Әмірхан Балқыбек. Төре мен төлеңгіт
Қанына тартпағанның қары сынсын.
Қазақ мәтелi
Қанына тартпағанның қары сынсын.
Қазақ мәтелi
«Адам дегенiмiз құпия. Бүкiл ғұмырыңды осы құпияны шешуге сарп етер болсаң, уақытымды босқа өткiзiп алдым деп өкiнушi болма. Мен осы құпияны шешуге тырысамын, өйткенi адам болғым келедi».
Он сегiз жасар Достоевский осылай жазыпты. Ол үлкен әдебиетке ендi-ендi қадам жасар бозбала шағында жасаған осы байламына ғұмыр бойы адал болып өттi. Жиырмадан ендi асқанда жазған «Бейшара жандарынан» бастап соңғы дүниесiне дейiн адам жанына, оның қалтарыс-бұлтарыс терең иiрiмдерiне үңiлумен болды. Бәлкiм «Қылмыс пен жаза», «Зәбiрленгендер мен жапа шеккендер», «Нақұрыс» пен «Албастылардың» авторын Гомер, Данте, Шекспир iспеттi артына мыңжылдықтар мен жүзжылдықтарды тастап, бүгiнге келген адамзат тарихындағы ой алыптарымен бiр қатарда тұру құқына ие еткен адам жанының құпиясына үңiлсем, бiлсем деген осы ынтызар бiрбеткей жанкештiлiгi болар.
Шын, бүкiл саналы ғұмырында адам жанының құпиясына үңiлудi мұрат еткен Достоевскийдiң өзi де жеке адам ретiнде артына аз құпия қалдырған жоқ. Бұған оның өмiрi, шығармашылығы жайлы жазылған, жазылып жатқан жүздеген зерттеу еңбектер, кiтаптар куә.
Ұлы жазушының жұрт көзiнен таса iшкi өмiрiне жарық түсiруге мүмкiндiк беретiн сондай құпиялардың бiрiне бүгiн бiздiң де үңiлгiмiз келiп отыр. Әңгiме жазушы өмiрiне, шығармашылығына кезiнде өзi айдауда болған қазақ даласы, Шоқан Уәлихановтай бiртуар қазақ перзентiмен достығы қаншалықты әсер еткендiгi, ықпал жасағандығы туралы болмақ. Әрине, бәрi ретiмен.
1845 жылдың әлдебiр айының әлдебiр күнiнде арысы әлем, берiсi орыс әдебиетiнiң тарихында жан тебiрентер ғажайып оқиға болған. Есiмiн Ресей түгiлi әлi Петербург те танып үлгермеген жазушының шығармасын жас Некрасов пен бозбала Григорович қолжазбасынан жылап отырып оқиды. Шығарма кейiпкерiнiң тағдырына әбден көңiлдерi босап алған олар ендi қолжазбаны алып, атақты сыншы Виссарион Белинскийге асыққан. Бөлмеге:
- Жаңа Гоголь пайда болды! - деп даурыға кiрген әдебиетшi шәкiрттерiнiң (екеуi де кейiн орыс әдебиетiнiң тарихында өз орнын алған жандар) желiкпе көңiлiн мiнезi қатал, қаламы одан да қаһарлы сыншы:
- Сiздерге сенсек, Гогольдер жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптайтын болды ғой,- деген салмақты бiр ауыз сөзбен басып тастаған. Бiрақ бұл есiмi көпшiлiкке әлi беймәлiм талапкерге кесiлген үкiм емес-тi. Қолжазбамен танысып шыққан Белинский ендi жас жазушыны өзi көруге дiлгер болды. Сыншы жүрегi орыс әдебиетiне қаламы Гогольден де қарымды, тақырыбы одан да ауқымды жазушы келгендiгiн сезген-дi.
Әдебиет табалдырығын жиырма төрт жасар Достоевский осылай, Виссарион Белинскийдiң өзiнiң ақ батасымен аттады. Ал замандастарына жүрегi темiрден жаралғандай көрiнетiн, сол үшiн де «Темiр Виссарион» атанған сыншының көзiне жас алдырып, ризашылығын оятқан дүние «Бейшара жандар» деп аталатын шағын ғана роман едi. Бастау көзi осылай ашылды. Жазушы алдында ұзақ-сонар шығармашылық жол жатты. Осы бiр азапты жолдың әлдебiр тұсында Белинский де оған берген алғашқы бағасынан бас тартқаны бар. Сыншы нақтылыққа құрылған мына жерi бас, ана жерi аяқ деп тануға болатын салауатты денi сау шығармаларды талап еттi. Iзденiс үстiнде жүрген Достоевский шығармалары мұндай тар шеңбердiң аясына сия бермейтiн. Достоевскийдiң осы бiр шығармашылық iзденiстерi кейiнiрек әлемдiк әдебиеттiң бiрегей көркемдiк әдiс-тәсiлдерiне айналатынын сезгенде, Белинский де өз сөзiн керi қайтарып алған болар ма едi, кiм бiлсiн. Дегенмен, талантты дер шағында тани бiлу де аз ерлiк емес қой.
