Абайдың атажұртына сапар...
1. Жол басы. Қарқаралы
Абай мұрасы – адамзат игілігі. Сондықтан, ұлы тұлғаның туғанына 175 жыл толатын мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуді Қазақстан президенті өткен жылы көтерген болатын. Ойшыл ақынның есімін ұлықтау, оның өшпес мұрасын өскелең ұрпаққа, өзге халықтарға кеңінен насихаттау үшін көлемді іс-шаралар белгіленгені де мәлім. Бірақ, әлемді жайылған індет салдарынан олардың біразы онлайн форматқа көшірілсе, көбі белгісіз мерзімге шегерілді. Осыған қарамастан, Абай рухымен қауышуға ниет еткен белсенді азаматтар оның асыл мұрасымен қайта танысу, табаны тиген топырақты басу, санасын жаңғырту мақсатымен түрлі жұмыстар жүргізуде. «Қарағанды – Қарқаралы – Қайнар – Қарауыл – Керегетас – Құрқұдық – Жидебай – Ақшоқы – Бөрлі – Семей – Қарағанды» маршрутын белгілеген біздің автокеруен осындай ізгі шаралардың бірі болады деп жоспарланған еді.
Ғалым һәм саясаткер, қоғам белсендісі Айтқожа Фазыл ағамыз жаздың соңында, індетке қарсы карантин шаралары жеңілдеген бетте-ақ қайталанбас тұлға дүниеге келген, 59 жылға жетер-жетпес ғұмыры өткен, асыл мұралары жарыққа шыққан һәм тәні мәңгілік тыныс тапқан Шыңғыстау өңіріне барып, рухына тағзым етіп қайтуға шақырған болатын. Айтекеңнің шақыруын қабыл алғандар алғашқы бетте көп болғанымен, айға жуық уақыттан кейін жолға шығуға тәуекел еткен – 13 адам. Олар – топ жетекшісі Айтқожа Фазыл, оның туысы Жанбота Қалқин, Октябрь аудандық адвокаттар алқасының жетекшісі Маман Ибраһимов, қоғам белсенділері: Жексен Әбдірахманов, Майра Тілеу-бегім, Светлана Төлеубекова; «Ақжол» демократиялық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин, оның орынбасары Бейбіт Құлмағанбет, партия мүшелері: Елеубек Әбдіхалықов, Қайрат Кеншімбаев, Әйгерім Жалбырова; ақын һәм журналист Мүсіркеп Сейдахмет және осы жолдардың авторы.
Қыркүйектің 16-сы, сәрсенбі күні сағат 8.00-де Қарағандыдағы Абай ескерткішінің алдында сәттілік тілеп шығарып салған азын-аулақ жандардың алқауымен сапарға аттанған автокеруеннің алғашқы ат басын тіреген бекеті Қарқаралы еді. Қарқаралыны аттап кетуге болмайтын бірнеше себеп бар. Ең алдымен, Қарқаралы – ұлы тұлғаны жарық дүниеге әкелген Ұлжан ана мен ақынның аяулы жары Ділдә бәйбіше туып-өскен өңірдің орталығы, Құнанбай аға сұлтан қызметін атқарған және Абайдың өзі сан рет келіп, суын ішкен, дәмін татқан қала. Мұнда қажы салдырған мешітте Айтағаң бесін намазын оқып, жолымыз сәтті болуына дұға бағыштап, Қарқаралыны бұрын көрмеген жолаушылар қала мен құдай үйінің тарихымен танысты. Мешіт жанындағы Құнанбай мен бала Абайдың ескерткішіне (Ұлжан мен Ділдә мүсіні орнатуды сұранып тұрса да, оларға ескерткіш Қарқаралы мен Қуда да, Шыңғыстау мен Семейде де қойылмаған. Патриархалдық қоғамнан шыққанымыздың дәлелі іспетті) «сәлемдесіп», Бүркітті, Бақты, Доғалаң арқылы екінді ауған шақта Қайнарға жеттік.
2. Қайнар
Абыралы тауларының оңтүстік-шығыс қойнауына сұғына орналасқан бұл кент пен төңірегіндегі елді ауылдардың тарихы да, қасіреті де жеткілікті. Сарыарқаның шығысындағы, оңтүстіктен солтүстікке қарай, ұзындығы 20, ені 10 километрге созылып жатқан (абл. биіктігі 1300 метр) Абыралы тауларының атауымен 1928 жылы аудан болып ұйымдастырылған әкімшілік құрылым 1955 жылы таратылып, оның ауылдары Семей облысының Абай, Қарағанды облысының Қарқаралы, Қу (Егіндібұлақ) аудандарына берілді. Адамның үш мүшеліне жуық уақыттан кейін (1991 жылдың соңында) аудан қайта қалпына келтіріліп, өңір жұртшылығы өлгені тіріліп, өшкені жанғандай мәре-сәре боп қалған еді. Әйткенмен, қуаныш ұзаққа созылған жоқ, әкімшілік бөліністерді оңтайластыру деген себеппен Абыралы 1997 жылы екінші мәрте таратылды. Алдыңғы жолы аудан жері ядролық сынақ полигоны үшін тартылып алынса, екінші ретінде Қазақстан билігінің ауылға үстірт қарауы мен сауатсыздығы салдарынан қасақана жасалды. Оның үстіне, 1931-1933 жылдары қолдан жасалған нәубеттен кейін Абыралыда бұған дейін болған 29812 адамнан 4144-і ғана аман қалыпты. Қалғандары аштан қырылған немесе жан сауғалап өзге өңірлерге, негізінен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларына кетуге мәжбүр болды. Осыншама зардап шеккеніне қарамастан, екінші ғаламдық қырғында мыңдаған абыралылық «халықтар түрмесіне» айналған СССР-ді неміс фашистерінен қорғауға қатысып, жүздеген азамат жер жастанды, көбі мүгедек болып оралды. Осы қанды қасаптың жарасы жазылмай жатып аудан таратылып, қырық (1949-1989) жыл бойы жергілікті халық алапат сынақтың тәжірибелік материалына айналғанын көпшілік онсыз да біледі.
Абыралының жағдайын бұлай тәптіштеп жатқанымыз, бұл өңір – қазақ ұлтының маңдайына Мұхамедқали Тәтімов, Әміре Қашаубаев (ресми дерек бойынша), Сапарғали Бегалин, Бибігүл Төлегенова, Байғали Досымжанов, Сейіт Қасқабасов, Рымғали Нұрғалиев, Шырақбек Қабылбаев, т. б. көптеген бірегей тұлғаларды берген қасиетті де құтты мекен.
