Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5714 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:44

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ. Қаражатты тендер арқылы «тартып» алғысы келетіндер де бар

Түркістан қаласы жақтан дауыл сияқтанған үлкен бір даудың дүмпуі сезіле бастады. Ол дау "Дайрабайдың көк сиырынан" емес, халық үшін өте қажетті әлеуметтік-энергетикалық нысан – жылу қазандықтарын салуға бөлінген қаражатқа кейбір кәсіпкерлердің көз алартуынан туындап отыр. Біз мұны Түркістан қаласының әкімі Бейбіт Шалдарұлы Сыздықовтың Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Марат Мұратұлы Ахметжановтың атына жазған екі хатымен танысу барысында ұққандай болдық.
Танымау мүмкін емес. Бұл – былтыр облыстың бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімовтің, қала әкімі Бейбіт Сыздықовтың, облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылары мен мамандарының шарадай бастарын шақшадай қылғандардың құлақтарын қылтитып тағы да бой көрсете бастағанының белгісі.

Түркістан қаласы жақтан дауыл сияқтанған үлкен бір даудың дүмпуі сезіле бастады. Ол дау "Дайрабайдың көк сиырынан" емес, халық үшін өте қажетті әлеуметтік-энергетикалық нысан – жылу қазандықтарын салуға бөлінген қаражатқа кейбір кәсіпкерлердің көз алартуынан туындап отыр. Біз мұны Түркістан қаласының әкімі Бейбіт Шалдарұлы Сыздықовтың Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Марат Мұратұлы Ахметжановтың атына жазған екі хатымен танысу барысында ұққандай болдық.
Танымау мүмкін емес. Бұл – былтыр облыстың бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімовтің, қала әкімі Бейбіт Сыздықовтың, облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылары мен мамандарының шарадай бастарын шақшадай қылғандардың құлақтарын қылтитып тағы да бой көрсете бастағанының белгісі.
– Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары қыс кезінде орталықтандырылған жылу жүйесінің рақатын көрмегеніне 19 жыл болыпты. Содан облыс әкімдігі 2007 жылы бюджеттен жылу қазандықтарын салуға 1 миллиард 110 миллион теңге қаражат бөлді. Жұмысты атқарушы мекемені таңдау үшін облыстық Құрылыс департаменті сол жылы байқау өткізді. Сонда "қазандықтарды 971 миллион теңгеге салып, іске қосып береміз" деген "Бейбіт Құрылыс" ЖШС жеңіске жетіп, Түркістан қалалық әкімдігімен келісімшартқа отыру үшін келді. Жұмысты 130 миллион теңгеге арзан орындаймыз дегендеріне қалалық әкімдік сенімсіздікпен қарады. Сөйтіп, "көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлағандықтарын" баяндап, облыстық экономикалық сотқа талап-арыз бердік. Бірақ талап-арызды қараған судья біздің сөзімізді сөйлемеді, – дейді қала әкімі Бейбіт Сыздықов.
Судья қалалық әкімдіктің уәждеріне құлақ аспағаны орынсыз екені қыс келген соң белгілі болды. Мердігерден қайран болмай қалды. Облыстық, Түркістан қалалық әкімдігі бірінші қазандықты "иттен сүйек қарыздар" болып, демеушілердің көмегімен, өздері табандарынан тозып жүріп 2009 жылдың қысы аяқталуына 1-2 ай қалғанда әрең дегенде іске қосты. Ол кезде тендерде жеңімпаз атанған ЖШС-ның басшылары қайда жүргенін ешкім айта алмайды.
