Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 4288 0 пікір 8 Ақпан, 2012 сағат 11:07

Смағұл Елубай. Әуезов аманаты

1961 жыл. Қоңыр күз. Жат қиырды жарты ғасыр шиырлап біздің ауыл, мінекей, ақыры келіп ат басын атажұртқа тіреді. Он төрттегі баламыз. Бәріне таңырқап, бәріне жатырқай қараймыз. Анау ақ телпекті тау шыңдары, мынау көсілген кеңістік. Жатбауыр болған біздерге атажұрт бір алыс қиянда, қол жетпес қиялдай көрінетін. Енді, міне, сол ертегідей болған туған жер табанымызда жатыр. Қалай таң қалмассың! Бәріне бажайлай қараймыз. Жұрт жүрегінің дүрсіліне, дала желінің ыңылына құлақ  түреміз. Сонда нені естіп, нені сездің дейсіз ғой? Сонда алыс- жақын белден, үлбірей ескен желден бір сарын сездік. Дала күрсінгендей мұң сарын. Қалай құлақ түрсең де дала уілінде жоқтау бар, Әуезовты жоқтау бар. Осыдан небәрі бірер ай бұрын ғана Әуезов өткен екен дүниеден. Бұған дейін түрікпен мектебінде оқыған біздің қолымызға Әуезов кітаптары түспеген. Яғни, біз оны білмеуші едік. Дереу ауылдағы жалғыз кітап дүкеніне бас сұқтық. «Жазушы Әуезовтың кітаптары бар ма?» деп сұрадық. Сатушы кітап сөресінен ақ сары мұқабалы «Абай жолы» атты ауыр кітапты алып берді.

1961 жыл. Қоңыр күз. Жат қиырды жарты ғасыр шиырлап біздің ауыл, мінекей, ақыры келіп ат басын атажұртқа тіреді. Он төрттегі баламыз. Бәріне таңырқап, бәріне жатырқай қараймыз. Анау ақ телпекті тау шыңдары, мынау көсілген кеңістік. Жатбауыр болған біздерге атажұрт бір алыс қиянда, қол жетпес қиялдай көрінетін. Енді, міне, сол ертегідей болған туған жер табанымызда жатыр. Қалай таң қалмассың! Бәріне бажайлай қараймыз. Жұрт жүрегінің дүрсіліне, дала желінің ыңылына құлақ  түреміз. Сонда нені естіп, нені сездің дейсіз ғой? Сонда алыс- жақын белден, үлбірей ескен желден бір сарын сездік. Дала күрсінгендей мұң сарын. Қалай құлақ түрсең де дала уілінде жоқтау бар, Әуезовты жоқтау бар. Осыдан небәрі бірер ай бұрын ғана Әуезов өткен екен дүниеден. Бұған дейін түрікпен мектебінде оқыған біздің қолымызға Әуезов кітаптары түспеген. Яғни, біз оны білмеуші едік. Дереу ауылдағы жалғыз кітап дүкеніне бас сұқтық. «Жазушы Әуезовтың кітаптары бар ма?» деп сұрадық. Сатушы кітап сөресінен ақ сары мұқабалы «Абай жолы» атты ауыр кітапты алып берді.