Қайнар кентінің Мәдениет үйі қызметкерлерімен жүздесіп, олардың қымызынан, өзіміздің жол азығымыздан ауыз тидік. Осында естіген пайдалы ақпаратымыз, Абыралы ауданы екінші мәрте жабылған бетте өңірдің халқы тынымсыз талап қойып, тікелей Семей қаласына бағынатын мәртебеге ие болған екен. Соның арқасында бұрынғы аудан орталығындағы кәсіпорындар сақталып, үлкен қаланың бюджетінен тәп-тәуір нәпақа иеленетін көрінеді. Қарқаралыға қосылған Егіндібұлақтың, Ақтоғайға берілген Шашубайдың бүгінгі мүшкіл халін көріп-білгендіктен, бұл өңірлердің тұрғындары сондай әрекет жасамағанына қынжылдық.
3. Қарауыл. Шыңғыстау. Құрқұдық
Автокеруеннің алғашқы күнгі мақсатты нысанасы Қарауылға жеткенде көз байланып, қараңғылық қоюланған еді. Қонақүйге тұмсық тіредік. Сапар жетекшісі Айтағаң інісі Жанбота екеуі Қазақстанның түкпір-түкпірін, тіпті шекаралас мемлекеттердің де біразын автомобильмен аралап қайтқанын және көбінесе Айтқожа аға рульде болып, кейде далаға да қонып қалғандарын айтып келген-ді. Дегенмен, ұзақтығы жарты мың километрден асатын, кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген ауыр жолдан кейін машинада түнеуді жөн көргені еріксіз тәнті етті. Әуелде қонақ үйде орын жеткіліксіз болғандықтан амалсыздықтың әрекеті шығар деп ойладым. Кейін басқа мейманханадан бөлме табылса да ақсақал машинасында қалды. Автомашинада қонғандардың бірі ертеңінде түні бойы тоңып-жаурағанын, ұйқысы қанбағанын айтып шағымданса, Айтағаң әзіл-қалжыңын өрбітіп, шай әзірлеген қыздардың ептілігі мен көркіне тәнтілігін де ұмытпай, таңғы астан кейін жолға шығуға асықтырды.
Бұл күнгі жолбасшылық тізгінін Жексеннің байырғы танысы, ұлы жазушының кіндік қаны тамған Бөрілі аулындағы М.Әуезов мұражайының директоры Шағжан Исабаев қолына алған екен. Бұл жігіттің әкесі Бекен Кәнібайұлы аталған музейді ұйымдастырған, шежіреші жан болыпты. Жылдың басында, тоқсанға иек артқанда Алланың аманатын тапсырған ақсақалдың соңында «Ұлылар мекені» деген кітабы, көптеген мақаласы мен естелігі қалған көрінеді. Әулет дәстүрін жалғастырған Шағжан да әңгімешіл, өңір тарихының, Абай мен Мұхтарға қатысты оқиғалардың тамаша білгірі тәрізді әсер қалдырды. Оның бастауымен Шыңғыстаудың солтүстік-шығыс баурындағы Көкбай аулына (Абайдың шәкірт інісі Көкбай Жанатайұлы ақынның құрметіне қойылған атау екен) келгенімізде бүгінгі сапарымызда Шыңғысты терістіктен түстікке қарай көктей өтіп, Шәкәрім қажы қастандық құрбаны болып, қапылыста оққа ұшқан Керегетас пен ғұмырының соңғы жылдары өткен Саятқора қонысына, одан соң асыл сүйегі 30 жыл жатқан Құрқұдыққа баратынымызды білдік. Таудың ішіндегі жолды Шағжанның өзі біле қоймайды екен. Сондықтан, ұзақ уақыт жүргізуші болып, көне қоныстың жықпыл-жықпылын жете білетін қарияны алға салмақшы.
Жолдың ауырлығы бірден білінді. Күрт өрге тартып, белеске шыға бере ылдиға құлдилайтын жолдың табаны сусыма қиыршық тас. Кейбірінің қыры қылыштың жүзінен бетер. Тігінен тисе машина дөңгелегін тіліп түсетіндей. Ғасырлар бойы жел қырнап, су шайған кәрі Шыңғыстың әжімдеріндей тарам-тарам жолдардың біріне аңдаусызда түсіп кетсең, оңайлықпен қайта шыға алмасың анық. Қасқа жолда жер апшысын қуыратын қуатты көліктер таудағы жоғары өрлеп, төмен түсіп итіңдеген тар соқпақта тасбақаша тырбаңдап қалды. Сағатына 25-30 шақырымнан аспады жылдамдық. «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан...» деп Абай айтқандай, таңертеңнен қорғасын бұлттар көк жүзін көмкеріп, еңсені басып алған-ды. Жабағы жүндей ұйыса жөңкілген бұл астынан анда-санда жылуы азайған күн сәулесі көрінеді.
Құнан қойдың еті пісетіндей уақыт өткенде тал-терек, қайың көмкерген өзеннің жағасына тоқтадық. «Бұл судың аты Ботақан, – деді Шағжан жер иесі екенін аңғартып. – Жоғарғы тұсы Ділдә бәйбішенің жайлауы. Тобықтылар Шыңғыстың Ертіс жақ бетінде қыстап, түстік бетін жайлайды екен. Абайдың талай өлеңі осы өзен жағасында жазылған болар».
Суды бойлай біткен, күздің бар бояуына – жасыл, сары, қызыл түстерге молынан малынған шоқ-шоқ ағаштың арасынан табаны тас өткел тауып, арғы бетке өттік. Әлі жол шетіне жетпеппіз. Бұйрат төбелерді кейде тігінен асып, кейде бауырлай ирелеңдеген көне сүрлеудің кей жеріне қалың шөп өскен, сан мәрте Шыңғысты шиырлаған қарт жолбасшымыздың өзі жаңылып қалады ара-тұра. Бұл тұста таулардың қыртысы жазыла бастағанымен, әлі де шұғыл биіктер мен күрт төмендейтін ылдилар кездесіп қалады. Түске тармаса ұзын бетінде терістік пен түстіктегі төбелерге сіңіп жатқан жіңішке өзенге жетіп, жоғары-төмен шиырлап жүріп алдық. Ақыры, бие сауым уақыттан кейін оң қанаттағы биік жоталардың төбесіне аялдадық. Қыркүйектің ызғырық желіне ілескен жаңбар тамшылары қаңтардағы қар түйіршігінен кем түспейтіндей. Алғашқы суық болғандықтан шығар. Жергілікті адамдар қыр басынан ойға түсіп, іздеп жүрген Керегетасымыз осы екенін айтты. Төменде, Шәкәрімнің оққа ұшқан жеріне қойылған ескерткішті жақыннан көріп, жанында суретке түсу мақсатымыз ақталмады. Жотаның терістік бетіндегі текшеленген жартас пен жарты шақырым ылдида қарайған тас белгіні алыстан тамашаладық.
