Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 7234 37 пікір 27 Қараша, 2020 сағат 18:36

Қазақ және Қытай мәдениеті...

(Ұқсастығы мен айырмашылығы)

Ел мен елді байланыстыруда мәдениет аспектісі мен «халықтық дипломатия» айрықша рөл атқарады. Өйткені, мемлекеттер арасында экономикалық және саяси байланыс орнатуда қоғамдық пікір сөзсіз маңызды. Шындап келгенде, Қазақстан қоғамында да Қытай және қытай мәдениетіне қатысты пікір сыңаржақ көзқарастар мен стереотиптерге құрылғаны өтірік емес. Көп жағдайда бұл стереотиптер шындыққа жанаспай жатады. Ал БАҚ пен қоғамдық талқыда мәдени ұқсастықтар жайлы жиі айтыла бермейді. Керісінше, тұрмыс-тіршіліктегі және менталитеттегі әралуан айырмашылықтар әңгіме етіледі.

Азиялық ынтымақтастық. Қазақ және қытай халықтарының мәдени ұқсастықтарын сөз етерде, әуелі антроморвтық (нәсілдік) ұқсастықты сөз еткен дұрыс болар. Қазақтардың дені (қытайлар секілді) азиалық келбетке ие. Бұл да өз алдына азиалық сәйкестік пен байланыстың ерекше платфомасын қалыптастырушы, тұрмыстық өмірдегі ұқсастықтың қосымша аспектісі болып табылады. Тіпті, азиалық сән үлгісі де, киімдердің түрлері мен түр мен бітім ұқсастықтары да азиалық деген ортақ сипатқа ие. Сондай-ақ, Қытай нарығына арналған тұрмыстағы химиялық тауарлар (сусабын, гелдер, кремдер мен басқа да тұрмыстық заттар т.б.) Ресейге немесе Еуропа елдеріне арналған тауарлардан гөрі қазақтарға көбірек жақын. Яғни, қазақтардың күнделікті қолданысына керекті тауарлар да қытайлардың қолданатын тұрмыстық тауарларымен бірдей-ақ...

Айта кету керек, бүгінде Қазақстандағы азиялық қауымдастық тұжырымдамасын Оңтүстік Кореялық образдар сәтті қолдануда. Оңтүстік Корея поп-мәдениетінің қазақстандық жастардың арасында аса танымалдылығы әлемдік аренада және экранда ұқсас тұлғалардың болмауы факторымен байланысты.

Екінші жағынан Димаш Құдайберген мен Сәбина Алтынбековалардың жеткен жетістіктері қытай көрермендері үшін қазақстандық образдардың да түсінікті әрі қызықты екенін көрсетті. Сондай-ақ, Димаш Құдайбергеннің жетістігі қазақ жастарына «өз еңбегінің» арқасында Азия кеңістігінде жетістікке жетуге болатындығын және Қытай Азия континентіндегі ең жақын трамплиннің бірі екенін көрсетті.

Сонымен қатар, Қазақстан үшін азиалық және қытайлық мәдениет әлі күнге бөтен әрі таңсық екені жасырын емес. Телеарналар, сұлулық стандарттары, қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениеті және басқалары Еуропа елдерінің үлгісіне бағытталып келеді. Тіпті, АҚШ емес, нақ Еуропа үлгісіне. Тіпті, өздерінің азиалық келбетке ие болғанына қарамастан, осы бірегейлікке қаны қас адамдар да жетерлік.

Десе де, әлемдік экономика мен мәдениетте Азияның салмағы артқан сайын, азиалық бірегейлікке деген сұраныс та арта беретіні анық. Соның ішінде, бұл процесс Қытай өсімінің есебінен жасалады. Және Қазақстан көрші мемлекет ретінде ынтымақтастықтың ортақ нүктелерін қалыптастыру үшін алғышарттар жасайды. Бұл факт.

Гастрономиялық байланыс. Бұл мәселенің күнделікті көрінісіне қарамастан, гастрономиялық ұқсастықтар мен өзгешеліктер өзара мәдени әрекеттесуде басты рөлдердің бірін атқарады. Ас-ауқаттағы ұқсастықтар да өзара сенім қалыптастырушы маңызды фактор. Мұның жарқын мысалы ретінде Қазақстан қоғамындағы этноконфессиялық келісімді алып қарауға болады. Әсіресе, діни мерекелерде әртүрлі этнос өкілдері бір-біріне өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынатыны бұл тезистің дәлелі.