Кітап   - ауыл баласының ол кездегі үлкен ермегі. Қызық роман қолға түссе одан асқан бақыт жоқ. Содан ақсары мұқабалы «Абай жолы» атты қалың кітап әлеміне қойдық та кеттік. Алғашқы парақтардан бастап-ақ алдымыздан қазақ сахарасы сөйлеп қоя берді, сайрап қоя берді, сахараның ию-қию тірлігі жамырап, мың құбыла тіріліп, өріп жүре берді. Біз атажұрттың шын алып келбетін көрмеген екенбіз, шын тереңде бұққан жан жауһарын байқамаған екенбіз. Соны енді көре бастадық, енді сезе бастадық. Ақ парақ бетінен алдымызда киіз туырлықты көшпелі елдің эпикалық әлемі айқара ашылды. Ертегідей  өлкеде өмір сүріп жатқан ғажайып халық, данасы мен баласы, кемпірі мен шалы, азаматы мен аруы, іңірде пері көшкендей көз алдымызда сыңсып толықсып өре бастады. Кеше ғана көшпелі ауылдан келген біз үшін мына кітап жырлаған ел тұрмысы, тырнадай тізілген көш, ашық аспан астындағы дырдулы сән-салтанат, тіл безеген шешендер, топ тарқатқан көсемдер, жүрдек атпен жапан кезген жолаушы, ақ боз үй сыртында аяғын еріне басқан ару қыз арқасында лықсыған шолпы былдыры таныс, етене жақын, бала күннен жүрек қылын дыңылдатқан іңкәр әлем, ынтық әлем. Бір жағынан содан да болар, біз алыс қалған ертегі әлем, жүрекке ыстық балалық шағымызбен құшақ жайып қайта қауышқандай аласапыран әсер айдынында малтыдық. Көшпелі өмір көрінісі соншалықты шынайы жырланған мына таңғажайып кітаптан біз бірнеше күн қатарынан көз алмай қадалдық. Сөз сиқырына арбалдық. Өзге тірлік адыра қалды. Біз Әуезов жыр еткен Абай заманына кіріп кетіп, сол әлемді бірнеше күн қатарынан көз ілмей сабылып аралаумен болдық. Тек аралап қана қоймай, Абай күрсінсе бірге күрсініп, қуанса бірге қуанық. Абай сүйген сұлуларды бірге сүйіп, Абай күйген дала отына бірге күйдік. Әсіресе, Әуезов жырлаған сахара суреттеріне аузымыздың суы құрып тамсандық. Даланы бір кісідей білеміз бе деуші едік. Бекер екен. Суреткер  ғаламат шеберлікпен сахара сұлулығына көзімізді қайта ашқандай. «Абай жолынан» кейін күнде көріп жүрген өз даламызды қайта таныдық.  Бұрын біз байқамаған, тасада қалып келген талай таңсық қасиетіне тәнті болдық. Далаға енді Әуезов көзімен қарадық.  Қараңызшы, қазақ даласын Әуезов қалай көрген!

«...Жүргіншінің қарсы алдынан Шыңғыстың желі есті. Алыста, сахараның ғажайып ертегісіндей боп сұлу сағым толқынданады. Неше алуан бейнелер, елестер шығып, бадырая түсіп ереуілдеп қояды. Кейде олар көк мұнар ішінде қалқып, көтеріліп, жерден үзіліп, аспандап кетеді.»
«...Ұзарып өскен сары селеу, оңнан соққан баяу жел астында тынымсыз қозғалады. Күміс толқын бетіндей боп кейде жылтырай түсіп,  сәл сыбырлай ғана, болымсыз жыбыр қағады. Көзге ілінер-ілінбес жиі толқын. Жаңа жібек жүзіндей үнемі тынымсыз құбылған ақ теңіздің жүзі жатыр».
«Абай жолы» айдын шалқар теңіздей туынды екен, бір шетінен кіріп, құлаштай жүзіп екінші шетіне шыққанда әжептәуір есеңгіреп қалдық. Бұл есеңгіреу шаршаудан емес еді, бұл есеңгіреу  осынау ұлан-ғайыр ұлттық эпопеяның елгезек оқырманын іліп әкетіп, толқыннан-толқынға, біресе тереңге батырып, біресе қақпақыл ойнап аспанға атып сіліккеннен кейінгі есеңгіреу еді. Бұл есеңгіреу елгезек оқырман санасы бастан кешкен сол шалқар эпопея айдынын жүзіп өткеннен кейінгі күрт құлпыру, рухани түлеу, жаңғыру немесе балдай тәтті «есею сырқаты» еді.
Әуезов өрбіткен алапат сөз бораны бозбала оқырман жанын сүзіп өтті. Немесе бозбала жаны сол сөз боранын көктей түйреп сүзіп өткендей. Өн бойымызда сол сөз бораны шаймаған, аластамаған жасуша, саңылау қалмағандай. Таңдайымызда еріген шұрайлы тіл дәмі. Тамсанасыз. Өйткені, бұл сәт, шәкірт бала үшін ғажайып қазақ тілінің, қазақ қара сөзінің шәрбат- шырынын сіміре жұтып тұңғыш тұшыну сәті еді. Балғын сана, сөйтіп, өмірде тұңғыш рет әдеби тіл әлемінің айдынында жүзді. Тұңғыш рет жазу мәдениеті және оның шырқау парасат биігіне көзі түсіп таңырқай шошыды.