– Дүние астан-кестең қылған кеңестік билікті, оның шаруаларды тәркілеу, оған ілікпегендерді ортаға ұжымдастыру науқандарын санасына сыйғыза алмаған Шәкәрім бұл іс-әрекеттердің соңынан аштық нәубеті ілесе келе жатқанын аңдап, балаларына Қытай асып кетуге кеңес береді. Бірге кету туралы ой тастаған ұлдарына төрімнен көрім жақын қалғанда шетке қашпай-ақ қояйын, сүйегім туған жердің бір шұңқырында қалсын деп, оларды жолға сап, ел шетінен қоштасып келе жатқан беті екен. НКВД бастығы Қарасартов бастаған жаналғыштар осы жерде аңдып тұрып, ақын өзеннен өтетін өткелге бұрылған кезде атыпты. Алғашқы оқ аяғына тисе, екіншісі ажал әкелген, – деді Шағжан осыдан тоқсан жылға таяу уақыт бұрын өткен қанды оқиғаны көз алдына елестетіп.
Жолбасшымыздың мұңды әңгімесін үнсіз тыңдап, ақынның ақырғы демі шыққан мекенге тағы да бір жол түсер деген үмітпен Құрқұдыққа бет түзедік. Судың арғы бетіндегі Саятқораға бару туралы жоспарымыз да келер бір уақыттары жүзеге асар деген арман күйінде көкейде қала берді.
Шағжанның айтуынша, қызыл бандылар қажының сүйегін түйеге артып, Баршатас аулына барыпты. Бұл жерден Шәкәрімнің мәйітін жерлеу үшін сұрап алатын бір жан шықпайды. Жұрт милицияның көзіне түсуге қорқады. НКВД отряды марқұмның мәйітін түйеге теңдеп алып, екі-үш күн қорлап, Бақанас өзенінің орта ағысынан шығысқа қарай, Үшқызыл қонысы тұсындағы Құрқұдық атанған шұңқырға тастап кетеді. НКВД-дан, оның ел ішіндегі жансыздарынан қаймыққан жұрт әуелде қажының мәйітін жерлеуге қорықса, аталған қанды оқиғаға ілесе келген аштық нәубеті қазақ жұртының есін мүлде шығарып жіберіпті. Аштық пен індеттен аман қалған ел қайтадан ес жиып, бас құраған кезде де Шәкәрімнің сүйегін іздейтін, оны жер бесігіне бөлеуге білек сыбанып кіріскен жан шықпапты. Бұрынғыларды білетіндер өтіп кеткен, қоғам да, адамдардың санасы да өзгерген.
Шәкәрім ұлдарының көпшілігі әкесінің тағдырын құшады: Ғафур мен Баязит аштық пен азап салдарынан түрмеде, Қабыш соққының, аштықтың зардабын кешіп Шыңғыстаудың ішінде жан тәсілім етіпті. Қытайға кетіп үлгерген Зияттың өзі құрығы ұзын қиянатшыл кеңес билігінің шеңгелінен құтыла алмай, қайғылы қазаға ұшырайды. Ажал тырнағына ілікпегенімен кенжесі Ахат та коммунистік қоғамның «сый-сияпатын» көріп бағыпты. Әкесін атқан бандылар әуелде түрмеге жапса, одан әупірімдеп шығып, Шымкент, Жамбыл өңірлерінде мұғалім болып жүрген оны 1937 жылы «бандының баласы», «қажының ұлы» деген саяси айыппен итжеккенге айдайды. Айдаудан оралып Алматы облысындағы мектептерде қызмет атқарады. Тек 1958 жылы күзде Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталғаны туралы СССР КГБ-сының прокуроры қол қойған шешімнен кейін ғана кең тыныс алып, еңсесін тіктеген ол әкесінің шығармаларын ашық жинауға кіріседі. Құрқұдықта жатқан қажының сүйегін 1961 жылы өз қолымен жинап алып, Абай мен Оспанның мүрдесі жатқан Жидебайдағы зиратқа жерлейді.
«Зұлымдық империясының» (Р.Рейган) барлық зорлық-зомбылығын бастан кешкен Ахат Шәкәрімұлы тек 1968 жылы, 68 жасында туған өңіріне оралып, 1984 жылға, яғни ғұмырының соңына дейін Абайдың Жидебайдағы музей үйінің директоры болады. Өзіне топырақ осы жерден, қолымен арулап қойған әкесінің жанынан бұйырыпты.
Әлқисса, Құрқұдықтағы, қажының сүйегі 30 жыл сақталған киелі жерге тағзым етіп, Шәкәрімнің аруағына дұға бағыштап, Қарауылға жол тарттық. Екі аралық 70 шақырымдық жер және түске дейінгі сапарымызға қарағанда жол жеңіл деп еді бастаушыларымыз. Бізге олай көрінбеді. Табаны сулы өзектер, қия беткейлер, күре жолдарға үйренгендердің жанын түршіктіретін қыры пышақтай тастар мұнда да мол екен. Жол да ұзарып кеткендей, кемі жүз шақырым бар сияқты. Бірақ, Мұхаңның «Абай жолында» айтатындай, «ләиллах илла алламен» жол есептейтін Жұман сияқты аталары бар ауылдың адамдарымен сөз таластыра аламыз ба?! Еріксіз көруге, көнуге тура келді.
4. Жидебай
Ымырт үйіріле таңертең өзіміз Шыңғыстың ішіне аттанған Көкбай аулына келіп, мұнда көп бөгелмей Қарауыл, Жидебай арқылы Кеңгірбай бидің кесенесіне жеткенімізде түн қараңғылығы қоюланған еді. Жергілікті ел Би ата атандырған Кеңгірбай Тобықты ішінде ғана емес, іргелес отырған Уақ, Керей, Найман тайпасының Матайына да сыйлы, ықпалды рубасы ақсақал болған дүр. Әрине, Мұхаңның «Абай жолы» мен «Еңлік – Кебек» трагедиясы арқылы бидің жағымсыз бейнесі қалыптасқаны осы туындылармен таныс оқырманға аян. Бірақ, қаншалық классикалық еңбек болғанымен, Ресейдің отарлық пиғылын дәріптеген қоғамның ыңғайымен жазылған шығармалар болғандықтан, қазақтың ұлттық мүддесіне қызмет жасаған көптеген тұлғалар оларда ұнамсыз болып көрсетілгенін жұрт түсінер деп ойлаймыз.
