Header Banner
Сейсенбі, 17 Наурыз 2026
Білгенге маржан 228 0 пікір 17 Наурыз, 2026 сағат 14:30

Қыдыр дарысын!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қыдырдың түп-төркіні қадір немесе Қыдыр деген сөзден шыққан болуы керек деп топшылаймын. Қадір болса, қадірлі, құрметті деген сөз. Қыдыр болса – қыдырып жүреді дегені. Қыдырғанда да Қыдыр кез келген, көрінген үйге бас сұға бермейді. Дастарханы баталы, шаңырағы аталы, негізді де некелі, жеті атасы жетелі, үй иесі орнықты, келіншегі ұқыпты, бала-шағасы құйма құлақ отауларға кіреді. Төріне шығып, малдасын құрып отырып, дәмін татады, батасын береді.

Ыбырай Алтынсарин: «Жөн бiлмеген адамға Қыдыр ата дарымас» – деп тегiн айтпаған. Қазақ «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді.  Қыдыр атаның етегіне түскен ұзын шапаны, салбыраған сақалы, иығында қоржыны бар деп ойлауға болмайды. Кейбір үйлерге сол кейіпте келуі де мүмкін. Енді бір үйлерге Қожанасыр болып келе ме, Алдаркөсе болып келе ме,әлде басқа кейіпке кіре ме, ол жағын үйдегілер байқамай қалуы да мүмкін. Сондықтан да ақсақалдар бата бергенде ең алдымен ауызға оралатын сөз саптауларда: «Бақ қонсын, Қыдыр дарысын!» – деген тілек айтылады.

Қыдыр баба кейбір үйлердің иелерін сынау мақсатында мүсәпір болып келуі де мүмкін. «Мүсәпірді жәбірлеме!» – деп жатады. Қазақта «Үйден қырық адым аттап шықсаң-мүсәпірсің» – деген сөз де бар. Бізбен түбі бір түріктер қонақты, яғни мейманды мүсәпір дейді екен. Ыстамбұл қаласында «Мүсәпір» деп аталатын қонақ үйі де бар.

Қазіргі уақытта біз жылдың төрт мезгілі деп жүрміз. Ал ертеде түрік (түркі емес) халқы, қыпшақ жұрты жаз бен көктемді қосып алты ай жаз, күз бен қысты қосып алты ай қыс деп атаған. Яғни, он екі ай қаққа бөлінген. Жылдың бір жартысы суық, ызғар болса, екінші жартысы жарық пен жылу. Жақсылық пен жамандық, күн мен түн  осылайша алмасып, итжығыс түсіп жатады. Абай айтпай ма:

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан ізі сықырлап келіп қалды.
Демалысы үскірік, аяз пен қар,
Кәрлі құда қыс келіп әлек салды».

Жаз бен көктемнің жөні бір басқа. «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы, масатыдай құлпырар жердің жүзі» деген осы тұс, жердің беті  жасарып, мал көкке шығып, тіршілік жайнап, қан қайнап, төлдер тойынып, қыз-бозбала әзілдескен кез, күн менен түн теңескен, жасы үлкендер кеңескен, балалардың айдарынан жел ескен кез – қасиетті  Наурыз, міне, нағыз жыл басы.

Біз болсақ, кешегі Совет империясының идеологиясынан, тіпті оған дейінгі ақ патшаның отарлаушылық идеологиясынан әлі арыла алмай келеміз. Ата заңымызда зайырлы мемлекет деп жазылғандықтан ешқандай діни артықшылықтарға жол берілмеуі керек десек те, осы уақытқа дейін тойлап келген жаңа жылымыз діні басқалардың кәдімгі Рождество мейрамы. Санта Клаус немес Дед Мороз дегеніміз, турасын айтсақ, мейірімді Аяз ата емес, қаҺарлы қыстың қатал бейнесі.

Өздеріңіз ақылға салып көріңіздерші, жаңа жыл дегенде күнтізбедегі қаңтардың алғашқы күнінен басқа жаңа зат бар ма?! Қар да жаңа жаумаған, желтоқсаннан қалған. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай. қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» – дегендей, қыстың да нақты белгіленген шекарасы жоқ. Наурызға келсек, барлығы жаңа. Ақ уыз, жас төл, көк шөп, жас арман, жаңа тілек. Өзімнің бір өлеңімде:

«Анасына баласы опа бермей,
Сәби өсті бір жөнді ата көрмей,
Аяз ата жүргенде тост көтеріп,
Қыдыр бабам кетті ме бата бермей» – деп жазған болатынмын.