Шәкірт бала «Абай жолы» әлемімен осылай қауышты. Содан бері де жылжып қырық бес жыл өтіпті. Бірақ сол әсер, Әуезов әлемінің эстетикалық әлемет әсері әлі күнге сәтке үзілген емес. Ол әсер ойға сіңген, бойға сіңген, қанға сіңген, сөйтіп, болмысқа айналған. Осы арада адам өміріндегі кітап рөлі жайлы еріксіз ой келеді. Ұрпақ тағдыры, ұлт тағдырындағы әдебиет рөлі жайлы ой келеді. Жақсы кітаптың жаныңа қалдырған ізі өшпейтіні еске оралады. Санаңда сайраған сол із - сенің мәңгілік ғұмырлық серігің. Рухани қазынаң. Сарқылмас байлығың. Қараңғыда адассаң, аяқ асты жолыңа жарығы түсер қолыңдағы шамшырағың. Жөн сілтер төбеңдегі жұлдызың. Адамдығың үшін сен ең алдымен ғұмырлық жан жолдасың - жақсы кітаптарға қарызсың. Марқұм біздің ата-анамыз, хат танымайтын қарапайым жандар, аяқ астында жатқан кітапқа көзі түссе көтеріп алып, Құрандай қастерлеп жоғары апарып қояр еді. Халқымыздың кітапқа деген құрметі ғой... Осы арада бүгінде кітапта, кітапқа деген көзқарас та сұйылып бара ма деген ой мазалайды...

«Абай жолы» - ойлап тұрсақ, қазақ жолы. Қиыр жайлап шет қонған киіз туырлықты ел өзінің барлық болмыс бітімі мен көркем полотноға айналған. Қарап тұрсақ, бұл кездейсоқтық емес, заңдылық екен. Әлімсақтан дала жайлап, мал баққан көшпелілер өзінің тарих сахнасынан көшер сәтінде, немесе өзінің мыңдаған жылдық көшпелі салтымен қоштасар тұсында Әуезов әуезімен өзінің соңғы арман әні - аққу әнін салғандай. Осыған да шүкір. Ұлы дала ұзақ толғатқан ұлы шығарманың қағаз бетіне қонғанына шүкір. Эпикалық шығармалардың қай-қайсының да басты кейіпкері - халық. «Абай жолы» толғауының да кейіпкері - халық. Қазақ халқы. Кешегі Еуразия кеңістігін ат жалы, атан қомында дүбірлеткен көшпелілер. Алайда мұндағы халық кешегі дүниені дүбірлеткен, дүниені дүбірлетіп қана қоймай, дүниені мойындатқан құр асау даңқты көшпелілер емес. Солардың ұрпағы. Мойынында салпақтаған бодандық қамыты. Бас бостандығынан айырылып, өзгенің айтқанына көніп, айдағанына жүре бастаған көнбіс қазақ. Яғни,    ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтар. Мұндағы қазақтар күні кеше Алтын ордадай алып империя құрып, атының басын Адриат теңізіне жетіп бір-ақ тартқан қаһарлы ата-бабаларға ұқсамайды, небәрі солардың көлеңкесінде күйбең-күйбең күйкі тірлік кешіп жатқан қазақтар. Еркіндігінен айырылған халық елдігінен де айырыла бастайды. Нанбасаңыз, «Абай жолында» төбе көрсеткен елге тұтқамыз деп едірейген ел ағаларына қараңыз! Соның бірі - Құнанбай. Әл-қауқары тек төңірегіндегі қазақ кембағалдарын екі бүктеп бір шайнауға ғана жетеді. Қодарды күлге аунатып, қорлап өлтірді. Өзіне қарсы келген Бөжейді қазық қып жерге қақты. Құнанбай - өз заманының шынжыр балақ, шұбартөсі. Азуын айға білеген жуандардың жиынтық бейнесі. Бірақ қанша мықты болса да, бұл жуанның жуандығы тек ауыл арасындағы жуандық. Қазаққа қарсы бағытталған жуандық. Отаршыға не керек? Құлақкесті құл халық керек. Құлақ кесті құл көсемдер керек. Бір көсем емес, құл көсемдер керек. Бұл көсемдер күні кешегі Исатай, Махамбеттей, Кенесары, Наурызбайдай желбірете ту байлап, желкілдете ат сайлап, ұлт азаттығы жолында азуын айға білей алмайды, оған шамасы келмейді. Күллі харекеті отаршыға жағыну. Өйткені, күллі күш со жақта. Отаршы орыс ұлығы құл көсемдердің қолына «аға сұлтан», «болыс» деген кішкентай билік тоқпақтарын ұстатыпты. Қолына сол ұлық ұстатқан тоқпағы бар құл көсемдер енді елін қасқырша тақымдап, қойдай бөрліктіруге кіріскен.  Қайда қарасаң да, бірін-бірі екі бүктеп бір шайнап жатқан қазақ.  Қайда қарасаң да, «бас-басына би болған өңшең қиқым, кетірді ғой бүгінде елдің сиқын» деп Абай қарғаған «игі жақсылар».