– Мен Түркістан қаласының әкімі қызметіне 2008 жылдың мамырында тағайындалдым. Ол кезде мердігер 600 миллион теңгеден астам қаражатты жаратып қойған екен. Жұмыс күнтізбедегіден 4 айдай қалып келе жатқанын есептеп шығару қиын болған жоқ. Атқарылған жұмыс көлемі жұмсалған қаражатқа сәйкес келе қоймайтыны аңғарылды. Қалған 350 миллион теңгені облыс басшыларымен ақылдаса отырып, құрал-жабдық алуға жұмсадық. Жылу жүйесінің құрылысына басқа мердігерлерді тарттық. Түркістан қаласының қалталы азаматтары демеушілік жасап, көмек көрсетті. Берісі 300, әрісі 500 мыңдап, тіпті миллион теңгеге жуық қаражат бергендер болды, – деді қала әкімі.
Дәл осы құрылыс аяқталмаған жағдайда халықтың билікке сенімі жоғалатын, Елбасына берілген уәде орындалмай қалатынын түсінген түркістандықтар қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтты қала басшысы. Біз әкімнен сол жолы тендерде жеңімпаз атанып, жұмысты бастап, аяғын тастап кеткен ЖШС-ның қазір қайда жүргенін сұрадық.
– "Бейбіт-Құрылыс" ЖШС қазір Түркістан қаласындағы екінші қазандықтың құрылысын салу үшін жарияланған байқауда біз неге жеңімпаз атанбадық деп, соттасып жүр. Шамасы, осы жолы да байқауда жеңімпаз атанып, біраз қаражатты "игерсек", қалғанын түркістандықтардың өздері былтырғыдай "асарлатып" аяқтап алады, – деген ойда жүрген болуы керек, – дейді қала әкімі.
Түркістан қаласының әкімі Бейбіт Сыздықов облыс прокуроры Марат Мұратұлының атына жазған бір хатында "ОҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының конкурсты ұйымдастыру әрекетіне қатысты 2009 жылғы 8 маусымдағы "талап қоюды қамтамасыз ету" туралы ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымын заңсыз деп тауып, бұзу туралы наразылық келтіруіңізді сұранамын" депті.
Осы хатында қала әкімі облыс прокурорына аталған ЖШС-ның Түркістандағыдай қазандықтарды салуға лицензия алмай, құрылыс жұмыстарын жүргізгендігін айтыпты. Мұны ҚР "Лицензиялау туралы" заңының 12-бабы, 5-тармағының талабын өрескел бұзу деп түсінгеніміз абзал. Заң талаптарын бұзуға кім құқық берген?
Біз қала әкімі Бейбіт Сыздықовтан "Үстіңізден арыз жазып жүрген ЖШС-ның салып жатқан өзге құрылыс нысандары туралы ақпараттарыңыз бар ма? Бәлкім, олар шынымен-ақ тағы да бір рет сенім артып көруге болатын мекеме шығар" деп сұрадық. Әкім:
– Солай болғанын мен де қалар едім. "Бейбіт-Құрылыс" пен "Қуаныш-2" ЖШС-ларын бір адам басқарып отыр. Олар Түркістан қаласындағы М.Балақаев атындағы орта мектептің құрылысын 2008 жылдың қараша айында аяқтауға тиісті еді. Әліге дейін біткен жоқ. Мақтаарал ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің құрылысы да аяқталмай, сиырқұйымшақтанып бара жатқанын білеміз. Шымкент қаласындағы "Нұрсәт" ықшамауданындағы "Север" подстансасының құрылысы да оңбай тұр екен. Біраз адам заң алдында жауап беріпті. Бірақ құрылыс аяқталмаған, – деді.
Тендерді "сауын сиыр" санайтындардың жұмысын майшаммен қарау керек. Мұны Қаржы полициясына қаратып айтып отырғанымызды ұққан шығарсыздар.
Жетпегені осы еді?!. Енді бюджет қаражатын түк бітірмейтіндер, қолында сөмкесінен басқа ешнәрсесі жоқтар да байқаулар арқылы "берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан" тартып алғылары келіп жатыр. Ондайлар әкімдерге ашық шабуыл жасауға дейін бара бастады. Түркістандағы дау осының бір мысалы.

 

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ, Түркістан қаласы
«Айқын» газеті 30 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970