Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5173 0 пікір 7 Ақпан, 2012 сағат 04:36

Бейбіт Қойшыбаев. Рысқұловтың хаттары (басы)

Ұлттың күретамыры - оқыған сұңғыла зиялылары, халқын төрге сүйреген тұлғаларды түгелдей оққа байлап, қасқана қырған саяси репрессияға биыл 75 жыл толып отыр. Жабық мұрағаттар жарияға жол тартқан сайын ақ пен қараның, дос пен дұшпанның ара жігі ашылып келеді. Айтыс та, тартыс та көп. Алайда, біз орны толмас өткенді дауға салмай, оның шынайы тарихи һәм саяси бағасы беріліп, ұлт ұрпағының саналы жадында жатталуын көксейміз.

Әйгілі Тұрар Рысқұловтың хаттарын бастап, қазақтың хан ұлдарының алтын басын ату жазасына кескен қанды жылдардың жарық көрген мұрағат материалдарын жыл бойына жариялап отырмақпыз.

Соның алғашқысы - Рысқұловтың хаттары.

«Абай-ақпарат»

Әлқисса

Ұлттың күретамыры - оқыған сұңғыла зиялылары, халқын төрге сүйреген тұлғаларды түгелдей оққа байлап, қасқана қырған саяси репрессияға биыл 75 жыл толып отыр. Жабық мұрағаттар жарияға жол тартқан сайын ақ пен қараның, дос пен дұшпанның ара жігі ашылып келеді. Айтыс та, тартыс та көп. Алайда, біз орны толмас өткенді дауға салмай, оның шынайы тарихи һәм саяси бағасы беріліп, ұлт ұрпағының саналы жадында жатталуын көксейміз.

Әйгілі Тұрар Рысқұловтың хаттарын бастап, қазақтың хан ұлдарының алтын басын ату жазасына кескен қанды жылдардың жарық көрген мұрағат материалдарын жыл бойына жариялап отырмақпыз.

Соның алғашқысы - Рысқұловтың хаттары.

«Абай-ақпарат»

Әлқисса

Тұрар Рысқұлов - Мұстафа Шоқаевтың Біртұтас Түркістан мемлекетін құру идеясын 1920 жылдың басында советтік негізде жүзеге асыруға тырысып, Түркі Республикасы мен Түркі халықтарының Коммунистік партиясын құру жөніндегі аса маңызды құжаттарды қабылдаудың басында тұрған қайраткер. Cовет өкіметінің алғашқы декларациялары мен партияның көпшілік ұғымына жақын саясатын арқа сүйеп жүргізген өзінің саяси жұмысының нәтижелерін нөмірі бірінші большевик Лениннің алдында қорғауға тырысқан ұлт коммунисі. Оның тек осы әрекетінің өзі ұлттық мемлекеттік құрылыс тарихындағы өшпес беттер болып табылады, бұл ешқашан ұмытылмақ емес. Сонау ересен батыл қадамынан кейінгі тағдырлы толқындар ықпалымен (бұлар жайында автор басқа жұмыстарында кеңірек тоқталады)  ол большевизм ұғымындағы сенімді лениншіл тұрпатында қалыптасты. Сол кейіпте аса көрнекті мемлекет қайраткері деңгейіне көтеріліп, тарихқа терең із қалдырған зор жұмыстарын атқарды. Бүгінде халқымыз оның есімін заңды түрде мақтаныш етеді.

Біз қилы ақпарат өтінде - ашықтық пен жариялылық желі еркін есіп, бұрын жабық мұрағаттар есігін ашып жатқан, кім-кімге де құпия қоймалардағы жықпылдарды қалтарыс қалдырмай аралауға мүмкіндік берген заманда өмір сүріп отырмыз. Біздің елемегенімізді, немесе әлдеқандай бір себептермен өзімізден өзіміз жасырғымыз келгенді бәрібір басқалар көреді. Демек, бұрын жекелеген мамандарға ғана мәлім боп, белгісіздік тұңғиығынан енді ғана әлдеқалай жарыққа шыққан да, ұзынқұлақ түрінде көпшілікке таралған әр жаңалықты, құбылысты бірінші кезекте өзіміз біліп, талдап,  түсінуге тырысу ләзім. Бізге тарихи тұлғалардың шуақты істерімен қатар, көлеңкелі тірліктерін де ашып қараған пайдалы. Олардың себеп-салдарларын айық пайымға салған жөн. Бұндай әрекет оларды тарих қойған тұғырынан тайдырмайды, бейнелерін еш кішірейтпейді. Есесіне, олардың кескін-келбетіндегі барша көмескілікті жойып, толық адам ретінде тануға мүмкіндік береді. Бізге шын тарихтан толымды да жан-жақты сабақ алуға жәрдемдеседі.

«Алаш ісі» бойынша тұтқындалып, 1930 жылғы 21 сәуірде Мәскеуде ұлы Лениннің 60 жылдығы құрметіне құрбандыққа шалынған төрт арыстың бірі Дінмұхамед (Дінше, Мұқыш) Әділовтің ОГПУ тергеушісіне 1928 жылдың аяғында берген көрсетулерінде Тұрар Рысқұловқа қатысты  бірер қызықты мәлімет бар...

Дінше Әділов - Ақпан революциясынан кейін Алаш қозғалысының қанат жаюына атсалысқан және кеңестік мемлекеттік құрылысқа қатысушылардың алғашқы толқынында белсене көзге түскен азамат. Сөйтіп ол Советтердің Бірінші Құрылтайшылық съезінде Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш құрамына мүше болып сайланған. Алғашқы қазақ үкіметінде Ішкі істер халық комиссарының орынбасары, берер уақыт халкомның міндетін атқарушы, одан Ұлт театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрдың) тұңғыш директоры және көркемдік жетекшісі болған мемлекет және мәдениет қайраткері.

Әділовтің тергеудегі көрсетуі бойынша, Тұрар Рысқұлов 1924 жылы Мәскеуге бара жатқан жолында Ташкентке, Қабылбек Сарымолдаевқа хат жолдайды. Дінше: «...хаттың қай жерде поштаға салынғанын мен білмеймін, алайда осы хат Досмұхамедов Джиганшаның (Джаганша, Жаһанша, Жаһаншаһ, Жанша - Б.Қ.) қолына түсіп қалды», - деп көрсетеді. Оның айтуына қарағанда, Қабылбек сол кезде Жаншамен әлде бір үйде, әлде жеке тұрған.