Бұ заман баяғы Сыпыра жырау жырлаған батырлық, ерлік, елдік заманы емес. Ол заман күндей күркіреп әлдеқашан өткен. Тіптен «еңку - еңку жер шалған, тебінгі терге шіріген» махамбеттердің де заманы емес. Қанға бөгіп ол заман да өткен. Бұ заман қазақтың тобырға айналып топырлай бастаған, береке-бірлігі кете бастаған, мүлдем құлқы бөлек ыдырау, сетінеу заманы. Бұ заман - қазақ алпауыттарының сыртқы жауды жылы жауып қойып, енді өзара қырықпышақ қырқысқа кіріскен заманы. Қолынан келгені бір-бірінің үстінен орыс ұлығына домалақ арыз домалату. Мақсат: бірін-бірі мұқату, бірін-бірі барса- келмеске айдату. Метрополий болса осының бәрін сырттай бақылап, қазақ ыдырауы дегеннің қолтығына су бүркіп, мұртынан күліп отыр.

Қазақ жуандарының шен-шекпенге сатылғыш құлқынын біліп алған.  Ол құлықты  қоздырудың жолын тапқан. Ауыл алпауыттарының арасына «сайлау» деген сүйек тастап қойып қырылыстырған. Қазақты тышқанмен ойнаған мысықтай қақпақылға айналдырған. Одан әрмен тоздыра түскен, аздыра түскен. Басынан еркі кеткен ел, сөйтіп отаршылдық ойыншығына айналған. Күннен-күнге ұсақтап, тозғындап, тұяқ серіппес тобырға айнала бастаған. Бір орталыққа бағынған билігі жоқ елдің бірлігі қайдан болсын. Қоралы қойдай қауқарсыз. Көптігінен қайыр жоқ. Бөлшекте де, билей бер. Бұл - отаршылар арманы. Ертең еліне қол салсаң да, жеріне қол салсаң да, тіліне қол салсаң да, дініне қол салсаң да, мыңқ етпес қойдай момын пақырлар. Тек аштан өлмесем болды дер. Ойлағаны қарын қамы. Бас көтергендері болса ел азып барады деп бас қатырмақ емес. Абай өмір сүрген дәуір, ХІХ ғасыр аяғы, міне, осындай, Ресей империясының қазақ даласындағы дегені болып, бір орталыққа бағынған хан билігін жойып, қазақтың санасын божыратып, халқын қожыратып, елін, жерін бөлшектеп, билей бастаған заманы.

