Еркебұлан Толқынов. Тәлімді тәбәрік
Айтылар естеліктер мен туралы...
Мұқағали
...Әлқисса, ол кезде мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті физика-математика факультетінің екінші курсын тәмамдаған студент едім. Жазғы демалысты пайдаланып, аз-маз нәпақа табу ниетпен құрылысқа жалданып, жұмысқа кірдім. Жүргізіліп жатқан құрылыс нысаны - республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Алматыдағы бөлімшесінің жаңа қонысы еді. Кіші Алматы өзеніне жақын орналасқан бұрынғы (бұрынғы деймін-ау, ол кезде ғимараттың жарты бөлігі әлі де балабақша болатын) балабақшаны қайта күрделі жөндеуден өткізу - біздің, құрылыстағы жұмысшылардың міндетіне жүктелген. Бұл 2002 жылдың шілде айы болатын. Осы айдың аяқ шеніне қарай мені және Ескен, Бағлан, Аманбек атты жұмысшыларды іссапармен Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылына жіберді. Туған жерім Қарасаз жаққа көптен жолым түспей жүрген. Жолда келе жатып, іштей қатты қуандым.
Айтылар естеліктер мен туралы...
Мұқағали
...Әлқисса, ол кезде мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті физика-математика факультетінің екінші курсын тәмамдаған студент едім. Жазғы демалысты пайдаланып, аз-маз нәпақа табу ниетпен құрылысқа жалданып, жұмысқа кірдім. Жүргізіліп жатқан құрылыс нысаны - республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Алматыдағы бөлімшесінің жаңа қонысы еді. Кіші Алматы өзеніне жақын орналасқан бұрынғы (бұрынғы деймін-ау, ол кезде ғимараттың жарты бөлігі әлі де балабақша болатын) балабақшаны қайта күрделі жөндеуден өткізу - біздің, құрылыстағы жұмысшылардың міндетіне жүктелген. Бұл 2002 жылдың шілде айы болатын. Осы айдың аяқ шеніне қарай мені және Ескен, Бағлан, Аманбек атты жұмысшыларды іссапармен Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылына жіберді. Туған жерім Қарасаз жаққа көптен жолым түспей жүрген. Жолда келе жатып, іштей қатты қуандым.
Жолбасшымыз - Рысбек аға Сәрсенбайұлы. Келгендегі мақсатымыз - есімі облысқа қана емес, бүкіл республика көлеміне танымал тұлға Сәрсенбай ата Байғұловтың бір кездері Н.К.Крупская атындағы колхозды (қазіргі Қайнар ауылын) басқарған тұста қуарып жатқан қу даланы суармалы егістікке айналдыру мақсатымен колхоз еңбеккерлерінің қол күшімен салынған каналға өз есімінің берілуіне байланысты ескерткіш-тас тұрғызу болатын. Жұмыс бар-жоғы төрт-бес күнге жоспарланған. Апта соңына ескерткіш-тастың ашылуы белгіленгендіктен бара салып, бел шешпестен бірден іске кірістік. Жоспарланған мерзімге дейін тасты тұрғызып тастадық. Тек солай қарай баратын кішігірім жол салу ғана қалған. Ашылуына әлі екі күн бар болған соң жол салуды ертеңгі күннің еншісіне қалдырдық. Сол күні бізді ауыл әкімі (аты-жөнін ұмытып қалыппын, кешірім өтінем) қонақ етті. Ауылдағы еңселі үйдің шаңырағында қонақ боп отырмыз. Бізден басқа мұнда Рысбек аға, белгілі ақын, журналист Батық аға Мәжитұлы да бірге болды. Ертесінде Алтынбек аға Сәрсенбайұлының келетінін сол жерде Рысбек ағадан естідік. Басқаларды қайдам, өзім бір түрлі қобалжығандай болдым.