Жаһаншаһ Досмұхамедов - 1917 жылғы мамырда Мәскеудегі съезде  Бүкілроссиялық мұсылмандар одағы атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына сайланған, сол лауазыммен Петроградта жарты жыл қызмет атқарған ескі күрескер. Ол Россия республикасы Предпарламентінің - Уақытша кеңесінің мүшесі болып сайланды. Предпарламент монархия орнына құрылған республиканың өкілдік органы ретінде ойластырылып, патша билігін алмастырған жаңа үкіметтің кеңесші органы болып жұмыс істеп тұрған. Осы мекемеде депутаттық міндетін атқара жүріп, Жанша  большевиктердің Қазан төңкерісін көзімен көрді, олардың   Предпарламент орналасқан Мария сарайын басып алып, демократиялық мекеме сипатындағы  Россия республикасының Уақытша кеңесін қалай таратып жібергеніне куә болды. Икомус (мұсылман аткомы) төрағасының орынбасары лауазымымен   совет үкіметімен алғашқы қарым-қатынасын жүзеге асырысты. Сосын елге оралды.

1917 жылғы 25 желтоқсанда (ескі календарьмен - 12 желтоқсанда) ІІ Жалпықазақ съезі сайлаған «Алаш-Орда» Халық Кеңесіне Жаһанша да мүше болды. Ол «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі лауазымымен Мәскеуге делегация бастап барып, 1918 жылғы наурыз - сәуірде совет өкіметінің басшылары Ленин, Сталин, Троцкиймен «Алаш-Орда» атынан келіссөздер жүргізді. Сол жылғы  мамырда «Ойыл уәләяты» деген атпен дербес мемлекеттік құрылым түзді, қыркүйекте оны «Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі» етіп рәсімдеді. Осы автономиялық бірліктің 1920 жылғы қаңтарда совет өкіметіне қосылғанға дейін өз алдына шағын мемлекет ретінде өмір сүруін, ақ казактар үкіметімен әскери-саяси тұрғыда одақтасып, республикалық режимде жұмыс істеуін мүмкін етті.

Жанша Досмұхамедов, міне, күрделі геосаяси ахуалдағы елдің батыс аумағында дербес елдік нышандарды қалыптастыра алған осындай үкіметті басқарған ерен де, ерек те, дара мемлекет қайраткері болған-ды.

Большевиктер берген уәдесінен тайып, Досмұхамедовті Қазақ революциялық комитетінің құрамына енгізбеді. Мәскеуге шақырып алып, орталық шаруашылық мекемелерінің бірінде қатардағы қызметте ұстады. 1924 жылы ол Ташкентте Орта Азия  ауылшаруашылық банкінің заңгері болып істеп жүрген.

Ал Қабылбек Сарымолдаев бұл кезде - Хорезм Халықтық Советтік Республикасында Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкомының орынбасары.    Ол 1917 жылы Тұрар Рысқұловпен бірге Әулиеатада қазақ жастарының «Бұқара» атты революциялық одағы жұмысына қатысты. Сонда әуелі үйездік ревком, одан атком төрағасы боп істеді. Түркатком мүшесі болып сайланды. Одан, Дінмұхамед Әділовтің көрсетуіне қарағанда, әлдебір жағдаймен қызметсіз қалып, Орынборға келген. Сонда Діншенің көмегімен, Қазақ Республикасы Ішкі істер халкоматына жұмысқа кіреді. Ұзамай онда халком орынбасары лауазымына көтеріледі. Сосын, Тұрар Рысқұлов Мәскеуден Ташкентке Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің төрағасы болып қайта оралған шақта, 1922 жылғы желтоқсанда өткен Советтердің бүкілодақтық І съезінде онымен бірге  Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. Одан, 1923 жылы,  Ташкент облаткомының төрағалығына ауысты...

Сол шақта Жанша, Тұрар және Қабылбек үшеуі жиі-жиі бас қосып тұратын. «Рысқұлов Досмұхамедовты мүлдем өз адамы деп санайтын», - дейді Дінше. Өйткені екеуі апалы-сіңлілі Ольга және Надежда Пушкареваларға үйленген бажа еді.

Сонымен, «әлдеқандай жолмен, Рысқұловтың Сарымолдаевқа жолдаған хаты Досмұхамедовке тиеді. Ол хатты ашып, оқиды. Хат орыс тілінде жазылған болатын, - деп көрсетеді Дінше. - Мазмұны мынандай болатын: әлде Ақмешітке, әлде Қазалыға дейін құдды оның артынан Қожановтың қайдағы-бір агенті жүріп отырғандай көрініпті. Ол соған байланысты, Қожанов өзіне маза беретін емес деп, ашу білдірген».

Осы жерде «Тұрардың соңына қайдағы-бір агентін салып қойған Қожанов» жайында мөлтек анықтама бере кету сұранып тұр.

Сұлтанбек Қожанов - кеңестік қызметке түркістандықтардың ұлт-азаттық қозғалысы арқылы келген  қайраткер. «Бірлік туы» газетін ашу үшін ол әуелі «Алаш» газетінің иесі Көлбай Тоғысовпен келіссөз жүргізген. Одан «Бірлік туын» Мұстафа Шоқаев, Хайретдин Болғанбаев, басқа да жолдастарымен бірге шығарысып тұрған. Қоқандағы Түркістан автономиясын жариялаған съезді дайындауға атсалысқан, одан Сырдария облысы қазақтары съезінде Алаш автономиясына қосылу мәселесін қолдаған.

Ал Қоқан қанға бөктіріліп, мұхтарият құлатылғаннан кейін - кеңес билігі ауқымында ашаршылықпен күрес және ағартушылық жұмыстарына ден қойып, ұзамай үйездік, одан облыстық ревкомдарды басқару жұмыстарына көтерілген. Өлкедегі Орталық жіберген басқару органы болып табылатын Түрккомиссия 1920 жылы Тұрар Рысқұлов тобын жергілікті қызметкерлердің көзқарастары партия бағытына сәйкес келетін өзге тобымен алмастыруды қолға алғанда, Түркістан Компартиясы Уақытша орталық комитетінің төрағалығына ұсынылған Нәзір Төреқұловтың қатарында Сұлтанбек Қожанов та республиканың басшы қызметіне жоғарылатылған болатын. Ол Жер халкомы, Ішкі істер халкомы, Ағарту халкомы, Түркатком төрағасының орынбасары; ТКП Орталық Комитетінің хатшысы, РКП Орталық Комитеті Орта Азия Бюросының мүшесі болды...

Әділовтың айтуынша, аталмыш хатында Рысқұлов Сарымолдаевқа Қожановтың билеушілігін шегеріп-шектеуді көздейтін белгілі-бір шаруалар жасауды тапсырған. Директива берген, Қожановпен батыл күрес жүргізуді  үзілді-кесілді түрде талап еткен. Оның Түркреспубликадағы рөлін төмендетіп, әлсіретуді көздейтін түрлі рецепт ұсынған. Мәселен, дейді ол, Рысқұлов өзінің Сарымолдаевқа жазған хатында Қожановтың алашордашылармен байланысын әшкерелеу керектігін жазды...