Үлкен роман - қашанда ұлт өмірінің айнасы. Ендеше, «Абай жолы» - Абай өмір сүрген дәуір айнасы. Сол айнадан не көрдік? Сол айнадан біз қазақтың жоғарыдағыдай кісі шошырлық келбетін көрдік. Сол бейнені көзі ашық Абай да көрген. Көрген де, құсалықпен өмір сүрген. Күңіреніп өлең жазған. Күн-түн демей қазақ жәйін ойлаған. «Мыңмен жалғыз алысып», қараңғыда жол таба алмай қарманған. Қазақ үшін бұл тығырықтан шығар жолды ағарту деп білген. Халықты ағарту. Ақ қағазға жүрек қанымен өлең жазған. Ол жырлары түнекті серіпкен шырақтай жылтырап қараңғы далаға сәуле сепкен. Ақын Кенесары, Наурызбайдан, Махамбет пен Исатайдай ат жалын тартып мініп қолға  қару алмады, білімді мыңды жығады деп қолға қалам алды. Күрестің жаңа заманауи түрін таңдады. Сөйтіп, күрестің жаңа заманауи түрімен Абай да халқы үшін күресті бастаған. Басқаша күресті бастаған. Қазақ үшін күрестің бұл жаңа түрін ХХ ғасыр басындағы қазақ қаламгерлері іліп әкетіпті. Соның бірі - Абай шәкірті Мұхтар. Күрескер кемеңгер Абай өлеңдерімен көз ашқан шәкірт Мұхтардың қаламынан туған тұңғыш әңгімесі - «Қорғансыздың күні». Әуезов шу деп қолға қалам алғаннан отаршылдардың ел арасындағы өкілі Ақан болыстың хайуани бетпердесін сыпырған. Отаршылдарға қызмет істеген «игі жақсылардың» өз еліне, қорғансыз халқына деген жауыздық, жыртқыштық мораліне қарсы қалам сілтеген. Ұлыққа сүйеніп ұлтын қорлаған болысты көк есекке теріс отырғызған. «Қорғансыздың күнін» оқыған қазақ өз халқының гүлін солдырған хайуан бейнелі болыс Ақанға қарғыс айтады. Ұлт қозғалысы Алашорданың бір идеологы болған жас қаламгерден бұдан өзге қимылды күту мүмкін емес еді. «Қорғансыздың күні» - Жас Әуезовтың кембағал болған халқына түскен арашасы, әлемді жаңғыртқан ащы айқайы. Жауыздықтың жағасын жыртып, қаламгер күрескер ұлдың қорғансыздарды қорғап ізгілік үшін, әділет үшін азу тісі ақсиған жауыздыққа, қорлық, зорлық-зомбылыққа қарсы майдан ашуы, ұлт үшін ұстасуы. Қазақ үшін бастаған қайтпас күресінің басы. Уыз жас Әуезов уыты бөлек осынау тұңғыш әңгімесінің өзімен-ақ өмірге ұлы гуманист күрескер қаламгердің келгенін паш етті. «Қорғансыздың күнін» жазғанда Әуезов небәрі жиырмаға толған жас екен. Осынау әсіре уытты әңгіменің алғашқы парағын аша бастағанда-ақ кісі құйқасы шымырлап ұланғайыр эпикалық үскірік тынысы сезіледі. Өз жуандары мен орыс жуандарынан екі жақты езгі  көрген, зорлық, қорлық табанында иленген халық шері, қорғансыздар гөй-гөйі жауар бұлттай түйіле бастайды, түнере бастайды.
«С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады.
...Арқалықтың жол ашатын кезеңі Күшікпай кезеңі деп аталады.»

Осылайша, ХІХ ғасыр соңымен, ХХ  ғасыр басындағы қазақ зиялылары қазақ үшін күрестің жаңа түрін, халық ағарту түрін таңдады. Ұлт санасын оятып, ұлтты өзі үшін өзі күресер жолға  шақырды. Әрбір қазақ қазақ үшін қорған болар күнді көкседі. Алашорда үкіметі өмірге келген 1917 жылдың желтоқсанынан бастап ұлттық  ұранға айналған бұл үндеу, бұл алау 1929 жылы ұлт зиялыларын топырлатып түрмеге қамаса да, біржола батыр жүректерден сөнбеді. Сөнбеді. Сол түрмеде уыз жас Әуезов те отырды. Алайда ұлтына адал ұлы тұлға енді күрестің сырт көзге байқалмас, терең түріне ден қойды. Ысқырған репрессия оғы жан-жағындағы қандыкөйлек достарын бір-бірлеп жалмап жатса да,  ұлы күрескер алған бетінен қайтпайды. Қазақ үшін күрескер алған бетінен қайтпайды. Қазақ үшін күрестің енді ұлт санасын оятар, ұлт «менін» оятар ең күрделі де қиын майданына кірісті. Қазақ ұшін күрескер крейсер, ұлттың рухани «Аврорасы» - «Абай жолын» жазуға отырды. Ұлы күрескер ысқырған репрессия оғы астында отырып жұмыс істеп, ұлты үшін мәңгі өлмес, мәңгі өшпес ұлан-ғайыр ерлік жасайды. Ұлтының ұлылығын паш етер, ғасырлар бойы құл болған қазақ санасын сілкіп оятар, ең бастысы, қазақтың жоғала бастаған өз-өзіне деген сенімін оятар ұлы эпопеясын аяқтайды. Дала кемеңгері өз кейіпкері әрі рухани ұстазы Абай үнімен, Абай шерімен өзінен кейінгі ұрпаққа өшпес өсиет тастады. Жан-жақты қопарыла суреттелген қазақтың қасіреті мен қасиеті осы... жақсысынан үйрен де, жаманынан жирен... халқың осы, бары да жоғы да осы... осыдан басқа халқың жоқ... адамын аяла, арамын аяма... деген мәңгі өсиетін ақ қағазға қашапты. Артына өлмес сөз қалдырыпты. Ол - «Абай жолы». Оны оқи білу, ұлы эпопея астарын аша білу бізге бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа парыз. Сонымен, бораған репрессия оғы астында отырып кемеңгер елінің кешегісін екшелеп, електен өткізе отырып тапқан көз жауын алардай жауһарларын қазыналы кебеже кітап - «Абай жолына» сала берген. Сала берген. Сөйтіп, осынау қазыналы кітабын, болашаққа аманат еткен.