Достоевский тек әдебиетке ғана емес, адамтану iлiмiне де төңкерiс iспеттi үлкен жаңалықтар әкелгенiн ұмытпаған жөн. Ол он тоғызыншы ғасырдың екiншi жартысында-ақ өз әдеби шығармалары, сомдаған кейiпкерлерi арқылы ХХ ғасырда әйгiлi Зигмунд Фрейд негiзiн қалайтын психоанализ iлiмiнiң алғы шарттарын жасап кеттi.
Сәтi түссе орысты төмендеткiсi келiп тұратын батыстың Достоевскийге келгенде оны асқақтата жөнелетiндiгi де адам құпиясына үңiлуде теңдессiз шеберлiкке қол жеткiзген жазушының сол бейнетқор ұлылығынан болса керек.
Кiм-кiм де өз уақытының перзентi. Кемеңгер де, керi кеткен де. Достоевскийдiң әдебиетке келген кезi патшалық Ресейде әлеуметтiк мәселелердiң ушығып тұрған кезi болатын. Билiк басындағылардың тоғышарлығы, кедей-кепшiктiң қайғы-қасiретi, алғаш орыс әдебиетiнде Пушкин прозасы мен Гоголь дүниелерiнде көрiнiс тапқан мардымсыз жалақыға күнi қараған ұсақ адамдардың бейшара тiршiлiгi, осының бәрi асқынған үстiне асқына түскен. Өзiн Пушкин мен Гогольдiң iзбасары санайтын Достоевскийдiң мұндай әлеуметтiк әдiлетсiздiктерге iштей болса да қарсы шықпауы мүмкiн емес-тi. Жас жазушының алғашқы шығармалары-ақ оның кiмдердiң жағында екенiн айқын аңғартқан. Оның үстiне Жан Поль Марат, Жорж Дантон, Максимилан Робеспьер есiмдерiнiң халық аузында күркiрегенiне де бар болғаны жарты ғасырдай-ақ уақыт болған. Петербургтiң өзiнде болған декабристер көтерiлiсi де әлi ұмытыла қоймаған шақ. Мiне, осындай тұста Сен-Симон, Шарль Фурье, Оуэндердiң социализм жөнiндегi қияли iлiмдерi де Еуропаны қалықтай өтiп Ресейге жетiп үлгерген едi. Ығай мен сығай жиналған аристократиялық басқосу, жиын, отырыстарда оларды талдау үрдiсi де сәнге айнала бастаған. Әрине, бай-манаптың өз бiлiктiлiгiн көрсету үшiн.
Рас, оларды шын мәнiнде талдайтын, идеяларын халық игiлiгi үшiн iске асырғысы келетiн жасырын үйiрмелер де болды. Сондай топтардың бiрi петрашевшiлер үйiрмесiне жоғарыдағыдай көңiл-күйден кейiн Достоевский де келiп қосылады. Әрине, үйiрме мүшелерiнiң өз араларында құпия полицияның жансызы бар екендiгiн бiлмегенi анық. Көңiлде күмән жоқ жерде көкейдегi айтылатыны және рас. Үйiрме басқосуында осындай өз пiкiрiн ашық бiлдiргендердiң арасында Достоевский де бар едi.
Көп ұзамай бүлiкшiл үйiрме мүшелерi ұсталып, Петропавловск қамалының қамауханасына жабылғанда орталарында Достоевский де жүрген. Олар он сегiз ай тергеуде болды. Әскери сот отставкадағы инженер-поручниктi тағы да бiрнеше адаммен бiрге өлiм жазасына кестi. Сот шешiмi 1849 жылдың 22 желтоқсанында таңғы сағат сегiзде Петербургтегi Семеновск алаңында орындалатын болды.
