Жұма, 22 Қараша 2024
Түркі әлемінің ұлы тұлғалары 7171 2 пікір 4 Қараша, 2020 сағат 12:02

Низами

Түркі дүниесінде есімі сонау көне замандардан бері ұмытылмай келе жатқан бір есім бар. Ол – Низами Гянджеви Абу Мухаммед Ильяс бин Юсуф.

Әзірбайжан десе Низами, Низами десе Әзірбайжанды танисың. Ол 1141-1209 жылдары өмір сүрген, артына өшпес мұра қалдырған, түркі және парсы әлеміне тең перзент болып табылады.

Орта ғасырдағы шығыс поэзиясының ірі өкілі болып қана қоймай, көптеген шәкірттерге ұстаз болған дана, ойшыл ақын. Ол парсы әдебиетіне поэзиямен бірге халықтық ауыз әдебиеттің үлгілеріндегі прозалық әңгімелеуді араластыра отырып, поэзия мен прозаның үндестігін қалыптастырды.

Низами шығармалары орта ғасырлық Түркия, Армения, Ирак, Грузия, Ауғанстан, Иранда кеңінен танымал болды. Оның поэзиясы Хафиздің, Джалаладдин Руми мен Саадидің шығармашылық мектебіне айналды. Эпостық, этикалық тұрғыдағы Шығыс мектептері үлгісінде жазылған «Хосров пен Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Ескендір» дастандары күні бүгінге дейін адамзаттың, оның ішінде түркі әлемінің ортақ мұрасына айналып, 1991 жылы оның туғанының 850 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті.

Низами тарихи шиеленісі басым кезеңде өмір сүрді. Парсы ықпалы көп болғанымен, Низами шығыстық дәстүрлі әдебиетті меңгеріп қана қоймай, көршілес жатқан елдердің поэтикалық ортасында болды, өзіне керектісін жүрегіне тоқыды.

Армян тарихшысы, Низамидің замандасы Киракос Гандзакеуидің (1200-1271) жазуына қарағанда, Низами Гянджи өзі туған қаланың атын алып, оны кеңінен таратқан. Гянджи Иран мәдени орталығы болған. Өйткені ХІІІ ғасырдағы парсы антологиясына Ганджида туған 24 парсы ақынының өлеңдері топтастырылған. Бұл жерде Шеддадидтер әулеті билік құрған. Олар – күрт ұлтының өкілдері еді. Сондықтан да Низамидің әкесі қайынжұртына Кумадан көшіп келеді де, осы Гянджиде Низами өмірге келеді.

Парсы тарихшысы Хамдаллах Казвани, Низамиден бір ғасыр кейін өмір сүріп, Гянджидің ең бай әрі Иранның бақуатты өлкесі болғанын жазып кеткен.

Әзірбайжан, Арран мен Ширван Хорасандағы парсы мәдениетінің гүлденген орталығы болыпты. Бұл стиль Әзірбайжандық мектепке жатады. Теңеу, философиялық шешім, көркемдік пен бейнелілікке құрылған бұл поэзия мектебі бүгінге дейін жалғасып келеді. Әсіресе, махаббат, сезім мен адамның жан күйзелісі, рухани ізденісіне құрылған лирикалық өлеңдерден Низами поэзиясының ырғақтарын аңғару да, көру де қиын емес.

Низамидің өз аты Ильяс, әкесі Юсуф, атасы Заки, ұлы Мұхаммед өмірге келгеннен кейін ол Абу Мұхаммад Ильяс ибн Юсуф ибн Заки Муайад деп аталады. Кейбір зерттеушілер оның аты-жөнін былайша көрсетеді: Низам ад-Дин Абу Мухаммад Ильяс ибн – Юсуф ибн Заки ибн Муайад Низами.

Иә, тарихи деректер көп болғанымен, Низамидің нақты туған жылы белгісіз. Дегенмен, көптеген ғалымдар, тарихи деректерді салыстыра отырып, оны 1141 жылы өмірге келген деген тоқтамға келді. Мұны ЮНЕСКО колдады. Бұл деректерді Низамидің өз шығармаларындағы деректермен салыстырғанда, шындыққа сай екендігін аңғаруға болады. Мәселен, «Хосров пен Шырын» поэмасының кіріспе тарауында ол былай деп ой толғайды: Менің жұлдыз жорамалымды білгің келсе айтайын, онда мен арыстанмын, бірақ мен  перстің ұлымын дейді.