Әуезов аманаты. Немесе ұлы ұстазбен оның «Абай жолы» арқылы қайта тілдесуден кейін туған түйіндер. Етегіне сүрініп елбең-елбең  жүгірген елгезек бала Мұхтар ең алдымен құлағына халқының құнарлы қара сөзін құя беріпті. Көкірекке тоқи беріпті. Сөз қадірін ұға біліпті. Қасиетті қара сөз болашақ жазушының көз қарашығындай сақтаған киелі қазынасына айналыпты. Сол қазына, ұлттық сөз өнерінің мол қазынасы, Алла бұйрығымен Әуезов қолға қалам алғаннан бастап ақ қағаз бетіне ақтарылған. Тіл кемеңгердің басты байлығына айналған. Сиынары да сүйінері де - қазыналы қазақ тілі. Сол тіл, Әуезов әспеттеген қазақ тілі кемеңгердің қай  шығармасын алсақ та атойлап алдыңнан өріп шығады. Жамырап шығады. Сол сөз, қасиетті қара сөз ақ селеулі атырапты бойлап көз қуантып, күміс толқын боп жүгіреді, сүт жарық айлы түнгі ән болып әуеде қалықтайды, ақ бұғағы бүлкілдеген жас сұлудың сыңғыр күлкісіне айналып жүрегіңді қытықтайды, атаның абзал ақылы боп асауды құрықтайды, ананың мол мейірім нұры боп сусыныңды қандырады. Осынау тілді, қазақтың ғажайып тілін, ұлт байлығын жинап-теріп Әуезов бізге, болашаққа аманат етіпті. Шашпай-төкпей, қазақтың басты шарты - ана тілімізді Әуезовше аялап болашаққа жеткізуді аманат етіпті. Өкінішке қарай, миллиондаған қазақ бүгінде «Абай жолын» көкірекке тоқымақ тұрмақ, оны қолға алып оқи алмайтын халге жетті. Олар - кешегі қазақты кемсітумен жүйелі түрде айналысқан қиянатшыл қоғамның бел балалары. Бұл өмірде «Абай жолын», өз әдебиетін Әуезов тілінде оқу мүмкіндігінен ажыраған орыстанған ұрпақ. Бұл ұрпақ, орыстанған ұрпақ, түпнұсқада оқи алмағаннан кейін ұлттық әдебиетін кемсітуден әлі тыйылған жоқ. Өз ана тілін кемсітеді. Өз тілін үйренуге әлі де құлқы жоқ таскерең халде.  Туған тіліне тұмсық шүйіре қарайтындар, ана тілінен ажырап қалғандар, ақылға келіңдер! Айтпағымыз Әуезов аманатына адал болыңдар! Абай да Әуезов те сіздерге ана тіліңді мансұқтап орыс бол демеген, орыстың білімін үйреніп өзге елмен тең бол, кем болма деген. Әуезовтың Абайы Михайлов тәрізді қазаққа тең қарайтын орысқа дос болған. Қазаққа қырыс қарайтындарға қырыс қараған. Бас игенге бас иіп, шалқайғанға шалқайған. Және осы мәдениетті бізге, болашаққа «Абай жолы», Әуезов жолы үлгі етеді.

