Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 10032 24 пікір 23 Қазан, 2020 сағат 14:11

Тәуелсіздік күнін 25 қазанға ауыстыру керек!

Қазақстан Республикасының

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа

Ұсыныс

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қазақстан Республикасының басты құндылығы, еліміздің -Тәуелсіздігі. Тәуелсіздік - қазақ халқына, Алланың берген үлкен сыйы, әрі зор бақыты. Біз Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет. Ол үшін біз құлдық санадан құтылып, рулық санадан көтеріліп, ұрпағымыздың бойына ұлттық сананы қалыптастыруымыз қажет. Біз сонда ғана әлемнің өркениеті елдерінің көшін бастаймыз. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің берік болады

Алдағы 2021 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізге 30 жылдығы болмақ.

Біз Тәуелсіздік күнін, жаңа жыл, наурыз мерекесі сияқты халықтық мереке деңгейінде тойлай алмай жүргеніміз жасырын емес. Ақиқатында қазақ халқы үшін Тәуелсіздік күнінен асқан мереке болуы мүмкін де емес.

Қазір 16 желтоқсан шенеуніктерге марапат, медаль тарататын күнге айналып барады. Халықтың санасында бұл күн 1986 жылы Тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтарды және 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпеде жазықсыз оққа ұшқан бейбіт азаматтарымызды еске алу күні болып қалды. Себебі, сол боздақтардың ата-аналары, бауырлары, балалары арамызда жүр. Қазақ азалы күнде той жасамайды. Біз қанмен жазылған тарихты санамыздан өшіре алмаймыз. Бұл біздің жақсы болсын, жаман болсын өз тарихымыз!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біздің ұсынысымыз «Тәуелсіздік күнін» 16 желтоқсаннан, 25 қазанға ауыстыру қажет. Бұл тарихи күн 25 қазан 1990 жылы еліміздің тарихында тұңғыш рет Тәуелсіздік декларациясы қабылданған күн болатын. Қазақстан сол күннен бастап, өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ Тәуелсіздігінің іргетасы қаланған күн болып саналды.

Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет - Қазақстан Республикасының негізі қаланды.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Келер жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесін 25 қазан күні халықтық мереке ретінде салтанатты түрде атап өтсек керемет болар еді.

Бұл тек менің ғана ұсынысым емес, халықтың көптен бері көкейінде жүрген талай рет айтылып та, жазылып та келген өзекті мәселе деп есептейміз. Сондықтан да, өзіңізді Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлаған халқыңыздың ұсынысын қабыл алады деп санаймыз!

Жәнібек Қожық

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392