Әмірхан Балқыбек. Будда бірде дүниеге келгенде (жалғасы)
МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ
Арда ағам
Ислам Әбішевке арнаймын.
БУДДА БIРДЕ
ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕ
Дастанға детектив көзiмен қарасақ
МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ
Арда ағам
Ислам Әбішевке арнаймын.
БУДДА БIРДЕ
ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕ
Дастанға детектив көзiмен қарасақ
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын алғаш тудырған ақын, бiзге жеткен кейiнгi нұсқаларды жырлаған әрiптестерiндей емес, өзi пайдаланып отырған материалды мүлде басқаша түсiнген. Екi ғашықтың қайғы-қасiретке толы мұңлы хикаясы түбi сәттi, қуанышпен аяқталатындығына оның ешқандай күмәнi болмаған десе де болады.
Бiздiң мұндай «бүйректен сирақ шығару» iспеттi батыл болжам пiкiрге келуiмiзге не себеп? Мазмұны оғаштау осындай әңгiме айтуымыздың өзiмен-ақ бiз Ұлы Дала даналығы тудырған ғажайып махаббат дастанының құнын түсiруге тырысып отырған жоқпыз ба?
Олай болса, мұнымыз күпiрлiк болады ғой.
Жоқ,бiздiңше, тiптен де олай емес. Ойымызды жеткiзу үшiн болжамымызға тиянақ болар дәлел-дәйектерiмiздi ретiмен ор¬¬таға салуға тырысып көрейiк. Жоғарыдағыдай жорамалға иек артуымызға не себеп болғандығы да сонда анықтала түсер.
Иә, бүгiнгi той-домалақ, қуанышқа бас қосқан отырыс-жиындарда:
- Сейфiл-Мәлiк, Жамалдай
Бейнетiңе көнсем-ай.
Қозы Көрпеш, Баяндай
Бiр молада өлсем-ай!
- деген жыр жолдарын (Әсеттiң «Iнжу-маржан» әнiнен) сiз де, бiз де жиi-жиi естiп жүрмiз.
Соңғы екi жол, тұтас алғандағы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры ғана емес, оның кейiпкерлерiнiң есiмдерiнiң өзi де асқақ махаббат сезiмiнiң халықтық асыл үлгiлерiне айналып кеткендiгiн айғақтап тұр. Iштей берiк сүйiспен¬шi¬лiк¬тiң байламы, дегенiне жетпей тоқтамайтын ғашықтықтың асыл сертi болса осындай-ақ болар дейсiң. Осындай махаббат дастанын тудырған халықтың кемеңгерлігіне риза боласың. Ғасырлар қойнауында кемелiне келiп, толысқан осындай дүниенi өзiңнiң басқа бағытта түсiндiргiң келетiндiгiңе бiр сәт жүрексiнесiң де...
Дегенмен сен бүгiнгi ұрпақтары естiп жүргендей емес, дастанды Ұлы Дала төсiнде алғаш тыңдау бақытына ие болған ата-бабаларының жыр мазмұнын бұлардан мүлдем басқа қырынан танығанына сенiмдiсiң.
Рас, жырдың қай заманға, қай ғасырдың еншiсiне тиесiлi екендiгi әлi күнге дәл анықталған жоқ. Жуық арада анықтала қоюы да екiталай. Бұл мәселемен анау жылдары абыз ғұламамыз Әлкей Марғұланның бас қатырғаны белгiлi. Бүгiнгi тарихымызды түгендесек деп маңдайларын тауға да, тасқа да ұрып жүрген Қойшығара Салғараұлы, Тұрсын Жұртбай секiлдi ағаларымыздың да бiраз еңбектенгендерi мәлiм.
Ең бастысы, зерттеушiлердiң бәрi де жырдың дала төсiне ислам келгенге дейiннен көп бұрын пайда болғандығына күдiк келтiрмейдi.