Кеңгірбай Жігітекұлының өмір сүрген кезеңі туралы деректер әртүрлі: 1720/23 – 1808 немесе 1730 – 1815, зиратындағы тақтада 1735 – 1825 жылдар (және Жандосұлы) деп көрсетілген. Анығы, жоңғар шапқыншылығынан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сүргініне ұшыраған Орта Жүз тайпалары Сарыарқаға қоныс аударып, Ұлытау маңында көшіп-қонып жүргенде, Кеңгір өзені бойында дүниеге келіпті. Ер жете келе шешендік қабілетімен, әділ байламымен ру көсеміне айналып, Тобықтының биі атанған ол елін Шыңғыстың терісігі мен түстігіне орналастырып, кезінде сыртқы жауға (тіпті Ресей отаршыларына да), ішкі дауға бермегені жайлы ел аузында ертегіге бергісіз әңгіме де, аңыз-әпсана да көп. Кеңгірбай жасы сексеннен асқанда Тобықтының билігін Абайдың үлкен әкесі Өскенбай биге табыстап, бақиына алаңсыз аттанған көрінеді. Мүрдесі Жидебай қорығына, Қарауыл өзенінің жайылмасы жанындағы төбеге жерленіпті. Зираты әуелде қандай болғанын Шағжан айта алмады. Қазіргі кесене осыдан екі ғасыр бұрын жасаған шеберлердің қолынан шыққан жұмыс емес, кейінгі дәуірдің жемісі екені көрініп тұр.
Би ата кесенесі жанында қонақүй, асхана, шырақшының баспанасы, т.б. шаруашылық құрылыстары бар екен. Қонақүй бөлмелері кең болғандықтан және суық жел түнде күшейе түскендіктен бәріміз үйге қондық. Кешті бос өткізбей, Жексен бастаған қыз-жігіттер Айтағаң арнайы сатып алып, құрбандыққа шалған тоқтыны сойды. Әсіресе, Жекең ерекше еңбек сіңірді. Басты өзі үйтіп, ішек-қарын аршыған Майраға, асханадағы Светлана мен Әйгерімге (мұнда келгендер ас-суын өздері әзірлеп, ыдыс-аяқты жуып, жинап кетеді екен) жәрдемдесіп, барлық ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасады. Тіпті, қуырдақ пен өзбек ағайындардан ауысқан «дәмләме» деген тамақты да пісіріп үлгеріпті. Біз таңертең «дайын асқа тік қасық» болдық.
Кеңгірбай бидің зираты басында құран оқылғаннан кейін Жидебайдағы Абай музейіне бет түзедік. Жол – 6 шақырым. Бірақ, Қазақстанның көпшілік жеріндегідей мұнда да тозығы жетіп тұр, «Абай жолындағы» Иіс кемпірдің үйі сияқты шұрық тесік. Сағат онның кезінде музейге кірдік. Абайдың соңғы оншақты жыл ғұмыры өткен, оған дейін інісі Оспанның құт мекені болған қасиетті қоныс. Арамызда мұны ертеректе көргендер де, бірінші рет жолы түсіп тұрғандар да бар. Музей директоры орнында болмаса да, қызметкерлері жолбасшылық жасады. Қазақтың салтанатты тұрмысының сәтті сақталған бір үзігі сияқты жәдігерлер көздің жауын алады. Кезінде Абай, оның жақындары тұтынған бұйымдар осында өткен ұлы оқиғалардың, ұлағатты кеңестердің үнсіз куәсі іспетті: бүгінгі өркениеттің «салқыны» тимеген, қазақ шеберлері қолымен жасаған қазан-ошақ, келі-келсап, күбі, т.б. тұрмыстық заттар мен қамшы, ер-тұрман, құс мылтық тәрізді құралдар, музыкалық аспаптардан домбыра мен қобыз, үстел ойындарынан дойбы мен тоғызқұмалақ қойылған. Ерекшелік тек Абайдың жұмыс бөлмесінде ғана сияқты, оның төріне осы күнгіден аумайтын жазу үстелі, оның үстінде білте шам мен май шам, қарсы алдында арқалы орындық. Оған кіре берістегі, сырмақ, көрпелер төселген бөлменің ортасында жер үстел, оң жағында ағаш төсек тұр. Қабырғадағы тақыр кілемнің жоғарғы жағына Абайдың Ділдәдан туған ұлдары Ақылбай, Әбдірахман, Мағауияның суреттері ілініпті. Музей қызметкерлері ағаш төсек те, оның аяқ жағындағы құман мен леген де Ділдәға тиесілі мүлік екенін айтты. Тағы бір жасаулы бөлменің бұрышына, тұғырға қойылған ер-тұрман ақынның екінші әйелі Әйгерімдікі деп жазылыпты Жидебайдағы музей мен мавзолейден түсірілген суреттер жинағында. Дегенмен, тоқалына ренжіген Абай өмірінің екінші жартысында Әйгеріммен байланысын үзді, Еркежанға үйленген соң ең сүйікті жары сол болды деген Мұхаңның дерегіне сүйенсек, бұл ер-тұрман Еркежанға тиесілі болуы да мүмкін-ау деп ойладық.
Музей қызметкерлері жиналған соң автокеруен мүшелері осы сапарға шығарда жоспарлаған міндеттерінің бірін атқаруға кірісті. Ол – Жидебайдағы музейге ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан шығармаларының толық жинағын – 15 том кітап сыйлау еді.
– Абай жалғыз қазақ емес, адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі болса, Әлихан оның ақындығын, данышпандығын тұңғыш мойындаған ерен қайраткер. Бірақ, бүгінгі таңда Абайдың ұлылығын теріске шығарумен шектелмей, оның мына жалғанда жасағанына күмән келтіретін ғалым-сымақ пайда болды. Ол шолақ ақылымен Абайдың барлық шығармасын Әлихан бастаған Алаш арыстары жазып, өмірде болмаған адамнан ақын шығарды деп жар салды, – деді топ жетекшісі Айтқожа ағамыз, Әлекең еңбектерінің толық жинағын ұсына тұрып. – Абай 1904 жылы қайтыс болды, Әлихан 1937 жылы атылды. Яғни, Әлихан Абайдан соң 33 жыл өмір сүрді. Бұл – ақынның бүкіл мұрасын өз атына ауыстырып алуға толық жететін уақыт. Әлихан неге олай істемеді? Өйткені, Абайдың өлеңдері мен қарасөздері тек өзіне ғана тиесілі және олардың алды Әлихан саясатқа араласқанға дейін жарыққа шыққан. Жалған да ұшқары пікір айтып, шырық бұзған бүгінгі кемақылдардың аузын Әлиханның өзі-ақ жауып, тарихты өрескел бұрмалауға жол бермес еді. Әлихан – Абайдың идеялас шәкірті және оның ой-пікірін жүзеге асыру үшін күрескен тұлға. Сондықтан, ұлт көсемінің кітаптары Абайдың ата қонысындағы музейге лайықты сыйлық болады деп ойлаймын.