Егер мен арыстан болсам, жүнім ғана арыстан,

Жауға шауып өлтірем бе мен оны,

Мен арыстанмын өз-өзіне шабатын.

Мұндай деректерді пайымдай келе ақынның Арыстан жұлдыз белгісі аясында дүниеге келгенін пайымдаймыз. Сол тарауда ақын өзінің қырық жаста екенін суреттейді. Ал поэманы хижраның 575 жылы жаза бастағаны тарихтан белгілі. Сондықтан да осы үйлесімділіктерді саралай, сараптай қарағанда оның 535 жылы яғни 1141 жылы дүниеге келгені шек келтірмейді.

Ақынның дүниеге келген жері туралы бір шешімге келу де оңай болған жоқ. Лютф қажы Әли Бейдің «Атешкида» (XVIII ғ.) ғұмырнамалық жазбаларында Кум өлкесін орталық Иран жерінде деп ой түйеді. Оған «Ескендір-намадағы» кейбір өлең шумақтары себеп болған сыңайлы.

Бірақ мен Кухистаннанмын,

Тафриште бір ақын бар,

Низами атақ-даңқты содан бастап тараған, – деген жолдарды айтып отыр (У.Қ.).

Ортағасырлық көптеген Низами зерттеушілер (Әбу Сайд-ад-дин. ХІІІ ғ., Дәулетшах Самарқанди, XV ғ.) оның туған жері Гянджу деп айғақтайды. Ал академик Е.Э.Бертельс өзі қараған ең көне қолжазбаларда Кум мүлдем аталмайды деп ой түйеді. Осының бәрін ескере келе, ғалымдар бір шешімге тоқтайды. Яғни, Низамидің әкесі Кумда, ал Ильяс Низамидің өзі Гянджиде туған.

Низами өмір сүрген кезең қандай еді? Бұл Селжук сұлтанның салтанат құрған шағы болатын. Ғалымдар  «Ескендір-намадағы» аты аталатын Тафриш қаласының зоростризм дінінің орталығы болғанын, ол орталық Иранда, Тегераннан 222 шақырым жерде екенін айтады. Қалай болғанда да, бізге айқын бір ғана нәрсе бар. Ол Низамидің бұл өлкелерді тұтастай Әзірбайжан жері деп қабылдауы.

Ақын ерте жетім қалып, нағашы ағасы Қожа Омардың тәрбиесін көреді.

Ақын өз дәуірінің өте білімпаз адамы болды. Оның шығармаларын терең зерттеушілер Низамидің араб, парсы әдебиеті ғана емес, математика, астрономия, астрология мен химия, ислам құқығы мәселесі бойынша энциклопедиялық білім деңгейінің жоғары болғанын айғақтайды.

Низами сарай ақыны болуды көксемеген. Сондықтан да көңіліне, жүрегіне жинақталған өмір суреттерін өлеңге маржандай тізді. Оның даңқы алысқа кетті. Өлеңдері өткірлігімен, фәлсафалық мәнімен, ал поэмалары көркемдігімен ғана емес, тарихилығымен ерекшеленді. Оның сон-ау Гянджиден, Кавказ тауларының аржағынан айтқан жырлары қыр асып, кең Сахараға жайылды. Осылай «Ләйлі-Мәжнүн» қазақ даласына да жетіп, оны өзінше жырлау мектебі қалыптасты.

Ғашықтық дертінің адам өмірінің құрамдас бөлігі, сезімнің таусылмас махаббат бұлағы екенін тамаша жырларымен көмкерген Низами осылай өлмес жырлардың авторы атанды.

Күн көріс, өмір сүру шығармашылық адамның күнделікті қиындықтарының бірі еді. Осы себепті ол кезде шығармаларын өз елдерінің хандары мен әмірлеріне тарту ету жақсы ғадеттердің бірі болды. Сондықтан да Низами атақты «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын Ширваншахқа, «Жеті сұлуды» Мараганың атабегі (Ахмадировтар) Алл ад-Динге тарту етеді. Әрине, өз аттарын шығаратын мұндай шығармаларға шах та, атабек те мол сый-сияпат жасап, өздерінің қолы ашық, өнерге жақын екендіктерін әрі ақындарды зор құрметтейтінін паш етіп қалуға тырысқан.