Содан кейін Әуезов ұлы Абайдың кісілік, азаматтық әлемін ашады. Абай әлемі. Халқы үшін күрескер көзі ашық қазақ тағдыры. Әділетсіздікке төзбеген  әділетшіл азамат тұлғасы. Әділетсіздік тіптен әпербақан әкеден келсе де қаршадай бала бола тұра қаймықпады-ау! Қодарға жасалған қиянат тұсында, Бөжейге жасалған озбырлық тұсында аға сұлтан әкесі болса да қарсы шықты-ау! Өйтпесе, ол Абай болар ма?! Өйтпесе, ол халық ұлы емес, Құнанбай ұлы болып қалар еді ғой.  Абайдың осы күресі арқылы Әуезов ұлтына әділет жолын, имандылық жолын  үлгі етеді. Мәңгі  өсиет етеді. Қиянатқа қарғыс айтады. Кісілігін сақтап алла жолын сатпағандарға алғыс айтады. Бұл бізге ұлт  ұстазы өсиет еткен жол. Әуезов жолы. Айтпағымыз, осыны ұқ, жас ұрпақ, алаш ұрпағы!

«Абай жолында» бар бола тұра, бай бола тұра ұлы ақын бәрінен де жоғары білімді, мәдениетті, рухани байлықты қояды. Шенеді, шеңгелді әкеге бас ұрмаған ұлы тұлға, өнер, өлең-жыр, өсиеттің өзіндей болған ақын Байтас, Шөже ақын, сал Біржанға бас иеді. Үлгі тұтады. Ұстаз тұтады. Туған айдай толықсыған Тоғжанға, Әйгерімге өнері үшін, әншілігі үшін ынтық болады, табынады. Кітап, өнер, білім, мәдениетке ұмтыл деп зарлап өтеді. Абай, Әуезов кемеңгерлер. Айтпағымыз, осы үлгіні сіздерге де өсиет еткен, бүгінгі ұрпақ, болашақ ұрпақ!
«Абай жолы» сондай-ақ кейінгі қазақ ұрпағына үлгі боларлық ұл мен қыздарды алға тартады. Зиялылық үлгісі бір Абай басына жинақталған. Қай заманда да қазақ зиялыларының Әуезов сомдаған Абайдан үйренері мол. Ер жігіттерге марқасқа Базаралыны үлгі етеді. Қыздарымызға Тоғжан, Әйгерім, Салтанат үлгі. Аналарымызға Зере, Ұлжан үлгі. Айтпағымыз, жас ұрпақ, кемеңгер кеңесіне құлақ сал!

