Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 6658 76 пікір 27 Қазан, 2020 сағат 11:23

Қызығы кеткен сайлау

Әр сайлаудың өз қызығы бар. Бір сайлаулар ешқандай төтенше жағдай болмаса да, мерзімінен бұрын өтіп, оппозиция «біз дайын емеспіз ғой, сендер жындысыңдар ма?» деп билікке бажырая қарайды. «Иә, біз де сендер үлгіре алмай қалатын шығар деп ойлап едік» деп, билік те жымиған болады. Қызық қой! Журналистер бұрқыратып сайлау туралы жаза бастайды. Саясаттанушылар да «анау партия мұнша пайыз алады, ал мынау боқ жеп қалады?» деп бал ашып, сол ашқан балдарын ғылыми сөздермен әрлеп, әспеттеп әлек болады.

Енді бір сайлаулар ешқандай себеп болмаса да, белгіленген уақытта өтеді. «Бұндай оқиға – сайлаудың мезгілінде өтуі - Қазақ елінде бұрын-соңды болмаған» деп, тағы да журналистер көсіледі, бірақ, неге екені белгісіз, оппозиция тағы да жеңіліп қалады. Тағы қызық! Жеңілудің себебі неде? Сын көтермейтін сайлау заңында ма, әлде оппозицияның дайындығында ма? Газеттер мен сайттар тағы да партия басшыларынан сұхбат алып, ақ тер, көк тер болады, ал саясаттанушылар тағы да етектей мақала жазып, оның шәпкісіне «мен айтып едім ғой!» деген айдар тағады. Ойламаған жерден халықтың даусының сексен пайызын алған «Нұр Отан» үндемей құтылады, ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы алдын ала дайындап қойған, «кейбір заңсыздықтар орын алды, бірақ ол сайлаудың жалпы нәтижесіне әсер еткен жоқ» деп, басталатын мәлімдемесін оқуға дайындалады. Халықаралық бақылаушылар миссиясы да алты ай бұрын дайындап қойған «кейбір жерлерде заң бұзушылық деректері көзге түсті, бірақ бұл сайлауды Қазақстанның демократияға деген тағы бір қадамы деп есептеуге болады» (екінші абзац) деп басталатын есебін жарыққа шығарады. Бақылаушылар заңсыздықтар тіркелген актілерді сотқа береді, ал сот ол актілерді қайтадан сайлау комиссияларына жібереді... Ең қызығы, партияларға берілген дауыстардың саны болмаса, орталық сайлау комиссиясының қорытынды есебінің мәтіні де, бақылаушылардың есептерінің мәтіні де, жиырма жыл бойы өзгермейді... Демек, бұның барлығы өзгерістердің болмағанының белгісі.

Былтыр су жаңа Президент «терең саяси реформа жасаймын» деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Ойы, ниеті, мақсаты – дұрыс, бірақ ол реформаны кімдермен жасайды, ол жағы беймәлім күйінде қалды. Егер саяси жүйесі нақтыланған Америкадан немесе Франциядан бір топ маман алып келіп, соларға тапсырма берсе, әңгіме басқа, онда «шетелдік сарапшылар мен мамандарға ақша шашып жатырсыңдар» деген қаңқу сөзді айтатын ура патриоттардан басқа ешкім де қарсы болмас еді. Егер Қазақ елінде бүгінге дейін осы жүйені сынаған, өздерінің идеяларын, көзқарастарын ұсынған адамдардан топ құрып, «осы күнге дейін саяси реформа керек деп құлағымызды сарсылттыңдар, ал енді өздерің жасап көріңдер» десе, қоғам «батыл қадам» деп қол соғар еді. Ал егер кешегі, экс президенттің қасындағы адамдармен жаңа және саяси реформа жасаймын десе, бәріміз бір кісідей, театр құдайы саналатын Станиславский сияқты «СЕНБЕЙМІН!» деп айқайлар едік. Меніңше, Қасым-Жомарт ағамыз үлкен көрегендік жасады – саяси реформаның «тереңіне» де «саязына» да барған жоқ. Бәрі бұрынғыша қалды. Шетелден маман әкелсе – олар демократиялық институттарды орнататын реформаны дайындайды, өзіміздің демократтар олардан да өткен қоғамдық өзгерістерді өмірге алып келулері ықтимал. Қысқасы, бәрі бұрынғысынша, өзгеріс жоқ. Тек сөз бар. Ал «қағаз бәріне де шыдайды» деген тамаша мақал тағы бар.