Осы ретте дәл Қытай асханасына қатысты Қазақстанда түрлі қауесеттер мен стереотиптер қалыптасқан. Қазақстан қоғамында көп ата-ана өз балаларын Қытайға оқуға жіберерде, балаларының онда дұрыс тамақтан алатын-алмайтынына алаңдайды. Қытай асханасы әлемнің түкпір-түкпіріне таралып, әркім өзіне керектісін алатындай өзінің әралуандығымен ерекшеленіп, тіпті Қазақстанда да қытай тағамдарының бірнеше түрі тұрмыстық өмірге сіңісті болып кетсе де, бұл өз кезегінде парадоксты факт болып отыр.

Тарихтан қарайтын болсақ, Қазақстанға Қытайдың асхана мәдениетінен түрлі тағамдар сіңісті болған. Олар: лағман 拉面,мәнті 包子, буланған нан 馒头, ащы бұрыш қосылған тағам түрлері 辣子, дапанчжи 大盘鸡 және т.б. Бұл тағам түрлерінің дені Қазақстан тұрмысына тоқсаныншы және екі мыңыншы жылдарда Шыңжаң аймағынан жеткен. Бұл тағам түрлерінің қазақ тұрмысына сіңісті болуына бірнеше фактор әсер еткен. Олар: сол жылдардағы Қазақстан-Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың күшеюі мен Қытайдағы этникалық қазақтардың көптеп көшіп келуі... Қазақстандықтардың ШҰАР аймағына келіп-кетуі көбейген сайын, олар жергілікті асхана мәдениетімен де өзара алмасып жатты. Мысалы, бүгінде Алматы асханаларындағы «гуйру лагман» 过油肉拌面, «суйру лагман» 碎肉拌面, «ганфан» т.б. тағам түрлері осы байланыстар негізінде келген. Ертеректе, совет одағы кезінде бұл тағам түрлері біз үшін таңсыз болды. Тіпті, ұйғырлар көп қоныстанған аумақтардың өзінде сирек кездесетін. Тек, дүнген этникасы арасында ғана танымалдыққа ие болды.

Бүгінде, Қазақстанның барлық қалаларында қытай мейрамханалары жыл санап көбейіп келеді. Және олар сұранысқа ие. Орта және жоғары таптағыларға арналған экзотикалық асхана сегментінде ғана емес, тұрмысы төмен, қытай тауарлары қаптаған қара базарлардағы азаматтар үшін де мұндай мейрамханалар қолжетімділікке әрі танымалдыққа ие болды. Алайда, әділдік үшін бұл тенденция көбіне көп Алматы, ШҚО мен Оңтүстік Қазақстан секілді Қытаймен шекараға жақын аймақтарда ғана сұранысқа ие екенін айта кеткен жөн.

Жалпы айтқанда, Қазақстан және Қытай асханаларында айтарлықтай айырмашылық бар. Асхана этикетінде де айырма көп. Мысалы, көп қазақстандық таяқшамен тамақ жей алмайтыны рас. Сәйкесінше, қытайлар да шанышқымен тамақ жеуге машықтанбаған. Қытай тағамдарының дені қазақстандықтар үшін таңсық көрінеді. Сол секілді, қытайлықтар үшін де Қазақстанның көп тағам таңсық. Қазақстан асханасындағы шөп-шалаңның аздығы мен тағам түрлерінің майлылығы таңсық жайт ретінде қабылданады. Алайда, қазақстандықтар да, қытайлықтар да бір-бірінің ұлттық асханаларымен танысуға бейілді. Мысалы, Қытай туристері үшін қазақтардың жылқы етінен жасалатын тағым түрлері немесе ет тамақтары қызық болса, қазақстандық туристер үшін қытай асханасы айтарлықтай қызығушылыққа ие.