Мiне, осы арада бiз жыр кейiпкерлерi мен оларға махаббат дастаны арқылы мәңгiлiк ғұмыр сыйлаған алғашқы ақынның қандай сенiмге бас игендiгiн анықтау қажеттiгiн алға тартамыз. Өйткенi, дiн дегенiмiз - жеке адамның, халықтың дүниетанымын қалыптастыратын рухани күш. Олай болса, бiз iздеп отырған дiн қандай дiн болуы мүмкiн? Дала төсiндегi дәстүрлi Тәңiршiлдiк пе? Манихейшiлдiк пе? Бәлкiм, өзi уақыт өте келе Ницшенiң кейiпкерiне айналған ирандық Зәрдәшттiң, яки Заратустраның iлiмi болар?
Жырдың кiлтiн табу үшiн алғашқы ақынның ұстанған сенiмiн бiлу қалайда маңызды. Бiздiң пайымдауымызша, бұл дiн адамның өзiне-өзi қол салуына аса қырын қарай қоймаған мамыражай мінез дiн болған сыңайлы. Мұны қазақтың тағы бiр ғажайып махаббат дастаны «Қыз Жiбекте» жыр кейiпкерi Қыз Жiбектiң сүйiктi жары Төлеген Бекежанның қолынан мерт болғаннан кейiн махаббатына адал жан ретiнде өзiне-өзi қол салмай, Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға әмеңгерлiк жолымен тиюге келiскенiнен аңғаруға болады. Себебi, бұл кезде Қыз Жiбектiң өзiне-өзi қол жұмсауын дала ақынының қиялы көтергенiмен, дала төсiне емiн-еркiн енiп орныққан исламның шариғаты көтермейтiн-дi. Бiздiңше, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» секiлдi қайғылы аяқталғанда «Қыз Жiбектiң» халық арасында кеңiнен тарала қоюы да неғайбыл болатын.
Ал «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры Далаға ислам дiнi келгеннен көп бұрын пайда болып, жергiлiктi халық санасына тамырын терең бойлатып үлгергенiмен ғана исламның цензуралық құрығынан аман қалды деп долбарлауға болады.
Сонымен жырдың кейiпкерлерi мен оны алғаш жырлаған ақынның ұстанған сенiмi қандай сенiм болуы мүмкiн? Бiздiңше, бұл Үндiстан топырағында бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮI-Ү ғасырларда пайда болған будда iлiмi болуға тиiс. Тек Будда iлiмiнiң ғана өзiне-өзi қол көтерушiлерге кешiрiммен қарайтыны мәлiм. Тiптi бұл iлiмнiң жапондар ұстанатын дзэн-буддизм тармағында қандай да бiр мақсатты орындау жолында өзiне-өзi қол көтергендердi ұлық тұтатын дәстүрдiң де бар екендiгi жасырын емес. Еске жапон самурайларының бастарына сын сағаты туғанда харакири (өзiн-өзi жарып өлтiру) жасайтындығын түсiрсек те жеткiлiктi.
Қозыға деген махаббаты жолында өзiн-өзi өлтiруге бел байлаған Баян сұлу күнәсiн тек осы дiн ғана кешiре алмақ. Тiптi, керiсiнше, жаңағы жапондардағы секiлдi бас июге тұрарлық ерлiк, қаһармандық iс деп дәрiптеуi де ықтимал. Егер Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың үлкен құрметпен бiр кесенеге жерленгенiн, ол кесененiң осы күнге дейiн сақталғанын жадымызға түсiрсек, кiм бiледi, бұлай болуы да әбден мүмкiн ғой.
Мiне, дәл осы буддизмнiң Қытай аумағы мен iрiлi-ұсақты Жапон аралдарына аяқ басар алдында бiздiң даламызда бiраз тұрақтағанын бүгiнгi ғылым жоққа шығармайды.
Олай болса, бiздiң жыр кейiпкерлерi мен оны алғашқы жырлаған ақын ұстанған сенiмдерi бойынша буддашылар болған деген пiкiрiмiздiң де әбден жаны бар болуы мүмкiн. Ал буддашыл ақынның жырды бүгiнгi бiзге мәлiм нұсқаларындағыдан мүлдем басқаша сарынмен аяқтайтындығы да еш жасырын емес.