«Жаңылыспасам, сол хатта ол Қожанов пен Болғанбаевтың «Бірлік туы» газетін бірлесіп редакциялап тұрғанын еске салды, - деді ол тергеушіге одан әрі, - онда олар ұлттық желіні іркілмей қорғаған болатын. Бұл -ұлтшылдық қызметтің ең күшейген кезі еді. Рысқұлов осы сәтті Сарымолдаевтың есіне салды. ...Осы хатында Рысқұлов ашудан мүлдем өзін өзі ұстай алмай, Джилпысбаев Максуд (Жылысбаев Мақсұт -?) неліктен белсенді әрекетке көшпей, ұйқыға кеткен деп жазды».

Тұрардың Қабылбекке берген тапсырмаларының бәрін есінде сақтамағанын, «бірақ хаттың түпнұсқасын көріп оқығанын» Дінше тергеуші алдында мойындады Хатты Жаһанша  өзінің жолдастары Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаевқа көрсеткен көрінеді. (Халел -Жаншаның Батыс Алаш-Ордадағы үзеңгілесі, Мұхамеджан - Қоқан (Түркістан) мұхтариятының Мұстафа Шоқаевқа дейін істеген алғашқы үкімет басы). Олар оны өздерімен ала кетіп, Сұлтанбек Қожановқа да оқытады. «Қожановта мен де болдым да, хаттың түпнұсқасымен тікелей таныстым», - дейді Дінше.  Оның көрсетуі түсірілген мәтінге қарағанда - Сұлтанбек аялдамастан ГПУ өкілдерін шақырды да, олар хатты суретке түсіріп алды...

Қожанов «хаттың билік қолына ашық жолмен тигенін қалады», сондықтан оны қайтадан Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаев арқылы Жанша Досмұхамедовке қайтарып, артынша оның үйіне тінту жасауға тапсырма бермек болады. Үйі тінтілетіні жөніндегі хабарды  ести келе, Жанша «табанды түрде қарсылық көрсетті, өзін ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны үшін Халел мен Мұхамеджанға реніш білдірді». Бұл мәліметтер - Әділовтың 1928 жылдың соңында, 1929 жылдың басында ОГПУ тергеушісіне Қызылордада берген көрсетулерінен.

Осы хат туралы дерек Жаһанша Досмұхамедовтің  1938 жылдың жазында (ол сол жылғы 1 маусымда Мәскеуде тұтқындалған) НКВД тергеушісі алдында айтқан көрсетулерде де бар.

Тарихи зерттеулерден мәлім, 1924 жылдың қаңтарында өткен Түркістан Советтерінің кезекті съезінде Тұрар Рысқұлов Мәскеу эмиссарлары ұйымдастырған астыртын әрекеттер салдарынан Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланбай қалды. Тиісінше, Түркреспублика үкіметінің басшысы лауазымынан айрылды. Содан ол Ташкенттен пролетариат көсемі Ленинді жерлеуге қатысу үшін Мәскеуге аттанады...

Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағатында сақтаулы № 6516 істе тігілген тергеу материалдарымен және тұтқынның көрсетулерімен танысқан белгілі тарихшы Д.Аманжолова мынандай мәліметтерді жария етті. Мәскеуге кеткенінде, Тұрар дүние-мүліктерінің біразы мен Қабылбек Сарымолдаевқа арнаған хатын бажасы Жаһанша Досмұхамедовке қалдырған. Хат құпия сипатта жазылған-ды, онда қазақ зиялылары арасындағы жікшілдік күрес және алашордашылармен күресті күшейту қажеттігі жайында мәліметтер бар болатын.

Бірде Жаншаның үйіне Мұхамеджан Тынышбаев кіріп шығады. Артынша ол Тұрардың хатының жоғалып кеткенін аңғарады да, Мұхамеджанды іздейді. Сөйтсе ол Халел Досмұхамедовте, «Рысқұловтың жеке дұшпаны және саяси бәсекелесі, ТАКСР ОАК төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожановпен бірге» отыр екен. Қожанов хатты қайтарып, ертеңіне ГПУ оның үйіне тінту жүргізетінін, сөйтіп бұл әшкерелегіш материалдың тәркіленіп алынатынын ескертеді.

Сонымен, Жаншаның 1938 жылғы тергеуде НКВД тергеушісіне  берген көрсетуіне қарағанда  - 1924 жылы оның «үйін тінту Мұхамеджан Тынышбаевтың құпия сөз тасуы бойынша және Халел Досмұхамедов пен Сұлтанбек Қожановтың ырзашылығымен жасалған». Хат тәркіленеді де, артынан, арналған адамына жолдау үшін Жаһаншаға қайтарылады. Бірақ, серіктеріне ашуланғаны сондай, Жаһанша олармен «жеті жыл бойы сөйлеспей қойды, содан бастап қазақ интеллигенциясының қандай да бір істерінің ешқайсысына да мүлдем қатысқан емес».

Өстіп, құпия полиция араларына он шақты жыл салып қамауға алған екі тұтқынның - Дінше Әділовтың 1928 жылғы, Жанша Досмұхамедовтың 1938 жылғы көрсетулерінде де Тұрар Рысқұловтың Қабылбек Сарымолдаевқа 1924 жылы жазған хаты тілге тиек болған. Екі көрсетуден де оның уақытында маңызды саналғаны аңғарылады.

Еңдеше алдымен осы хаттың өзімен танысайық. Бұл хат Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатынан (РГАСПИ-ден) кейінгі жылдары зерттеуші Х.Тұрсынның ізденістері нәтижесінде табылған еді...

 

1. Рысқұловтың Сарымолдаевқа хаты

«Қабылбек, - деп жазады Тұрар. - Мен саған «ағайдың денсаулығына» байланысты екі жеделхат жібердім, біреуін Шалқардан, екіншісін Мәскеуден. Сенен ешқандай жауап болмады. Мұның мәнісі не? Не сен оларды алған жоқсың (Қожановтың агенттері қолға түсіріп алды), немесе сенің жаратылысыңдағы «жалқаулық» үстем шықты. Сондай-ақ хат та жазбайсың. Қазіргі таңда парторгандарға берілген (ойлағанымыздай) «істің» нәтижелерін тездетіп білу өте-мөте қызықты және маңызды болып тұр.  Осындай маңызды сәтте Мақсұт, шамасы, өзінің «ауылына» беймарал қалыпта кетіп қалған болар, ал сен, ыңғайы, жалғыз сенделіп жүрген шығарсың. Соңғы уақыттарда сенің өз «рухыңды» жоғалтып алғаның таңғалдырады.

