Жанат Жаңқашұлы. Сталин: "Бір адамның өлімі – қасірет, миллионның өлімі – статистика"
Қатпар-қатпар тарихымызға үңілсек қаймананың көзінен талай рет жас сорғалапты. Жанары суалған арал теңізінің тұзы тозаңданып, сонау Антарктидаға жетіп, мұздың еруіне ықпал етеді екен. Ал егіле-егіле көз жасы суалған Алаш - Анамның сорасы Тәңір жүрегіне жетіп, жүрек мұзын ерітпес па екен? Ертеде менің ауылдас бір ағама туысқанының қайтыс болғанын естірткенде, әлгі ағамыз «біз ғана өле береміз бе?» деп өкіре жылаған екен. Тарих кітабын ашқан сайын осы ағамыздың жазмышқа өкпесі орынды ма деп қаламын. Әрине, күйінгеннен солай ойлауға тура келеді.
Қатпар-қатпар тарихымызға үңілсек қаймананың көзінен талай рет жас сорғалапты. Жанары суалған арал теңізінің тұзы тозаңданып, сонау Антарктидаға жетіп, мұздың еруіне ықпал етеді екен. Ал егіле-егіле көз жасы суалған Алаш - Анамның сорасы Тәңір жүрегіне жетіп, жүрек мұзын ерітпес па екен? Ертеде менің ауылдас бір ағама туысқанының қайтыс болғанын естірткенде, әлгі ағамыз «біз ғана өле береміз бе?» деп өкіре жылаған екен. Тарих кітабын ашқан сайын осы ағамыздың жазмышқа өкпесі орынды ма деп қаламын. Әрине, күйінгеннен солай ойлауға тура келеді.
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабын оқи отырып жағаңды ұстайсың. Ақтабан шұбырындыда үш қазақтың екеуін жоғалтыппыз. Қандай қасірет десеңізші?! Қазақ 4 миллион болғанда орыс 8 миллион болыпты. Бұл күнде бір миллиярдтан асқан қытай сол кезде 16 миллион ғана. Ойланып көріңізші. Осы жоғалтқанымыздың өзі мыңжылдықта өксіп өтуге жететін қасірет еді ғой. Не жаздық сонша? Қасиетті кітаптарда айтқандай азғандарды жазалауға жіберілген көк атты түріктің ұрпағы емес па едік? Тегін ұмытқан, құлмен де, күңмен де жанасқан, қаратабан азғындарды жазалау біздің талайымызға жазылмап па еді? Иә, осы сөз Құдайдың кітабында «Егер асып бара жатсаңдар көктен атты әскерімді түсірем» делініпті-мыс. Бумын мен Естеміші, Білге қаһандар бастап, Еділ, Шыңғысхан, Бату хан азғындау процесін кейінге серпіді. Асқанның аяғын көктен келтірді. Рим империясындағы құлдар саудасын жойған Еділ қаған. Өзіне төнер қауіпті сезген римдік сенаторлар Еділге алтынды да, әдемі қыздарын да сыйға тартып баққан. Бірақ, ол ұсынылған байлықтың бәрінен бас тартып, Римді жазалады. Кейін Шығыс Римді жаулағаннан кейін де ештеңесін алған жоқ. Иә, бүлінгеннен бүлдіргі алмады. Қаласын қиратқан жоқ. Тек, азғындаған ридіктерді жөнге салды. Шыңғыс хан да осылай әрекет етті. Біз неге еуропа мәдениетін азғындаушы мәдениет деп отырмыз. Себебі мынада. Ғалымдар жанартаудың астында қалған Помпей қаласын аршып алғанда, анайы көріністерді көріп аңтарылып қалған. Күлдің астынан бір жыныстылардың әрекеті әшкереленді. Гомосексуалдық сол кездің өзінде Римде орын алған. Әйел мен әйел, еркек пен еркек... Бұл Құдайдың қалауынан тыс. Міне, осындай азғындау процесін тоқтату біздің махпузымызға жазылған. Көк Тәңірінің алтын айдарлы ұлдарының қосынына еріп, азғын мен малғұнның жазасын беріп, жанын жай таптырғанбыз. Ал енді өзіміз тексіздің тепкісінде қалатындай неден жаңылдық?
