Үкімет әлеуметтік мәселелерді шешуге құлықсыз ба?
ҚР Премьер-министірі
А. Маминге
Елімізде соңғы жиырма жылда тұрғылықты мекен-жайын тастап көшкендердің саны күрт өсті. Статистика комитетітінің есебіне жүгінсек, өткен жылдың бірінші жартысында 500 000-нан аса Қазақстан азаматы ел ішінде қоныс аударған.
Осының нәтижесінде Қазақстан қалаларында халық көп шоғырланған агломерациялар мен жаңа ауылдар пайда болуда. Мысалы, соңғы 10 жылда Шымкент қаласының маңына 500 мыңнан аса халық табан тіресе, Шығыста Өскемен қаласының бұрынғы саяжайлары қазір 100 000-нан асатын тұрғындары бар қала маңындағы ауылдарға айналды.
Бұл урбанизация процесі еліміздің барлық облыстарына тән. Сарапшылардың пікірінше, ішкі миграция ары қарай өседі деп күтілуде.
Енді осы ішкі миграция көптеген әлеуметтік мәселелерді туғызып отыр.
Өкінішке орай, бұл жағдай ел ішінде резонанс тудырған және қайғылы оқиға болған кезде ғана назар аударылады. Оған Алматы түбіндегі «Шаңырақ» оқиғасы - жерді жаппай өздігінен басып алу, тұрғызылған үйлерді бұзу оқиғалары куә. Екі күннің бірінде топтасқан жастардың төбелескені, пышақтасқаны туралы ақпарат еліміздің әр аймағынан келіп түседі, қаншама жастарымыз бейбіт заманда осындай келеңсіздіктің құрбаны болып жатыр. Бұл қыршыннан қиылған жас өмірлер қоғам назарынан тыс қалуда, өйткені, бұған кезекті бір жұлдыз аққан кезде ғана көңіл аударылатыны өкінішті.
Мысалы, Астанамызды айналасындағы тұрғындарының саны 25 мыңнан 80 мыңға дейін жететін жаңа ауылдарда әлі күнге дейін жастар бос уақытында басқосу өткізетін, спортпен шұғылданатын бірде-бір қарапайым спортзал немесе мәдениет ошағы салынбаған.
Ал, жас организімінің қан ойнап, бәсекеге түсіп, күш пен артықшылықты көрсету балалардың мінезі ғана емес, табиғат зандылығының өзі де итермелеп тұр. Жеңіс пен жеңілістің дәмін татпаған, спортпен шынықпаған, тәрбиесі кем болған жасөспірім рухани да физикалық тұрғыдан нашар, өзіне сенімсіз, осал болады. Өзі сияқтылардан топ құрып, қалтасына пышақ салып, қылмысқа баруының бір себебі де осы. Қараңғыда топталып көше кезбей, құрдастарымен бірге көкпар тартып, боз кілемде күресіп, алаңда футбол ойнап, спорттың ащы терін татқан бозбала қолына пышақ ұстап қылмыскер болмас еді. Өйткені спорт деген – қарсыласын құрметтей білуді үйрететін тәрбие көзі.
Осыны біздің әлеуметтік және білім беру саласы ұмытқан сияқты.
Алайда, мұндай оқиғалардың өсуінің өзі баршамызға дабыл емес пе? Осы орайда, бұл проблемамен тек құқық қорғау органдары ғана айналысып, оның шын себептері көленкеде қала бере ме?
Осы мәселелерге ішкі миграция толқынына ілесе алмай, азаматтарымыздың әлеуметтік сұранысына дер кезінде жауап бере алмай келе жатқан жергілікті әкімшіліктерден бастап Үкіметтің назарын тағы да аударғымыз келеді.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы жемқорлықтың ескерткішіне айналған, құны 2 млрд. долларлық «ЛРТ» жобасын жоспарлауға жеткен Үкіметтің ақылы, неге ауылға керек шағын, қолжетімді спорт залдары мен алаңдарын салуға жетпейді?! Немесе, Ақмола облысы Шортанды қаласындағы құны 30 млрд. көпшілікке керегі жоқ, бүгінде қаңырап бос тұрған шаңғы трамплиннің орнына қазақ баласына керек, ұлттық спортты жандандыратын жүздеген қысқы жабық ат манеждерін салуға болмасқа?
Біздің ойымызша, қала маңындағы, ауылдардан келген жастарға қымбат, құны млрдттан асатын салтанатты спорт сарайлары емес, қолжетімді, тегін істейтін спортзалдар, мектептердің мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашуымыз керек.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Осы айтылғандарды ескере отырып:
- Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент агломерацияларының және облыс орталықтарын қоршаған ірі елді мекендердің даму концепциясын қайта қарауды;
- ұлттық мүддені ескеріп және жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып, әр ауылды халық санына сәйкес қолжетімді, пайдалануға ыңғайлы, қарапайым мәдени және спорт обьектілерімен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын қабылдауды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
Abai.kz