Айтағадан кейін осы жолдардың авторы қазақтың ұлы биі Қаздауысты Қазыбектің туғанына 350 жыл толуына орай жарыққа шыққан, Абайдың нағашы және қайын жұрты болып табылатын өңірдің болмысы мен тарихы туралы сыр шертетін «Қу – Балқантау» энциклопедиясын тарту етті.
Жидебайдағы сапарымыз «Абай – Шәкәрім» мемориалдық кесенесінде жалғасты. Қазақ әдебиеті алыбының туғанына 150 жыл толатын мерейтойы қарсаңында кешенді салуға республикалық байқау жарияланып, 1991 жылы наурызда өткен конкурста оған қатысқан алты ұжым арасынан архитектор Бек Ыбыраевтың авторлық тобы жеңімпаз болып шықты. Экономикадағы тоқырау салдарынан құрылысы 1996 жылы ғана толық аяқталған заманауи сәулет өнерінің ескерткіші көшпелілер мәдениеті үлгісінде, қазақ халқының космогониялық танымы негізінде салынған. Мавзолейден Орта Азияға тән сәулет өнерінің, атап айтқанда Самарқандағы Гөр-Әмір мен Аградағы Тәж Махал кесенелерінің ықпалы байқалады. Еуразияның кіндік ортасындағы ұлы даламен үйлескен кесене тұтастығын биіктігі 5, ұзындығы 200, ені 60 метр тұғыр қамтамасыз етеді. Тұғырдың үстінен асқақтай көрінетін қос мұнараның түстігіндегісі – 38,5 метрлік Абай мұнарасы (Абай мен Оспан жерленген), терістігіндегісі – 35 метрлік Шәкәрім мұнарасы (Шәкәрім мен ұлы Ахаттың мүрдесі қойылған). Кешеннің әрбір бұрышына күмбез орнатылған. Сонымен қоса, мұнда диаметрі 36 метр «Орталық Азиядағы жазба мәдениет тарихы» музейі, Абай мен Шәкәрім рухтарына тәжім етіп келушілер тоқтайтын қонақжай, мұсылмандар қауымының мінәжат орны – мешіт және амфитеатр салынған. Кейінгісінде «Абай оқуларын» өткізу дәстүрге айналыпты. Мавзолей кешені жайлы сөз қозғалғаннан кейін, оның құрылысына Маңғыстаудың ұлутастары қолданылғанын айта кеткеніміз теріс болмас.
Өкінішке орай, қос алыптың кесенесі де күрделі жөндеуге жабылған екен. Мұндағы музейді тамашалап, мешітті көре алмадық. Тек амфитеатр арқылы тұғырдың төбесіне көтеріліп, Абай мен Оспан, Шәкәрім мен Ахат жерленген мұнаралардың айдыны мен сұлулығына сыртынан сүйсініп, құран бағыштаумен шектелдік. Күрделі жөндеу жүріп жатқанына қарамастан, кер даланың бетінде қалқып тұрған ақ кемедей алып кешен осы күйінің өзінде көз тартарлық керім еді. Осы келісті кешеннің тоқырап тұрған құрылысын сол кездегі Семей облысына әкім болып келген сәтінен бастап қолға алған Ғалымжан Жақиянов, экономикалық-әлеуметтік ауыртпалыққа қарамастан, күрделі жұмысты абыроймен аяқтады. Қаржы көзін тауып, мердігерлерді сапалы құрылыс материалымен қамтамасыз етті. Тамаша ұйымдастырушы Павлодар облысының әкімі болған кезінде бүгін аймақ мақтанышына айналған Мәшһүр Жүсіп мешітін салғызды. Сонымен бірге, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағыдайын жақсарту үшін де қыруар іс тындырды. Семей мен Павлодардың халқы Ғ.Жақиянов есімін бүгінге дейін құрметпен ауызға алып, ол әкім болған кезде аймақтары барынша қарыштап дамығанын айтады. Осындай іскер, сауатты, қажырлы азамат саяси ойын құрбандығына шалынып, ұзақ жыл орынсыз жаза тартып, ақыры шет елге кетуге мәжбүр болды. Өкінішті! Қазақстан республикасы бұдан ұтылмаса, ұтпағаны хақ.
Жол көрсетушілер Жидебайдағы Абай музей-үйінің, «Абай – Шәкәрім» кесенесінің жөндеу жұмыстары созылып кетуіне Kovit – 19 пандемиясының зардабы тигенін айтып, ақталғандай сыңай танытты. Әрине, короновирустың адамдар өмірін жалмап, денсаулығына зиян тигізіп, ел экономикасына орасан шығындар әкеліп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бірге, қазір кез-келген кемшіліктің себебін індеттен көру әдеті қалыптасқаны да рас.
«Абай – Шәкәрім» кесенесінің түстік бетінде, 300 метрдей қашықтықта Құнанбайдың шешесі Зере мен дала данышпанына жарық дүние сыйлаған Ұлжанның зираты тұр. Ұлы әулет шаңырағындағы тіршілігі татулықта өткен қос ана бақилық дүниесінде де бірге жүруді жөн көргендей екен. Жидебайға келіп тұрып оларға соқпай кету мүмкін емес, біздің топ та солай бет түзеді. Бұл ерекше үлгіде салынған мазар екен. Сыртқы түрі Ұлытаудағы Домбауыл кесенесіне ұқсайды. Бірақ, одан аласа және біршама көлемді. Жан-жағы тәп-тәуір абаттандырылған. Олардың һәм төңірегінде тыныс тапқан аруақтардың рухына дұға бағыштадық. Әуелі Оспанның бәйбішесі, кейін Абайдың сүйікті жары болған Еркежан да осы маңайда жерленсе керек еді. Оның құлпытасын ұшыратпағаннан кейін Шағжаннан жөнін сұрадым.
– «Абай – Шәкәрім» кесенесінің бергі, түстік жақ іргесінде, – деді ол.