Батыс жаққа күн батқан сайын қызығып қараймыз. Бүгін жер шарының төресі солар сынды. Өркениетті өзіміз бастап берсек те, қолдан сусытып алыппыз. Жер бетінде алғаш темірді қорытқан Түрік; атты алғаш ауыздықтаған Түрік; көкте жалғыз Құдайдың бар екенін түйсігімен таныған тағы Түрік. Енді бізге осынша сорлайтындай не көрінді? Бүгін бәрінен қағылып отырмыз. Өткенді ұмыттық. Ертеңді де ойлап жарытып жатқанымыз шамалы. Ұлтабарымызда ұлып жатқан жегі құрт бүгінін ғана біледі. Ертең не болса ол болсын, бүгін бір малжаңдап қалайық деген пиғыл. Қоғам жүрекпен емес, одан бір елі төмен ұлтабар мен қарынның ұпайын түгендейді. Олай болмаса 1932-33 жылдардағы ашаршылыққа бір ескерткіш қоятын кезіміз болды ғой. 1992 жылы Алматының байырғы НКВД ғимаратының алдына «бұл жерге ашаршылық жылына арналған ескерткіш орнатылады» деп тақтайша жазып қойыппыз. Міне, содан бері жиырма жыл. Қойылған ескерткіш жоқ. Бұ қалай? «Әй, Алаштың ұлдары, сендердің құлақтарыңа аштан өлген ата-бабаларыңның зары келмей ме?» деп айқай салып қорымынан әруақтар атып тұрмас па екен бір күні? Бір ғасырда екі бірдей аштықты бастан кешкен ел кемде кем. 1919-22 жылдарғы аштықта бір миллионнан астам қазақтан айрылдық. «Кіші октябрь» жасаймын деп Голощокин сүйегімізді тағы ит-құсқа мүжітті. Тағы бір жарым миллион қазақ қайрылмасқа кетті. Боз далада монтиып жатқан төмпешіктерді бертінге дейін «Аңырақайдан» қалған қалмақ бейіті деп келді. Ер жеткен соң естідік, білдік. Ауылымыздың іргесінде осындай төбешіктер қаптап жатыр. Аштықтан өлген қазақ бейіттері. Ескерусіз. Малдың тұяғының астында. Қайран, дүние! Жеті атасын түстеп, жиырма бес атасын түгендеген қазаққа осы қорлықты да көрсетті. Ұлы Отан соғысында да қан кештік. Пайыздық өлшеммен алғанда кеңестер елінде ең көп қырылған елдің бірі тағы да - біз. Сталинге Тұрар Рысқұлов: «қазақтар аштықтан қырылып жатыр» дегенде, «қырыла берсін, олардан осылай ғана құтылуға болады» депті. Бір түйір дәнге зарықтырып өлтірердей, еріксізден кісі етін жегізердей, имансыз өлердей қазақтың не жазығы бар еді? Миы қағынғандықтан болар. Ол осы әрекетін Украинада да қайталады. Қазақ даласындағы оқиға украиндердің де басынан өтті. Аштық жылдарында 3 миллион 941 мың украиндық өлген. Бірақ, халық санын пайыздық есепке алғанда қазақтың қасіреті ауыр, жоғалтқаны көп. Бүгін осы Сталиннің қасақана жасаған қасабын геноцид деп атау керек-ақ. Ресми түрде. Украина әлдеқашан мемориял тақталар мен ескерткіштер орнатып, аштық жылдарын украин халқына жасалған геноцид деп мәлімдеді. Оны Америка, Англия, Франция бастаған он екі мемлекет мақұлдап берді. Біздің неге кежегеміз кері тартады осы? Жұмған ауызын ашпайтын атқамінер ағаларымыз бәлкім қазақ тарихын әлі күнге Кеңес үкіметі жазып берген нұсқада оқып жүрген болар. Сұмдық-ай. Өткенсіз бүгінің бүлінеді. Бүгінің бүлінсе ертеңің бұлыңғыр. Ең құрмаса қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тәрізді ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап, белгілеу керек қой. Қайткенмен ол жүз немесе екі жүз адамның тағдыры емес, үш жарым миллион қазақты харап еткен сұмдық жылдардың белгісі. Қазақ ұлтының жойылып кетуге шақ қалған тағы бір тұсы. (1919-1922 жылдар аралығын¬да 1 млн, ал 1931-1933 жылдары 2,4 млн адам). Әлде сол баяғы Сталиннің: «Бір адамның өлімі - қасірет, миллионның өлімі - статистика» деген тұжырымын тілге тиек етіп, жабулы қазан жабулы күйінде қоя саламыз ба? Биыл Мешін жылындағы ақсүйек аштығына 80 жыл. Ешкімнің тіс жарып қазақ ұлтының қасіреті туралы сөз қозғамауына қарағанда бұл осы статистика күйінде ғана қалатын сияқты. Халықтар достастығы деген бояма маска киген КСРО-ның қазақ халқына қарсы 1919-1922, 1925-1926, 1927-1933, 1937-1938, 1951-1954 жыл¬дары жүргізген қанды қасабы мен кері пиғылын ұлтқа қастық деп тану заңдылық. «Маскарадтың шығарып масқарасын» (Қасым) ақиқатты ашып айтар кез жетті. «Әй, айналайын-ау, барымтада өлген атаңа да құн сұраушы едің ғой, біздің құнымыз кімнің мойнында?» деп мазаламай ма екен ұлтсыз, рухсыз пенделерді? 1940 жылы Берияның нұсқауымен жазықсыз атылған полияктың 22 мың әскеріне бүгінде Мәскеуден құн сұралуда. Біз құн сұрамай-ақ қоялық. Бірақ, ашаршылықтың құрбандарын еске алып, құран бағыштауымыз ұлт парызы. Бұратана халықты үрейлендіріп, жаншып, езгілеп билеу саясаты салдарынан біз әлі күнге дейін рухани ашаршылықты бастан кешіп келеміз. Бұл 1932-33-тен де қауіпті. Рухани аштық құрдымға құлатады. Сондықтан, ұлтымыздың тарихын жете танып, өткеннен сабақ алу ләзім. Мысалға, ақтабан шұбырындыдан бастап, екі аштық жылы мен Ұлы Отан соғысында жоғалтқанымызда мемориял тақтаға бедерлесек, демографиялық психологяға әсер етер еді-ау. Қазақтың санын көбейту әр қазақ баласының бүгінгі ұлт алдындағы борышы екенін түсіңер еді. «Орнында бар оңалар» деген. Омала бермей, оңалу керек. Қарағандының қақ ортасына бір ескерткіш орнатылсын. Атасы бөлек Юри Гагаринды да бедіздеп, мүсін соқтық. Үш жарым миллион қазақтың рухы сонда жай табар. «Атасын таныған атқа қонады, атасын танымаған жатқа қор болады». Қор болмайық. Ғасырлар бойы сорғалаған көз жасымыз тұзды тозаңға айналып, Тәңір жүрегінің мұзын ерітіп, ендігі Алаш таңы арайлы болса екен деп тілейміз!
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ
http://qasym.kz