Мәселе былай болып тұр. Мәскеуге келгеннен соң мен Зиновьевпен және Коминтерннің Шығыс Бөлімінің меңгерушісімен көрістім. Олар мені сырттай-ақ Шығыс Бөлімі меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындауды және маған Таяу Шығысты (Түркия, Арабия, Сирия және т.б.) тапсыруды шешіп қойыпты. Бірақ мен Таяу Шығыстан кесімді түрде бас тарттым да, маған Ортаңғы Шығыстың (Орта Азия, Батыс Қытай, Ауғанстан, Персия) тапсырылуына қол жеткіздім. Сонымен бір мезгілде Шығыс Бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалдым. Бірден Түркістанға баруға қасарыса әрекеттенген едім, бірақ Зиновьев 5-ші шілдеде болатын 5-ші Конгреске дейін Мәскеуде қалуым қажеттігіне және осы конгреске дайындық жасау үшін бәріміздің күш қосып жұмыс істеуіміз керектігіне иландырды. Жұмыс шынында өте қызық. Ол маған Түркістанға баруыма осы конгрестен кейін рұқсат етуге уәде берді, мен келістім. Күллі Шығыс бойынша қазір жанданған жұмыс жүруде. Шығыс Бөлімде басқаратын боламыз. Мен барлық мәселеден хабардар болам. Жігерлене жұмыс істеп көрмекпін. Сонымен бір уақытта материалдармен танысып, әдебиет жазатын боламын, сондай-ақ Түркістан мен Киргизия (Қазақия - Б.Қ.) жайында газеттерге жиірек мақалалар  жазбақ ойдамын. Зиновьев ЦЕКАның (Орталық Комитеттің - Б.Қ.) маған деген көзқарасы жақсы екенін, бірақ ТКП-ның (Түркістан Коммунистік партиясының - Б.Қ.) қазіргі төбесінде отырғандар (әрине, Варейкистен басқалары) қарсы болғанын айтты, әйтпесе, қазір-ақ қайтарған болар едік дейді».

Алайда жазда Тұрар Түркістанға емес, Коминтерн атқару комитетінің өкілетті өкілі ретінде Монғолияға жіберіледі...

Ол Қабылбекке жолдаған хатында одан әрі: Мәскеуге «келген бетте Петерске (ГПУ-ге) (Саяси Бас басқармаға - Б.Қ.) кірдім де, «Бірлік туы» туралы және барлығы жайында айтып бердім, - деп жазады. - Онда аудармашы бар, соған «Ақ жолдың» барлық басылған материалдарын және басқаларды тәржімалауды тапсырды. Бұдан төрт айдай бұрын Мағжанның жинағы Қазанда басылыпты, бірақ ГПУ тәркілеп, тыйым салған екен. Соған қарамастан, оны Қожановтың алғысөзімен Түркістанда шығарған.  Қазір белгілі бір іс қозғалды, жақында ЦККА РК-ға (бұл аббревиатураны ажырата алмадым, шамасы қате жазылған ЦКК - РКИ  болар; партияның орталық бақылау комиссиясы мен жұмысшы-шаруа инспекциясы халкоматының біріккен партиялық-мемлекеттік бақылау органы 1923-1934 жылдары солай аталған - Б.Қ.)  беріледі, Петерс бұған өте қызығып қалды.

Осыған байланысты ЦККА (ОБК, Орталық Бақылау комиссиясы - Б.Қ.) басшыларымен түсініспек ойдамын. Бірақ жастар туралы, олардың арасында Қожановқа қарсы  ашу-ыза жүріп жатқаннан өзге ештеңе айтпадық. Алаш-Орда мен Қоқан Автономиялық Үкіметі, сондай-ақ тілмаштар туралы «Правдаға» бірқатар мақала бастыруды жобалап отырмын. Айтпақшы, «Дни» беттерінде Шоқаевтың ұзақ мақаласы бар. бұл газеттер ЦК КП-де (ТКП ОК, Түркістан Компартиясының Орталық Комитетінде - Б.Қ.) бар ғой деймін. Сен оларды қолға түсіріп, біздің адамдарға көрсетсең ғой, мен туралы Шоқаевтың не айтатынын білсін».

«Дни» («Күндер») - қызыл Ресейден қашқан эмигранттардың 1922 жылдан Берлинде шыға бастаған газеті, оның редакторы бұрынғы Уақытша үкіметтің премьері Александр Керенский болатын. Өзіне жақсы таныс осы либерал-демократтың газетін Мұстафа Шоқаев мінбер ретінде пайдаланған еді. Түркістандағы кеңес тыныс-тіршілігіне байланысты сыни жұмыстарын эмигранттық өзге басылымдармен қатар сонда да жиі жариялап тұрған.

«Маған бірде Байділдин мен тағы бір жас қазақ коммунистерінің бірі кірді. Олар Орталық Комитеттің Үгіт-насихат бөлімі арқылы қазақ тілінде марксистік журнал шығармақшы. Алаш-Орданы және Мағжан мен басқаларды әшкерелеуді өздеріне міндет етіп қоймақшы».

Әбдірахман Байділдин - революцияның алғашқы жылдарындағы алашшыл жастардың бірі. Әділовтің көрсетулеріне қарағанда, ол Байділдин екеуі әдепкіде жақсы қарым-қатынаста жүрген. Колчак диктатурасы кезінде Дінше Омбыдан қашуға мәжбүр болады, сол шақта Әбдірахман оны Қызылжар жақтағы ауылына апарып жасырған. Мұның жай-жапсарын Әбдірахман 1929 жылы партиядан шығарылуына байланысты өлкекомға жазған шағым-арызында толық баяндаған. Алайда, кейін аралары суыған екен, Дінше көрсетулерінде оны «бұрынғы досым» деп атайды.

Әбдірахман Қазақстан  Кеңестерінің бірінші съезінде қазақтардың ұлттық мүддесі тұрғысынан батыл сөз сөйлеген жігіт. Бірақ, кейін, біртіндеп ұлтшылдық бағытқа қатал сын айта бастайды, таза большевиктік жолға түседі. Тұрар Моңғолиядан келгенде оған жақын болған. Дінше Тұрардың Түркістан кезеңінде де, әсіресе Қазақстанға оралғанында да сақ жүргенін, ұлтшылдармен жолықпауға тырысатынын, ал Әбдірахман екеуінің үйлерінің қатар болғанын көрсетеді.

Кеңестік репрессия машинасы өте «жемісті» жұмыс атқарған 1937 жылы Ресей Федерациясы Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов пен Советтік бақылау уәкілінің Өзбекстан бойынша  орынбасары Сұлтанбек Қожанов та қармаққа ілінді. Қырымда демалып жатқан жерінде, 21 мамырда Тұрар, демалысын Қырымда өткізіп қайтқан бетте, Ташкентте, 20 шілдеде Сұлтанбек тұтқындалып, екеуі де Мәскеу түрмесіне әкетілді.