Абай төңірегіндегі адамдардың ғұмыры аянышы аяқталғаны белгілі. Бұл тағдыр Еркежанды да айналып өтпеген екен. Екі күйеуін қатар жерлеп, Абайдың алғашқы некеден туған ұлдарының ажалына куә болған Еркежан большевик бандиттер ұйымдастырған, адам санасына сыймайтын сұмдық оқиғаларды бастан кешіп, 1928 жылы қайтыпты өмірден. Бұл – шаруаларды тәркілеу, күштеп ұйымдастыру науқандары қарқын алып, қазақ даласындағы аласапыран өзгерістердің басталған шағы еді. Қазақ үшін «Байтал түгілі бас қайғы» басталған заманда өмірден озған бәйбішені арулап жерлеудің өзі мұңға айналған шығар. Одан кейін біріне бірі ілесе келген аштық нәубеті, саяси қуғын-сүргін, екінші ғаламдық қырғын елдің есін шығарып жібергені тағы рас. Дегенмен, өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап қазақ жұртында өткен ата-бабалар мен әулие аналар аруағын еске алу, ас беру, ескерткіштер қою жарысы басталғаны белгілі. Бірақ, Абайдың өмірінде маңызды роль атқарған жанды анау айтқандай ұлықтамаса да, басына белгі орнатуды Еркежанның қайын жұрты да, төркін елі де құнттамаған көрінеді. Бір кем дүние!
Жидебай жазығының түстік-батысында төңкерілген тегене іспетті жеке тау андағайлап көрінеді. Сұрастырсақ, жарты ғұмырында Абаймен тартысып өткен Оразбайдың қонысы Шұнай тауы осы екен. Оспан болыс болып, тізесі батқан соң басқа болысқа ауысып кеткен Оразбайға қарата Байкөкше ақын:
Шұнайдың жел соғады бүйірінен,
Тапқан пайдаң тіліңнің сүйірінен –
Қарада қасқыр соққан қасқа айғырды,
Дөнен қуып шығарды-ау үйірінен, – деп айтқаны тіл ұшына оралды. Абай тәрізді алыппен тартысуға жараған Оразбай да ерек жаратылған тұлға екені дау туғызбаса керек. Оспан Семейден Шыңғысқа дейін пәуескенің артына таңып, масқаралап алып қайтқанда мойымапты. Құнанбай аулының жанынан өтіп бара жатқанда балалар шуласып пәуескенің соңынан жүгіріп, жерден бір нәрселер тереді. Сонда қажы: – Оразбай осы бара жатқанда тегін тұқымына топырақ жегіздім деп барады, – деген дүр. Ересектер әдейі барып қараса, Оразбай шынында да жолға өрік-мейіз шашып кеткен екен.
5. Ақшоқы. Қасқабұлақ
Бүгінгі сапарда көретін, Абайға қатысты орындар Қарауыл – Семей күрежолының бойында, әрі кетсе 5-10 шақырым бұрылыста орналасқан екен. Табан тіреп тоқтайтын жеріміз Семей – Ертіс жағасындағы ежелгі қала.
Бие сауым уақыт өткен соң жолдың сол қабағында тарихи орын барын көрсеткен сілтеме белгі көрінді. Кебек батыр мен Еңлік сұлу тығылып, азғана тәтті күндерін өткізген жартастағы үңгірге апаратын жолды көрсетуде. Екі әлді көліктегі жолаушылар дала жолына түсті де, кеше Шыңғыстау ішіндегі жүрісте шатқаяқтап қалған автомашинадағы төрт жолаушы – Қайрат, Бейбіт және екі Ермек олардың қайта оралуын күтіп, асфальттың үстінде қалдық...
Сәске түс шағында күре жолдың сол жағында, он шақырымдай жерде орын тепкен Құнанбай әулетінің ордасы Ақшоқы қонысына жеттік. Абайдың да үлкен үйі, бәйбішесі Ділдәнің қонысы осында орналасыпты. Абайдан кейін 20 жыл ғұмыр кешіп, сексеннен асқанға дейін Ақшоқыда тұрған Ділдә апамыз бойынан әл тайған шағында Аралтөбедегі Тұрағұлдың (Абайдың Әйгерімнен туған балаларының үлкені. Ол туған бетте Ділдә Әйгерімге: «Бай – сенікі, бала менікі болсын», – деп баурына салып алған екен) қолына барыпты. Сөз реті келгенде айта кетейік, Абайдың әйелдері отырған үш ауылдың ара қашықтығы 35-40 шақырымдық жер.
Ақшоқыда Құнанбайдың музей үйі, қажы мен інісі Майбасар бастатқан әулетінің – ұлдары мен келіндерінің, немерелерінің қабірстаны орналасыпты. Балшықтан соғылған бейіттер уақыт салмағынан тозып, құлай бастаған соң сыртынан биік тас дуалмен қоршалғаны көрініп тұр. Зираттар басындағы құлпытастар да таяуда ауыстырылыпты. Бәрінің көлемі бірдей, адамдардың аты-жөні кейін қабылданған, қазақ тілінің латын графикасымен таңбаланған. Айтпақшы, Ділдә бәйбіше Әйгерімнің қонысы Аралтөбеде тыныс тапқан екен. Жер ортасынан асқанда тағдыр соққысын аямай тартқан, асқар тауы Абайы, төрт ұлы мезгілсіз қазаға ұшыраған соң соқа басы қалып, жалғыздыққа қоса кеңестік биліктің өктемдігі мен озбырлығын көре бастаған соң, бауырында өскен Тұрағұлды қолына келіп тұруға шақырады. Тұрағұл: – Апа, тәрбием сіздікі болса да, қайдан шыққанымды білемін ғой. Әйапамның зираты иесіз қалмай ма, қайта сіз менің қолыма келіңіз, – деген уәж айтады. Сонда Ділдә: – Әй, тоқал, сен маған қарағанда құдайға бір табан жақынсың ғой, жаныңа барайын, – деп, Аралтөбедегі Тұрағұлдың қолына көшіпті. Сұлу, әнші, өнерлі Әйгерім Ділдәдан бұрын, 1919 жылы қайтыс болыпты.
Құнанбай әулеті тыныс тапқан тас дуалдың сыртында біраз адам жерленіпті. Бұл – кеңестік кезеңде дүние салған ағайындардың мүрдесі. Себебі, Ақшоқы алғашқы колхоз, кейінгі совхоз малшылары қоныстанған қыстақ болыпты. Осында қайтыс болғандар әйгілі адамдардың рухына жақын жатуды мәртебе көрген тәрізді. Қарамы әжептәуір.
Құнанбай музей үйі жабық, жөндеуге қойылған екен. Аруақтарға дұға бағыштап, Абай жарық дүние есігін ашқан Қасқабұлаққа аяңдадық. Шағжан бұл тұста Кіші, Үлкен һәм Шеткі деген қосалқы атау жалғанған үш Ақшоқы барын айтты. Кіші Ақшоқы үлкен жолдың бұрылысында тұр. Үлкен Ақшоқы – жаңа ғана өзіміз шыққан жер. Шеткі Ақшоқы одан әрі. Әрқайсының өзіне тән ерекшелігі, тарихи бар көрінеді. Мысалы, Кіші Ақшоқы басында Найман мен Тобықты билері тартысып, ант бұзған Еңлік пен Кебекті ат құйрығына байлап өлтіруге үкім кескен көрінеді.