Отаршыл жүйе сенің жеріңе қол салды, тіліңе қол салды, дініңе қол салды. Өткеніңе сенің өз қолыңмен күл шаштырды. Отаршыл идеологияға сенсек, Қазан төңкерісіне дейін сенде ештеңе болмаған. Хан да жоқ, қаріп те жоқ, тарих та жоқ, қала да жоқ, дана да жоқ. Бір сөзбен айтқанда, өткенде сен жармасатын түк те жоқ. Одан да тарихы 17-ші жылдан басталатын тілі орыс совет халқы бол! Қазақ болма! Міне, осыны астыртын ұран еткен отаршыл жүйе үдеп тұрған тұста, өз елінің өткені жайлы айтқысы келген қазақ шетінен атылып жатқан тұста, ұлы Әуезов ұлтын ұлықтайтын ұлы эпопея үшін бәсін бәйгеге тіккен, арпалысқан. Арпалысып жүріп ұлы романын өмірге алып келді. «Абай жолы» көшпелілер мәдениеті дегенге күле қарайтын күллі көзқарастарға күйрете соққы берді. Соны сезген, яғни, Әуезовтың әлі де ұлтын сатпай, бұл шығармасында да қазақшылдығымен қалғанын сезген коммунист идеологтар, дәлірек айтқанда, құл қазақтар, барлық баспасөз беттеріне артиллерия орнатып, Әуезовты атқылағанын білеміз. Алайда «Абай жолын» мойындамау үшін тобанаяқ болу керек еді. «Абай жолына» Ленин атындағы бас бәйгені берген орыс интеллигенциясы ондайлар санатында емес еді. Олар - таңдаулы орыс жазушылары еді. «Абай жолы» әлемді шарлап кетті. Дүниенің төрт бұрышына жол тартып тек қазақтың ғана емес, берісі - күллі көшпелілер өркениетінің беделін биіктетіп, арысы - Азия абыройын асқақтатты. Ұлт ретінде қазақтардың ешкімнен кем емес, іргелі ел екенін көрсетті. Сондықтан да немістің бір айтулы жазушысы Анна Зегерс: «Әуезов әуезімен жырланған халық қандай бақытты!!!» -  дейді. Айтпағымыз, «Абай жолы» - қазақтың ұлттық ренессансының басы. Қазақ санасының қайта өрлеуінің басы. Сол тұста тарихи сана қайта түледі. Сөйтіп, ХХ ғасырдың екінші жартасындағы қазақ әдебиеті Әуезов шекпенінен шықты. «Абай жолы» қазақты, қазақтың көшпелі кешегісін кемсітпек болған астамшыл, отаршыл көзқарастарға осылайша күйрете соққы берді. «Абай жолы» халқына араша түсті. Астамшыл көзқарастан алашты арашалады. Асығыс, апыл-ғұпыл аудармасының өзімен-ақ ормандай орыс оқырмандарын мойындатты. Бүгінде эпопеяның бірінші кітабы аса талантты орыс жазушысы Анатолий Кимнің аудармасымен   «Жібек жолы» баспасынан жарық көрді. Бұрынғы ұжымдық аудармамен салыстырғанда Ким аудармасы көш ілгері, сәтті, тұпнұсқаға мейлінше жақын. Яғни, «Абай жолын» қазақтан өзге әлем енді қайта тани бастамақ. Өзге тілдер орысшадан аударатын болғандықтан, орысшадағы ора шолақтықтар сол қалпында өзге тілдерге ауысқаны хақ. Мұндай ұлт паспортын, ұлттық туындыны енді әлем тілдеріне қайта аудару керек. Бұл - Қазақстан Үкіметі қолға алар ұлағатты іс. Жарық дүниеге мың жылда бір келер дала данышпаны ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрді. Арамыздан кеткеніне де жарты  ғасырдай. Аты аңызға айналған алыпты біз көре алмадық. Арманда қалдық. Әуезов феномені - уақыт керуені ұзаған сайын, салмағы мен сиқыры тереңдей түседі, жұмбағы қиындай түсер құбылыс. Себебі, Әуезовпен бірге келмеске ол өмір сүрген орта   - көшпелі қазақ тұрмысы, жалпы көшпелі өркениет көтеріле кетті. Ол сол өркениет тудырған құбылыс еді. Дала мен Әуезов біртұтас. Оны ажырата алмайсыз. Әуезовтың далада, қазақтың киіз үйінде өмірге келмегенде, эпикалық көшпелі өмір салтын бастан кешпегенде, ол мың жерден талант болғанымен, «Абай жолы» тәрізді көшпелі  өркениеттің аққу әнін тудыра алмас еді. Бүгінгі қазақ күнделікті тірлікте, өкінішке қарай, Әуезов қолданған қазақ тілінің  жартысын да қолданбайды деуге болады. Әуезов қолданған қазақ тілімен салыстырғанда бүгінгі халықтық тіліміз тым кедей, қарадүрсін, тым жадағай. Қайда кетті сол тіл, сол қазына? Заманалар сүрлеуінде қазақ көші алға қарай қозғалған сайын тесік қалтадан тамшылаған дәндей тіл байлығымыз жолшыбай түсіп келе жатқан сияқты, шашылып келе жатқан сияқты. Қазақ көші алға қарай қозғалған сайын шашылып бара жатқан жалғыз ғана тіліміз бе екен...

Осы ретте «Абай жолы» - тіл майданындағы барымыз бен жоғымызды анда-санда салмақтап тұрар «тіл безбені»  деуге лайық, қазақтығымызға сын кітап. Алмағайып заманалар асуында адасып кетпеу үшін алаш ұрпағы «Абай жолына» қарап бағыт-бағдарын түзеп тұрса абзал. Екі мың жылдай жер бетінде шашыраған бір халық: «Бізді жойылудан аман алып қалған сол бір ұлы кітап», - деп біледі. Қазақ үшін «Абай жолы» да неге сондай кітап болмасқа?! Тарихтың алдағы талай «тар жол, тайғақ кешулерінде» қолтықта жүрер кітап болмасқа?!
Айтпағымыз: Алаш жұрты, Әуезов аманатына адал болайық!!!

"Қасым - Ақпарат"

http://qasym.kz

 

0 пікір