Низами өмірінде үш рет үйленген адам. Бірақ ең сүйіктісі де, көркемі де, парасаттысы да қыпшақ қызы Аппақ еді. Оны Дербенттің сұлтаны Дара Мұзаффар ад-Дин атақты ақын Низамиге сыйға тартады. Низами Аппаққа азаттық береді. Бірақ сезім ұшқыны оның жүрегін жаулайды. Қыпшақ қызы да оған ғашық болып, мұндай бостандықтың қажет емес екенін, өмір бойы ақынның қасында қалғысы келетінін айтады. Низами Аппақтың жан сұлулығы мен тән сұлулығын жырға қосады. Дәл осындай кезеңде өзіне Ширвеншах тапсырған «Ләйлі-Мәжнүнді» жазады. 1174 жылы Аппақ дүниеге ұл бала әкеледі. Оған Мұхаммед деп азандап атын қояды. Бірақ баланы өмірге әкелгенімен, Аппақ опат болады. Екінші әйелі Низами «Хосров пен Шырын» жазып бітірген кезде қайтыс болады.

- О, құдай, әрбір поэма жазған сайын әйелден айырылатындай не жаздым? – деп налыған көрінеді Низами ақын.

Қазір тарихшылар әртүрлі деректерді салыстыра келіп, Низами ақынның өлген жылы туралы бір пікірге келді. Ол хиджра бойынша 598 жылы, яғни 1201-1202 жылдары дүниеден өткен болып шығады. Мұны Бертельс жариялаған араб жазуы мен «Ескендірнамадағы» жолдар айғақтаған. Осы жырдың екінші нұсқасына Низамидің қалай және қашан өлгендігі жөнінде дерек бар.

Алпыстан өтіп алпыс үшке келіп ед,

Тағы да айтпай жазықты көріп өліп ед

Өзі пір тұтқан адамдарды түгендеп,

Ол солардың соңынан кетіп ед.

Сонымен, Низами Иран мәдениетін өз бойына сіңіріп қана қоймай, Иран мәдениетіне жаңалық әкелген жаңашыл ақын болды. Өткен мен өз дәуірін жалғаған алтын желінің мектебін салды. «Иран – әлем жүрегі» деп «Жеті сұлуды» жырлағандай Низами үшін ұлттық рух біреу-ді. Ол былай деп жырлады:

Әлем дене, Иран күйік,

Бұған шек жоқ айтам сүйіп,

Жер рухы – Иран ашық айтам,

Дене сұлу, бірақ рух одан биік.

Низами сусындаған әдеби мектеп парсы, араб әдебиеті екені рас. Бірақ оның бүкіл көзқарасын қалыптастырған Фирдоуси, оның «Шахнамесі» болатын. Тебризи, Санаи, Гургани сияқты ақындардың да жырлары Низамидің оқулығына айналғанын ежелгі дәуір тарихшылары жазбалары растайды. Ал, Низами болса Фирдоусиді «Хахім», «Дана», «көріпкел» деп есептеген, оның поэзиясына бас иген.

Низами жырлары қиял-ғажайып, жұмбақ, сырлы әлемнің жұмбағын ашуға талпынысымен құнды. Оның поэмаларында драмалық желі, тартыс, аллегория, шешім бар. Ол адамның мың қабат қилы тағдырларының тамыршысы сияқты көрінуі. Романтикалық сарында жазылған дастандары авторға ханды да, қараны да, сол кезеңдегі мамандық иелерінің жұмысын суреттеп, бейнелеп, безендіруге мүмкіндік ашты. Сондай-ақ Низами сопылық дәстүрге тиесілі бейнелер мен белгілерді, қадір-қасиеттерді сіңіре білді. Халықтың бай мұрасын – аңыздары мен ертегілерін жинастырып, оны кеңінен өз шығармашылығында пайдаланды. Гүлді жырлау, сол арқылы сезім мен махаббатты, жастықты жырлауға мән берді. Бұл өз кезегінде Мұхаммед пайғамбарды гүлге теңеуге мүмкіндік берді. Ал бұл Иран әдебиетіндегі қалыптасқан дәстүр болатын.

Ильяс Низами Гянджеви арифметика, геометрия мен музыканы үйлестіру арқылы әлемнің бірлігін тануға болады деп есептейді. Сондай-ақ нумерологиялық яғни сандардың адам тағдырындағы орнын жақсы білді. Мәселен, Низами «Ләйлі-Мәжнүнде» Низами есімінің 1001 санымен үйлесетіндігін дәйектейді.

«Низами» деп ат беріпті,

Онда мын бір есім бар.