Аяз ата қазақ баласына ата болуға жарамайды. Ата болып та жарытпайды. Қазақта Қаңбақ шал деген  кейiпкер бар. Сондықтан Аязды  атымен атап, Аяз шал деген орынды. Қазақ баласының атасы Қыдыр ата болуы керек. Мұрны қызарып, сөзі ұзарып жүретін Аяз ата туралы бір кезде мынандай шумақ жазғаным бар:

«Аяз ата түксиіп, қабақ түйген,
Ішпей қойды кеш бойы тамақты үйден.
Өйткені, ол бет қызарып, мұрын ісіп,
Алыпты тойғанынша арақ ішіп».

Шық бермес Шығайбайды алдап соққан Алдаркөсе бейнесі осы заманғы ертегілердің жанында солғын тартып қалды. Өйткені, қазіргі уақытта ертегі туралы бала ұғымы өзгеріп кетті. Балаларды көшеде де, мектепте де кішкентайынан өтірікке үйретіп жатырмыз.

Қазаққа байды алдап үйренген Алдаркөседен көрі кімді көрсе де мақтайтын және сый-сияпат үлестіретін Аяз шал әлдеқайда жақын болып шықты.

Мәселен, жаңа жылдық ертегілерді алайық. Әр үйге Аяз ата келеді. Жай келмейді, балалар жазған хатта айтылған, олар қалаған сыйлықтарды алып келеді. Оны тапсырушылар баланы «бұл сыйлықты саған Аяз ата беріп жіберді» – деп алдайды. Немесе шыршаның жанына тығып қойған қораптарды Аяз атаның сыйлығы деп үлестіреді. «Айналайын баладан тауып алған даладан» немесе «түсіп қалған шанадан» деген өтірік өлеңдер секілді оған да сенбеске лажымыз жоқ.

Аяз шал көбінесе жалғыз да келмейді. Қаршақыз деп аталатын (Снегурочка) немересін ерте келеді. Біздің қазақтар Снегурочканы теледидар хабарларында көбіне Ақшақар деп атап жүр. Ақша қар снежок деген ұғымды білдіреді ғой. Бұл жетім қыздың да қайдан келгенін, қайда туғанын ешкім білмейді. Өйткені, оның әкесі де, шешесі де жоқ. Ертегінің ең шырқау шегі де осы. Аяз ата бойдақ шал ма, әлде үйлі-баранды ма, немерені қайдан тауып алған, жетім балалар үйінен асырап алған ба, ол туралы да ештеңе айтылмайды. Аяз шал мен ақша қардай әппақ болып жүретін қыздың ұлтының кім екені де белгісіз. Кейбір кісілер олар Ассамблеядан шыққан деседі.

Аяз шал кейінгі уақытта үнемі қызыл шапан киетін болды. Оны білетін коммунистер де сайлау алдындағы науқанда «Аяз ата қызыл болған» деген ұран көтерді. Шынында да Аяз шалдың мұрыны қып-қызыл. Ащы суды көбірек сілтегеннен немесе сақылдаған сары аязда қатты тонғаннан қызарып кеткен болуы керек.

Бір ғажабы, ешқандай дінге мойынсұнбайтын, атеистік көзқарастағы адамдардың өзі бір Жаратушының алдында дәрменсіз, тіпті, оған қалай жалынып, жалбарынып отырғанын өзі де байқамайды. Мысалы, кез келген көл-көсір дастарханда олар бір-біріне денсаулықтан бастап болашаққа дейін тілек тілейді. Сонда бұл тілекті кімнен тілейді? Кім орындайды, кімнің құлағына шалынады деп тілейді? Әрине, қонақ қылған үй иесі де, сол отырыста болған бастық та бұл тілектердің бірін жасаса да, бірін жасауға қауқары жетпейді. Олай болса, тілектің өзі Алладан сұрау болып шықпай ма? Ендеше әлі де партбилетін көзінің қарашығындай сақтап жүрген коммунист атеистерімізді  «діндарлардың» қатарына жатқызуға болатын шығар.

Қазақ театрындағы Аяз шалдың бұрынғы қызыл шапаны тозған болуы керек, ол енді көк шапан киіп алыпты. Қазақтың туымен түстес шапан киген, яғни, қазақ жерінде туған Аяз шал да сол ертегіні қазақ тілінде айтады. Бұғы жеккен шанаға мініп жүретін Аяз шал қазақ тұлпарын да ерттеп мінетін болды.

Ересектерге арналған ертегілер енді балалардың миын улай бастады. Қыдыр бабаның өзі Аяз шалдан бата алған екен. Жер бетіндегі жұмақты орнатқан жергілікті әкімқаралар екен. Өйткені, олардың барлығы дерлік Аяз шалдың ұрпақтары көрінеді. Солардың атына айтылған мадақ бұқаралық ақпарат құралдары бетіне көшті. Солардың тапсырмасы бойынша «әкімнің әмірімен» жасалып жатқан ұлы істер ертегіден «шындыққа» айнала бастады. Аспандағы жұлдыздар жерге түсіп, адамдардың кеудесіне орнады. Жұлдызды ғасырда түнерген түн қайта жап-жарық болып кетті. Мыстан кемпірлер мен Жезтырнақтар келмеске кетті. Аяз ата мен Ақшақар туралы дастан жазған ақын марапатталды. Тазша баланың бағы жанды. Өйткені, Тазша бала Аяз шалдың қолынан жаңа жыл қарсаңында бағалы сыйлық алды.