Сол жылдың соңында (дерек екі түрлі: 29 қарашада, не 27 желтоқсанда)  қызметсіз жүрген ақын Мағжан Жұмабаев Алматыда қамауға алынды. Оның НКВД тергеушісіне 1938 жылғы 6 қаңтарда берген көрсетуінде осы екі қайраткер туралы мінездемесі бар. Тұтқынның айтуынша, Тұрар өте сақ және мансапқор болыпты, ал Сұлтанбек ұлттық мәселелерді табанды бірізділікпен жүргізген. Және екеуі қызметтеріндегі келіспеушіліктер кезінде, құдды, бір-біріне қол көтеруге дейін барады екен.

Мұндай жәйттер орын алсын-алмасын, солай ыспаттайтын ұзынқұлақтар жайында Мағжан Ташкенттен Мәскеуге оқуға аттанған 1923 жылға дейін естуі ықтимал. Қалай болғанда да, олар кейбір жекелеген мәселелерде шекіссе де, ірі істерде бір жағадан мойын, бір жеңнен қол шығара білген. Мәселен, өзінің ұлт қайраткерлерін сынауға құрылған баяндамаларында Ф.И.Голощекин Түркатком төрағасының орынбасары Қожанов пен Түркреспублика Халкомкеңесінің төрағасы Рысқұловтың 1922 жылы Қарқаралыда тұтқындалған «буржуазиялық ұлтшыл» Әлихан Бөкейхановқа ара түсіп, Ташкенттен Мәскеуге, Сталин жолдасқа жеделхат жолдауға дейін барғанын атап айтқан болатын.

Олар жеке өмірде де бірін бірі жатсынбаған. Тұрар кезінде Сұлтанбекке ескерткіш ретінде тартқан сый-бұйымды 1994 жылы Зиба Сұлтанбекқызы осы жолдар авторына берген еді. Репрессия шырғалаңдарында да айрылмай, көздің қарашығандай сақтап келе жатқан отбасылық реликвияны біз тебірене, екі тұлғаның достығының бір куәгері ретінде, айналдыра қарағанбыз...

Қабылбекке жазылған хатты әрмен қарай оқылық. Тұрар аталмыш хатта Әбдірахмен мен оның серігі: «бірақ, сонымен бірге, Сейфуллиншіл «демагогтерге» (олардың түсіндіруінше) қарсы көрінеді», - деп жазады. Бұл орайда Тұрар олардың қателігін түзеткен тәрізді. «Мен олармен ұзақ әңгімелестім, - дейді одан әрі. - Қожановты және «Алаш-Орданы» әшкерелеу керектігі  жайында ой өрбіттім. Олар тіпті Қожанов тобы мен «Алаш-Ордаға» байланысты Ташкент жастары атынан жазылған баяндаманың көшірмесін де оқыды. Жалпы мақұлдады».

Мәтінге қарағанда, «Ташкент жастары атынан жазылып» тиісті орындарға жіберілген баяндаманың көшірмесі өз қолында болған тәрізді. Баяндаманы мақұлдаған жігіттер Тұрарды өздері ашпақ «осы журналдың басында тұруға шақырады». Алайда Тұрар мұндай ұсынысқа келіспеген екен: «Бірақ маған бұл іске Нәзірмен бір мезгілде қатысу ұнамайды». Нәзір Төреқұлов - КСРО халықтары Орталық баспасының директоры. Ыңғайы, 1920 жылы Түркреспубликада жасалған өзгерістерге байланысты, араларында бір салқындық, әлде бірін бірі жақтырмаушылық сезім сақталып қалған секілді.

«Сосын олармен бірге Жандосовпен көрістік». Түркістанда белсенді қызмет атқарып келіп оқуға түскен революцияшыл қайраткер Ораз Жандосов бұл кезде Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын бітірер алдында тұрған. Немесе, бәлкім, оқуды бітіріп, Қазақ обкомының үгіт-насихат бөлімі меңгерушілігі қызметіне кіріскелі жүрген шағы шығар.

«Мен бәрін айтып бердім де, Қожанов пен оның тобының қитұрқылығын әшкереледім. Ол бәрін дұрыс және фактілерге сәйкес деп тапты, бірақ, шамасы, шешімді түрде ат құйрығын үзуге «қиналады». Қожановқа оның істерін ұнатпаған хаттарды Жандосов та жазған көрінеді, - деп хабарлады Тұрар Қабылбекке, - алайда ол Қожановтан осы уақыт бойы бір де бір хат алмағанын айтты. Мен Жандосовқа Сафарбеков пен Абдурахман туралы айтпадым, тек оның барлық өзгеше ойлаушыларға жасап отырған «қуғыны» жайында ғана айттым. Сонымен, ол барлығымен бірге «Алаш-Орданы» әшкерелейтін журнал шығаруға уәде берді. Бірақ Қожановпен байланысын үзе ме, жоқ па - белгісіз. Ал мүмкін құпиялап Қожановқа хат жазып, ескертіп қоятын шығар - белгісіз. Жалпы, қазір шешуші сәт туып келеді».

Тұрар одан әрі, Қабылбекке жазған сол хатында, сол кезгі билік басындағылардың жұмыс істеу тәсілінен біздер үшін тағлымды мағлұмат береді. «Жақында құрамында Попов, Петерс және басқалар бар Комиссия Қазақияға барып қайтты, - дейді ол Қабылбекке. - Петерс Жандосовқа Қазақия туралы баяндама және өзінің болжамдарын жазып беруді тапсырды. Анау Байгелдиновпен және басқалармен ақылдасып, жазды да, мені Қазақияға Халкомкеңес басшылығына жіберу жөнінде ұсыныс айтумен аяқтады. Бірақ ол жақта, ыңғайы, Сейфуллин қарсылық сөз айтқан сияқты. Петерс барған жерінде мәселе жайын сұрастырған екен, сондықтан шығар, баяндаманы дұрыс жазылған деп тапты.

Әрбір топты жекелеп шақыра отырып, Комиссия мені Нәзір Төреқұловпен және Қожановпен салыстырып қарады. Барлық бағыттағы қазақ қызметкерлері  соңғы екеуіне қарсылық білдіріп, мені жақтап сөйледі.  Осыған сәйкес, Петерс пен Комиссия мені жұмысқа Қазақияға жіберу жөнінде ұсыныс енгізді, бірақ нәтижесі белгісіз. Мұны маған Петерстің өзі айтты. Шамасы, біздің қазақ коммунистерінің бірқатары табанды түрде мені сұрайтын ойда, алайда Коминтерн тістесетін болады, ол да маған жармасып қалды ғой. Мен өзім мейлінше бас тартып бағам ғой деп ойлаймын, ал егерде бара қалсам, онда қалыпты жұмыс істеудің барлық жағдайы жасалуын шарт етіп қоям. Және тек партиялық жұмыс желісімен ғана, өзіммен бірге 10 тыңғылықты қызметкерді ала барам, бірақ әзірге бас тарта тұрамын».