Санасы нұрланған адам туралы аңыз
Бұл аңызды қазақ оқырманына алғаш ұлы Мұхтар Әуезовтiң таныстырғаны белгiлi. Аңыз Солтүстiк Үндiстанның шағын патшалықтарының бiрiнде бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 566-476 немесе 563-473 жылдар аралығында өмiр сүрген Сиддхартха Гаутама дегеннiң патша отбасында дүниеге келгенiнен басталады. Алаңкөңiл патша өз ұлының дүниенiң қайғы-қасiретiнен бөлектенiп, тек қуаныш пен күлкiнi ғана бiлiп өскенiн қалаған. Патшазаданың бiраз өмiрi осылай қайғы-мұңсыз өткен де болатын. Жары Яшодхара да оған сарай сыртында мүлдем басқа өмiрдiң бар екендiгi туралы тiс жарып айта қоймаған едi. Бiрақ бiрде сарай маңынан сәл жырақтап шығып кеткен ол етi сүйегiне жабысып арыған қарияны, ойбайлай ыңыранған, денесiн дерт меңдеген сырқатты, жұрт азалап жерлеуге алып бара жатқан жансыз мүрденi көрiп қалады. Мiне, осыларды көргеннен кейiн-ақ оның көңiлi нiлдей бұзылған. Өйткенi, жүрегi ояу патша ұлы өзiнiң де түбi осылардай болатынын ұғынған едi. Оны, егер бар пенде тiршiлiгiн осылай аяқтайтын болса, онда өмiрдiң мәнi неде деген сауал мазалай бастаған. Осы сауал оны ақыры патшаның салтанатты сарайынан да, жарының ыстық құшағынан да бездiрген. Ел кезген, жер кезген тақуалардың қатарына әкелiп қосқан.
Бiраз жылдардан кейiн ол тақуалардың тiршiлiгi де құр өзiн-өзi алдарқату екендiгiн түсiнедi. Олардан жырақ кетiп, бодхи ағашының түбiнде отырып алып ұзақ күндер бойы тәңiрге жалғыз сыйынады. Мiне, осы ағаштың түбiнде 35 жасында, iбiлiстiң арбауынан аман өткен 49 күнге созылған құлшылықтан кейiн, Сиддхартханың санасы оянып, көктен хабар түседi. Өзi «санасы нұрланған адам», яғни, Будда деген жаңа есiм алады. Будданың тағдырын бiлетiндер оны арнайы құдайлардың өтiнiшiмен жер бетiне түсiп, пейiлi бұзыла бастаған адамзатты адалдықтың жолына қайта бұруға тапсырма алған әулие жан екен деседi (Үндi дiни нанымы бойынша адам бар күнәсiнен тазарып бiткенше жер бетiне әртүрлi денеде, өсiмдiк боп, жәндiк боп, адам болып үздiксiз келе бередi. Ал Будда бұл қайта туулардың бәрiнен өткен, тек құдайлардың ғана өтiнiшiмен жерге арнайы түскен жан ретiнде аталады). Сол Будда сексен жыл қара жердi басып, дауысы жеткен жердiң бәрiне iлiмiн таратып дүниеден өтедi. Ал осы iлiмдi кейiн шәкiрттерi Орталық Азияға, Аспан астындағы Қытай мен аралдардағы Жапонияға дейiн жеткiзедi. Бүгiн бұл дiннiң тармақтарын Қытай, Тибет, Жапония мен Корея секiлдi байырғы отырықшы елдер ғана емес, моңғол, бурят, қалмақ секiлдi тағдыры өзiмiзбен еншiлес болған байырғы көшпелi халықтар да ұстануда.
Будданың дүниеге әртүрлi бейнеде келген туылуларынан сыр шертетiн аңыздар мен мысалдар буддизм әдебиетiнде жатақ деп аталады. Жатақтарда Будда маймыл, сиыр, марал, қоян, тасбақа, пiл, әулие, тақуа, мейiрiмдi патша, данагөй патшазада сипаттарында көрiнiс бередi. Олардың бәрiнде де ол даулы мәселелерден жеңiмпаз болып шығып отырады. Маймылдар көсемi ретiнде су иесi албастыны алдап жыққан да, сайрауық шымшықтардың басшысы ретiнде аңшының ауынан құтылудың амалын тапқан да, көршiлесiмен ақша тiгiп бәс ойнаған аңғал иесiне екi мың рупий табыс тауып берген ақылды сиыр да, бәрi-бәрi осы Будданың өзi. Қарап отырсаңыз, қайсы болмасын жақсылықтың жеңiсiмен аяқталатын ертегi-мысалдардың бәрiн де «Будда бiрде дүниеге келгенде» деген қайырма әлқиссамен бастай беруге болатын секiлдi.
