«Борат 2». Қазақ билігі неге реакция танытпай отыр?
Кеше «PerthNow» сайты Аустралияның Сидней қаласындағы «Bondi beach» жағажайында «Бораттар» шеруі өткенін жазды. Оған британ актері Саша Барон Коэнның фильмдегі образы - Борат бейнесіндегі 40 шақты ер адам қатысқан және олардың жанында Қазақстанның бірнеше Мемлекеттік туы ілініп тұрған.
Әрине, бұл «Борат 2» фильмінің прмьерасы алдындағы пиар үшін жазылуы мүмкін. Десек те, жағажайдағы тырдай жалаңаш адамдардың жанында қазақтың көк байрағының ілініп тұрғаны әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды.
Қоғам дүрлігіп, ел билігінен Мемлекеттік рәмізді қорғауды талап етіп жатса да, әзірге Ақорданың айналасынан ешбір реакция болған жоқ.
Бұл фильмнің бірінші нұсқасы 2006 жылы жарыққа шыққан. Оны түсіру үшін 18 млн. доллар қаражат жұмсалған. Ал прокатта 261,5 млн. доллар табыс тауыпты.
Сол жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Лондондағы баспасөз конференциясында әлгі Боратпен кездескісі келітінін жетізген.
«Фильмді көргеннен кейін Коэн мырзаның ешқашан Қазақстанда болмағаны белгілі болды. Ал таспаның өзі румындардың кедей ауылында түсірілген. Қазақтарды қайыршы сығандар ойнады. Ал мас күйіндегі жергілікті халықты американдық студенттер ойнады», - деген еді Назарбаев.
Сөйтіп, Қазақстан билігі сайқымазақ сықақшыға қарсы сот ісін қозғау туралы ниетін жариялаған. Оның аяғы не болғаны белгісіз.
Ал, сол кездегі ҚР Мәдениет министрі Ермұхамед Ертісбаев: «Борат» фильмі өзінің «шикі, арсыз және ашық ақымақ әзіліне» қарамастан, Қазақстан Республикасының халықаралық имиджіне оң әсер етті» деп сөйлеген.
Сөйтіп, ол Қазақстандық шенеуніктердің Борат фильміне деген реакциясын Николай Гогольдің «Ревизорымен» ұқсас деген пікір айтыпты.
«Гогольдің «Ревизоры» да 19 ғасырдағы бюрократтардың ашу-ызасын туғызған. Бірақ, ақырында орыс әдебиетінің классигіне айналды», депті Ертісбаев.
2012 жылы сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов та бұл фильм Қазақстан үшін үлкен жеңіс болды, деп қуанып, Боратқа алғыс айтыпты.
«Мен «Борат» фильміне философиялық тұрғыдан қарауды сұрар едім. Фильм Нью-Йорк экранына алғаш шыққанда мен тұрақты өкіл қызметінде жүргенмін. Сол кезде БҰҰ Штаб-пәтеріне барар жолда менің де артымнан журналистер жүгіріп, маза бермейтін. Оларға мен де айттым әлгі кино шыққалы бері Қазақстанға берілген визалар саны күрт, тіпті, 10 еcеге дейін артты. Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Мен Қазақстанға туристер тартуға септігін тигізген үшін Боратқа алғыс айтар едім», - деген екен министр.
Бұл аты-шулы Бораттың алғашқы фильмі шыққандағы қазақ билігінің реакциясы еді. Енді, соны екінші бөлімі түсіріліп, жарыққа шығып жатыр. Боратты көрсетуге Қазақстанда тыйым салынған. Расында, бұл фильмге қазақстандықтардың басым көпшілігі жай ғана кейіпкер ретінде қарайды десек те, желі қолданушылары фильмде қазақтың туын мазақтағандарға Ақорда мен ҚР СІМ неге үнсіз деп сұрайды. Сонымен, желідегі жұрттың пікірі төмендегідей:
Еркебұлан Қайназар:
- Бұл байрақ - азаттығымды сүйіншілеген, қазақтығыммен сүйсіндірген қастерлі рәмізіміз емес пе еді? Осы күнге жету үшін қанша бабам қан төгіп, қаншама атам атылып кетті. Енді не болды? Тәуелсіздік алғалы тәу етіп келе жатқан туымызды жалаңаш жын-шайтандарға таптатып қоя саласыздар ма, төрелер? Туын балконға ілгені үшін айыппұл салып жүрген «мықтылар» жағажайда жалаңаш мазақ қылып жүргендерге не қауқар көрсете алады екен? Мына сұмдыққа тыйым салыңыздар! ҚР азаматы ретінде жаным ауырды. Видеосын салуға оқырмандарымнан ұялдым, тіпті намыстандым. ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, тіпті, Ппрезидент Әкімшілігі, ҚР Парламенті Сенаты, Мәжілісінің депутаттары, ардақтаған туымызға араша түсулеріңізді сұраймын!
Асхат Қасенғали:
- Мына видеоны жаппай таратып жатыр. Жалпы Борат деген ол бар болғаны персонаж ғой, оны шындық деп қабылдау ақымақтық. Ал кинодағы көріністерге жүйке құртудың текке қажеті жоқ. Одан Саша Баронның ештеңесі кетпейді. Әлемнің барлық жеріне Бораттың ескерткішін орнатса да маған бәрібір. Ол Қазақстанды, қазақ халқын сипаттай алмайды.
Бірақ мына видео бойынша біздің СІМ ләм-мим дейтін шығар. Неге? Өйткені бұл шарада Қазақстанның туы қолданылған. Ту - ол мемлекеттің нышаны, оны өзге елде қолдану түрлі саяси қадамдарды білдіруі мүмкін. Мысалы Иранда туды өртеп, АҚШ-қа қарсы екендерін көрсетіп жатады. Ал Түркия Әзірбайжан туын терезеге іліп, қолдау білдіруде. Мына шарада ту жерде жатыр, қалай болса солай қолданылған. Біздің сырттағы дипломаттар тірі ма?
Айгүл Орынбек:
- Көк тудың құрметін Борат естеріңе түсірді ме? Еліңнің рәміздерін біреу қорлағанда ғана естеріңе түсті ме? Жек көрсеңдер, көре беріңдер, қарғауларыңда мүмкін... Бірақ ащы шындықты да қабылдай білген дұрыс!
Тәуелсіздіктің нышаны сенің көк байрағың! Көк байраққа ең бірінші құрмет, ол әрбір үйде болу керек! Түріктерді отансүйгіштігін құрметтеймін!
Борат неге түріктердің жалауын мазақ етпейді, себебі өлетін жерін біледі! Ал біздікі жәй «показуха»!
Еліңнің жалауын Борат мазақ еткенде, мақтан еткендерің тым күлкілі! Елімнің байрағы менің төрімде тұрады! Оны мен түріктерден үйрендім!
Тәуелсіз, бейбіт елде тұратыныма күнде мақтан тұтамын! Тәуелсіздіктің нышаны ретінде, жалауға күнде құрмет көрсетсекте лайықты! Мақтан тұтатын жалауың үйіңнің төрінде бар ма? Әлде әкімдікте түскен жалауды мақтан тұтып жатсың ба? Өзің құрмет жасамаған байраққа, басқалар қайдан жасасын? Қазақтың әрбірінің үйінде болу керек көк байрағымыз! Бірінші өзің құрметтеуді үйрен, басқалар сол кезде ғана мазаққа айналдырмайды!
Тақырыпқа тұздық:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 Конституциялық заңы
1-бап: Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады.
4-бап: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану тәртібі:
Мемлекеттік Туды және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Abai.kz