Тағы бір ақпарат белгілі комсомол жетекшісі Ғани Мұратбаевтың Мәскеуге іссапармен барған бір сәті жайында: «Осында Мұратбаев та болып кетіпті, сөйтіп ол қазақтың коммунисшіл жастары («кир.ком.молодежи») арасында жарылып-бөлінушілік жасауға тырысыпты. Әзірге көпшілік соның жағында, бірақ біз осы жастарды өз жағымызға шығарып алу үшін жұмысты енді бастаймыз».

Тұрар хаттың баяндау бөлігін осымен аяқтайды да, Қабылбекке: «Енді саған мынандай өтініш бар», - деп, 28 тармаққа тұжырымдалған (Әділов 1928 жылғы тергеудегі көрсетуінде  «директивалар» деп атаған) тапсырмаларын жазады.   Олардың мазмұны мынандай:

«1. Ең алдымен қазақ жастары («кир.молодежи») баяндамаларының  нәтижелері жайынан және  бұл істе сендердің не жасағандарыңды толық айтып шұғыл хат жаз да, бір тыңғылықты коммунист арқылы беріп жібер.

2. Істің барысына қатыссыз, сендерге (10-15) қызметкерге шұғыл түрде материалдар тіркелген осы рухтағы баяндама құрастырып, ОБК-ге жолд. Ярославскийге жолдау керек.

3. Соның өзін, сондай баяндамаларды басқалардан да жолдатыңдар, Қожановты қоршаған адамдардың тізімін мінездемемен бірге жіберіңдер.

4. Осы тақырыпқа Мәскеу және Түркістан газеттеріне бірқатар мақала жазыңдар. Егер Мақсұт кетіп қалса, оны ауылдан шұғыл шақыртып ал - Ташкентте жұмыс істесін. Батыл әрекетке кірісу керек.

5. Әлдеқандай әңгіме тууы ықтимал адамдардан іргеңді аулақ сал.

6. Кең  көлемде үгіт жүргізу жолымен өзіңе таза принципті-идеялық негізде жақтастарды көбейт.

7. Жергілікті ГПУ-ге (әрине)  шын мәліметтер беруден аянбаңдар.

8. Егер жастар сондағы (30 параққа) жазылған баяндаманы бермеген болса, сендер өздерің қол қойыңдар да, шұғыл Мәскеуге ОБК-ге салып жіберіңдер. Егер барлық даналары жоғалып кеткен болса, маған телеграфпен хабарлаңдар, мен өзіме алған көшірмені жіберемін.

9. Егер жастар пайдаланбаған болса, онда міндетті түрде «Бірлік туының» сол нөмірлерін (тауып алыңдар) салып жіберіңдер.

10. Қожановтың жалған агенттері туралы ГПУ-де мәселе көтеріңдер, олар менің соңымнан қанша аңдыды, солардың біреуі (түрін танимын) Қазалыға дейін келді. Олар шамасы ГПУ-ге толып жатқан жалған мәлімет берген болар.

11. Өзбек қызметкерлерінің бәрімен, Рахимбаевты да қалдырмай,  түгел сөйлесіңдер де, кешегі контрреволюционерлерді қолдаудың қылмыс екенін нұсқап айтыңдар.

12. Қожанов тағайындап жатқан адамның әрқайсысын және олардың қитұрқы сырын әшкерелеңдер.

13. Кусатовтың мақалалары бар «Ақ жолдың» нөмірлерін ОБК үшін аудармасымен тауып, немесе, ең дұрысы, маған жіберіңдер, сондай-ақ  1921-1922 жылдарғы  «Ақ жолды» табыңдар.

14. Мүмкін болғанынша, өзіміз белгілеген жоспарды толығымен жүзеге асыру қажет - біз қанша мәрте талқылаған едік қой, ал енді бейне-бір күйреп қалған тәрізді боп тұр.

15. ОБК-ге, сондай-ақ, Алаш-Орда қайраткерлерінің толық тізімін, олардың алып отырған лауазымдарын тізбелеп тұрып қосып жіберіңдер.

16. Мен Орынборда Сейфуллинге бардым да, онымен сөйлесіп үлгердім. Олар өз тарапынан шара қолдануға және ОБК-ге материалдар жіберуге уәде етті.

17. «Бірлік туылықтарға» қарсы шешімді түрде ашық қарсы шығудан қысылмай, өз қызметкерлеріңмен байланыс жасап тұруға тырысыңдар.

18. Қожанов пен оның адамдары, шамасы, әлден біліп алған шығар, алашордалықтарды ескертіп, құжаттарды тығып тастаған және жойып жіберген болар. Ол тіпті баспасөзде Алаш-Ордаға қарсы мақала да жариялауы мүмкін: оларға мамандар ретінде қараймын және т.б. деп. Мұндай сөздердің бәрінің жолын қиып, алдын алып отыру керек. Оның ақталуын сондай әдіспен қазірден бастап әлсірету керек. Ең бастысы, ГПУ арқылы әрекет етіңдер. Өздерің пайдалана алмаған материалдарды шұғыл түрде маған салып жіберіңдер.

19. Егер мүмкіндік туса, Мәскеуге өздеріңнің хаттарыңмен бірге біреуді жібер. Қалай болғанда да, ұйықтамаңдар, болып жатқан жәйттерді хабарлап тұрыңдар.

20. Шебалдаев осы уақытқа дейін жеткен жоқ. Мен әбден қайран қалам, бұл жастар неткен қорқақ және қалайша шегіншектей береді. Осы  уақытқа дейін ОБК-ге материал жіберген жоқ, бұл ақымақтықтың барып тұрған жоғарғы шегі немесе олар контр-революционерлерге малайлыққа түскісі келеді, қайдағы коммунистер олар.

21. 1916 жылғы көтеріліс материалдарын мұрағаттан алуға қатысты мен арнайы Варейкиске хат жаздым. Алып, маған салып жіберуге тырыс. Сосын Тынышбаевтан патша атына [берген хатын] және материал да сұра - мен тездетіп кері салып жіберем. Маған әшейін бастаған еңбегімді аяқтау керек. Сондай-ақ аудармашы Абу Бакировта (Халкомкеңесте) менің «Революция және Түркістанның жергілікті халқы» атты  кітапшамның екінші данасы бар. Аудармасымен бірге ал да, арнайы адамнан беріп жібер. Хатты кім боса соған беруге болмайды.