Ендi «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырына қайта оралайық. Дәлiрек айтқанда, жырдың алғашқы түпнұсқасының соңы қалай аяқталуы мүмкiн деген мәселеге. Егер жырды алғаш жырлаған ақын шынымен буддашыл болған болса, ол жырды былай түйiндеген болуы әбден мүмкiн:
Қозы өлген соң Баян сұлу да оның артында жалғыз қалуды жөн көрмедi. Жаратқан иеден келесi өмiрлерiнде екеуiн қайтадан бiрге, тағы да ғашықтар ретiнде дүниеге келтiруiн сұрады да өзiне-өзi қол салды.
Бұл жолы фәни жалғандағы тiршiлiктерi қасiретпен аяқталған екi мұңлық ғашықты халық ұзақ жоқтап жылаған. Ел ақсақалдары ақыры екеуiн бiр жерге жерлеуге ұйғарысты. Ендiгi өмiрлерiнде олардың қосылып, барлық мұрат-мақсаттарына жететiндiгiне үмiт бiлдiрiстi.
Мына белқұда болып жатқан екi кiсiнiң ұлы мен қызы, бәлкiм дүниеге қайта келген сол Қозы Көрпеш пен Баян сұлу болар. Олай болса, олардың болашағы жарқын болуын тiлейiк».
Мiне, бiздiң шамалауымызда шабытты шақырар той үстiнде жырланатын мәңгiлiк махаббат дастаны осылай түйiнделген. Оның осы тұрысында жапон әлде қытай ертегiсiн еске түсiретiнi де рас. Және бұлай болуына ол елдерге де жетiп, ұлттық дүниетанымына айналып кеткен буддизм мен оның мифологиясы себепшi екендiгi де жасырын емес.
Қалай дегенмен де ана дүниеге барғанда бiрiн-бiрi тани алмай қамығып жүрген Лермонтовтың христиан ғашық¬тарының хикаясынан анағұрлым оптимистiк әуенде аяқта¬-ла¬тын мұндай туындыға әбден қол соғуға болатындай. Өйт¬кенi, қолдан келiп жатса, келесi бiр дүниеге келулерiнде болса да, ғашықтардың өзара қосылуына мүмкiндiк жасап бергеннен артық не бар дейсiң. Мұны, бiздiңше, жырдың алғашқы авторы да өте жақсы бiлген.
Солай, түпнұсқа «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры өз кейiпкерлерi мен оны алғаш жырлаған ақынның дiни сенiмдерiне ешқандай қайшы келмейтiн-дi.
Әрине, бiздiкi жорамал болжам ғана. Ол жорамалға сену, сенбеу оқырманның өз еркiнде. Ең бастысы, Ұлы Даланың елiмiз мәңгi мекен етер осы бұрышында бiр кездерi атақты төрт дiннiң бiрi ретiнде саналатын буддизмнiң де бiр қонақтап кеткенiн қисаптан шығарып тастамасақ болғаны.
Буддизм және ақындар
Буддизм, жалпы үндi дiндерi туралы алғаш орыстың әйгiлi бард ақыны Владимир Высоцкийдiң ән табақша¬ла¬рынан естiгенiм әлi есiмде. Ол ән «Әдемi дiн ойлап тап¬қан үндiлер...» деп басталады. Әзiл ретiнде жазылса да, осы әннiң кезiнде үлкен саяси-әлеуметтiк мәнге ие бол¬ғандығын сол заманды көзi көргендердiң ешқайсысы жоқ¬қа шығара алмас.
Мұндай буддизмнiң элементтерiн өлеңде еркiн қолдану тәсiлдерi бүгiнгi қазақ поэзиясында да ұшырасады. Осы арада солардың екеуiн оқырман назарына толығымен ұсына кетсек еш артықтық бола қоймас деп ойлаймыз. Олардың бiрi талантты ақынымыз Есенғали Раушановтың қаламына тиесiлi «Еркiн дүние-ай» деп аталатын өлең:
- Еркiн дүние-ай, ен далам, ерен далам,
Мына ғалам шынымен бөлек ғалам.