Келесі күні жол салу жұмысын аяқтай бергенімізде, күре жолдың бойына екі шетелдік көлік келіп тоқтай қалды. Алдыңғысынан басына жаздық кепка киген, жеңіл күртешелі, ұзын бойлы, көзілдірікті ақ сары жігіт ағасы түсіп келе жатыр. Бірден таныдық - Алтынбек аға екен. Қолымыздағы күрек-кетпенімізді тастай салып, аңырып тұрып қалыппыз. Ол кісі келе сала:
- Қалдарың қалай, жігіттер? Қолдарың қуатты болсын, - деп алдымен өзі қол беріп амандасты да - Жұмыс қалай жүріп жатыр? - деп сұрады. Біздер "жақсы" дегеннен аса алмадық. Қасымызға Пайғамбардың өзі келгендей әсерде қалдық. Содан соң Рысбек ағасымен біраз сөйлесті де:
- Қане, жігіттер, бітіріп тастайық. Күн де кешкіріп қалды, - деп қолына жерде жатқан күректі алды да, байыппен жаңа жолдың жиегін топырақпен жаба бастады. Біз де қарап тұрмадық. Менің бір көзім жердегі үйіліп жатқан топырақта болса, екінші көзім Алтынбек ағада. "Бастаған істі осылай аяқтау керек" дегендей кең маңдайынан шып-шып тер шығып, жанын салып істеп жатыр. Шармасам да, бір кезде демалған сыңай танытып, Алтынбек ағаға көз тоқтатып қарадым. Теледидар эфирлерінен, газет беттерінен көрініп жүрген Алтынбекке ұқсамайтындай көрінді. Жүдеп кеткен секілді. Ол кезде Алтынбек аға Ресейде елшілік қызметте жүрген еді ғой. "Шет-жырақта жүргендіктен туған жерін, елін көп ойлайтын шығар" деген ой түйдім іштей. Иә, жаңа ғана, отызында орда бұзып, тәуелсіз Қазақстан тарихында "ең жас министр" атанған қыран ұлмен жүздестім. Өз көзіме өзім сенбей қайта-қайта қарай берем...
Ертеңінде "Сәрсенбай ата каналы" деп ат иемденген ескерткіш-тастың ашылуы болды. Одан соң ауыл Мәдениет үйінде алқалы жиын өтті.
Сол мерекелі тойдан кейін мен Алтынбек ағаны жүзбе-жүз көрген емеспін. Қазір ойлап отырсам, сол күні мен алғаш рет жүздестірген жылы жүзді ағаның бүгінгі күні қаймана қазақтың қаһарманына айналатынын білмеппін ғой, сезбеген екем де.
Арада төрт жыл өткенде... ақ моншақты ақпан айында ақ бас Алатау қарт Хан-Тәңіріге қаралы хабар жеткізді. Бала шыңдары шырылдай егілсе, дана шыңы алаңсыз жүзген ақ бура бұлттың иығына басын сүйеп, жанарын ащы жасқа толтыра, өксікке булығып, үнсіз егіле берді. Әлгінде ғана естіген суық сөзге сенгісі келмей, Алатау жаққа елеңдей қарай береді. Ақ бас тау болса әлі күнге үнсіз. Бар құпия-сырды бауырына басып, тым-тырыс жатыр.
Әттең, жалған. Ит-тірлік. Қу дүние. Әділетсіз өмір... Бүгінгі күні шындықтың құлындай шырқыраған дауысына емес, өтіріктің өгіздей өкірген үніне елитін қылығымыз қай сасқанымыз екен?!. Кешегі Алаштың ақиқаты - Сәкен мен Мағжандар, Бейімбет пен Ахметтер болса, бүгінгі қазақтың шындығы - Алтынбек!
Зәбір болған күн де, зорлық көрген жыл да, зәрезап еткен ғасырда өтер. Тұлпар тұяғын тай басып, ертеңгі күннің аламанында Батыраштардың балтасынан аман қалса, бүгінгі зағип жанарлы, мүкіс тілді, таскерең биліктің басына бұлт үйіріп, тәубесіне келтірмесіне кім кепіл? Өйткені, өткеннің ақиқатын білуге әркімнің қақысы бар.
...Сонау жылдардағы Алтынбек ағаның ойлы тұлғасы көз алдымнан, көңілімнен бір сәтке де кеткен емес. Сол күнгі жүздесуден алған әсерімді айтпағанда, бойыма сіңірген тағылымым - әлгіндей.
Туған жер мен ел, сүйген жар мен адал дос, ұл мен қыз, қамқоршы аға мен сүйенер іні Сізді сағынып жүр.
Қаны қазақ, жаны жомарт, ақ жүрек, адал ниетті АДАМЗАТТЫҢ АЛАШЫ Сізді сағынды, Алтынбек аға!..
Еркебұлан Толқынов,
Алматы облысы Іле ауданы.
Информатика пәнінің мұғалімі.
«Абай-ақпарат»