22. Хатты мүмкіндігінше жиірек жаз, әр пойызбен, бірақ поштамен емес, адамдар арқылы жібер.

23. Телеграфтан біл, Садовая, 11, Қабылбек атына жіберілген екі телеграмманы сенің неге алмағаныңды анықта. (Егер сен оларды алмаған болсаң).

24. Отбасымның Мәскеуге шығуына жәрдем көрсет (пойызға отырғызу және с.с.).

25. Менің қағаздарым мен кітапханам Досмұхамедовте құлыпталатын орынға тығылсын, соған шара қолдан, бұл маған алаш-ордалықтардың құпия қағаздарын қалдырып кетіпті дейтін  әңгімелерден аулақ болу үшін қажет. Егер сен Ташкентте тұрақты тұратын болсаң, онда оларды өзіңе тасып ал, бірақ құлыптап қойып, ешкімге бермеу шартымен.

26. Жетісу, Сырдария облыстарында жер-жерде не істеліп жатқанын жаз.

27. Өзбектер, түрікмендер арасында, Орта Азия Бюросы мен КПТ Орталық Комитетіндегі қызметкерлер арасында және с.с.

28. Менің осы өтініштерімнің бәрін, мархабат, міндетті түрде орындайтын бол. Мен нәтижелерді тосып отырамын.

Сенің Тұрарың».

Хаттың көшірмесін Шығыс Бөлімінің уәкілі Дьяконов  растаған.

Осы негізгі хатқа қосып, Тұрар Қабылбекке тағы біраз ұсыныстар жазған көрінеді. «Қабылбек, жазғандарыма қосымша, мыналарды да орындау керек» - деп бастап, тапсыратын жәйттерін тізбелейді.

«Жастар берген баяндамалардың қандай сипатта болғанына қарамастан, міндетті түрде сендер өздеріңнің 10-15 адамыңмен бірге, біршама басқаша мазмұндалған арыздардың бірнешеуін жіберіңдер, өйткені мұндай маңызды істе неғұрлым көп кісінің өз ойын айтқаны маңызды. Ал сендерге, бірқатар  тұлғаларға да араласу қажет. Егер тек жастарға үміт артып қалар болсаңдар,  бұл жеткіліксіз болады. Түпнұсқаны РКП ОБК-ге (Ресей Коммунистік партиясының Орталық бақылау комиссиясына -Б.Қ.), ал өзге түпнұсқаларды КПТ ОБК-ге (Түркістан Коммунистік партиясының Орталық бақылау комиссиясына -Б.Қ.) жіберіңдер. Мұны міндетті түрде жасау керек. Қожанов тобының қитұрқылықтарын ашу ісіне, сонымен қатар бір пікірлі шынайы коммунистердің орнықты тобын(?) - түпнұсқада: солидного кажра(?) - құруға басқа адамдарды көбірек тартыңдар. Мүмкіндігінше Есқараев сықылды адамдардың бірқатарын, Қожановтың адамдарын - Қожановтан жіктеп бөліп тастауға тырысыңдар.

3. Жақсы клубы бар қазақ марксистік үйірмесін ең байыпты түрде ұйымдастырыңдар да, баспасөзде «Алаш-Орда» идеологиясына қарсы науқан бастаңдар, 16, 17 және 18 жж. уақыттардан тарихи үзінділер келтіруден іркілмеңдер. Тілмәштарды, байларды, Өтегеновтер типіндегі біздің ақсүйек атқамінерлерді ойрандаңдар. Идеялық-принципті мәселелер бойынша көбірек күресіңдер. Сендердің өздеріңе марксизмді көбірек оқып-үйреніп, оны табанды түрде қатаң  өмірге ендіру керек. Тіпті жеке әңгімелерде де бұл позиция еш бұлжымауға тиіс, сонда ол барлық коммунисшілдікке бағдарланған адал адамдарды тартып жинайды.

4. Тағы да біз өздеріңмен белгілеген жоспарды естеріңе саламын, «Бірлік туына» қарсы науқан тұрғысынан.

5. Қазақтікінен кейін кезекке өзбектер арасындағы Қоқан автономияшылары туралы мәселе қойылады. Мұнда да шешімді түрде іргені аулақ салып, күрес жүргізуге тура келеді.

6. Егер қолайлы ахуал бола қалса, күллі баспасөзді басып алуға және оған қатаң марксистік таңба басуға тырысыңдар.

7. Егер өз араларыңда бір-екі нашар элементтер табыла қалса, олардың да ойранын шығарыңдар. Бұл жерде, егер коммунистік тұрғыдан сай келмейтін болса, «өзіміздікі» деген ұғым болмауға тиіс. Осындай адамдардың бірқатарын үлгі ретінде айыптаңдар. Бұл сендердің дұрыс бағытта екендіктеріңді дәлелдейді.

8. Обкомның жауапты хатшысы Ишан арқылы және т.с.с. қайткенде де партия съезіне делегация өткізуге тырысыңдар, Қожановтың адамдарын кері қағыңдар. Өзбек жастарымен байланысыңдар, тіпті Режимбаев пен оның адамдарын да, тым болмағанда съезд қарсаңына дейін, Қожановтан оқшаулаңдар.

9. Орта Азия Бюросы айналасын (Межлаукты және басқаларды) хабардар етіп тұрған артықтық етпейді.

10. Үйездерді дайындауға шұғыл кірісіңдер, күштерді жұмылдырыңдар, қалай болғанда да, қарсыластар қандай әрекет еткенмен, қол қусырып қарап отыра беруге болмайды.

11. Менен ж.ж. Сафарбековке, Абдурахмановқа және басқаларға сәлем айт. Олар батылырақ болсын де. Мен оларға хат жазбаймын, сен әңгімелеп берерсің деп ойлаймын. Тек менің хаттарымның бәрін жыртып тастау керек, әрине, тапсырмаларды еске сақтап алғаннан кейін.

12. ГПУ-де Қожановтың адамдары агент болып қызмет істеп жүр, сөйтіп олар бір жақты сөз тасумен (топшылдық мақсатпен) шұғылдануда. Мен бұл жайында Варейкиске жаздым, мәселен, бір жас қазақ бізбен бірге Қазалыға дейін бір пойызбен келді. Орталық Комитет пен ГПУ-ге, сондай-ақ Мәскеуге - Петерске қарсылық хат енгізіңдер.

13. Қандай да бір жерде Қожанов топтарының ұйымдасуы басталысымен, ізінше КПТ Орталық Комитетіне астыртын ақпарат беру керек.