Иә, Низамидің «Ләйлі-Мәжнүні» метафораға, нақыл сөздерге, бейнелі бояуға толы. Мұны ол «гериб», яғни «жаңа әдіс» деп атаған. Әрине, Низами өзінің ақындық талантын білген және өзін «сөз сиқыршысы» «көрінбейтінді сезетін» деп бағалаған. Бұл сол кездегі ақындық мектептің әдісі болатын. Өйткені өзін халыққа танытудың бір ғана жолы бар, ол өз өлеңдерінің мадағын өз шығармаларында өзі айтып отыру мектебі. Мұндай болмаған жағдайда өлең-жырдың кімдікі екенін халық білмей де кетуі мүмкін-ді.

Өз дәуірінің кемел ақыны Ильяс Низамиден біраз лирикалық өлеңдер, яғни касыд пен ғазелдер қалған. Бүгінгі күнмен салыстырғанда сонша көп те емес. Лирикалық «Диваны» 6 касыдтан, 112 ғазелден, 2 кита мен 30 төрттағаннан тұрады. Қалғандары жоғалған. Біраз өлеңдерін ХІІІ ғасырда өмір сүрген Джамал ал-Дин Халил Ширвани құрастырған парсы поэзиясының антологиясына енген. Ол тек 1932 жылы ғана әдеби айналымға түсті. Солардың біразын қазақтың белгілі ақыны Қалижан Бекхожин аударған болатын. Сол мадақтардың яғни одалардың қыр-сырына үңіліп көрейікші.

Рахманы зор құдіретіңмен, жасаушысы бұл жаһанның,

Баршада бар нұр сипатың, тірлігін күллі жанның

Жаратқан сен бұл ғаламды – тәж-тағыма өзің ие,

Шенсіз жайнап фәрменіңмен, өшер бір күн бұл дүние.

Бұл Алланы мадақтау, жаратқанның қасиетін халыққа жеткізу. Екі жолдан ғана тұратын одалардың Аллаға жол салып қана қоймай, әр адамның Алла жолымен түзу жүруіне арналған насихат сөз.

... Көтер оның мәртебесін, асыр даңқын патшалардан,

Ізгілікпен, ақиқатпен асып көрсін басқалардан

Жебе оны, жеткенше ол басын иіп сол бір шаққа.

Құж-құж жанмен кіл оянып – шу шыққанда ғарасатта.

Міне, Аллаға жалбарынып, мүнәжат етуде Низамидің тілегі, ойы, арманы көрініп тұр. Ол «Жұлдыздардың ағысы мен құпиясын оқығанын», «сол ғылымнан зейініме жарық сәуле тоқыдым мен» деп Аллаға сыр мүнәжат ете отырып «бұл фәнидің дүресінен есім кетті», «Сенерім сен, құтқар мені, келші раббым, мені қолда» деп жалбарынады. Бұдан Низамидің өмірі әрқилы қиындыққа ұшырағанын аңғару қиын емес.

Низами мектебі парсы асып, Әзірбайжан асып, Европаға да жеткен. Оған бір ғана мысал айтсақ та жеткілікті. Немістің атақты ақыны И.В.Гете өзінің атақты «Батыс-Шығыс диванын» парсы поэзиясына еліктеп жазған. Ол Низамиді жоғары бағалаған. Фирдоуси, Анвари, Руми, Саади, Джами сынды ақындардың ішінде Низамиге ерекше ілтипат білдіреді. Мәселен, Гете Низамидің атын атап, оның кейіпкерлерін еске салады.

Махаббат мұңы сезімсіз қалай жарқырар,

Ол Шырын мен Фархад емес пе?

Дүниеге келді бір-бірін сүйіп,

Ол, Ләйлі мен Мәжнүн емес пе?

Ләйлі мен Мәжнүнді Низамиден кейін талай ақын жырлады. Бірақ олардың ішінде Низами нұсқасы күні бүгінге дейін бірінші қатарда тұр.

Ақын болған соң оның талантына қызғаныш білдіретін ақындар да болады. Солардың бірі ширвандық Мұзаффари деген ақын. Ол әртүрлі айла-шарғы жасап Әзірбайжан бегінің сарайы ақыны болады. Ал ол қызметтен Низами бас тартқан болатын. Олар күндіз Аллаға сыйынып, түнде жасырынып көңіл көтеріп, шарап ішіп, Алланы да, өздерін де алдап жүреді. Сондай сәттердің бірінде Мұзаффари әміршіге тіл тигізеді. Әмір қамауға алады. Низами оны құтқарады. Мұзаффари «О дүниеге кешірім алысып барайын, құдай алдында кеш мені» деп жалбарынады. Үлкен жүректі Низами бәрін біле тұрса да, Мұзаффариге кешірім жасап, Ширваншахқа барып, жаңа дастандар жазуға мүмкіндік жасаған шақыруды қабыл алады. Азып-тозған Мұзаффари «Жаны қапастағы адамға бостандық не үшін керек» деп кавказдың сағым даласын кезіп, қаңғырып өледі.

