінің докторы, Еврей ойының зерттеушісі Ури Гершович жиынға қатысушыларға Тәураттың көрнекті аудармашыларының бірі раввин Моше бен Маймон өзінің шығармаларында әл-Фарабиді өзінің ерекше ардақ тұтып, "рухани ұстазы" деп жиі атайтынын жеткізді. Сөйтіп Гершович мырза еврей мен қазақ халқының арасындағы рухани байланысты еске салып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша, Қазақстанның Израиьлдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Хайфа мэрі Эйнат калиш-Ротеммен кездесіп, мәдени әрі экономикалық байланыс жөнінде талқылаулар жасады.

Израль мен Қазақстан арасындағы тауар айналымында Хайфаның маңызы зор. Сондықтан да қос тарап ынтымақтастықтың қалыптасқан деңгейін ескере отырып, Қазақстан мен Хайфа қалаларының арасында бауырластық байланыс орнату жөнінде келісім жасасты.

Аталған іс-шараға қала әкімдігі мен ғылыми топтардың және дипломатиялық корпус өкілдері сонымен қатар Хайфада оқитын қазақ студенттері қатысты.

Ал, ескерткіш тақтайшаның орнатылуына Қазақстанның Израильдегі Құрметті консулы Давид Люксембургтың қолдауы мұрындық болған.

Сонымен, Израильдің Хайфа қаласындағы Әл-Фараби көшесі 1960 жылы Хайфаның араб кварталында ашылған болатын. Ол атақты Бахай бақтары мен Хайфа өнер мұражайына жақын жердегі тарихи ауданда орналасқан. Әл-Фараби көшесінің ұзыдығы 1,5 километрді құрайды.

Айта кетейік, өткен жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын.

Жарлыққа сәйкес, ұлы ғалымның мерейтойына орай мемлекеттік комиссия құру тапсырылған. Ал, Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып Білім және ғылым министрлігі белгіленген.

Ал, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, әл-Фараби мерейтойын атап өту республикалық жоспарының жобасы енгізілген. Сондай-ақ, әл-Фараби мерейтойы негізінен интеллектуалдық-ғылыми бағытта жүзеге асады. Яғни, жыл бойы республикалық және халықаралық тіпті аумақтық өңірлерде ғылыми-ағартушылық бағыттағы жобалар, мәдени-бұқаралық іс шаралар өткіз жоспарланған. Яғни, ғалым тойыны негізіг ауаны интеллектуалдық деңгейде атап өтілуі тиіс.

Бүгінде Мемлекеттік комиссияның осы бағыты негізінде бірқатар іргелі істер атқарылған. Солардың бірі осы жылдың қыркүйек айынан бастап іске қосылатын ғылыми-танымдық әл-Фараби арнасы. Аталған арна да жасөспірім көрермендердің ғылыми танымын арттырып, көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтқан.

Қорыта айтқанда, ғылымның сан-саласына үлкен үлес қосқан әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің еңбектерін насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табуы тиіс. Себебі, оның мұрасы өркениетке ұмтылған қоғамның басты шамшырағы десек қателеспеспіз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502