14. Мархабат етіп, міндетті түрде мұрағаттан мыналарды тапшы:          а) Цуардело (?) иомудтар мен Хиуа туралы, б) Цуарделоның әскери секциясынан - Закаспий облысы бойынша 1916 жыл жағдайы жөніндегі іс,   в) сондай-ақ Тынышбаевтан - Куропаткиннің патшаға берген баяндамасы барлық материалдарымен.

15. ГПУ-ге, КПТ ОК-ге және Мәскеуге ОБК мен ГПУ-ге - Петерске Қожанов саудаға салып жүрген Жанұзақов туралы тарихты жазып жіберіңдер. Жанұзақов - қырғыз (мәтінде: кара-киргиз - Б.Қ.), эсер (Түркатком мүшесі болған жоқ, бізбен жәй ғана қатардағы қырғыздардың бірі ретінде жұмыс істеді),  бірақ біз оған аса сенбейміз. Қожанов атып тастайды деп қорыққаннан басмашыларға қашқан. Олардың арасындағы жеке бас араздығын (көшедегі төбелесті) айтып беріңдер, сосын Жанұзақовтың бері ауысуын және Қожановтың айдап салуымен ату (Әлімбековті).

Сосын Шериханның оның әйеліне зорлық жасауы. Өздеріңнің (ауыл) Жанұзақовқа жауласуларыңды және, әрине, оны саудаға салуға болмайды, бірақ Әлімбековті, Қарабаевты пайдаланып қалуға тағы болмайды.

16. Менің өткен жолымды жария етіңдер (сендерге менімен бірге жұмыс істегендеріңді (16, 17 [жылдар] және т.б.), менің автономияшыл, алаш-ордашыл және т.б.  болмағанымды ашық айтып жүру керек).

17. Топтың авантюрисі, іскер емес адам ретінде Қожановтың халық алдында беделін түсіру керек. Мысал ретінде ештеңе істелмей жатқан қазіргі жағдайды алыңдар, бірақ партияға жалпылап тиіспей, Қожановты және басқаларды кінәлаңдар.

18. Түркістандағы 16, 17, 18 жж. Әулиеата үйезі бойынша бірқатар мақала жазуды тағы да ұсынамын. Истпартқа, газеттерге жиі-жиі мақалалар жазыңдар.

19. Маған міндетті түрде 1921 жылғы «Ақ жол» және тағы «Бірлік туы» нөмірлерін тауып беріңдер.

20. Мен мұнда шара қолданып жатырмын. Осындағы қазақ мен өзбек коммунистерін біз алған бағыт жайынан хабардар етемін, табыс болады деп ойлаймын. Мұратбаев осында үгіттеп жүрсе де, жөндейміз деп ойлаймын. Әзірге, сау бол.  (Тұрар)».

 

***

Алғашқы хатқа қосымша ретінде жазылған бұл хат та Ресей мұрағатында расталған көшірме түрінде сақталған. Жазылған уақыты - 1924 жылдың мамыр айы. Күні көрсетілмеген. Зерттеуші Х.Тұрсын «ХХ ғасыр басындағы ұлттық элита қызметіндегі саяси тартыс» деген еңбегінде РГАСПИ-дің 17-ші қорында сақталған құжаттарға сүйене отырып: «Т. Рысқұловтың Қ. Сармолдаевқа Ташкенттен, Мәскеуден жазған екі хаты... Саяси Бас Басқарманың Шығыс бөлімінің бастығы Петерстің Сталинге осы хаттарға байланысты жазған мәлімдемесінде... Ташкентте Досмұхамедовтың пәтерінен табылғандығы айтылады», - деп көрсеткен.

Екі хаттың да (дұрысында, екіншісі қосымша болғандықтан, бір хат деп тану ләзім) Ресей мұрағатына расталған көшірмесі тігілген. Әйтсе де, бұл хаттың (хаттардың) сол қалпы құзырлы мекемелерде әлдеқандай талдауға түскені, қандай да бір шешім қабылданғаны түсінікті. Қандай? Түпнұсқа, жоғарыдағы мәліметтерден байқалатындай, жолданған иесіне - Орта Азиядағы жауапты қызметкердердің бірі Қабылбек Сарымолдаевқа  жіберілген болуға керек. Ол алды ма екен? Алса, қандай әрекет жасаған? Мұның бәрі болашақ зерттеушілерді жаңа ізденістерге жетелеп қалуы ғажап емес. Баршаға белгілі, Сарымолдаев та саяси қуғын-сүргін құрбаны...

***

1924 жылғы мамыр айында Қабылбекке жазылған аталған хаттардан (хаттан) бұрын, сол жылғы сәуірде  Тұрар Рысқұлов И.В.Сталиннің атына бірнеше хат берген.

Тарихшы Хазіретәлі Тұрсын оларды былайша жіктеп,  сипаттайды: «РК(б)П ОК хатшысы И. Сталинге, Орталық Бақылау Комиссиясы мен Бас Саяси Басқармаға 18 сәуір 1924 ж. жолданған құжат үш бөлімнен тұрады.                1. Негізгі баяндама, көлемі - 26 бет; 2. Жолдама хат, көлемі - 2 бет;                3. Анықтама, көлемі - 4 бет. Ал 29 сәуір күні жолданған «Алаш Орда туралы баяндамаға қосымша» деп аталатын құжаттың көлемі 8 бет. Күн құрғатпай, ертеңіне Сталиннің атына 3 беттен тұратын қосымша хатты тағы да жолдайды».

Зерттеуші бұл құжаттардың арасында «Негізгі баяндама» ғана Тұрардың өзінің қатысуымен ұжымдық тұрғыда жазылғанын, ал өзге хаттардың бәріне де тек өзі қол қойғанын көрсетеді. Осынау мұрағаттық құжаттарда «уақыт сынына төтеп бере алмайтын бірқатар субъективті көзқарастар барлығына қарамастан», деректік материалдар бай екенін, оларды тікелей куәгердің өзі баяндап отырғандықтан, «тарихи құндылығы өте жоғары»  деп бағалайды. «Содан да бұл хаттарды құнды дереккөз ретінде пайдалану тарихи ақиқатты қалпына келтіруге көмектеседі деп есептейміз, - дейді Х.Тұрсын. - Мазмұны күрделі бұл құжаттар деректанулық тұрғыда жан-жақты талдауды қажет етеді».

Хазіретәлі дұрыс айтады, бірақ біз ондай ауқымды жұмысты мойнымызға алмаймыз. Біздің мақсат етіп отырғанымыз - оқырманды тек құжаттардың мазмұнымен таныстыру. Осы қарапайым міндетті орындап шыға алсақ, онда мұнымыз азаматтарды тарихпен тәрбиелеу сынды  маңызды іске қосқан бір тамшы үлесіміз болар еді деп ойлаймыз.

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406