Айналаға деген құрмет. Қазақ пен қытай мәдениетіндегі тағы бір ұқсастық – туған-туысқа, оның ішінде жасы үлкенге деген ерекше құрмет. Күнделікті тұрмыстағы «ағай» немесе «апай» деген сөздер қытайлықтар арасында да бар (大哥немесе 大姐). Жасы үлкенге деген құрмет – өз кезегінде қызметтік қарым-қатынаста да, субординация сақтауда да байқалып жатады. Қазақтар да, қытайлар да басшылықтың абыройын ерекшелеп көрсетіп отырады. Ал бұл қарым-қатынас түрі көптеген батыс елдері үшін бөтен құбылыс ретінде қабылданады. Мысалы, ол жақта жасының үлкен-кішілігіне қарамастан «сен» деп сөйлеу қалыпты.

Қазақтарда да, қытайларда да әр туыстың өз атауы бар. Бұл да батыстық ойлау үлгісіне жат. Екі елдің тұрмыстық өмірінде туған-туыстарын әртүрлі атауларының болуы қазақтілді студенттер үшін қытай тілін үйренуде де, қытай фирмаларындағы қазақ, қазақ фирмаларындағы қытай жұмысшыларының жылдам интеграциялануына, ортақ тіл табысуына көп септігін тигізеді.

Бұған басқа да мәдени кодтың септігі бар. Ол – қарапайым тілмен айтқанда түрлердің ұқсастығы. Қазақ тілінде өз репутациясын кірлеген, абыройсыз, арсыз адамды «бетсіз» деп атайды. Осыған ұқсас құбылыс қытай тілінде де бар. Мысалы, ардан безген адамды «жүзі күйген» адам дейді. Жалпы мағынасы солай... Екі елдің мәдениетінде де қоғамға жат қылықтарымен көрінген адамды «бет-жүзі кірлеген» адам ретінде қабылдайды. Осы жағынан қазақ пен қытайдың іс-әрекеттерінде көптеген ұқсастық байқалады. Қазақтар да, қытайлар да алдына кеп тұрған адамның бетін қайтармайды, «жоқ» дей алмайды. Ол үшін түрлі сылтау іздейді. Ол әуелі, өзінен бұрын алдына келген адамның абыройын аласартып алмау үшін жасалды. Тіпті, сыпайылықтың, сыйластықтың бұл формасы мынау Ресейліктер үшін де бөтендеу көрінеді. Ал қазақтар мен қытайлар үшін бұл қалыпты жағдай. Алайда, бұл құбылыс Қазақстанда өңірлердегі мәдениетке де байланысты. Мысалы, Батыс Қазақстан жақта біршама дөрекі, бірақ нақты-нақты айтылса, Шығыс пен Оңтүстік аймақтарда барынша сыпайылап, тігісін жатқызып жеткізу үйреншікті екенін көреміз. Бұл құбылыс Қытайда да дәл солай...

Ескере кететін тағы бір жайт, Қытайда айналадағы адамдарға, олардың сезіміне деген қарым-қатынас құрметі Конфуций принциптерінде жазылған ( «礼»). Қазақ мәдениетіне тән көптеген қарым-қатынас түрлері конфуцианствода жазылған. Осы тұрғыдан Қазақстандағы Конфуций Институттары тек тілдік аспектіге мән беріп қоймай, мәдени байланыстар жағын да қолға алса, ондағы оқып жатқан азаматтар конфуцианствоны қарым-қатынас ілімі ретінде де тани түсетін еді. Бұл өз кезегінде қазақ-қытай байланыстарын нығайтуға да өз септігін тигізетіні анық.

Тағамға деген құрмет. Қазақ-қытай мәдениетінде тағамға деген құрмет ерекше. Егер қазақта: «жаманнан жарты қасық ас қалады» десе, қытайлар: «күріштің әр түйірі еңбекпен келеді» дейді (谁知盘中餐粒粒皆辛苦). Алайда Қытайдың бұл мәдениеті Қазақстан қоғамы үшін әлі толық таныла қойған жоқ.

Үн ұқсастығы. Үн ұқсастығы ретінде қазақ тіліндегі үнді дауыссыз дыбысы «ң» мен қытайдың «ng» дыбыстары ұқсасады. Осы секілді қытай тілінің өзге де дыбыстары шетелдіктер үшін күрделі болып көрінгенімен, қазақ студенттері үшін оңайырақ.

Әрине, бұл ұқсасықтармен қатар, қазақ пен қытай арасында айырмашылықтар аз емес. Қазақ пен қытай екі бөлек ұлт болғандықтан, бұл қалыпты дүние. Және сол айырмашылықтар көзге алдымен көрінеді. Оларды жіпке тізгендей санай беруге болады. Сондықтан, сол айырмашылықтардың бірлі-жарымына ғана тоқталғанды жөн көдік.

