Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3664 0 пікір 11 Қаңтар, 2012 сағат 05:10

Болат Төлепбергенов. Иістенген интеллигенция

немесе қазақ зиялыларының жеті қыры мен бір сыры

Қазақ интеллигенциясының баяғыда-ақ бұзылып иістеніп кеткеніне көз жеткізу үшін екі нәрсені білу керек. Біріншісі, зиялылар-интеллигенция дегеніміз кім? Екіншісі, кеудесін соққан қазақ зиялы-интеллигенцияның қоғамдағы бет-бейнесі.

Бірінші сауалға келетін болсақ, интеллигенцияның мәнін кіргізген интеллект - ол ең алдымен Құдайдың адамға берген сыйы. Малдан айырмашылығымызда сонда - жақсы-жаманды айыра білуімізде. Ал, нағыз зиялылық - озық оқу-тоқумен, жақсы тәрбиемен келетіні анық.

Интеллигенцияны жеке оқыған топ ретінде, яғни тап ретінде бөліп қарау маркстік-лениндік тәсіл. Содан бері олар қоғамның алдыңғы қатарындағы зиялы, оқымысты топ ретінде айқындалып келеді. Олардың артықшылығы да, кемшілігі де осы топ болып айқындалып, бөлектенуінде. Екінші сауалымыздың да түйіні осы жерден көрінеді. Олар бір ауызды, тас түйін топ ретінде қоғамдағы келеңсіздіктерге қарсы тұра білсе, кімді  болса да өзімен санастыратын, ал, қоғам кемшіліктеріне көз жұма қараса халықты адастыратын  күш.

немесе қазақ зиялыларының жеті қыры мен бір сыры

Қазақ интеллигенциясының баяғыда-ақ бұзылып иістеніп кеткеніне көз жеткізу үшін екі нәрсені білу керек. Біріншісі, зиялылар-интеллигенция дегеніміз кім? Екіншісі, кеудесін соққан қазақ зиялы-интеллигенцияның қоғамдағы бет-бейнесі.

Бірінші сауалға келетін болсақ, интеллигенцияның мәнін кіргізген интеллект - ол ең алдымен Құдайдың адамға берген сыйы. Малдан айырмашылығымызда сонда - жақсы-жаманды айыра білуімізде. Ал, нағыз зиялылық - озық оқу-тоқумен, жақсы тәрбиемен келетіні анық.

Интеллигенцияны жеке оқыған топ ретінде, яғни тап ретінде бөліп қарау маркстік-лениндік тәсіл. Содан бері олар қоғамның алдыңғы қатарындағы зиялы, оқымысты топ ретінде айқындалып келеді. Олардың артықшылығы да, кемшілігі де осы топ болып айқындалып, бөлектенуінде. Екінші сауалымыздың да түйіні осы жерден көрінеді. Олар бір ауызды, тас түйін топ ретінде қоғамдағы келеңсіздіктерге қарсы тұра білсе, кімді  болса да өзімен санастыратын, ал, қоғам кемшіліктеріне көз жұма қараса халықты адастыратын  күш.

Енді осы оқыған-тоқыған білімді қазақ зиялылары-интеллигенциясының қалың тобы Азаматтық пікірін айтып, Адамдық ойын білдіріп, мемлекеттік, ұлттық, саяси, басқа да қоғамдағы тұрмыстық, тәрбиелік келеңсіздіктерге топ болып араласып жүр ме? Егер қарапайым адамның өзін толғандыратын, ойландыратын істерге топ болып кіріспек түгіл, жеке бастары бей-жай қараса оның себебі неде? Олай болса олардың жақсы-жаманды айыратын тәрбиелілігі мен оқығандығы қайда?  Бұл енді қазақ интеллигенциясы жөнінде саясатшылар мен қарапайым қалың қара қазақты толғандырып жүрген сұрақтар.