Мiне, олар Семеновск алаңында тұр. Жазушы рухының биiктiгiн дәл осы бiр қаралы сәтте өзi сияқты тағдырласына «Кiшкентай қаһарман» атты повесiнiң желiсiн жүрегi селт етпей әңгiмелеп тұрғандығы да дәлелдей түссе керек. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледi, кебенек киген келедi» деген сөздiң рас екендiгiн дәлелдегiсi келгендей жаңада ғана өлiм аузында тұрған жандарды «жарты құдай» ақ патша өмiр сыйлап жарылқай салған. Патша ұйғарымы бойынша Достоевский төрт жыл каторга жұмысына айдалуға, кейiн қатардағы жауынгер болып қызмет етуге тиiс деп шешiлiптi.
Достоевскийдi аман қалғанына қуанбады деуге болмайды. Ұлылар да ет пен сүйектен жаратылған жан емес пе, кейiнiректе екiншi әйелi Анна Григорьевнаға Семеновск алаңында өлiм жазасын қалай күткендiктерiн, күтпеген жерден жасалған кешiрiмнен кейiн қаземат iшiнде бар даусымен ән салып, балаша қуана билегенiн айтқаны бар.
Алда қазақ даласы, Омбы мен Семей қалалары жатты.
Мiне, осы арада бiз өзiмiз шешпек құпияға алғашқы барлауды жасауға мүмкiндiк аламыз.
Неге екенi белгiсiз, өмiрбаянын жазушылар осы жазушының ата-тегiн таратып жатуға тым шорқақ. Яки құлықсыз. Шамасы ұлы жазушының түбi түркi екенiн мойындаудап қоюдан қашқақтайтын болар. Жазушының түбi түркi екенiн өмiрбаяны, ойлау жүйесi, шығармашылығы, тiптi ең арысы фамилиясы да растап тұрған жоқ па! Иә, иә, Федор Достоевскийдi қазақшалап жiберсек (Орыс тiлiнiң дыбысталу ерекшелiгiне орай екiншi буындағы о әрiпiнiң а болып дыбысталатынын ескерген жөн). Достайдың Федоры болып шығар едi. Немесе Достайлық Федор. Сонда Достай деген есiм түркiде болмай славянда болмақ па! Достай, Қажытай, Маралтай, Нартай... Басқа басқа, дәл қазақтың өзiнен осындай ондаған есiмтайларды тауып алуға болады. Таза түркiлiк есiм. Жазушы шығармашылығымен, өмiрiмен тереңiрек таныса бастаған алғашқы кездерiмде көкейiме осындай ойлар келген. Түйсiгiм алдамапты. Достоевскийдiң түбi расында да түркi екен. Бiрақ, әрине, бәрi өз ретiмен...
Топырақ тартпай тұрмайды.
Тәңiрi Достай шал ұрпағының талайына ата-баба мекенiне тағзым етудi жазыпты. Гогольдiң әдеби ықпалынан құтылған жазушының ұлы шығармалары да осы сапардан кейiн жазылмақ. Бұл сапар ауыр сапар болды.
Аяқта шынжыр, баста қиял, қазақ даласына айдалып бара жатып болашақ ұлы жазушының не ойлауы мүмкiн?
Есiне арғы аталарының Алтын Ордадан шыққандығына мақтанып отыратын әкесiнiң әңгiмесi түскен болар (Марк Слоним, «Три любви Достоевского», Москва, «Советский писатель», стр 18). «Әкесi арғы аталарымыздың бiрi князь Курбскойдың өзiмен сен деп сөйлесетiн кiсi болған деп отырмаушы ма едi. Иә, арғы атасы бiр кездерi тастап кеткен далаға бұл қайтып келе жатыр. Өз еркiмен емес, жер айдалып. Алғаш Руське жол тартқан (1389 жылы) арғы атасы Аслан Мырза Шелеби күндердiң күнiнде өз белiнен тараған ұрпақтарының бiрi туған жерiне осылай оралатынын сездi ме екен. Әй, қайдам. Әйтпесе, анау айтулы ақсүйек саналатын Арсеньев, Сомов, Юсупов, Артищевтер де сол Аслан атаның ұрпағы емес пе. Солардың қайсысы бұл сияқты аяғына кiсен түсiп сорлап қалды дейсiң?»
«Жетi атасын танымаған жетесiз» деген. Жасы ендi ғана отызға тақаған Достоевскийдiң қиялында осындай ойлар да жүз беруi мүмкiн-ау. Қалай дегенмен де бiр кездегi төлеңгiттiң ұрпағы ата-баба мекенiмен қауышуға дайындалғандығы анық.
