Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5304 14 пікір 16 Қазан, 2020 сағат 11:17

Қолдан жасалған қасірет!

Коллаж: informburo.kz

(Жасанды апат құпиялары ашылсын)

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 30 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жария болған Үндеуінде айтылған тапсырмаларға байланысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын тиянақтау, саяси қуғын-сүргін құрбандарын түгелдей ақтау жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия құру, мемлекет басшысы алға қойған мәселелерді түбегейлі шешу және мүлтіксіз орындау шаралары ойластырылып, жүргізіліп жатқаны мәлім. Осы орайда Тәуелсіздіктің алғашқы жылында жасалған маңызды іске назар аудару ләзім. 1992 жылғы 22 желтоқсанда еліміздің бас газеті «Егеменді Қазақстан» «Қолдан жасалған қасірет» деген тақырыппен Қазақстан Республикаcы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Қаулысы мен ЖК Комиссиясының Қорытындысын жариялады (бұл құжаттар осы күні «Казахстанская правда» газеті беттерінде де басылды). 

Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» декретін,  1928 жылғы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу мен жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы», 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру жолымен нығайту және кулактар мен байларға қарсы күрес  жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеуге мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ сергек назар аударылған болатын.   Қазақстан Республикаcы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы өзінің шешімімен құрылып, жан-жақты тексеру жүргізген Комиссияның материалдарын қарап, Комиссия төрағасы академик М.Қ. Қозыбаевтың хабарламасын тыңдай келе, 1992 жылғы 7 желтоқсанда үш тармақтан тұратын қаулы қабылдады. Қаулының алғашқы тармағында автономиялық республика билігінің «адамдарды көп құрбандыққа және жаппай саяси жазалауға ұшыратқан» шешімдерінің қабылдануы мен орындалуына байланысты мән-жайларға түпкілікті баға беру жөнінде «комиссия жасаған қорытындылар мен ұсыныстар негізінен мақұлдансын» деген тұжырым жазылды. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң жобасы әзірленіп жатқандықтан, Комиссияның соған байланысты ұсынысы Комиссия қорытындысынан алып тасталсын делінді.  Келесі тармақта Қорытындыларды республикалық баспасөзде жариялау, үшіншісінде – Комиссияға материалдарын «жеке жинақ етіп бастырып шығару үшін» Министрлер кабинетіне тапсыру міндеттелді. Содан бері 28 жыл болды. Өкінішке қарай, осы уақыт ішінде аталған құжаттарды бір мәрте жариялай салумен ғана шектелдік те, іс жүзінде сонау жалпыхалықтық трагедияға, қазақ халқын құрдымға, Ұлттық апатқа тіреген қасіретке жүрдім-бардым қарағандай болдық. Оны  дұрыстап танудың, халықты тарихпен тәрбиелеудің, ел бірлігін арттыру ісіне молынан пайдаланудың маңызын ойламадық. Енді бұған жете көңіл бөлген жөн. Құрылып жатқан Мемлекеттік комиссия 1992 жылғы Биік Пәрмен мен оған негіз болған Қорытындыларды егжей-тегжейлі талдап, атқарылған істер мен енді атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап алса дұрыс болар еді...

1992 жылғы Жоғарғы Кеңес Комиссиясы Қазақстанның бұрын-соңды тарихта болып көрмеген әлеуметтік тәжірибе жүргізетін алып полигонға айналдырылғанын, республикада көптеген қылмысты әрекеттер жасалғанын атап айтты. Қарастырылған кезеңде қазақ тіршілігінің дәстүрлі жүйесі күйретілгенін, оның соңы алапат ашаршылыққа, халықты қызыл қырғынға ұшыратып, жойып жіберуге тіреген нәубетке – Ұлттық апатқа апарып соққанын дәлелді түрде атап көрсетті. «Қасірет ауқымының ғаламат болғаны сонша, біз оны геноцид саясатының көрінісі деп толық моральдық жауапкершілікпен айта аламыз. Мұндай анықтама «геноцид қылмысынан сақтандыру және ондай қылмыс үшін жазалау туралы» халықаралық конвенцияда көрсетілген халықаралық құқықтың қатаң нормаларынан туындайды», – деп қорытты. Комиссия болып өткен қайғы-қасіреттің нағыз түп-төркіні қоғамдық санамызда ұялағандай 32-ші жылғы халық қынадай қырылған үрейлі, масқара ашаршылық пен  жеке шаруашылықтарды күштеп ұжымдастыруда ғана жатпағанын, оның алғышарттары советтік режим өмірге келген шақтардан-ақ туа бастағанын ашып көрсетті.  

Тарихшылар мен демографтар жүргізген сараптауларды қарай келе, Комиссия қазақ этносының аса қатыгез геноцидке ұшыратылып, өте ауыр шығындарды бастан кешкенін дәлелдеді. Тегеурінді әкімшілік зобалаңы қазақ ауылдарындағы дайындау науқандары барысында өршіп кеткен.   Көшпенділерді отырықшылыққа көшірудегі «ұр да жық-күштеу саясаты» халыққа өте ауыр соққы болып тиген. Осыларды қажет мәліметтермен тиянақтай келе, теңгерімі жоқ ашаршылықтан, соған байланысты туындаған жұқпалы індет-эпидемиялардан, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің жоғары болуынан қазақ халқы 1931–1933 жылдары 2 миллион 200 мың адамынан айрылды, яғни сол шақтағы құрамының 49 пайызын жоғалтты деп көрсетті.