Кезінде Абайдың жалпы қазақты аулақ болуға шақырған, яғни, қазақтың бойында бар кемшіліктер: "Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ" дегеніне қосымша бүгінгі иістенген қазақ интеллигенциясының жеті қыры мен бір сырының бар екенін көрсетіп, біз де Абайды толықтырғымыз келеді.

Оның алғашқысы - өзімшілдік. Оның жақсы, жаман жағы бар. Өзімшілдік қазақтың табиғи қасиеті десе де болады. Себебі, қазақ шығармашыл халық. Технократтық салқындыққа кеш ұрынған, таза табиғаттан кеше ғана ажыраған халық шығармашылыққа өте жақын. Ал, шығармашылдық қасиет халықты өзімшіл, өршіл қылады. Бұл жақсы жағы. Жаман жағы - қазақ құлдық дәуірді (патшалық Ресей, кеңестік Ресей) басынан өткізген кезеңде құлдық сырын жасыру үшін өр өзімшілдікті ешнәрсені түсініп болмайтын дүлей өзімшілдікке айырбастап алған. Ол келе-келе бүгінгі күні өзінен басқаны білмейтін тоңмойын өзімшілдікке айналған. Ол бүгін біздің ақсақалдарымыз бен қара сақалдарымыздың тіпті, қырма сақалдарымыздың бойында тоң болып сіресіп тұр. Кезінде Ресей патшасы қазақтың осы өзімшілдігін (жақсы да, жаманын да) пайдаланып, қазақтың дәстүрлі билік заңдылықтарын бұза отырып, өзі жасаған жаңа жүйемен, жаңа билік пен шен-шекпенге үйретіп, итше таластырған. Бұдан қазақ оқығандарының, интеллигенциясының ашкөз билікқұмарлық, шенқұмарлық қасиеті келіп шығады. Бұндай келеңсіздіктерге кезінде саналы түрде қарсы шыққан Алаш данышпандарын большевиктер түгелдей көзін жойды. Содан кейін кеңес заманында кім көбірек өз ұлтына, мәдениетіне, діліне, дініне қарсы шықса, соны бастық қылды. 90 пайыз солай болды да. Бүгінгі күнгі бастық тағайындау әлі сол дәстүр бойынша жалғасып келе жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Шенеуніктік зиялыларды былай қойғанда, еркін ойлайды деген ақын-жазушыларымыздың өздері кеңес дәуірінде газет, журналдың, баспаның редакторы қылып қойса, халық түгіл Құдайды ұмытатын. Олар балаларына да: "балам орысша оқы, адам боласың" деп саналы түрде тілін, ділін орысшыл билікке айырбастады. Қолында материалдық жағдай болғандықтан балаларын Мәскеуде, Ленинградта, т.б. қалаларда оқытты, орысшыл білім әперді. Олардың балалары отбасында алған тәрбиелері бойынша қайткенде бастық болу, әкесінің ісін жалғастыру немесе бастық болуды армандаған әкесінің "өзім жетпегенге балам жетсін" деген ұстанымын бойларына сіңіріп өсті. Жиырма жылдық тәуелсіздіктің кезінде басым көпшілік болып солар билікке келді. Қазір ел билеп отырған солардың ұрпақтары. Бірақ, олардың ойында ел, жер қамы емес, билік құру ғана.