Жер бедері бұдан әрі ойпаң тартып, ылдилай берді. Тобықтылардың «Еңкейсем – Ертісім бар, шалқайсам – Шыңғысым бар» деп шіренетіні содан шығар. Тай шаптырым жүргеннен кейін жолдың сол жақ жиегіндегі төбешік басына, төрт қырлы текшеге орнатылған мұнара іспетті, оңаша тұрған шағын мазарға бұрылдық. Сол жағында ер адам мен әйел мүсіні орнатылыпты. Еңлік – Кебектің зираты мен оларға қойылған ескерткіш көрінеді. Бұл арада көпке мәлім махаббат желісін тәптіштеп, ата салтын аттағандарға қатал жаза кескен бұрынғыларды күстәналамай-ақ, қазақ тарихында сондай оқиғалар өткенін айтсақ жеткілікті шығар.
Мазар мен ескерткіш тұрған Шұбартөбеден Семей бетке қарағанда кең панорама ашылады алдыдан. Бұл кең алқап Ералы жазығы аталады екен. Ені 20-25, ұзындығы 35-40 шақырымнан кем түспейтін дала мырза күздің бар бояуына малынып, маужырап жатыр. «Абай жолында» суреттелетін талай тартысқа, осыдан 240 жыл бұрын Тобықты мен Найман құрбандыққа шалып, асаудың құйрығына байлап өлтірген қос ғашықтың өліміне куә болған, олардан бұрынғы, соңғы жан алып, жан беріскен шайқастарда шәйіт кеткен сарбаздардың қанымен суарылған жер. Базаралы бастаған барымташылар Тәкежанның 800 жылқысын айдап алып қырғанда Ералы жазығын қақ жарып ағып жатқан Ащысу өзенінен су емес, қан ақты деп айтады екен үлкендер.
Тал түстің шағында Абай туған жерге, Қасқабұлаққа ат басын тіредік. Сол қол жақта, күре жолдан 4-5 шақырым ғана бұрылыс. Шығыстан батысқа қарай созылып жатқан қырқаның түстік бетіндегі көзден қайнап шығатын су төмендегі өзекке қарай сылдырай ағады. Ертеде, ылғалдың мол кезінде түстік беттен күні бойы жалтырап көрінетіндіктен Қасқабұлақ атауын иеленген дүр. Қазір бұлақтың төңірегі абаттанған, автокөлік аялдамасынан жоғары қарай домбыра үлгісінде алаң жасалыпты. Абайдың үш ішекті «қалақ домбырасы». «Шанақтың» ортасына «тиегі», жоғары қарай созылып барып, қырқаның иек артпасына жете тоқтаған «мойынға» жалғаса «құлақ» орнатылыпты. Абай рухы тұнып тұрған жерді тебірене тамашаладық. «Шанақтан» бұлаққа қарай жаяулар жолы төселіп, оның екі жағына Абай өлеңдері мен қарасөздерінен латын графикасымен үзінділер жазылыпты.
6. Семей
Келесі аялдама әлем таныған Әуезов туған Бөрілі аулы, жазушының осындағы музейі болуға тиіс еді, дегенмен, жанармайы тақ-тұқ қалған біздің көліктің оған баруға шамасы жетпеді. Жолда қалмай, Семейге тұяқ іліктірсек деп, әупірімдеп алға жылжи бердік. Бір таң қалғанымыз, Қарауыл мен Семей арасында бір де бір жанар-жағар май құятын станса кездеспеді. Абай елінің, жалпы еліміздің сервистік деңгейі – осы. Күлетін емес, жылайтын жағыдай.
Абайдың Семей қаласындағы әдеби-мемориалдық музейі Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша ақынның туғанына 95 жыл толу қарсаңында Қазақ ССР Халық Комиссарлар советiнiң 1940 жылғы 1 сәуiрдегi қаулысы негiзiнде құрылды. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай. 1990 жылы, Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер советінің қаулысы бойынша ол Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып құрылды. Қорық-мұражайдың негiзгi қорын 1885 жылы Абайдың өлкетану мұражайына тапсырған заттары (60 жәдігер) құрайды. Ол заттардың отыздан астамы мұражай қорында сақталыпты. Алғашқыда мұражай, ақын Семейге келгенде түсiп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлерiнде орналасады. 1967 жылы мұражай көпес Р.Ершовтың үйiне көшірілген екен. Қорық-мұражай құрамына Семейде: бас мұражай, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы; Абай ауданында: Жидебайдағы Абайдың музей-үйі, көлемі 6400 гектар Жидебай қорық алқабына қоса «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені, Зере – Ұлжан – Құдайберді зират қорғаны, М.Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйі, «Шәкәрімнің Саят қорасы» экспозициясы, Шәкір Әбенұлының Құндыздыдағы музей-үйі; Үржар ауданында: Әсет Найманбайұлының Мақаншыдағы әдеби-мемориалдық музейі қамтылған. Жіліктеп айтқанда Жидебай қорық алқабына Абайдың музей-үйі, «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені, Құдайберді – Зере – Ұлжан зират қорғанымен бірге, Еркежан зираты, Зұлғарыш қыстауы – Ақбаз, Кенгірбай (Би ата) мазары, Құнанбай құдығы, Махмұт қорасы, Мұсақұл төбесі, «Орыс қорасы», Оспан көлі, Оспан құдығы, Ырыздықбай қорасы, Шәукенбай – Ғабитқан зират қорғаны сияқты тарихи орындар қамтылған. Семейдегі бас музей құрамына: көпес Р.Ершовтың үйi, жаңа ғимарат, Ахмет-Риза мешіт-медресесі, «Алаш арыстары – М.Әуезов» бөлімі, әкiмшiлiк ғимараты кiредi екен.
Автокеруенге қатысушылар Семей қаласындағы әдеби-мемориалдық музейі алдына жиналағанымызда ақшам үйіріліп қалған еді. Осы арада сәл шегініс жасайық: Бөрілі аулына бұрылған екі автомашинаның бірі М.Әуезов музейінен шыққан соң келген жолмен кері қайтып, Шыңғыстағы Қоңырәулие үңгірін, келерде қамтылмаған басқа да тарихи орындарды көруге ниет етіпті. Айтуларынша, олардың серуені қызықты, мазмұнды болған тәрізді.