Бiр ғұмыр аз мен үшiн, екеуiн бер,
Жоқ, екеу де аз.
Мәңгi өмiр керек маған.
«Дүние - жалған» дейдi жұрт.
О не деген,
Жердi өз басым мәңгiге егеленем.
Сессияға келетiн депутаттай,
Қайта-қайта өмiрге келе берем.
Бұрын да өмiр сүргем мен.
Бұлақ болғам.
Бiр көргеннен керемет ұнап қалған
Сол қыз қайтып соқпады. Ерегесiп
Қаңғып өлдiм, кеттiм де
жыраққа әрман.
Бұрын да өмiр сүргемiн, төбе болғам,
Асқар шыңдар тұратын менен әрман.
Мен ешқашан тау бола алмасымды
Түсiнген соң ұзамай өле қалғам.
Аң патшасы болғанмын,
сауық ерi,
Бақты менi орманның қауым елi.
(Бауырым, сен «бастығым»
мисыз дейсiң,
Дұрыс. Бұрын себебi ол
тауық едi).
Қартайдым деп, жастықтан
жырақпын деп,
Ой, қайтесiң бiреудi сыбап күндеп...
Кетiп бара жатсың ба, оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесiң. Бiрақ кiм боп?
Осы өлеңдi Сиддхартха Гаутаманың iзбасарларының бiрi оқи қалса, Будда дананың өз өлеңi ғой деп құлап түсерiне имандай сене беруiңiзге болады.
Ал мынау Алмас Темiрбай деген жас перiнiң «Аруақ» деп аталатын өлеңi:
Он ғасыр бұрын дүниеге мынау
келгенмiн,
Оңтайын тауып, ойран сап
жауды жеңгенмiн.
Бас уәзiр жатқан он алты
қанат ордаға
Басымды имей, баса көктеп те
енгенмiн.
Үш қырлы оқты заулатып
бұхар садақтан,
Қылыштың жүзiн қып-қызыл
қанға жалатқам.
Дөнен қымыздың қуаты желiк бiтiрiп,
Дұшпанның бетiн құбыла жаққа
қаратқам.
Айғырдың тоқпақ жалындай
- түктi жүрегiм,
Атанның шоқпар санындай
- мықты бiлегiм.
Қырық жыл қырғын келсе де сынбас,
сөгiлмес
Қазақтың қырық қабырғасының
бiрi едiм.
Қарыны жуан хандардың iшiн
жарғанмын,
Үстiнде тұрып есiк пен төрдей
тарланның.
Қаңғыған оқтай қарғысы тиiп бiреудiң,
Ит-құсқа жем боп,
ит өлген жерде қалғанмын.
Бәрiне куә - мына тау, өзен,
мына аңғар,
Сенбейтiндерiң сұраңдар,
содан сұраңдар.
... Кәнизак едi ол кезде анау сары қыз,
Көзiне оның көрiнбейiншi... Күнәм бар.
Осы өлеңдердi оқи отырып, өткен мен бүгiндi, бүгiн мен ертеңдi, қас-қағым мен мәңгiлiктi, алып пен ұсақты, көк пен жердi, теңiз бен тамшыны, қысқасы дүниеде бардың бәр-бәрiн өзара байланыстыра отырып, зерделегiсi келетiн буддизмнiң құдiретiн танығандай боласың.
Бiздiңше, әлемдегi барлық дiн атаулының үндейтiнi тек жақсылық болып табылады. Олай болса, әдебиетшiлерiмiзлiң анау теңiзiнен басқа түгi жоқ ұсақ аралдарда отырып-ақ мықты атанған Жапон елi мен мына iргедегi адам басы миллиардтан асса да бiрлiгiн шайқалтпай ұйып отырған Қытай мемлекетiнiң қалыптасуына зор үлес қосқан осы буддизмге де бiр сәт болсын зер салып қойғандары дұрыс-ау деймiз.
Ал жырға байланысты жоғарыда айтқан болжамымызды қабылдау, қабылдамау, ол ендi тағы да айтамыз, әр оқыр¬ман¬ның өз жан қалауы мен пайым-түсiнiгiндегi шаруа.
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»