1. Уақыт үнемдеуге деген көзқарас. Қазақтар мен қытайлар уақытқа мүлде бөлек қарайды. Сондықтан да, қытайлар үшін қазақтар жайбасар әрі уақытылы жүріп-тұрмайтын ұлт деген көзқараста. Ал қазақтар мұнымен мүлде келіспейді. Керісінше, жылдам-жылдам келісім жасасып, қалғанын соған қарай реттеуге бейімді. Сондықтан да, қытайлардың айлар бойы келісім жасау дегенін жайбасарлық деп қабылдайды.

2. Қатты сөйлеу. Қазақ үшін қатты сөйлеу - мәдениетсіздіктің және агрессияның белгісі ретінде қабылданады. Ал қытайдың сөйлеу мәнері үшін бұл қалыпты нәрсе. Алайда, осы бір мәдени айырмашылық кей жағдайларда өзара түсіністіктің бұзылуына алып келеді. Әсіресе, Қазақстандағы қытай жұмысшылардың мәселесіне келгенде...

3. Үстел басында өзін-өзі ұстау мәдениеті. Қазақ пен қытайдың асхана немесе үстел басыдағы этикеті екітүрлі. Қытайлар таяқшамен тамақ жесе, қазақтар етті қолмен жейді. Немесе қазақтар тамақты дыбыссыз жеуді мәдениеттілік санаса, керісінше, қытайлар үшін дауысты қаттырақ шығарып тамақ жеуді – ас иесіне еген құрмет деп біледі.

4. Іскерлік эикет. Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік этикетте айырмашлық үлкен. Тіпті, бір-біріне есімхат (визитка) табыстаудан бастап, бірлескен іс мәдениетіне дейін өзгешелік бар. Сәйкесінше, екі тарап та бір-бірінен көрген айырмашылықты мәдениетсіздік деп қабылдайды.

5. Қытай фобиясы. Қазақстан қоғамының кей бөлігінің Қытайға, қытай адамына деген сенімсіздігі бар. Бұл да өз кезегінде жаңа дәуірдегі Қытайды, Қытай мәдениетін, Қытай психологиясын дұрыс танымаумен байланысты.

Әсіресе, бұл түсінік «Қырғи-қабақ соғыстан қалған. Өйткені, Қазақстан КСРО-ның бір форпосты ретінде тегеурінді ақпараттық-пропогандалық саясатты көрген. Мысалы, осы категорияға жататын адамдардың жиі айтатын тезистері – Қазақстан мен Қытайдың ежелден дос халықтар емес. Ал шын мәнінде, тарихи жағынан Қазақстан мен Қытайды ежелден-ақ, «Жібек жолы» бойындағы сауда-саттық байланыстырып немесе Жоңғар шапқыншылығы мен патшалық Ресей басқыншылығына қарсы күрестер біріктіріп отырған. Десе де, бұл тезистер совет кезіндегі тарихи романдарға негізделіп қалыптасқан. Ал қазақ әдебиетін жасарда совет билігі «қытай қаупі» туралы идеологиялық штамп жасағаны өтірік емес.

Осылайша, қазақ-қытай мәдениетінен көптеген ұқсастықтарды табуға болады. Ал екі ел арасындағы байланыстарды арттырудың кедергісі сол – екі ел халқында бір-бірлері туралы ақпараттың аздығы, бірлескен мәдени-гуманитарлық жобалардың жоқтығы немесе жетіспеушілігі, виза режиміндегі кедергілер мен туристердің аздығы т.б.

Күні бүгінге дейінгі қалыптасқан тәжірбие көрсеткендей, бірлескен жобалар немесе жұмыстардан соң көптеген қазақ пен қытай өзара тез тіл табысып, достасып кетіп жатады. Алайда, екі ел арасындағы осындай сәтті байланыстар БАҚ-та жиі насихатталмайды. Бұл да ақпараттық негативтің көбеюіне әсер етеді. Әйтпесе, Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы жетістігінен соң да, көптеген талантты жастарды сондай конкурстарға қатыстыру немесе БАҚ-та қызу талқыланатын бірлескен конкурстар өткізу қызықты болар еді.

Әділ Каукенов, шығыстанушы

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5313