Жұма, 22 Қараша 2024
2688 0 пікір 27 Қазан, 2020 сағат 15:18

«Алматы» арнасында жаңа телехикаяның тұсауы кесіледі

«Алматы» телеарнасында 2 қарашадан бастап «Өткінші жаңбыр» атты жаңа телесериал көрермен назарына ұсынылады. Әйелдердің арманын бейнелеген бұл картина 12 сериядан тұрады.

Картина ауылдан көшіп келген жалғызбасты ана мен Алматыда тұратын көпбалалы ананың өмірін баяндайды.

- «Бұл фильм тағдыр тәлкегімен Алматыда кездесіп, жақын дос болып, ортақ іс ашатын екі түрлі әйелдің тағдыры мен олардың армандары туралы баяндайды. Сол уақыт аралығында олар өзгереді, жеке тұлға ретінде өседі, қиындықтарды жеңіп, табысқа жетеді. Бұл өмірде бәрі мүмкін екенін дәлелдейді», - дейді түсірілім тобы.

Туындының режиссері Дархан Саркенов. Басты рольдерде қазақстандық киноактерлар - Алмат Сақатов, Нұргүл Мыңғатова және Салтанат Бақаева ойнаған.

«Қазір заман талабы басқа. Әйелдер көп нәрсеге үлгереді. Мен сомдаған кейіпкер де жан-жақты болу үшін барын салады. Оның төрт баласы бар, жағдайы жақсы. Тек жеке кәсібін ашқысы келеді. Адамдармен араласып, танымын кеңейтуге тырысады. Сол жолда алдынан көптеген кедергі шығады. Әйел адам қырық жанды дейді ғой, оның бәрін түбінде жеңіп, өмірінде отбасы мен жұмыстың арасында тепе-теңдік орнайды. Маған кейіпкерімнің болмысы ұнады», - дейді Нұргүл Мыңғатова.

Ал, сериалдың продюсері Айкерім Самалбекқызының айтуынша, фильмнің атауы арқылы айтар ойдың салмақты екенін ұғуға болады.

«Кез келген адамда, отбасында қандай да бір қиындықтар болады. Алайда ол өткінші жаңбыр сияқты өтеді де кетеді. Ең басты құндылық - отбасы, бала-шаға, сыйластық, достық, туыстық қарым-қатынас мәңгі қалады. Телехикаяның негізгі идеясы, көрерменге айтар ойы осы. Телехикая  сондықтан «Өткінші жаңбыр» деп аталады», - дейді продюсер.

Айта кетейік, аталған телехикая «Алматы телеарнасының» тапсырысымен түсірілген. Сондықтан да фильмде Алматының көптеген көрікті жерлерін көруге болады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5301