Омбыда төрт жыл каторгасын өткiзген ол Семей қаласына солдаттыққа ауысқанда түркi ғалымы Шоқан Уәлихановпен танысты. Осы Шоқанның бiр кезде өз ата-бабалары қызмет еткен төренiң тұқымынан екенiн бiлгенде таңқалған да болар-ау. Басқасын қайдам, жазушының жас Шоқанды ғалым, бiлiмдар жан ретiнде ғана емес, түбi бiр түркi ретiнде де құрметтегенi анық. Бұл арада жазушының жұбайы Анна Григорьевна Достоевскаяның күнделiгiнде баяндалатын мына бiр оқиғаны да еске ала кеткен жөн сияқты. Жазушы өзiне стенографшы болып жүрген жиырма жасар қызға көрген түсiн баяндайды.
- Бiлесiз бе, мен өте құрметтейтiн, қайда жүрсем де, қайда көшсем де әрдайым өзiммен бiрге алып жүретiн қастерлi бiр зат бар. Ол Шыңғыс тұқымы (Чингизид) Шоқан Уәлиханов сыйлаған қобдиша. Түнде түсiнде осы қобдиша iшiнен бiр асыл тас көрдiм. Бұны жақын арада өмiрiмде бiр оң өзгерiс болады екен деп жорыдым.
Бұл - отбасылық бақытты өмiр құруда талайдан жолы болмай келе жатқан жазушының өзi ұнатып қалған қызға алғаш жан дүниесiн ашып, ағытылуы едi. Осы бiр қобдишадағы асыл тасқа байланысты түс соңы 45-тегi жазушы мен жап-жас стенографшы қыздың үйленуге уағдаласуымен бiтетiнi естелiктен белгiлi. Достоевскийдiң осы некеден кейiн ғана бiршама еркiн тыныстауға мүмкiндiк алатындығы да оның өмiрбаянын бiлуге құмартушыларға аян. Қаны бiр Шоқан досы Достоевскийдiң отбасылық бақытын құруына осылай көмектеседi. Таза түркiлiк сыйластық. Бұны қанына тарту деймiз бе, қалай деймiз. Түбi түркi Достоевскийдiң тiлегiн түркi Шоқандай ешбiр славян тiлемеген шығар. Екi арадағы сыйластық: «Мен сiздi тiптi туған бауырымнан да артық жақсы көремiн, сүйемiн десем де болады» деген жүрекжарды лебiзге дейiн ұласқаны тарихтан жақсы мәлiм.
Әлем әдебиетiнде Еуропаны дәл Достоевскийдей сынаған бiрде-бiр жазушы жоқ. Ол «дүниенiң болашағы Шығыста» деп санады. Ғұмыр бойы осы үшiн күрестi. Бүгiнгi күн биiгiнен қарап отырып, жазушының мұндай шешiмге келуiне жасандылыққа жаны қас дала табиғаты, түркi топырағы әсер еттi деп айтуға әбден болады. Ол тiптi, орыс мақтанышы саналатын әлемдегi ең әдемi қалалардың бiрi - Петербургтi де жоққа шығарды. Қолдан жасалған жасанды «Түс қала» деп атады. Қаланың адамзатқа дайындап отырған қандай зауалы барлығын ол кезде дiлi далалық Достоевскийдей ешкiм де түйсiне алған жоқ. Түйсiнуi де мүмкiн емес едi. Достоевский шығармалары табиғатпен байланыстырар сезiмiнен айырылып қалған жандардың iшкi айғайы, iзденiс, iркiлiстерi туралы болатын.
Қазақ даласында ерiксiз айдауда болған кезi жазушы шығармашылығында iзсiз қалған жоқ. Оның «Жасөспiрiм» романының басты кейiпкерi Версиловтың прототипi Шоқан Уәлиханов болғандығы бүгiнде жазушы күнделiктерiнен жақсы мәлiм.
Әр түрлi уақыт үзiктерiнде қазақ даласымен тағдыры байланысқан орыс ақын-жазушыларының өмiрi туралы тамаша повестердiң авторы Павел Косенко Достоевский өз шығармаларының үш жерiнде қазақ даласы туралы сағынышпен, оны биiк идеалдық үлгiге айналдыра отырып еске алатындығы туралы жазады. Олардың бiрi «Өлi үйден жазылған жазбаларда» болса, екiншiсi «Қылмыс пен жазада». Бiз тек үшiншiсiн, «Құмарпаздан» («Игрок») ғана үзiндi келтiрмекпiз.
«- Немiс пұтына табынғаннан гөрi ғұмыр бойы қырғыздың (қазақтың - Ә.Б.) киiз үйiнде көшiп-қонғанды қалар едiм,- деп айқай салдым мен.
- Қандай пұтқа?