Өз халқына қарсы жүргізілген жарияланбаған соғыста ССРО Халкомкеңесі жанындағы мемлекет қауіпсіздігін сақтау үшін құрылған Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) атты арнаулы орган, оның Қазақстандағы  Толық өкілеті өкілдігі (ПП) үстем де басты рөл атқарды. Партия ұйымымен жалғасып-тұтасып кеткен бұл жазалаушы орган республикадағы күллі жағдайды, саяси тұрмысты жіті қадағалады. Әсіресе ұлттық интеллигенцияны ауыздықтаумен қатты шұғылданды. Осы құпия жазалаушы органның қызметтерінің ізі сайраған деректік-құжаттық материалдарды, сот және соттан тыс органдардың материалдарын, сол заман куәгерлерінің естеліктерін, статистикалық дереккөздерді мұқият зерттей келе,  Жоғарғы Кеңестің Комиссиясы маңызды тұжырымдар жасады. Мол дәлел келтіріп, аталған жылдары мемлекет өзінің халқына қарсы қылмыс жасады деп қорытты. Дәулетті жеке қожалықтар иелерінің дүние-мүлкін  тәркілеу, өздерін жаппай жер аудару, көшпенді және жартылай көшпенді қожалықтарды күштеп ұжымдастыру және отырықшыландыру, халыққа қисынсыз салықтар салып, жұрттың қолындағы күнкөрісіне қажет ауылшаруашылық өнімдерін тартып алу науқандарын адам құқтарына қайшы келетін заңсыздықтар деп тапты. Бұл заңсыздықтарды жасаған Қазөлкеком, Қазатком, Халкомкеңес, ССРО ОГПУ-нің Қазақстан бойынша Толық өкілетті өкілдігінің және әскери округтердің басшылары өздерінің халыққа қарсы саясатымен арандатушылық рөл атқарғанын, сөйтіп бұқараның жер-жерде өкіметке жаппай қарсылық көрсеткен көтерілістерін туғызғанын атап көрсетті. 1928–1932 жылдарғы заңсыз және халыққа қарсы құжаттардың күшін жою және оларды айыптау Қазақстан Республикасының жоғарғы билігінен сұралсын деп түйді. Осы науқан кезінде жазықсыз жапа шеккендер (тәркіленгендер, жер аударылғандар, солақай реформаға ереуілдеп қарсы шыққандар) саяси репрессиялар құрбандары ретінде танылсын деді. Мәселені терең зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті ғылыми мекемелердің арнайы қаржыландырылуын, білім беру салаларына арнап оқулықтар, түрлі әдістемелік әдебиеттер жасалуы қажеттігін айтты. Бірақ содан бері отыз шақты жылға тарта уақыт өткенмен, жоғарыда еске алғанымыздай, Жоғарғы Кеңес Комиссиясы ұсыныстарының дені қағаз жүзінде қалды...

Құрылып жатқан Мемлекеттік комиссия тілге тиек болған құжаттардың 1931–1933 жылдарғы нәубетті ғана қарастырғанын ескергені жөн. Іс жүзінде қазақ ішіне ашаршылық советтер билігімен бірге келді.  1917–1919 жылдары Түркістан Республикасына қараған қазақтар ашықты. Ташкент большевиктері олардың жылқысын, малын «әлемдік революция жасауға тиіс» Қызыл Армия үшін сыпырып алып, күнкөрісіне қажет азық-түлік бөлуден бастартқан-тын (Мұстафа Шоқай мұны «совет өкіметінің аштық саясаты» деп бағалаған еді). Ташкент большевиктері тарапынан «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ, экономикасы әлсіз, құрып-бітуге тиіс» деп танылған көшпенділердің бір миллионнан астамы осы 1917–1919 жылдарғы ашаршылықтан өлім құшты.  Бұл большевизмнің үш дүркін жүргізілген қылмысты іс-әрекетімен қазақ халқын душар еткен жойқын Ұлттық апаттың алғашқы кезеңі болатын. 1921–1923 жылдарғы екінші кезеңде «әскери коммунизм» саясаты мен орталықтан соғып тұрған азық-түлік жинағыш жедел жасақтардың әрекеттері салдарынан тап Түркреспубликадағыдай мөлшерде Қазақ Республикасы аумағындағы көшпенді жұрт қырылды. Ал үшінші кезеңнің себеп-салдары тілге тиек болған 1992 жылғы ЖК Комиссиясы қорытындысында біршама толық ашылды, дегенмен онда да биыл құрылмақ Мемлекеттік комиссия мұқият назар аударуға тиіс тұстар жеткілікті.

Қысқасы, өткен ғасырдың 1917–1933 жылдарында орын алған зұлматты Мемкомиссия жан-жақты да терең зерттеп, тарихи, заңи, саяси бағасын беруге тиіс. Және нәтижесі жұртшылық назарына ұсынылып, кеңінен насихатталғаны абзал. Осы орайда мынаны да айта кетейік: егер, бұрыннан айтып жүргеніміздей, үш дүркін орын алған зұлмат тарихын зерттеп, халық жадын жаңғыртатын арнайы Институт пен Ұлттық апатты көрнекі түрде көрсететін Музей ашылса, тәуелсіздігімізді баянды етуге мүдделі отаншыл, мемлекетшіл ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз зор үлес қосылған болар еді. 

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522