Сонымен, Низамиден қалған мұралар қандай?

Низамидің әдеби мұрасының өзегі бес поэма болып табылады. Ол «Пандж Гяндж» деген атпен тарихта қалды. Бұл «Бес маржан» деген ұғымды білдіреді. Оның біріншісі «Махсан аль-Асрар» яғни «Құпиялар қазынасы» деп аталады. Бұл поэманы зерттеушілер 1163, ал кейбіреулері 1176 жазылған деседі. Ол әмірші Эрзинджан Фахр ад-дин Бахрамшахқа тарту етілген. Ал, «Хосров пен Шырын» 1175/1176 және 1191 жылдар арасында жазылып, Селжүк сұлтаны Тоғрул үшіншіге, атабегі Мұхаммед ибн Элдигиз Шахан Пахлаванға (1175-1194) және оның бауыры қызыл Арыстанға (1186-1191)  тарту етіледі. Ал «Ләйлі-Мәжнүн», 1188 жылы жазылып, әл-Мәлік әл-Муаззам Джалал ад-Даулавад-Дин Абу-л-Мұзаффар Ахситен ибн Минучихр Ширваншахқа(1160-1196) арналады. 1197 жылы жазылған «Жеті сұлу» Мараганың әміршісі Алладин Куры-Арсланға тарту етілген. «Ескендір-наме» 1194-1202 жылдары толық жазылып, Пишкинидтер әулетінің жетекшісі Ахар Носрат-ал-Дин Зыскин бин Мұхаммедке тарылғы етіледі.

Бес поэма масневи үлгісінде (екі жолдан тұрады – У.Қ.) жазылған. Олар 30.000 екі жолдық шумақтан тұрады.

«Хосров пен Шырын» парсы әдебиетіне төңкеріс жасаған шығарма деп есептеледі. Бұл адам рухының Аллаға баратын жолы туралы толғаныс. Және ол деректі оқиғаға құрылған. Хосров ІІ Парвиздің (590-628 жж.) тақ билігін мадақтау емес, оның махаббаты туралы ғажайып дастан.

«Ләйлі-Мәжнүн» арабтың көне аңыз жырының негізінде жазылған. Бірақ Низами көне жырды жаңаша жырлайды, тың сюжеттік желілер қосады.

«Жеті сұлу» «Хафт пейкер» деп аталады. Тура аудармасы «Жеті бейне». Дастанның әр новелласы бір-бір тарауды құрайды, оның әрқайсысы махаббат сезім сергелдеңі мен жарқырап гүл жарған бейнелі сезімге құрылған. Мұның мазмұны мынаған саяды: Иездигер сасенидтер патшасы болады. Бірақ Алла бір балаға зар етеді. Ақыры әруақтарға, әмбиелерге тәу етіп, дүниеге Бахрам атты ұл келеді. Оны араб патшасы Номен тәрбиелейді. Қарнақ сарайында әлемнің жеті елінің сұлу қызының суретін көріп, Бахрам оларға ғашық болады. Кейін өзі таққа отырған соң, сол жеті қызды тауып, үйленеді, арманына жетеді.

Низами шығармашылығы адамзат құндылығына айналды. 1991 жылы Низамидің туғанына 850 жыл толуы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілді.

Вашингтонда, Лос-Анджелесте, Лондонда, Табризде халықаралық конференциялар өтті. Мәскеуде Низами ескерткіші бар. Әзірбайжан ғылым академиясының Низами атындағы әдебиет институты жұмыс істейді. Ташкент, Рим қалаларында да Низамиға ескерткіш тұрғызылған. Меркурийдің бір кратері Низамидің атында. Көшелер, мектептер қанша ма? Өзбекстанда Низами атындағы педагогикалық институт бар. Арменияның бір ауылы Низами атында.

Ұлы ақындар уақыттан тыс өмір сүреді. Сондай түркі әлемінің ұлы тұлғасы – Низами дастандары әлі өміршең. Ол адамзат құндылығы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, мәңгілік жасайды.

Уәлихан Қалижан,

ҰҒА академигі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257