Зиялылыр (ақын-жазушылар, биліктегі зиялылар, техникалық зиялылар) халықтың алдында "халқым, елім, жолыңа құрбан болайын, бойымдағы барымды сен үшін беріп жатырмын" десе үйіне барғанда биліктегі баласына немесе билікке дайындалып жүрген көзінің ағы менен қарасына: "Халықты қайтейін деп ең, бастысы қызметіңнен айрылып қалма" деп жиі қайталап отырды. Бұдан «қазақ зиялысымын» дегендердің халық алдындағы екіжүзділігі келіп шығады. Тіпті, бір отырыстың басында «Мәке, Сәке» деп отыратын екі оқығанның немесе бәсекелес жазушының былай шыға бере бірін-бірі "енеңді ұрайын..." деп сықпыртып жатуы қазір қалыпты жағдай. Алатау мен Қаратаудан да биіктете көзіне мақтап, сыртынан домалақ арыз жазатын әдеттері өткен дәуірден бүгінгі дәуірге ауысып, асқынып кеткен. Мектеп зиялылары (мұғалімдері) өз пікірінен айрылып, басшыларының, биліктің құлына айналған. Олар да мектеп табалдырығынан бастап балаларды екі жүзділікке үйретеді. Жоғары оқу орындарының зиялылары (ұстаздары) шәкірттерінің артына тығылып, қоғамдағы шындықты айтудың орнына оларға "Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай" қылып айтатын ауруға ұшыраған. Сөйтіп, қазақ интеллигенциясының екіжүзділігі бара-бара беті бүлк етпейтін дос түгіл, түгелдей ұлтты сататын сатқындыққа айналды. Бұрынғыны айтпағанда, бүгінгі зиялылар 1986 жылы азаттыққа ұмтылған қазақ жастарына билікпен қосылып күл шашса немесе мүләйімсіп үндемей қалса, оқиғаны терезеден бақылап, іштен шыққан шұбар жыландарын қолынан ұстап жібермей "ауылдан келген мәмбеттер бара берсін, сен тыныш үйде отыр" десе, бүгін де ақ-қарасын ажыратпай жатып өзінің адал еңбегін талап еткен Маңғыстау елін қаралауда. Енді бір тобы жастарға ақыл айтқан болып оларды адастыруда. Бұдан өткен халықты сатудың үлгісін Қазақстан интеллигенциясынан басқа еш жерден таппайсыз. Бәрі анықталған соң түк болмағандай «Сол кезде жүрегім жылады. Не шара, заман солай болды» деп көлгірсіп, артынан «елім, жерім» деулерін әрі қарай жалғастыру олардың әдетіне айналған. (1986-да бірде-бір ақын-жазушының баласы сотталған жоқ) Осындай зиялылар туралы көңілсіз әңгіме қозғала қалса, жорналшы зиялыларымыз "Е, олар ақын-жазушылар ғой" деп өздерін ақтап алуға тырысады. Ал, былайша кеуделерін соққанда ақын-жазушылардан кем қалмайды. Жаңаөзен қасіретін бір қазақ теледидары, бір қазақ журналисі жазған жоқ. Тек, оны  орыс журналистері мен орыс телеканалдары көрсетті. Жаңаөзен сұмдығы - жалпы қазақ интеллигенциясының (шығармашылдық, ұстаздық, мәдени, техникалық) ақсақалдарының да, көк сақалдарының да, қара сақалдарының да, қырма сақалдыларының да бет пердесін халық алдында біржола ашып берді.

Халқының алдында большевиктік аумалы-төкпелі қырғын заман кезінде аман қалу үшін сатуды ауру мен әдетке айналдырған қазақ интеллигенциясымен оның ұрпақтары қылмыстарын жасыру үшін биліктің алдында жағымпазға да айналды. Жағымпаздық та бүгін өзінің "әдемі жалғастығын" тапқан. Бұл әдет бүгінгі күні тіпті, кәсіпқойлық дәрежеге жетті. Бастық болу үшін әуелі жағымпаздықтың қыр-сырын білу керек. Білмесең үйрену керек. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде жағымпаздық тіпті, іргесі берік жаңа ғылымға айналды. Оның өзінің психологиясы, тілі, ділі, этикалық-эстетикалық, ар-ождандық кеңістігі танылып, анықталды. Жоғарыда айтылғандай басшылыққа, билікке түрлі жолдармен келген, іргетасы осал жас зиялылардың, жалпы қазақ интеллигенциясының қырықтан асқандарының жаңа заманға икемсіздігі де анық байқалды. Олар бұрынғы "әзір асқа, тік қасық" коммунистік партияның бәрін дайындап беруіне әбден үйренгендер еді. Енді олар өздерінен ештеңе шықпайтынын білгендіктен Ресейге қайтадан жалтақтауды бастады. Бұл жаңа өмірге өзінің барар жолы жоқ қазақтық басшылық пен оның қосшылығында жүрген қазақ интеллигенциясының шарасыздығынан пайда болған жол. Олар бәрін біреу жасап бергенге үйренген. Әйтпесе, өз экономикасының бәсекелестігін қамтамасыз етпей тұрып, тәуелсіздік рухының мызғымастығын орнықтырмай тұрып, аюдың аузына түсуге жанталаса ұмтылуды қалай түсінуге болады?! (Еуро одақ бұл мәселеде жиырма жылдан артық ақылдасты.)

"Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген қазақ халқының қарғысы бар. Бүгінгі қазақ интеллигенциясы-зиялыларына дәл айтылған. Олардың жаңа заманға икемі келіп, адал жолмен іс бастағандарды, ел жақтаған азаматтарды көре алмаушылығы бүгінгі күні әбден сасыған қасиеттерінің бірі. Басқаны былай қойғанда, қазақ зиялылығының рәмізіне айналған қазақ ақын-жазушылары бір-бірінің жеке басын, бір-бірінің шығармашылығын  көре де, бағалай да білмейді. Ең ақыры, өздерінің қазақ тілінде жазған шығармаларын қазақ халқы жойылса, кім оқитынын түсінуден қалған. Сол тілдің жайын айтып, қамын жеуге бастары бірікпейді. Тірі жүрген екі мыңдай ақын-жазушы Ақорданың алдына тобымен барып, қазақ тілінің мүшкіл қалін президенттен талап етсе тіл баяғыда-ақ басқа деңгейде болар еді. (Олар жылы үйде отырып қойған қолының өзін, байқамай қойыппын деп жеме-жемге келгенде ұялмай-қызармай безіп шығады.) Тілім, ділім деп жүрген, дарынды ақын М. Шахановты түсініп, соңынан еріп қолдамақ түгіл, көре алмаушылықтан оның: не шығармашылығын, не халық үшін жасап жүрген ісін бағалауға өрелері жетпейді.

Сондай-ақ жоғарыда санамалаған кемшіліктерін жасыру үшін қазақтың әкімшілік, шығармашылық, мәдени, оқу салаларындағы зиялылары бөспеге айналған. Жоқты бар қылып, шамалы жетістікті көрсетуге келгенде езулері ақ көбіктеніп ұзақ көпіреді. Қара халықты алдап, ақымаққа айналдыруға келгенде алдарына жан салмайды. «Қазақ мектептері салынып жатыр, тіл мәселесі жуық арада шешіледі» дейді. Ал, жаңа мектептерді бітіріп жатқан оқушылардың түгелге жуығы "Абай жолы" романының бір сөйлемін оқып түсінбейтіні, басым көпшілігінің не қазақ, не орыс емес  болып шығып жатқандары оларды толғандырмайды да. Экономика саласындағы "жетістіктерді" Жаңаөзен сұмдығы анықтап берді. Айналып келгенде жиырма жыл өтсе де кеңес заманындағыдай жалған ақпарат, көпірме сөз.

Ел мен жердің жайына оқымаған қарапайым қазақтың өзі алаңдап жүргенде, әбден иістеніп сасыған қазақ интеллигенциясының қалың елдің артында бұғып жату себебінің осылайша сегіз қырын анықтаған да сияқтымыз. Қорыта келгенде, қазақ интеллигенциясының үнсіз жатуының негізгі сыры - Азаматтық пікірі мен Адамдық бет бейнесінің жоқтығынан. Ол болу үшін: тоңмойын өзімшілдік, билікқұмарлық, жағымпаздық, екіжүзділік, сатқындық, икемсіздік, көреалмаушылық, бөспеліктен арылу керек.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394