Бізді Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Назерке Аққожина бастаған мәдениет салаласының және «Ақжол» партиясы Семей қалалық филиалының өкілдері қарсы алды. Музейдің бас ғимараты жөндеуге жабылғандықтан, кездесуіміз оның ауласында өтті. Автокеруеннің басшысы Айтқожа Фазыл ағамыз семейліктерді сапардың мақсатымен, жол үстіндегі әсерлерімен таныстыра келіп, Қарағанды жұртшылығы, соның ішінде облыс әкімшілігі Абайдың ата жұртына дұғай сәлем жолдағанын жеткізді. Ақынға нағашы һәм қайын туыс болып келетін Қарағанды – Қарқаралы елі, Алаш қайраткерлері, соның ішін Әлихан Бөкейхан Абаймен үндес, рухтас екеніне тоқталды. Ол әлемге таралған індет салдарынан дала данышпанының 175 жылдығы өз деңгейінде мерекелене алмай жатқанына өкініш білдіре келіп, осыған қарамастан, Абайдың ұлт мұратына қатысты идеясы мен ой-пікірлері Қазақ мемлекетінің болашағына, ұрпақ тәрбиесіне қызмет жасай беретініне сенім білдірді. Сөйтіп, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының арнайы сәлемдемесі – «Сарыарқа» кітапханасының 100 томдығын табыс етті. «Ақжол» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин өзі өкілі болып табылатын саяси ұйым өткен ғасырдың басындағы қазақ жерінде ең ықпалды күш болған, ұлтымыздың тұңғыш демократиялық өкіметі «Алашорданы» құрған элитамен мақсаттас, мүдделестігін айта келіп, оларды қалыптаған Семей қаласына, оның халқына зор алғысын жеткізді. Ұлы ақынның нағашы және қайын жұртының өкілі ретінде осы жолдардың авторы өзіне жиен һәм жезде болып келетін Абайдың туғанына 175 жыл толған мерейтойлық жылында осы сапардың сәті түскеніне, оған қатысуға мүмкіндік туғанына қуанатынын айтты.
Семейліктер «Сарыарқа» кітапханасының 100 томдығын қуана қабыл алып, індетке, жолдың ауырлығына қарамастан осы сапарға тәуекел жасаған автокеруенге қатысушыларға ілтипат білдірді. Айтқожа ағамыз бен «Ақжол» партиясының өкілдеріне сый-сияпат жасады.
Қала ортасындағы Абай ескерткіші жанында суретке түскен соң «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайында жалғасты Семейдегі сапарымыз. Ағайынды Мусиндер көшесіндегі, әңгіме болып отырған ғимараттың дербес тарихы бар. Семей қаласына келгенде Абай түсіп жүрген үйлерден сақталып, бүгінгі күнге жеткен ғимарат осы ғана көрінеді. Кезінде Әнияр Молдабаевқа үйді Абай сатып әперіпті. Осы қамқорлыққа ризашылық ретінде үйдің бір бөлмесін Әнияр Абайдың балалары үшін даярлап отырады екен. Кейін бұл үй Алаш арыстарының ұясына айналады. Гүлнар Дулатованың айтуынша оның бірінші қабатында Әлекең (Ә.Бөкейхан), екіншісінде Міржақыптың отбасы орналасады Семейде қызмет атқарған жылдарында.
Қазақтың азаттық жолындағы қозғалысына орталық бола алатын Қараөткел (қазіргі Нұр-Сұлтан), Тройцк, Орынбор тәрізді қалаларды саралай келіп Әлекең Семейге тоқталады. Ұлттың тұңғыш демократиялық партиясы мен ол құрған үкіметтің бүкіл жұмысына серпін берген осы шаһар болса, «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінде «Алаш» қозғалысының төрт кезеңі барынша қамтылыпты. Олар: ұлт-азаттық идеясының пісіп-жетілуі (1890-1905 жылдар); қазақтың өзін-өзі басқаруға ұмтылыс жасауы (1905-1907 жылдар); мәдени қайта өркендеу кезеңі (1907-1917 жылдар); «Алашорда» үкіметінің құрылуы (1917-1920 жылдар). 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АСР-і құрылуымен «Алаштың» іс-әрекет дәуірі аяқталды. Дегенмен, музей материалдары «Алаш» көсемдері мен мүшелері саяси қуғын-сүргінге түскен 1920-1937 жылдар мен оларды ақтау әрекеті жасалған 1937-1988 жылдарды да қамтуға тырысыпты. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің Семейдегі кезеңіне жеке бөлме арналған екен. Осының бәрін үлкен шабытпен таныстырған музей қызметкері Азамат Қажыбайға алғысымызды жаудырып, қайта жолға шықтық.
7. Оралу. Түйін
Бағытымыз: Павлодар – Баянауыл – Қарағанды. Ертіспен жарыса ағып, түн ортасына таман Керекуге жетіп қондық та, ертеңінде жол үстінде Баянтаудың, Сабындыкөлдің күзгі көркін тамсана тамашалап, Қарағандыға түс ауа жеттік. Жоспарланған рухани сапарымыз сәтті орындалғанына риза болып, марқайып, мерейленіп оралдық.
Осы сапардың үстінде облысаралық жолдардың ішіндегі ең нашары Қарағанды облысының аумағында екеніне көз жеткіздік. Айталық, Баянауыл арқылы жүргенімізде, Павлодарға қарасты жолмен сырғып келе жатқан едік, Бұқар жырау ауданының шегіне жетіп, аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қалдық. Кеңес өкіметі құлағалы автогрейдердің күрегі тимегені көрініп тұр. Қала көшелерін жылда жөндеп, аударып-төңкеруге жұмсайтын қаржының бір бөлігін әкім қаралар қалааралық жолдарды қалпына келтіруге жұмсаса, елдің ішкі туризмінің дамуына тәп-тәуір үлес қосылар еді. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, қарағандылықтар қысы-жазы қолы қалт еткенде дем алу үшін Қарқаралы мен Баянауылға ағылатыны аян баршаға.
Оның есесіне, Бұқар жырау ауданына қарасты Үміткер аулы тұсынан өтіп бара жатқанда осы жердің тұрғындары тамаша сауапты іс атқарып, жол жиегінде шашылып қалған пластик құтыларды жинап жүргеніне куә болдық. Бірнеше автомобильмен жүріп, жүргіншілер лақтырып кеткен құтыларды арнайы алып шыққан қаптарға толтырып, табиғатқа, өздері өмір сүріп жатқан ортаға жанашырлық танытқан адамдарға көз сүйсінеді, жүрек жылыйды. Осы әрекет өзгелерге үлгі болса ғой үміттенесің...
Ермек Балташұлы,
ҚР Журналистер одағы және Журналистер конгресінің сыйлықтарының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері
Abai.kz