- Немiстiң байлық жинау тәсiлi iспеттi...».
Достоевский Семейден жазылған хаттарының бәрiнде Дала деген сөздi үлкен әрiппен жазып отырған. Далаға бұдан артық қандай перзенттiк құрмет болмақ?!
Ұлы жазушы үлкен қалаларда етек ала бастаған рухани тоқырауды да Даладан ескен самал тоқтата алады деп түсiнген сыңайлы. Бұған «Нақұрыс» романы куә бола алады.
Роман князь Мышкин дегеннiң Швейцариядан емделiп қайтып келе жатқан кезiнен басталады. Өзi әулие шатыс қасиеттi адам. Қашаннан қасиеттi адамдарға ғана тән деп саналатын ұстамалы ауруы да (Достоевскийдiң өзi) бар. Швейцарияда осы ауруынан емделген-дi. Мiне, ол генерал Епанчиннiң өзiне алыс туысқан болып келетiн әйелi мен қыздарына әңгiме айтып отыр. Әңгiме Мари атты бейшара қыз жөнiнде. Сонау Швейцарияда көкiрек ауруынан қайтыс болған бейшара жан. Аз ғана өмiрiнде көрмеген қорлығы жоқ. Деревняның қарғысына ұшыраған бейбақ. Сол бейбақты қиянаттан князь Мышкин арашалап алады. Деревня балаларының көкiрегiнде Мариге деген аяушылық сезiмiн оятады. Шағын болғанымен өте әсерлi әңгiме.
Ал осы оқиғаны Швейцариядан қарама-қарсы бағытқа, қазақ даласына көшiрiңiзшi. Достоевскийдiң өз сұлбасы, алғашқы әйелi Мария Исаевамен арасында болған оқиғалар тiзбегi көрiнер едi. Шын мәнiндегi дiлi, рухы таза адам (князь Мышкин) Швейцариядан емес, түркi даласынан келе жатқан. Рухани тазалықтың тек түркi даласында ғана сақталғанын ұлы жазушы осылай ишаралаған.
Менiң бүгiнгi әрiптестерiмнiң арасында Достоевский шовинист, әсiре ұлтшыл жазушы болды деген пiкiр қалыптасқан. Пiкiр аржағында Достоевский заманын, жазушыны мазалап, жанына тыншу таптырмаған ойлар тiзбегiн түсiнбеу нышаны аңғарылады. Бiрақ, әңгiменi созып қажетi не, уақыттың өзi-ақ Достоевскийдiң ой-тұжырымдары шындыққа жақын болғандығын дәлелдеп берген жоқ па! Ұлы инквизитор бейнесi тарихта «мұртты қасапшы» ретiнде көрiнiс бердi. Кiндiк атасы Маркс саналатын коммунизм идеясы билiк басындағы аз ғана топтың бүкiл халықтың байлығын бөлiсiп алуымен аяқталды. Маркстiң Ресей сияқты аграрлық елде коммунизм идеясын жүзеге асыруға тiптi мүмкiн емес деген ескертпесiне қарамай, қазан төңкерiсiн жасап жiберген Ленин бүгiнде немiс алпауыттарының жансызы болғаны ретiнде белгiлi.
Достоевский рухани жаңаруды Еуропаның сәнқой iлiмсымақтарынан емес, өзiнiң қарапайым орыс халқынан, бiр кезде бабалары мекен еткен қазақ даласынан күттi. Оның үмiтi, қаншалықты ақталды, уақыт көрсетедi.
Рас, жаңашыл боп көрiнгiсi келгендер, «семiздiктен сән қуалағандар» қай кезде де болған. Өз төл топырағынан тамыр тартқан, сол тамырын тереңдете түскiсi келетiн қазақ әдебиетiне, сол әдебиеттiң үнi iспеттi бүгiнгi мазмұнына ескiшiл, уақыт ағымына iлесе алмай қалды деп сын таққысы келетiндер де сондай «жаңашылдар» Маркстiк-лениндiк философиядан кейiн сырттан тағы бiр «бағалы» философияны әкелгiсi келетiндер де солар.
Жоқ, бiз кезiнде ұлы Әуезовтiң өзi социализм идеологиясының мансұқтауынан арашалап сөз сөйлеген, қалам тербеген Достоевский, Абайлармен бiрге боламыз. Екеуi де халықтық төл әдебиет жасады. Биiктiктерi де, тереңдiктерi де сонда. Ал биiктiк пен тереңдiк қай кезде де тағзым етуге лайық ұлылық өлшемдерi.
2001 жыл.
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»