Немерем ертегі жазып жатыр. Бала қиялы қияға самғайды. Бірақ, әзірше Аяз шалдың ойынан әрі аса алмайды.

Тост дегеннен шығады, шампан ұрттамасақ, тілегіміз орындалмай қалатындай, стақан түйістірмессек, жолымыз болмайтындай, жаттан жұққан жаман әдет дәстүрге айналып кетті.

Қазақ сөздерінің төркініне зер салсақ, тост деген сөздің түбірі тосу.Ақ дәмімді алдыңа тостым дегенді білдіреді. Тіпті тостаған деген атаудың өзі осы сөзден шыққан. Кейін барып стақан деп өзгеріске ұшырап, өзге тілдерге енген. Келген қонақты қарсы алып, тостағанмен қымыз ұсыну ежелгі түрік елінен, көшпелілерден қалған дәстүр.

Қазақтың жаңа жылының артықшылығы өте көп. Басқалар ағаштың жанын қинап, жас өскінді кесіп, қиып, үйіне шырша орнатып жатса, ата-бабамыз Наурыз айында көшеттер отырғызған. Қыста су қатып жатса, бітеліп қалған бұлақ көздері жазда ашылған. Қысқы қалың киім сыпырылып, жаңа киім-кешек киілген.

Көне орыс жерінің өзінде  христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурыз айының бірінен бастап тойлаған. Ағылшындар наурыздың жиырма бесін жаңа жылдың алғашқы күні деп есептеген.

Қазақ арасында Қыдыр мен Қызыр сөзі кейде бірін бірі алмастырып айтылады. Айырмашылығы бір-ақ әріп болғандықтан ба, кейде Қыдыр баба, кейде Қызыр баба, көбінесе Қызыр әулие деп жатады. Бірақ, Қыдырға әулие дегенді қосарламайды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Бабалар сөзі» көп томдығында берілген түсініктердің бірінде: «Қызыр – Алла мәңгілік өмір берген киелі тұлға, қазақ мифтерінде, фольклор мен діни аңыздарда кездесетін архаикалық бейне, оның есімі Ілияс пайғамбармен қоса айтылады» деген анықтама берілген.(27 том, 335 бет).

Наурыз туралы және оның басты қаҺармандарының бірі Қыдыр баба туралы түсінік қазақ даласында Ислам діні тарамай  тұрып та болғанына шәк келтіре алмаймыз. Сондықтан да:

«Қадір түні келеді Қыдыр десе,
Қыдыр, бірақ, көзіңе көрінбесе,
«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөзді
Кезінде тауып айтқан ел ендеше» – дейміз.

Қызырдың жанында ғайып ерен қырық шілтендер еріп жүреді деген түсінік бар. Қырық шілтен – қырық көмекші, пайғамбардың серіктері. Ілияс пайғамбарды қазақтар Қызыр-Ілияс деп қосарлап атайды. Қазақтың ертегілері мен батырлар жырының бір кейіпкері де осы Қызыр-Ілияс. Кейінгі уақытта жарық көрген кейбір кітаптарда Қыдыр-Ілияс деген сөз де кездеседі, алайда, ол жаңсақтықтан кеткен жаңылу деп қабылдауымыз керек.

Қыдыр баба туралы ондай сөз айтылмайды. Қырықтың бірі Қыдыр дегені – оның басқа кейіпте адамды сынау мақсатында келуі мүмкін дегенді аңғартса керек. Қадір түні періштелер келеді. Қыдыр келеді дегені кейін қосылған жапсырма.

Ел аралап жүретін, ақ қиімді, ақ сақалды әулие Қызыр-Ілиясқа байланысты айтылса, Қыдыр баба бейнесі де оған ұқсас, бірақ, ол міндетті түрде ақ киім киеді, жасы ұлғайған жасамыс кісі немесе ақ сақалды қария деген ұғым қазақта жоқтың қасы.

Бұл екі кейіпкерді шатыстыру екеуінің де адамға ырыс-несібе әкелуші, дәулет беруші, қамқоршы болушы деген ұғымдарға сай келгенінен болса керек.

Қазақ баласына мейірімді ата болатын Қыдыр баба бейнесін сомдау – әдебиетшілердің де, суретшілердің де, киногерлердің де парызы. Қыдыр туралы мультфильмдер шығарылып, ойыншықтар жасалып, оның образы мектеп оқулықтарына енгізілуі керек деп есептеймін.

Ақылбек Шаяхмет,

жазушы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры

Abai.kz

0 пікір