Парламент сайлауының дүбірі де жақындады. Саяси өзгерістердің нақты көрінісіне куә болғысы келген электорат көздерін қолдарымен қалқалап, жолға қарайды. Ал жолда тағы да сол - алты жабағы. Ешқандай қызық жоқ. Тек қана Президент аппараты қайсы партияға қанша пайыз беруі мүмкін деген мәселеге бәс тігуге болатын шығар. Басқасы – шешілген мәселе. Бірақ – қоғамға қызық керек. Сондықтан болуы керек, бұқаралық ақпарат құралдары ұйысып, шаңы шыққан ескі жүнді қайтадан сабалай бастады. «Ойбай, праймериз болып жатыр!», «Екі партияның бірігуі мүмкін бе?», «Ауыл» партиясы «Бірлікпен» бірікпеймін депті», «Ақ жол» - «алаштың ізбасарымыз дейді», «Коммунистер ұлтшылдарға тиісіп, ұпай жинап жатқан көрінеді», т.т. Иә, көңіл аударатындай тақырыптар, бірақ жарыс жолында баяғы алтау... Олардың жүрісін, шабысын, аяқ алысы мен кейбіреулерінің шаң көміп қалысын қалай қызықты етіп жазсаң да, сайлаудың басты тұздығы – бәсекелестік жоқ. (Айтпақшы, сол алтаудың кейбіреулерінің сайлауға қатыспауы да мүмкін. Олардың басты міндеті – сайлау емес, «Қазақ елінде көппартиялық жүйенің бар екенін көрсету ғана).

Бәсекелестікті «дәстүрлі партиялардың» ішіндегі жалғыз байтал - ЖСДП-ның жасауы мүмкін еді. Бірақ олар да екі оттың ортасында қалған сияқты. Егер сайлауға түсеміз десе, «былтырғы сайлаудан «сайлау жүйесінде әділдік жоқ деп» бас тартып, бойкот жариялап, ұлтшылдардың етегінен тартып едіңдер, енді ұялмай-қызармай сайлауға қалай түсеміз дейсіңдер» деген сұрақ алдарынан шығады. Ең қызығы, егер ЖСДП өтіп кетіп, парламенттен орын алса, «өткен жылы сендер «біз президенттік сайлауда Сіздерге қарсы шықпайық, ал сендер сол үшін праламент сайлауында біздерге орын беріңдер» деп билікпен келіскен екенсіңдер» деген сөздің айтылуы анық. (Меніңше, осындай келісімді  Әміржан бұзып жіберді. Оған дейін Әміржанға бір ауыз жаман пікір айтпаған оппозиция серкелерінің бір сәтте оны жабыла жамандағаны да соның айғағы сияқты).

Биліктің қолындағы ақпарат алаңының ақ төр көк тер болып, Қазақ елінде үлкен бір саяси науқанның болып жатқанын көрсетуге тырысуын түсінуге болады. Бұл – жаңа президенттің (бірақ сол, өзіміз көрген, бұрынғы, авторитарлық жүйеден шыққан, сол жүйеге беріле қызмет істеген), жаңа бағытын (бірақ Н.Назарбаевтің ісін жалғастырамын, сабақтастықты ұстанамын, демек бұрынғы, ескі жолмен жүремін деген жан), жаңа саяси реформасын («Сайлау туралы» заң да, «Саяси партиялар туралы» заң да қоғамның араласуымен жан-жақты талқыланған да жоқ, 25 жыл бойы айтып келе жатқан күрделі өзгерістер жасалған жоқ) көрсетуге бағытталған талпыныстар. Бұл - халықаралық ұйымдарға да, өзіміздің азаматтарға да «терең саяси реформаның» жүзеге асып жатқанын көрсетуге арналған қимыл-қозғалыстар.

Сайлаудың басты қызығы – бәсекелестік. Түрлі саяси көзқарастың, түрлі ұстанымдардың, ел болашағына арналған түрлі бағдарламалардың бәсекелістігі. Өкінішке орай, саяси бағытта бәсекелестік болмаса, саяси партиялардың санының алтау болғаны да, алпыс болғаны да ешнәрсені өзгерте алмайды. Оның көрінісін бюллетеннен табасыңдар. Баяғы партиялар, баяғы сайлау жүйесі, баяғы сайлауды өткізушілер. Демек нәтижесі де баяғыдай болып шығады. Ал бәрі белгілі болса – қызық та болмайды.

Дос Көшім

Abai.kz

76 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369